Аллаһ үшін жұмсаған ақшамыз біздікі

Ешбір адам соңының не болатынын біле алмайды, оны қандай қиыншылықтар күтіп тұрғанынан хабары жоқ. Әр адамды төрт түрлі тонау күтіп тұр:

1) Әзірейіл алейһиссалам және оған көмектесетін періштелер рухымызды тонайды. Өлім періштесі рухымызды алған соң салихтардың рухын рахмет періштелеріне тапсырады. Ал жаман адамдардың рухын азап періштелеріне қалдырады. Осылайша әрбір рух лайықты болған жеріне барады.

2) Мирасқорларымыз мал-мүлкімізді тонайды. Мал-мүлкіміз қанша көп болса да, кебіннен артығын өзімізбен бірге әкете алмаймыз. Оның өзі де шіріп кетеді.

Күн-түн демей жұмыс істеп жинаған мал-мүлкімізге бәлкім ең жақсы көрмейтін адамдар иемденіп, тәбетпен жей бастайды. Ал оның есебін бізден сұрайды!

Абдуллаһ бин Омар хазрет бір адамның ақша санап отырғанын байқап, одан: «Кімнің ақшасын санап отырсың?» деп сұрайды. Адам ашуланып, «Өз ақшамды санап отырмын» дейді. Сонда оған былай жауап берген екен:

«Қолыңдағы ақшаның кімге нәсіп болатыны белгісіз. Өлсең мирасқорларыңа қалады. Жоғалтсаң тапқан адам алады. Ұрлатсаң басқаларға өтеді...».

Қалтамыздағы ақша біздікі болмауы мүмкін. Бірақ Аллаһ үшін жұмсаған ақшамыз біздікі. Ол ұрланбайды да, жоғалмайды да, иістенбейді де, шірімейді де. Сенімді жерде сақталып тұрады, ең қиын кезімізде бізге келеді...

Әмәуи халифаларынан Сүлейман бин Абдулмәлик сол заманда өмір сүрген үлкен ғұлама Әбу Хазым хазреттен: «Біз өлімнен неге сонша қорқамыз?» деп сұрайды. Ол былай жауап берген екен: «Екі себебі бар. Біріншісі, сіз мал-мүлкіңізді дүниеде қалдырдыңыз, Аллаһ үшін жұмсамадыңыз! Адам баласы табиғатынан мал-мүлкін жақсы көретін болып келеді, одан айрылғысы келмейді. Екіншісі, сіз дүниеңізді жайлы еттіңіз, ал ахиретіңізді құрттыңыз! Ешкім жайлы жерден қираған жерге барғысы келмейді. Мал-мүлкіңізді ана дүниеге жібергеніңізде өлімнен қорықпас едіңіз, тіпті мал-мүлкіңізге қауышу үшін жақсы көрер едіңіз».

3) Денемізді қабірдегі құрт-құмырсқа тонайды. Құрттар да майлы етті жақсы көреді. Сондықтан семірмеуге мән берген жөн!

4) Соңғы тонау амалымызға, сауаптарымызға болады. Мойнымызда кісі ақысы болса, алашақтар жиналып сауаптарымызды бөліседі. Кезінде біреудің мал-мүлкін жедік, біреуді ғайбаттадық, біреуді көре алмадық, біреуді ұрып-соқтық. Оларға ақылары шамасында жақсы амалдарымыз таратылады. Сауаптар бітіп, әлі де алашақтар болса, онда олардың күнәлары алынып, біздің күнәларымызға қосылады. Мұндай адамның соңы не болатыны белгілі.

Раббымыздың рақымы шексіз, үмітті үзбеу керек. Қанша көп күнә істесек те, тәубе етіп, тәубенің шарттарын орындасақ, мүлде күнә істемегендей боламыз.