Сауап бағыштау

Сұрақ: Ханафи мазһабындағы адам жасаған ғибадаттарының сауабын өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштай алады ма?

Жауап: Иә, бағыштай алады. Ғибадаттар үш түрлі болады:

1) Зекет, садақа және каффарат (өтеу) сияқты тек мал-мүлікпен ғана орындалатын ғибадаттардың сауабын өлі-тірі барлығына бағыштау жаиз.

2) Қажылық сияқты әрі денемен, әрі мал-мүлікпен орындалатын ғибадаттардың сауабын бағыштау жаиз.

3) Тек қана денемен орындалатын намаз, ораза, тәсбих, тәһлил, тахмид және Құран кәрім оқу, дұға ету секілді ғибадаттардың сауабын бағыштау да жаиз. Кез-келген ғибадатты орындап жатқанда немесе орындағаннан кейін, мысалы намаз, ораза, садақа, Құран кәрім оқу, қажылық, умра, әулиенің қабірін зиярат ету, мәйітке кебін беру сияқты ғибадаттарды орындағанда осы ғибадаттардан пайда болған сауапты өлі-тірі барлығына бағыштауға ниет етуге болады. (Әтфал-ул-мүслимин)

Имам Шафии мен имам Малик «Тек денемен жасалған ғибадаттардың сауаптарын өлген адамға бағыштауға болмайды» деді. Бірақ, кейіннен келген Шафи’и ғалымдары «Йа Раббым! Оқығанымнан пайда болған сауапты өлілерге жеткіз!» деген дұғалары арқылы сауаптың жететіндігін білдірді.

Көрініп тұрғанындай, өлген адам үшін Құран кәрім оқылады. «Оқылған Құранның сауабы өлген адамға тимейді» дейтіндердің қате сөйлегендігі анық. Хадис шәрифте былай делінеді:

«Мазардың жанынан өткен адам 11 рет Ихлас сүресін оқып, сауабын қабірдегілерге бағыштаса, оған мәйіттердің санындай сауап беріледі.» (И.Ахлақы)

Кез келген адам парыз болсын, нәпіл болсын, қандай да бір ғибадатты орындағанда немесе орындап болған соң оның сауабын өлі-тірі барлық адамдарға бағыштай алады.

Намаз, ораза, қажылық, умра, садақа, Құран кәрім оқу, әулиенің қабірін зиярат ету, құрбандық, зікір сияқты ғибадаттардың сауабын басқаларға бағыштауға болады. Бағыштаған адамның сауабы мүлдем азаймастан бүкіл мүминдерге жеткізіледі. Яғни сауабы бағышталған адамдарға бөлініп азайып кетпей, әр қайсысына толық жеткізіледі.

Әр ғибадаттың сауабын сүйікті пайғамбарымыздың мүбәрәк рухына да бағыштауға болады. Хазреті Ибн Омар сауабын пайғамбарымызға бағыштау үшін умра қажылығын жасаған.

Хазреті Ибн-ис Сәрраж да пайғамбарымыз үшін он мыңнан астам хатым оқыған, мүбәрәк рухы үшін құрбандық шалған. (Хидайа)

Демек, әр мүмин жасаған ғибадаттарының сауаптарын пайғамбарымыздан бастап ата-анасына және бүкіл мүминдерге бағыштауы керек! Сауабы бәріне жеткізіледі. Өзінің сауабы да мүлдем азаймайды.

 

Истиғфар ету

Сұрақ: “Өлілерің үшін истиғфар етіңдер (кешірілуін сұраңдар)” делінген. Өлі үшін қалай истиғфар етіледі? Истиғфар ету мен истиғфар оқудың айырмашылығы бар ма?

Жауап: Иә, бар. Истиғфар оқу дегеніміз «Әстағфируллаһ» деп айту немесе истиғфар дұғасын оқу деген сөз. Ал истиғфар ету дегеніміз қайырымдылық, жақсылық жасап күнәлардың кешірілуіне себеп болу деген сөз. Сауабын өлілерге бағыштау ниетімен Құран кәрім оқу, мешіт және су көзін ашу истиғфар ету болып табылады.

 

Күнәға себепші болу

Сұрақ: Бір аятта және хадисте: «Ешкім біреудің күнәсін көтермейді» делінсе, басқа бір хадисте: «Жамандыққа сабепші болған адам сол жамандықты істеген адамның күнәсін көтереді» делінген. Бұл жерде қарама-қайшылық жоқ па?

Жауап: Ешқандай қарама-қайшылық жоқ. Соңғы хадис шәрифтің мағынасы мынадай:

«Дінімізде бір “Сүннәти хасәнә” шығарған (жақсы жол көрсеткен) адам мұның сауабына және мұнымен амал еткендердің сауабына қауышады. Сол жолда жүргендердің сауабы да мүлдем кемімейді. Кімде-кім дінімізде бір “сүннәти сәийә” шығаратын болса (жаман жол көрсететін болса), мұның күнәсі және бұл жолда жүргендердің де күнәсі оған беріледі. Бұл жолда жүргендердің күнәлары да мүлдем азаймайды.» (Мүслим)

Бұл хадис шәрифте жақсылыққа себепші болған адамның сауап алатындығы, жамандыққа себепші болған адамның күнә істегені білдірілуде. Күнәға себепші болған адам өз күнәсін өзі көтереді. Күнә істеген адамның күнәсі азаймайды және күнәсі басқа біреуге жазылмайды. Күнәға себепші болған адам да сол күнәға ортақ болады. Біреудің күнәсін біреу көтермейді. Әркім өзінің еккенін орады.

 

Мүртәд болып өлсе

Сұрақ: Бір адам бізге дұға етсе, ақысын кешіріп, бүкіл сауаптарын бағыштаса, одан кейін өзі мүртәд болып өлсе, оның бағыштаған сауаптары бізден кері қайтарылып алынады ма?

Жауап: Жоқ. Қайтарылып алынбайды.

 

Құран оқып бағыштау

Сұрақ: Оқылған Құран кәрімді кімдерге бағыштаған дұрыс болады?

Жауап: Пайғамбарымыздан бастап барлық пайғамбарларға, әһли бәйтіне, сахабаларға,табииндерге, мазһаб имамдарымызға, “Сілсілә-и алийа” (алтын шежіре) деп аталатын ұлы ғалымдарға, ұлы әулиелерге, мәшаиһи изамға (ұлы ғұламаларға) және барлық мүминдерге бағыштаған жақсы болады.

 

Сауабын бағыштау

Сұрақ: Оқыған дұға және тәсбихтерден түскен сауапты біреуге бағыштағаннан соң басқаларға да бағыштауға болады ма?

Жауап: Басқаларға да бағыштауға болады. Қалағаны бойынша мұсылмандарға бағыштай алады. Өлі-тірі, дүние жүзіндегі барлық мұсылмандарға бағыштауға болады. Жеке-жеке бағыштауға да, жалпылама бағыштауға болады. Бағыштаған адамдарына сол нәрсені қайтадан бағыштай алмайды. Мысалы, бір адам жетпіс мың кәлимаи тәуһид оқып қайтыс болған бір кісіге бағыштаса, одан кейін басқа біреу өлсе, оған да бағыштай алады. Одан кейін басқа адамдар да қайтыс болса, барлығына жеке-жеке бағыштай алады. Бір хатми тәһлилді бір адамға екі рет бағыштай алмайды, өйткені оның алдында бағыштаған.

 

Сауаптарды бағыштау

Сұрақ: Бір адам оқыған намаздарынан, ұстаған оразаларынан, берген зекеттерінен, әулие қабірлерін зиярат етуден, біреуге берген қарыз ақшасынан, ілім үйренуден пайда болған сауаптарын, мәселен, илмихал ілімдерін үйренуден, әһли сүннет ғұламаларының кітаптарын таратудан түскен сауаптарын, қысқасы өмірінде жинаған парыз немесе нәпіл ғибадаттарының сауаптарын өлі-тірі барлық адамдарға бағыштай ала ма?

Жауап: Иә, барлығын бағыштай алады. Өзінің сауаптары да мүлдем кемімейді. Бірақ бұлардың дұғасының жасалуы үшін өзгелерге тапсырылмайды. Мысалы, “40 жыл оқыған намаздарымнан, ұстаған оразаларымнан, оқыған ілімдерімден түскен сауаптардың дұғасын жасайсыз ба?” деп айтылмайды. Сауапты бағыштау деген бір бөлек, бұлардың дұғалары жасалуы үшін біреуге сыйға тарту бір бөлек.

 

Сауап бағыштау

Сұрақ: Имам Раббани хазреттерінің “Мәктубат” кітабын оқып бітірген соң бір досыма: “Оқыған кітабымнан түскен сауапты саған бағыштадым” деп едім, ол да: “Кітап оқудан түскен сауапты бағыштау бидғат болады” деді. Сауап бағыштау бидғат па?

Жауап: Кез келген сауапты өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштаудың зияны жоқ. Мысалы, берген зекетімізден, жасаған жиһадымыздан, қажылығымыздан, ұстаған оразамыздан, сойған құрбандығымыздан, оқыған Құран кәрімнен түскен сауапты өлі-тірі барлық мұсылмандарға бағыштай аламыз. Әулие кісінің қабірін зиярат еткен адам зиярат етуден түскен сауапты басқа адамға бағыштай алады. Адам сәлемдескенде парыз сауабына қауышады. Оның сауабын да бағыштай аламыз. Ілім үйрену үшін кітап оқысақ, одан түскен сауапты  да барлығына бағыштай аламыз. Біреуге ифтар (ауызашар) берсек, оның сауабын да бағыштай аламыз. Қорыта айтқанда, бағышталмайтын сауап жоқ.

 

Сауап сыйға тарту

Сұрақ: Жасаған ғибадаттарымыздың сауабын өлілерге бағыштасақ, олар хабардар болып қатты қуанады. Ал тірілерге бағыштасақ, олардың хабары болмағандықтан сауап бағыштауға болмайды ма?

Жауап: Тірі болса да, өлі болса да, барлық мұсылмандарға жасаған ғибадаттардың сауабын бағыштауға болады. Біздің сауабымыз да еш кемімейді. Оларға да сол мөлшерде сауап беріледі. Қабыл болуы үшін олардың хабардар болуы қажет емес. Яғни хабардар болмаса да, сол сауап олардың амал дәптерлеріне жазылады.

Мүмин ғибадаттардың сауабын өлі-тірі, барлық мұсылмандарға бағыштай алады. Өзінің сауаптары да азайып қалмайды. (Хидайа)

Хатми тәһлилдің өлі-тірі, барлығына да пайдасы бар. (Мәкатиб шәриф)

Бір хадис шәрифте былай делінген:

«Өзі үшін немесе басқа мұсылман үшін 70 мың калима-и тәуһид (хатми таһлил) оқыған адамның күнәлары кешіріледі.» (Мақамат-и Мазһарийа)

 

Сауаптарды бағыштау

Сұрақ: “Сә’адәти Әбәдийа” кітабында: «Бір адам парыз, нәпіл немесе кез-келген ғибадатты орындаған кезде немесе орындап болған соң, мысалы намаз, ораза, садақа, хатми таһлил, Құран кәрім оқу, зікір, тауаф, қажылық, умра, әулиенің қабірін зиярат ету және мәйітке кебін беру сияқты ғибадаттардың сауаптарын тірі немесе өлі мұсылмандарға бағыштай алады» делінген. Малумати нафиа, Фәтауайи Хиндийа” кітаптарында: «Жасалған ғибадаттың сауабын басқаларға бағыштау жаиз. Осылайша намаз, ораза, садақа, қажылық, Құран кәрім оқу, зікір ету және пайғамбарлардың, шәһидтердің, әулиенің, салихтердің қабірін зиярат ету, мәйітке кебін беру және барлық игілік пен жақсылықтың сауаптарын бағыштауға болады» делінген. Бұл кітаптарда білдірілгендей, жасалған ғибадат пен жақсылықтардың сауаптарын төмендегідей айтып бағыштауыма бола ма?

1) Парыз болсын, нәпіл болсын оқыған қырық жылдық намаздарымның және ұстаған оразаларымның сауабын бағыштадым. Алған дәреттерімнің сауаптарын бағыштадым.

2) Өткен жылы жасаған умра қажылығымның сауабын саған бағыштадым.

3) Үндістанға барғанда Имам Раббани хазреттерінің қабірін зиярат еткен едім. Содан түскен сауапты саған бағыштадым.

4) Көршім қайтыс болғанда, оның мәйітіне берген кебіннен түскен сауапты саған бағыштадым.

5) Су көзін ашқаным үшін берілген сауапты саған бағыштадым.

6) “Мәктубат-и Раббани” кітабын оқыдым. Одан түскен сауапты саған бағыштадым.

7) Діни сұхбаттарға қатысуымнан пайда болған сауапты саған бағыштадым.

Сондай-ақ, Құран кәрімді оқып бағыштағанымыз сияқты, дұғасының жасалуы үшін бұларды басқаларға бере аламын ба?

Жауап: Жоғарыда білдірілген ғибадаттардың және жақсылықтардың барлығын өлі немесе тірі болған бір адамға немесе барлық мұсылмандарға бағыштау жаиз. Бірақ, бұларды Құран кәрім сияқты дұғасының жасалуы үшін басқаларға беру дұрыс емес.