Сұрақ: Кейбір адамдар қайыршылардың бай екендігін, олардың қайыршылықты кәсіпке айналдырғанын айтып жатады. Мұндай адамдарға ақша беру харам ба? Садақа сұрау қай кезде жаиз болады?
Жауап: Жейтін бір күндік тамағы бар болған адамның қайыр сұрауы харам.
Мүлдем жейтін тамағы болмай, бірақ дені сау болған, жұмыс істеуге, саудамен айналысуға шамасы жететіндей жағдайда болған адамның да тамақ, сусын немесе осыларды сатып алу үшін ақша сұрауы, тіленуі харам. Ақшасы, мүлкі бар екенін біліп тұрып сұрағанын беру де харам. Бірақ сұралмай берілген нәрсені алу жаиз.
Аш немесе науқас болған адамның тамақ сұрауы керек. Бір күндік тамағы болып, жұмыс істей алатын жағдайдағы адам ілім үйренуден немесе үйретуден босамайтын болса, тамақ сұрауы жаиз болады.
Ақшасын харамға жұмсайтын және ысырап ететін адамға садақа берілмейді. Мешітте, жамағат арасында жүріп тілену, қайыр сұрау харам, күнә болады. (Рәддул Мухтар)
Көрініп тұрғанындай, дінімізде аяқ-қолы сау болып жұмыс істей алатын адамның тіленуі харам.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Жұмыс істемей, өзін садақа сұрайтындай жағдайға түсірген адам 70 нәрсеге мұқтаж болады.» (Тирмизи)
«Мұқтаж болмаса да тіленген адам оттың жалынын жұтқан адам сияқты.» (Бәйһақи)
«Мал-мүлік жинау үшін тіленген адам оттың жалынын тілеген болады.» (Мүслим)
«Өзінің немесе бала-шағасының шыдауға келмейтіндей мұқтаждығы болмаса да тіленген адамды Аллаһу та’ала күтпеген жерде және күтпеген уақытта мұқтаж қылады.» (Бәйһақи)
«Қайыршы тіленудің жауапкершілігін білетін болса, бірден қайыршылықтан бас тартатын еді.» (Табарани)
«Шынайы кедей – қажеттілігіне төлейтін ештеңесі болмаған, ешкімнің есінде болмағаны үшін садақа берілмейтін, өзі де тұрып ешкімнен ештеңе сұрамайтын адам.» (Бұхари)
«Мына үш нәрсеге ант етемін: Садақа берумен мал-мүлік мүлдем азаймайды. Сондықтан садақа беріңдер! Зұлымдық еткен адамды Аллаһ разылығы үшін кешірген адам дүние мен ахиретте азиз (құрметті) болады. Сондықтан кешіріңдер! Сұрау (тілену) есігін ашқан адамға Аллаһу та’ала кедейлік есігін ашады.» (И.Ахмед)
«Қайыр тілеуге бөгет болатын байлық – таңертеңгі және кешкі тамағының бар болуы.» (Рузәйн)
Тіленудегі өлшем
Бір күндік, яғни таңертең-кешке жейтін тамағы болған адамның тіленуі жаиз емес. Қайыршының алдында бір күндік тамаққа жететін ақшасы бар болса, оған бір нәрсе беру жаиз болмайды. Бірақ қалтасында ақша жоқ болса немесе аз болса, оның бір күндік тамағы бар екенін білмегені үшін садақа беру жаиз болады.
Әр күні аз болса да садақа беру керек. Бір ай күтіп, көбірек беремін деп садақасыз күн өткізбеу керек.
Билал Хабаши хазреттері қонақтардың алдына қоюы үшін Расулуллаһқа (алейһиссалам) беремін деп ең жақсы құрмалардан бір уыс құрма ажыратып қояды. Бір күні пайғамбарымыз хазреті Билалдың үйіне келіп бұл құрмаларды көрген кезде, бұлар не үшін екенін сұрады. Хазреті Билал: «Бұларды қонақтарыңыздың алдына қоясыз деп сізге беру үшін сақтап қойған едім» деді. Пайғамбарымыз: «Бұлардың жаһаннамда түтін болуынан қорықпайсың ба? Йа Билал, бұларды қолдана бер, азайып қалады деп қорықпа!» – деді. (Бәззар)
Сыйлық үшін болса да заттардың ұзақ уақыт сақталуы жөн көрілмеген.
Біреуден бір нәрсе сұрау
Сұрақ: Біреуден бір нәрсе сұрау жаиз ба?
Жауап: Бір күндік, яғни таңертең және кешке жейтін тамағы бар болған адамның басқалардан бір нәрсе сұрауы харам.
Хадис шәрифте былай делінген:
«Қажеттіліктеріне төлейтін заты немесе ақшасы бар болса да өзгелерден бір нәрсе сұраған адам міндетті түрде жәһаннам отын арттырған болады.» Мұны естігендер «Йа Расулуллаһ, сұрауға бөгет болатын байлық не?» деп сұраған кезде пайғамбарымыз былай деген:
«Таңертең және кешке жейтін тамағының мөлшеріндей бір затқа ие болу.» (Әбу Дауд)
Басқа бір риуаят бойынша:
«Таңертең және кешке қарнын тойдыратындай мөлшерде тамағының бар болуы.» – деген. (Ибн Хузәйма)
Бір күндік тамағы бар адамның тіленуі, қайыр сұрауы харам. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Кімде-кім маған адамдардан ештеңе сұрамайтындығына сөз берсе, мен де оның жәннатқа кіретіндігіне кепілдік беремін.» (Нәсаи)
«Кімде-кім адамдардан ештеңе сұрамай жүретін болса, Аллаһу та’ала оны бай қылады. Қанағат еткен адамға Аллаһ жеткілікті.» (Бәззар)
«Халықтан ештеңе сұрамаңдар! Тіпті мисуакты бір рет қолдану үшін болса да сұрамаңдар!» (Бәйһақи)
«Ашкөзді болудан, сұраудан сақтаныңдар! Сараңдық – кедейліктің нағыз өзі.» (Табарани)
«Ешкімнен ештеңе сұрама! Тіпті қамшыңды түсіріп алсаң да, ешкімнен өтінбей өзің түсіп ал!» (И.Ахмед)
Хазреті Әбу Бәкр түйемен кетіп бара жатқанда түйенің ноқтасы түсіп қалады, ол түйесін шөктіріп ноқтаны алады. Сол жердегілер: «Бізге айтсаңыз алып беретін едік, түйеден түсуіңізге қажеттілік жоқ еді ғой» дейді. Хазреті Әбу Бәкр: «Расулуллаһ маған халықтан ештеңе сұрамауымды әмір етті» деді. (И.Ахмед)
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024