Шаууал айының бiрiншi күнiнде Пiтiр, яғни рамазан мейрамының бірінші күні басталады. Зүлһиджаның оныншы күнiнде Құрбан айтының бiрiншi күнi басталады. Бұл екi күнде күн шыққаннан кейін шамамен 50 минут өткен соң, яғни кераһет уақытынан кейін екi рәкат Айт намазын оқу ер кісілер үшiн уәжiп.
Айт намаздарының шарттары жұма намазының шарттары сияқты. Тек бұл намазда хутба сүннет болып, намаздан кейiн оқылады.
Рамазан айтында намаздан бұрын құрма сияқты тәтті бір нәрсе жеу, ғұсыл алу, мисуак қолдану, жаңа, таза киiмдер кию, пiтiр садақаны намаздан бұрын беру, жолда жай дауыспен тәкбір айту мүстаһаб.Құрбан айт намазынан бұрын ешбiр нәрсе жемеу, намаздан кейiн алдымен құрбандыққа шалынған малдың етiнен жеу, намазға кетiп бара жатып дауыстап тәкбiр айту, үзірі болғандардың жай дауыспен тәкбір айтуы мустаһаб. Айт намаздары екi рәкаттан құралады. Жалғыз оқылмай тек жамағатпен оқылады.
Айт намазы қалай оқылады?
1) Алдымен: «Ниет еттiм уәжiп болған айт намазын оқуға, ұйыдым дайын тұрған имамға» деп ниет етiледi. Ифтитах тәкбiрiн алғаннан кейiн «Субханака» дұғасы оқылады.
2) Субханака дұғасы оқылғаннан кейiн үш рет тәкбiр айтып әр тәкбiрде қол құлаққа көтеріліп, алғашқы екі тәкбірден кейін екі жанына түсіріледі. Үшiншi тәкбiрде кiндiктiң астына байланады. Имам алдымен Фатиха сүресiн, кейiн зәм сүре оқып рукуға барады.
3) Екiншi рәкатта имам фатиха және зәм сүре оқиды. Кейiн екi қолын үш рет көтерiп, әр көтергенiнде тәкбiр айтып екі жанына түсіреді. Төртiншi тәкбiр айтқанда рүкуға барады. Қысқашасы, бұл намаз екі таста, бір байла; үш таста, бір иіл! деп жатталады.
Ташриқ тәкбiрлерi
Құрбан айтының арафа күнi, таң намазынан бастап айттың төртiншi күнi екінді намазына дейiн қажылардың және қажылыққа бармаған кiсiлер, ер-әйел, жамағат-жалғыз, барлығының парыз намазынан кейiн сәлем берген сәтте бiр рет ташриқ тәкбiрiн айтулары уәжiп.
Жаназа намазынан кейiн оқылмайды. Мешiттен шығып кеткеннен соң немесе сөйлеп койған соң еске түссе, ташриқ тәкбiрi айтылмайды. Имам намаздан кейiн тәкбiр айтуды ұмытып кетсе де, жамағат тәрк етпейді, ер кiсiлер дауыстап ташриқ тәкбiрiн айтады. Әйелдер ташриқ тәкбiрiн iштей айтады. Ташриқ тәкбiрi: «Аллаһу әкбар, Аллаһу әкбар. Ла илаһә иллаллаһу уаллаһу әкбар. Аллаһу әкбар уә лиллаһил хамд».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024