Адамдардың бір-біріне сыйлық беруінің маңызы өте үлкен. Сүйікті пайғамбарымыз адамдарға қарым-қатынастарын жақсартуы және араларындағы байланыстың үзілмеуі үшін бір-біріне сыйлық беруді әмір ететін, сыйлықтың алған адамды керең және соқыр қылатынын білдіретін еді. Яғни сыйлықтың арқасында сыйлық берушінің жаман сөздерін ести алмайтын, жаман тірліктерін көре алмайтын болады.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Мүсафаха етіңдер (қол алысыңдар), мүсафаха кекті, ренішті кетіреді. Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық сүйіспеншілікті арттырады, дұшпандықты кетіреді.» (Ибн Асакир)
«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық арадағы махаббатты арттырады.» (Бәйһақи)
«Бір-бірлеріңе сыйлық беріңдер, өйткені сыйлық достықты арттырады, кекті, дұшпандықты кетіреді.» (Табарани, Әбу Нуайм)
«Өздерің талап етпей берілген сыйлықтарды қабылдаңдар!» (Хаким)
«Сұрамай берілген нәрсені алыңдар! Ол – Аллаһу та’аланың жіберген ризығы.» (Бәйһақи)
«Сыйлықты қайтарған адам Аллаһу та’аланың бергенін қайтарған болады.» (Рамуз)
«Шақырылған жерге барыңдар, берілген сыйлықтарды қайтармаңдар!» (Бұхари)
«Сыйлық – Аллаһу та’ала жіберген жақсы ризық. Берілген сыйлықты қабылдаңдар және орнына одан да жақсырағын беріңдер!» (Х.Тирмизи)
«Сыйлық берген адамға сендер де сыйлық беріңдер! Егер беретін ештеңе таппасаңдар, сыйлығы қайтарымсыз қалмауы үшін оған дұға етіңдер!» (Нәсаи)
Қазіргі таңда кейбір заңсыз істерге қол жеткізу үшін адамдар сыйлық деген атпен пара беруде. Сыйлық берген адамның осындай жаман ниеті байқалмаса, берілген сыйлықты кері қайтару дұрыс емес.
Хазреті Айша анамыз бір мұқтаж әйелдің сыйлығын қабыл етпеген кезде пайғамбарымыз: «Ол әйел мұқтаж болса да, оның сыйлығын қабылдап, оған артығырақ бір нәрсе беруің керек еді» деді. Сахаба болған бір кісі де берілген сыйлықты қабылдамай «Йа Расулуллаһ, біреуден бір нәрсе алған адамда қайыр жоқ дегеніңіз үшін алмадым» деген кезде сүйікті пайғамбарымыз:
«Ол сұрап алынатын заттарға қатысты еді. Сұрамай берілгенді алыңдар!» – деді. (И.Малик)
Берілген сыйлықта жаман ниет байқалмаса, міндетті түрде алу керек және қайтарымы ретінде үлкен-кіші бір нәрсе беру керек!
Ештеңе бере алмайтын адам сыйлық берген адамға дұға ету керек! «Мұны маған пәленше берді, Аллаһ одан разы болсын» деу керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Біреуге жақсылық жасалса, сол жақсылықты айтып жүрсін! Жақсылықты айтып жүру шүкір болады. Жақсылықты жасырған адам көрнемектік, яғни шүкірсіздікжасаған болады.» (Әбу Дауд)
«Адамдарға рахмет айтпайтын адам Аллаһу та’алаға шүкір етпеген болады.» (Тирмизи)
Сыйлықтың міндетті түрде мал-мүлікпен болуы шарт емес. Сәлем беру және пайдалы нәрселер айту да сыйлық болады. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Мүминді қуантқан адамды Аллаһу та’ала қуантады.» (Ибн Мүбәрәк)
«Бір достың дұрыс жолға түсуіне себеп болатын немесе оны қауіптен құтқаратын сөзден жақсы сыйлық болмайды.» (Әбу Яла)
«Сыйлықтың ең жақсысы – хикметті сөзді үйреніп басқа біреуге үйрету. Ал бұл нәрсе бір жыл ықыласпен ғибадат етуден де сауаптырақ.» (Ибн Асакир)
«Сапардан қайтар кезде бала-шағаларыңа пайдасы тиетін бір тас болса да сыйлық ретінде әкеліңдер.» (И.Асакир)
«Кімде-кім садақа берген кезде сауабын мұсылман ата-анасының рухтарына сыйласа, берген садақасының сауабы олардың рухтарына жетеді, әрі сауабы мүлдем азаймастан өзіне де жазылады.» (Табарани)
Бір хадис шәрифте де: «Досын жақсы көрген адам жақсы көргенін оған білдірсін» делінген. (Хаким)
Жақсы көргенін сыйлықпен білдіру сөзбен білдіргенге қарағанда оңайырақ және әсерлірек болады. Достардың біріне «Сені жақсы көремін» деу қиын болуы мүмкін немесе қате түсінілуі мүмкін. Біреуге сыйлық беру – сені жақсы көремін деудің басқа бір түрі.
Сыйлық, алған адамның мүлкі болады
Сұрақ: Бір досым маған Ислам діні кітабынан бірнешеуін сыйлады. Бұларды таныстарыңа берерсің, таратарсың деді. Мен бұларды тарататын болсам, сауаптардың бәрі кітаптарды сыйлаған досыма беріледі де, маған мүлдем сауап жазылмайды деп ойлап жүрмін, бұл ойым қате ме?
Жауап: Ойыңыз қате. Бір нәрсе бір адамға сыйға тартылған кезде, ол нәрсе алған адамның өз мүлкі болады. Өз мүлкін қалағанындай қолдана алады, сата алады, сыйлай алады. Тіпті жағып жіберсе де, сыйлаған адамның сауабы азаймайды. Ол да сыйлайтын болса, ол да сауап алады. Сыйлық алған адам да басқаларға сыйласа, оған да сауап болады. Сыйлағандардың сауабы мүлдем азаймайды.
Шұлық сыйлады
Сұрақ: Бір досым «Намазда киюің үшін мына шұлықты саған сыйладым» деді. Мен сол шұлықты намазда кимесем, басқа уақыттарда кисем харам болады ма?
Жауап: Жоқ, харам болмайды. Оның сыйлығы сахих, шарты сахих емес. Сол шұлықты намазда мүлдем кимесеңіз, тіпті басқа біреуге сыйласаңыз да зияны жоқ. Яғни ол зат сіздікі, қалағаныңыздай қолдана аласыз.
Сыйлықты басқаға сыйлау
Сұрақ: Біреулер «Сыйлықты сыйлауға болмайды» десе, біреулер «Сыйлықты басқаға сыйлау сүннет» дейді. Қай бірі дұрыс?
Жауап: Сыйлықты сыйлау жаиз. Пайғамбарымыз келген сыйлықтарды өзі де қолданатын, басқаларға да беретін еді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024