Хикмет, ар-намыс және жомарттыққа ұқсаған жаман мінездер

ТӨРТІНШІ БАП

 

Жақсы мінезге ұқсайтын жаман мінезді және бұлардың жақсы мінездерден қалай ажыратылатынын баяндаймыз.

Көптеген адамдар таза алтынды сары металдан ажырата алмайды. Көк моншақты асыл тас деп санайды. Осы сияқты жаман мінезді де жақсы деп санайды. Сондықтан ахлақ ілімін жақсылап үйрену, іштегі жасырын кемшіліктерді көре алу, жақсыны жаманнан ажыратуда ұста болу керек.

1) Хикметке ұқсаған жаман мінезді білдірейік: Ақылдың өлшемдерінен, жаратылыстану ғылымдарынан немесе тасаууф марифеттерінен бірнешеуін тілдерден естіп немесе газеттертен, журналдардан оқып, радиодан естіп, әр жерде айтып жүрген, әркіммен сөз тартысып жүрген адамдарды ақылды, білімді, ғылым адамы, білікті маман және муршид деп санайтындар аз емес. Алайда ондайлар өздері айтқан мәселелерінен ешбірінің жауабын, мафиреттердің ешқайсысының мағынасын білмейді. Бұл адамның ғалымдарға, муршидтерге және ғылым адамдарына ұқсауы – тотықұстың адам сияқты сөйлеуінен артық нәрсе емес. Өйткені, хикмет деп аталатын мінез адамның басында, рухында болады. Болмысы, нұрлары сезім мүшелерімен сезілмейді. Зиялылар қатарынан көрінетін көптеген адамдар бар, хикметтен және құндылықтардан еш хабарлары жоқ. Өздері білімсіз және жаман мінезді болады. Ілім мен ахлақтан ешқандай несібелері де жоқ. Ауыздарынан жақсы мінезге тән бірде-бір сөз шықпайды. Бірақ үстіне сәнді, сәулетті киім киіп жүреді. Жоғары мансап иелерінің, лауазымды адамдардың алдында иілуді жақсы біледі. Балдарда, сауық кештерінде билеуге шығады. Ішкілік қойылған үстелдерде адамдарға қызмет етеді. Басқарушы, жиын ұйымдастырушысы немесе кеңесші деген атаумен аты шығады.

2) Ар-намысқа ұқсаған жаман мінез де бар: Ондай мінез иесі жаман әрекеттер жасамайды. Шәһуетінің артынан жүгірмейді. Салмақты, ізгілікті, білімді және жақсы мінезді адам болып көрінеді. Оны бәрі мақтайды, барлық жерде құрмет көрсетіледі. Мал-мүлкі көп болғандардың арасында және жоғарғы мансапты адамдардың жанында сөзін ешкім бөлмейді. Оған келетін сыйлықтар таусылмайды. Нәзір, зекет ақшалары алдына жиналады. Парыз бен сүннеттерді орындауда босаңқы болады. Басқалардың алдында нәпіл ғибадаттарды көп орындағаны үшін көздері кіртиіп, өзі азып, денесі әлсіз боп қалған. Ал нәфси әммарасы (тәрбие көрмеген нәпсі) болса, тек ел-жұртқа көрсету үшін ғана құлшылық жасағандықтан қатты күшейген. Ондайлар халық арасында сенімді, Аллаһ назарында опасыз болады. Жалған тариқатшылар мен дүниеге берілген дін адамдары осындай болып келеді.

Кейбір ауылдық адамдар қаладағы тамақтарды жемейді. Ал кейбілері ақшасын қимай қымбат азық-түліктер алмайды. Бұларды көргендер оларды дәруіш деп санайды. Қанағатшыл және ар-намысты болып көрінеді. Бұлар қанағатсыз және ар-намыссыз кісілер. Істеген тірліктері ылғи басқаларға көрсету, жалғандық және рия болады.

3) Жомарттыққа ұқсаған жаман мінез де мынадай болады: Мал-мүлкін маңдай терімен таппаған, мираспен келген немесе қарақшылық, контрабанда, қарасауда жасаған немесе лотереядан ұтып алған. Ақшаның қадірін білмейді. Қолындағының бәрін харамға, қажетсіз жерлерге жұмсайды. Ақыл және Ислам діні ұнатпаған жаман жерлерге шашады. Ақымақтар оны жомарт деп ойлайды. Негізінде, ол адамда сәха (жомарттық) деп аталатын жақсы мінез жоқ. Ақша табу – тауға жүк шығару сияқты ауыр іс. Ал ақша шашу болса – домалақ тасты таудан төменге қарай домалатып жіберуге ұқсайды. Кедейлік көптеген адамдардың жақсы адам болуына кедергі болады. Көп адам кедейліктің қиыншылығы кесірінен иманын жоғалтқан, мүртәд болған. «Рамуз-ул әхадис»-тегі хадис шәрифте: «Асхабым (сахабаларым) үшін кедейлік – бақыт. Ал ақырзамандағы үмметім үшін бай болу бақыт» делінген.

Жақсы білдім ұзақ тәжірибеменен,

Адам іліммен өлшенер, ілім болса малменен.

Мал-мүлікті халалдан, адал сауда-саттықпен айналысып табу қиын іс. Сондықтан да нан-тұзын халал жолмен, Ислам дініне мойынсұнып табатындар сирек кездеседі. Халал мүлік тамшы-тамшы болып жиналады, ал харам мүлік болса сел сияқты ағып келеді. Ақша таратуда сәхауат (жомартттық) болғаны жақсы. Ал исраф (ысырап) болса жаман, харам. Жомартық дегеніміз – жомарт мінезді болуға қолжеткізу, сараңдық деп аталатын жаман мінезден құтылу үшін мал-мүлкінен беру деген сөз. Алайда қандайда бір дүниелік пайда көздеп және нәпсінің жаман қалауларына қол жеткізу үшін көмек беруге жомарттық делінбейді.