ҮШІНШІ БАП
Бұл жерде жаман мінездер баяндалады. Жақсы мінездердің негізі, тірегі төрт мінез еді. Жаман мінездердің де басы төртеу:
1) Рәзалат – хикметтің терісі.
2) Жубн – қорқу, жүрексіз болу, шәжааттың терісі.
3) Фужур – нәпсіге бағыну, күнә істеу, ар-намыстың терісі.
4) Жәур – зұлымдық. Әділеттің терісі.
Әр жақсы мінездің терісі, қарама-қарсылығы болған сансыз жаман мінездер бар. Өйткені, жақсылық дегеніміз – орта жол деген сөз. Орта жолдың оңында, сол жағында болу – жақсылықтан айырылу болады. Кісі орта жолдан қаншалықты ұзақ болса, жақсылығы соншалықты азаяды. Хақ жол тек біреу ғана. Ал адасқан, бұзылған жолдар көп. Тіпті шексіз. Дұрыс жолға қолжеткізгеннен кейін сол жолда қалу, сол жолдан мүлдем шықпау өте қиын. Худ сүресінің 113-ші аятында: «Әмір етілген дұрыс жолда бол!» делінген. Бұл аяти карима түскен кезде Расулуллаһ "саллаллаһу алейһи уә сәллам" «Худ сүресі сақалыма ақ түсірді» деген. Аят каримада әмір етілген бағытты орындау үшін пайғамбарлар “алейһимуссалауату уаттәслимат”, әулиелер, сыддықтар “рахиме-хумуллаһу та’ала” абдырап қалған. Осы қорқыныштан Расулуллаһтың “саллаллаһу алейһи уә сәллам” мүбәрәк сақалына ақ түскен. Дұрыс жолда бола алу өте қиын болғаны үшін «Сырат көпірі қылдан жіңішке, қылыштан өткір» делінген. Фатиха сүресіндегі аят кариманың мағынасы: «Дұрыс жолға қауышуды Аллаһу та’аладан сұраңдар!» Мүминнің бұл дүниеде дұрыс жолға жармасуы керек. Қиямет күні Сырат көпірінен өте алу үшін дүниеде дұрыс жолда болу керек.
Әулиелердің ұлылары “рахиме-хумуллаһу та’ала” былай дейді: Мухбири садық (яғни әрдайым дұрыс айтушы) “саллаллаһу алейһи уә сәллам” қияметтегі ниғметтер мен азаптар жайлы нелер айтқан, қандай хабарлар жеткізген болса, олардың барлығы адамның осы дүниеде қолжеткізген мінездердің, ахлақтың және амалдардың көрінісі. Сол жақтағы бейнесі. Ахлақта және амалда дұрыс жолда болудың сол жақтағы көрінісі, бейнесі – сырат көпірі делінді. Дүниеде дұрыс жолда болғандар, Ислам дінінен айрылмағандар, ол жерде сырат көпірінен тез өтеді, марифеттер мен жетістіктер жәннаттарына және жақсы амалдардың бақшаларына қауышады. Бұл жерде дін жолында жүруге мән бермей қарағандар сол жақтағы сырат көпірінен әрең өтеді. Ислам діні көрсеткен дұрыс сенім мен амалдардан айрылғандар, оңға-солға адасқандар сыраттан өте алмай жаһаннам отына түседі.
Зуһруф сүресінің 36-шы аятының мағынасында: «Нәпсіне бағынып, Аллаһу та’аланың дінінен бет бұрғандарға дүниеде бір шайтан жіберіп беймаза қыламыз» делінген. Бұл аят каримаға қарап, кейбір ғалымдардың айтқаны: жақсы және кәміл істерді жасататын әдетті бір періште шығарады. Адастыратын, жамандық істететін әдетті бір шайтан шығарады. Сол екеуінің бірі қияметте ол адамға дос болады. Сондықтан әр адам өз мінезі мен амалына қарап, ахиреттегі досының кім болатынын біліп ала алады.
Орта жол деген кезде екі нәрсе түсініледі: Бірі – бәрінің түсінгені сияқты, бір нәрсенің дәл ортасы. Мысалы, шеңбердің ортасы осы мағынада түсініледі. Екіншісі, арақатысты, салыстырмалы түрде ортада болу. Яғни белгілі бір нәрсенің ортасы. Сол нәрсенің ортасы болғаны үшін, барлық нәрсенің ортасы болуы қажет емес. Ахлақ ілімінде қолданылатыны – осы екінші орта. Осы себептен, жақсы мінез деген дүние әркім үшін әр түрлі болады. Тіпті, заман мен мекенге қарай да өзгереді. Бірінде жақсы болған бір мінез, басқасында жақсы болмауы мүмкін. Сондықтан жақсы мінез дәл ортада емес, орта шамада болу деген сөз. Жаман мінез де осы орта шаманың екі жағына ауып кету деген сөз. «Істердің ең жақсысы – олардың ортасы» деген хадис шәрифі де осыны білдіруде. Осыған байланысты әр жақсы мінезге қарсы екі жаман мінез болады. Негізгі төрт жақсы мінезге қарама-қарсылық та сегіз негізгі жаман мінез болады:
1) Жәрбаза (білгіштік) хикметтің шамадан тым артық болуына айтылады. Бұл ахлақты және амалдарды түсіну қуатын қажетсіз жерлерде қолдану деген сөз. Қулық жасау, алдау, харам істерді жаю сияқты. Рухтың жаратылыстану қуатын (яғни ақылды) шамадан артық қолдану жәрбаза болмайды. Жаман болмайды. Діни ілімдерді, жаратылыстану ғылымдарын және математиканы дамыту үшін қаншалықты көп зерттесе, ізденсе, соншалықты жақсы болады.
2) Бәладат – ақымақтық. Ақылды қолданбау. Бұған ақымақтық та делінеді. Тоңмойындылық деген сөз. Ондайлардың үйренуі мен істері кемшілікпен болады. Жақсыны жаманнан ажырата алмайды. Аят карималар мен хадис шәрифтерде "ілім, білім" санауға келмейтіндей өте көп мақталған.
3) Тәһәуур (ашушаң, жауыз). Тез ашулану деген сөз. Шежаат деген жақсы мінездің шамадан артық болуы. Бұл ақылды адамдар ұнатпайтын істерді жасауға кірісу деген сөз. Мұндай мінез кісінің рухы мен денесін босқа, керексіз жерлерде шаршатады.
4) Жубн. Қорқақтық деген сөз. Шежааттың қажетінен аз болуы. Ондай мінезге ие болғандар қорқу жаиз болмаған жерде қорқады.
5) Фужур (ұятсыздық). Иффат деген қуаттың асып-тасып, ар-намыс, ұят деген шекараларды танымай кетуінен пайда болады. Ондайлар дүние ләззаттарына құмар болады. Ислам діні мен ақыл ұнатпаған қызушылықтарды істейді.
6) Хумуд (міскіндік, сылбырлық). Иффат қуатының әлсіз болуынан кісі мінезінің ұят нормасына да жете алмай аса ұялшаң, міскін, сылбыр болу. Ислам діні мен ақыл рұқсат берген күнделікті қажеттіліктерін қандыруға да қысылатын, табиғи қалауларын тәрк етіп қоятын сылбыр адамдар осы мінезге шалдыққан болады. Ондайлардың денесі, күш-қуаты кетеді. Ауру болады. Нәсілі бітеді.
7) Зұлымдық. Әділеттің шегінен асуы деген сөз. Басқаның хаққына жауыздық ету деген сөз. Ондай мінез арттырғандар басқаның мал-мүлкіне, жанына, намысына зиян тигізеді.
8) Хайсиетсіздік. Өзіне жасалған зұлымдық, жәбірлеу және масқаралауды үндемей қабыл ететін, адами қасиетін де аяқ астынан таптатып отыра беру мінезі. Бұл әділеттің нұқсан болуы деген сөз. Әділетте барлық жақсылықтар жиналғаны сияқты, зұлымдықта да жамандықтар жиналған. Сондықтан кейбір ғалымдар, көңілді ренжітпейтін нәрселер күнә болмайды деген.
Мысалы, Абдуллаһ Ансари “қуддиса сирруһ” былай деген:
Хақ жолдың жолаушысы ешкімді ренжітпейді,
Өйткені оған теңесетін үлкен күнә болмайды!
Абдуллаһ Ансари, софийа-и алийаның ұлыларынан. Шәйх-ул Ислам еді. 396 жылы Хиратта (Герат) туылып, 481 жылы (м.1088) сол жерде қайтыс болды. Кейбір адасқандар, осы үлкен әулиенің сөзін дұрыс түсіне алмады. Басқаларға жамандық жасама да, өзіңе не істесең де істей бер деп санады. Осылайша ғибадаттарды қалдырып, әр күнәні істеп, ешкімге зиянымыз тиіп жатқан жоқ деп те мақтанды. Тіпті:
Қаласаң кәпір бол, қаласаң Қағбаны құлат,
Қаласаң шарап іш, бірақ тек ешкімді ренжітпе!
деп Ислам дінінен айырылды. Алайда, діннің харам еткен бүкіл нәрсесі зұлымдыққа жатады. Басқаға болсын, өз-өзіне болсын жасалуы харам болған барлық нәрсе зұлымдық болып табылады. Залымдар – көбінесе мал-мүлкі, атақ-даңқы, мансабы көп болғандардан шығады. Мазлұмдардың көбі кедейлерден шығады. Орта жағдайда болғандардың көбі әділдікке мән беретіндер.
Жақсы мінездердің барлығы уасати (орташа) мөлшердегі құлықтар болып келеді. Әрбірінің нормадан артық немесе кем болуы, жаман мінезге айналуы деген сөз. Көп тілдерде осы әр түрлі жаман мінездерді түсіндіріп бере алатын бәлкім атаулары да табылмайды. Бірақ, ойланған кезде мағыналары (не екені) оңай түсініледі.
Адамда болуы қажет болған жақсы мінездерден кейбірі бар, қаншалықты көп болса, жақсылығы да соншалықты артады деген ой болады. Алайда олай емес. Әр жақсы мінездің бір шегі-шекарасы болады. Сол шектен асқан кезде жақсылық кетіп, жамандық басталады. Ал жақсы мінездің аз болуының жамандық болатыны оңай түсініледі. Шәжаат (ерлік) пен сәхауат (жомарттық) бұларға мысал. Осы екі жақсы мінездің тым артық, шамадан тыс болғандары тәһәуур (жауыздық) мен ысырап. Надандар, әсіресе Ислам ахлақын білмейтіндер, ысырап ететін адамды өте жомарт деп санайды, мақтайды. Тәһәуур (ашушаң, жауыз адамдарды) еткендерге өте қайсар, батыр дейді. Алайда, қорқақ және сараң болғандарға ешкім батыр және жомарт демейді.
Адамда болуы қажет болған жақсы мінездердің кейбірлері де бар, аз болса жақсы деп қабылданады. Тым артық, көп болса, жамандығы белгілі болады. Тәуаду (қарапайымдылық) осыған жатады. Адамда кібірдің жоқ болуы деген сөз. Бұның нұқсан болуы – тәзәллул (жексұрын). Жексұрын боп аяқ астына кілем болуды көпшілік қарапайымдылық деген жақсы мінезден ажырата алмайды. Тіпті көптеген адамдар қайыршының төмендігін ғалымның қарапайымдылығымен шатастырады. Өйткені кібірсіздік қайыршыда да көп. Оны да өте жақсы қасиет деп санайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024