Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Фитнаның алдын алу – мұсылманның ұраны болу керек, өйткені фитнаға себеп болу өте үлкен күнә. Әр жерде, әр уақытта фитна шығармауға барынша тырысуымыз керек.
Мұсылманның әр айтқаны дұрыс-шындық болуы керек, бірақ әр дұрыс нәрсе әр жерде айтыла бермейді. Өйткені шындықтар аманат, ал аманат иесінен өзгеге берілмейді. Әркіммен ол түсіне алатындай дәрежеде сөйлеуге тырысу керек.
Бір адам қатты жақсы көретін түйесін жоғалтып алады, әбден іздейді, бірақ таба алмайды. Бір жас жігіт бұл адамның құлағына бір нәрселер сыбырлаған кезде қатты таң қалады. Асыға тұрып бірден кетіп қалады. Сол аймақтағы бір ғұлама, әулие кісіге барады:
- Ұстаз, мен түйемді жоғалттым, қайда екенін сіз біледі екенсіз ғой.
- Ой Аллаһ, мен қайдан білейін, оны қайдан алдың?
- Бір шәкіртіңіз айтты. «Біздің ұстазымызға бар, ол қайда екенін біледі» деді. Ол шәкіртті шақырады. Келгенде ұстазы одан:
- Сен бұл адамға не дедің? - деп сұрайды.
- Бұл кісіге қатты жаным ашыды, түйесін қатты жақсы көргені үшін айтуыма тура келді.
- Не айттың?
- «Біздің ұстазымыз бір күні былай деген, әулиелер бүкіл дүниені бір табақтың ішін көргендей көреді, түйе де оның ішінде. Бар, түйеңнің қайда екенін одан сұра!» дедім.
- Солай ма, сен тұра тұр.
Түйесін жоғалтқан адамға қарап:
- Сенің түйең пәлен үйдің жанындағы ағашқа жіппен байланған деп ойлаймын, бар сол жерден ал! - деді.
Әлгі адам қуанып кетіп қалғаннан кейін, әулие шәкіртіне былай дейді:
-Балам, үш адамның арасында айтылатын сөз басқа, он адамның арасында айтылатындар басқа, ал көпшілік жұрттың арасында айтылатын әңгіме мүлдем басқа болады. Сен егер үш адамның арасында айтылғандарды осылай әр кездестірген адамыңа айта беретін болсаң, әр естігеніңді әр жерде айта берсең, фитнаға себеп боласың. Сүйікті пайғамбарымыз үш адамға басқаша сөйлеген, бес кісі болса өзгеше түрде сөйлеп, мың адам болған кезде басқаша сөйлеген. Мысалы бір күні хазреті Әбу Бәкірге нәзік мәселелерді оның дәрежесіне сай түсіндіріп жатқан еді. Жандарына хазреті Омар келген кезде, сөйлеу мәнерін ол да түсіне алатындай етіп өзгертті. Хазреті Осман келгенде тағы да түсіндіру әдісін өзгертті. Хазреті Әли келген кезде сөйлеу мәнерін бәрі түсіне алатындай етіп өзгертті. Расулуллаһ әр ретінде сөйлеу мәнерін өзгертуінің себебі, сол жердегі адамдардың түсіну қабілетінің әртүрлі болуынан еді. Демек әр сөз, әр шындық әр жерде айтыла бермейді, бәріне бір қалыпты, бірдей айтылмайды. Бұл да бір ілім. Сен дұрыс етпедің, ендігәрі бұлай істеме!
«Фитна ұйқыда, оны оятқан адамға Аллаһ лағнет етсін» хадис шәрифі фитнаның қаупін, фитнаға себеп болудың харам екендігін білдіруде. Фитна шығарған адамға ешқандай зиян келмесе немесе ол бұл зиянға разы болса да, сол айтылған сөзімен, жасаған іс-әрекетімен мұсылмандар зиян көретін болса, жауапкершілігі өте ауыр болады. Өйткені пайғамбарымыз оған лағнет айтуда.
Имам Раббани хазреттері: «Жасалатын мың жақсылық бір жамандыққа себеп болмау керек» деген. Дінімізге қызмет еткен кезде осыған қатты мән беру керек. Зияннан, жамандықтан қорғану, пайда келтіруден бұрын келеді. Бір дұшпан арттыру мың дос табудан жаман. Бір фитнаға себеп болу мың жақсылық жасаудан жаман. Сондықтан, фитнаға себеп болмай, дұшпан артқызудан, дөрекіліктен ұзақ болып, әрдайым жұмсақ мәмілемен қызмет ету керек. Тауарды тек оны іздеп жүрген алушысына ғана сату керек. Талап етпеген адамға, ол істен қақпайтын кісіге бір нәрселер түсіндіремін деп балағатқа себеп болмау керек. Хадис шәрифте: «Қадірін білмейтін лайықты болмаған адамға ілім үйрету, шошқаға інжу-маржаннан алқа тағуға ұқсайды» делінген. Қақпайтындарға, қаламайтындарға, құлақ салмайтындарға, қарсы шығатыны сезіліп тұрғандарға дінді түсіндіруге тырысу осындай фитнаға да себеп болады.
Сүйікті пайғамбарымыз: «Адамдарға олардың ақылдарының дәрежесіне сай (олар көтере алатын деңгейде) сөйлеңдер!» деген. Бір бәдәуи Расулуллаһқа келіп, «Маған Исламды түсіндір, ақылыма қонымды болса сенемін» деген кезде, оған: «Бұл діннің негізі екі нәрсе: Аллаһу та’аланың бүкіл әмірлері мен тиымдарын құрметтеу, ұнату және Оның бүкіл махлұқтарына жанашыр болу, мейірім көрсету» деді.
Әмри маруф (уағыз) жасаған кезде фитнаға себеп болатын болса, үндемеу керек, Әһли сүннет ғалымдарының кітаптарын беріп кету керек. Ол ғалымдардың сөзімен құтыла алмаған адам біздің сөзімізбен қалай құтылмақ?
Сөздерімізге, әрекеттерімізге мән беруіміз керек. Досқа да, дұшпанға да жылы сөйлеп, күлімдеп, жылы шырай танытуымыз керек, ешкіммен сөз тартыспауымыз керек.
Көп сөйлейтін адамның ақылының аз екені байқалады. Ешбір жерде, ешкімге қажетсіз сөз айтпау керек. Әрқашан ойланып сөйлеу керек. Сөз таластыру зиянды және тиым салынған әрекет.
Адамдар жасаған амалдары, ғибадаттары және себеп болған нәрселері үшін есепке тартылады. Себеп болған нәрселерінің есебі өте ауыр. Өйткені ғұламалар: «Сондай өмір сүріңдер, сендердің кесірлеріңнен біреу тозаққа түспесін, әйтпесе сендерді де әкетеді» деген.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024