Сұрақ: Ауру адам намаздарын қалай оқиды?
Жауап: Аурулар әртүрлі болады. Түрегеп тұра алмайтын науқас отырып оқиды. Отыра алмайтын адам жатып ишарамен оқиды.
Хадис шәрифте: «Науқас намазын түрегеп тұрып оқи алмаса, отырып оқиды. Бұған да шамасы жетпесе, шалқайып жатып ишарамен оқиды» делінген. Али Имран сүресінің, «Олар түрегеп тұрғанда, отырғанда, жамбастап жатқанда да Аллаһты зікір етеді» деген мағынадағы 191-ші аятындағы "зікір" сөзі намаз дегенді білдіреді. «Намазды, күші жететін адам түрегеп оқиды, аяқта тік тұра алмайтын адам отырып оқиды, бұны да істей алмайтын адам жатып ишарамен оқиды» деген сөз. (Бахрур раиқ)
Аяқтарды созу
Сұрақ: Түрегеп намаз оқи алмайтын, сәжде де ете алмайтын, аяқтарын бүге алмауымен қатар, бүге алатын адамның да аяқтарын қыблаға қарай созуы керек пе?
Жауап: Аяқтарын бүге алмайтын адам аяқтарын қыблаға қарай созып оқиды. Бірақ бүге алатын адам аяқтарын астына жинауы керек. Қалай отыру ыңғайлы болса, солай отырады, тізерлеп, малдас құрып отырып, тізесін бүгіп қолдарын қосып немесе басқа түрлі де отыра алады. Зәруліксіз қыблаға қарай аяқ созу мәкрух болады. Аяқтарын бүге алмайтын адам үшін мәкрух болмайды.
Орындықта намаз
Сұрақ: Белім мен тізем ауырады, иіле алмаймын, сәжде ете алмаймын. Аяқтарымды бүге алмаймын, намазымды қалай оқысам болады? Орындықта отырып оқысам бола ма?
Жауап: Аяқтарыңызды бүге алмасаңыз, жерге отырып аяқтарыңызды қыблаға қарай созып ишарамен оқисыз. Жерге отыра алмасаңыз, қыблаға қаратылған төсек үстінде аяқтарыңызды төмен түсірмей (салбыратпай) отырып оқисыз.
Егер орындық немесе креслоға отыру керек болса, онда алдыңызға басқа бір орындық немесе үстел қойып, аяқтарыңызды соның үстіне қоясыз, яғни аяқтар қыблаға қарай созылып намаз оқылады. Аяқтарын бүге алатын адам бүгіп (салбыратпай) отырады, қыблаға қарай созбайды.
Сұрақ: Аяқта тұра алмайтын науқас қалай намаз оқиды?
Жауап: Түрегеп тұра алмайтын немесе тұруы зиян болатын, басын бұра алатан адам, парыздарды да сәжде ететіндей жерде отырып оқиды. Руку үшін біраз иіледі, сәжде үшін басын жерге тигізеді. Дуалға, тірекке, адамға сүйеніп біраз түрегеп тұра алатын адамның ифтитах тәкбірін түрегеп тұрып айтуы және сол мөлшерде түрегеп оқуы парыз. Сүйеніп отыру мүмкін болса, жатып ишара ету жаиз емес.
Парыз оқыған кезде үзірсіз (себепсіз) дуалға, тірекке сүйену мәкрух. Бір үзір бар болса, мәкрух болмайды.
Жүкті немесе ауру адам, оң жағы мен сол жағына үстел сияқты бір нәрсе қойып, соған сүйеніп орнынан тұра алса солай оқуы керек.
Сұрақ: Науқасымыздың жазылғанға дейін қимылдамай жатуы керек. Руку мен сәжде ете алмайды. Бірақ аяқта тік тұра алады. Бұл науқас намаздарын қалай оқуы керек?
Жауап: Тұрып немесе отырып ишарамен оқиды. Бұларды да істей алмаса, жатып ишарамен оқиды.
Сұрақ: Түрегеп те, отырып та намазын оқи алмайтын науқас қалай намаз оқиды?
Жауап: Бір нәрсеге сүйеніп немесе бір адамның ұстап тұруымен де, жерде отыра алмайтын науқас шалқайып жатып оқиды. Басының астына жастық қояды. Беті қыблаға қаратылады. Немесе қыблаға қарап оң немесе сол жағымен жатады. Руку мен сәжделерді басымен ишара етеді. Басымен де ишара ете алмайтын науқас намазын қазаға қалдырады.
Сұрақ: Маңдайы мен мұрнында жарасы бар немесе басқа бір ауру себебімен басын жерге қоя алмайтын науқас қалай намаз оқиды?
Жауап: Отырып ишарамен оқиды. Руку үшін біраз иіледі, сәжде үшін одан көбірек иіледі.
Сұрақ: Қаншалықты биік жерге сәжде ету жаиз болмайды?
Жауап: 25 см-ден биік болған жерге сәжде ету жаиз емес. Кейбір ғалымдардың үкімі бойынша аздаған биіктікке де сәжде ету жаиз емес. (Жамиур-румуз)
Сұрақ: 25 см-ден аз болған, мысалы 5 см биіктікке сәжде ету жаиз ба?
Жауап: Мәкрух. Яғни намаз сахих болса да сауабы кетеді. Сәжде етілетін жер мүлдем биік болмауы керек.
Сұрақ: Ауруханада науқасымыз бар. Әртүрлі аппараттарға қосылған. Қыблаға толық бұрыла алмайды. Не істеуі керек? Намаз оқығанда аяқтарын қыблаға қарай созуының зияны бар ма?
Жауап: Қыблаға бұрыла алмайтын науқастың ыңғайына келген тарапына қарай оқуы жаиз болады.
Аяқтарын қыбла жаққа созады. Бүге алса, тізелерін бүгіп жатуы жақсы болады. Басының астына жастық қойылады. Беті қыбла жаққа қаралады. Немесе қыблаға қарай оң немесе сол жағымен жатады. Ишарамен оқиды. Қай тәсіл ыңғайлы болса, солай оқиды.
Сұрақ: Аяқта ұзақ тұра алмайтын науқас тәкбірді де отырып алады ма?
Жауап: Егер отырған кезде сәжде ете алатын болса, дуалға сүйеніп, біраз аяқта тұра алатын адамның түрегеп тәкбір алуы парыз. Отырған кезде сәжде ете алмайтын болса, онда отырып тәкбір алады.
Сұрақ: Түрегеп намаз оқыған кезде зәр немесе жел шығарып қоятын адам, отырған кезде зәрін ұстай алса, отырып оқиды ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Отыра алмайтын науқас түрегеп ишарамен оқиды ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Жатып ишарамен оқыған кезде оң немесе сол жанымен жатып та оқи ала ма?
Жауап: Иә. Оң жанымен жату сол жанымен жатып оқудан абзалырақ. Шалқайып жату да оң жанымен жатып ишарамен оқудан абзалырақ.
Сұрақ: Көзбен ишара етуге бола ма?
Жауап: Ишара баспен, денемен болады. Көз, қас және көңілмен ишара болмайды. Фәтуа осындай. Имам Әбу Юсуф бойынша, басымен ишара ете алмайтын науқастың көзімен ишара етуі жаиз. Ал имам Зуфәр бойынша, көңілмен де ишара ету жаиз. (Рәддул мухтар, Халеби, Тахтауи)
Басымен де ишара ете алмайтын науқас, қаласа имам Әбу Юсуфтың үкімі бойынша немесе Шафии мазһабын тақлид етіп көзімен ишара етіп оқи алады.
Сұрақ: Ми операциясынан өттім. Басымды оңға-солға бұра алмаймын. Намазды қалай оқысам болады?
Жауап: Басты шайқау, оңға-солға бұру керек емес. Сәжде ете алсаңыз ешқандай мәселе жоқ. Ете алмасаңыз, отырып ишарамен оқисыз.
Сұрақ: Сау кезде оқи алмаған намаздарды науқас кезде тәйәммуммен және отырып ишарамен қазасын оқыса бола ма?
Жауап: Иә, жаиз. (Рәддул мухтар)
Сұрақ: Аяғымда грибок бар. Түрегеп тұрғанымда қысымның салдарынан сұйықтық бөлінеді. Дәретім бұзылмауы үшін отырып оқуым жаиз ба?
Жауап: Иә, отырып намаз оқу керек. (Хиндийа)
Малики мазһабын тақлид етсеңіз, сұйықтықтың бөлінуімен дәретіңіз бұзылған болмайды.
Сұрақ: Төсек тартып жатқан науқастың дәрет алуы немесе алдыртуы мүмкін болмаса не істейді?
Жауап: Тәйәммум алады, намаздарын ишарамен оқиды. (Мәрақил фәлах)
Сұрақ: Аурудың салдарынан сөйлей алмайтын күйге келген адам намазын қалай оқиды?
Жауап: Дініміз ешкімге күші жетпейтін нәрсені әмір етпейді. Тілсіз болғандардан немесе сөйлей алмайтын адамдардан немесе дыбыс талшықтары құрғап сөйлей алмайтындардан қыраат парызы алынады. (Мәрақил фәлах)
Демек, ақыл-есі орнында болған науқастың қандай жағдайда болмасын намазын оқуы керек. Бұл да намаздың өте маңызды ғибадат екендігін көрсетіп тұр.
Сұрақ: Жазылуы мүмкін болмаған ауруға ұшыраған адамның тәйәммум ететіндей жағдайы болмауымен қатар, жәрдемшісі де жоқ болса, намазын қалай оқиды?
Жауап: Ақыл-есі орнында болған күнде бүкіл шараларды қарастырып оқуға тырысуы керек. Тамағын кім жегізіп жатыр, басқа қызметтерін кім жасап жатқан болса, сол тәйәммум алғызады. Қажет болса екі намазды жәм ете алады. Жатып ишарамен оқи алады. Ишарамен де оқи алмаған адам намазын қазаға қалдырады.
Сұрақ: Құйымшағына операция жасатқан бір жақынымыз бар. Операция орнындағы тігістер ашық, дәрігерлер екі апта су тигізбейсің деген екен. Жараның үстінде таңғыш сияқты ештеңе жоқ. Бұл науқас ғұсыл алатын кезде не істеуі керек? Тігіс жасалған жаралы жердің үстін бір матамен орап, таңғаннан кейін осының үстіне мәсһ ете алады ма?
Жауап: Иә, мәсһ ете алады.
Сұрақ: Бір науқас шамамен бір ай бетін қимылдатпай жатуы керек. Тіпті жүруіне де болмайды. Тек қана аяқта тік тұра алады. Бірақ руку мен сәжде ете алмайды. Бұл науқас намаздарын қалай оқиды?
Жауап: Отырып ишарамен оқиды. Отыра алмаса, жатып ишарамен оқиды.
Сұрақ: Аяғына операциямен протез тағылған науқастың ауруы, шаншуы жоқ, намазын қалай оқиды?
Жауап: Түрегеп оқи алмаса, отырып оқиды.
Сұрақ: Белі ауыратын және тізелерін бүге алмайтын адам намаздарын қалай оқиды?
Жауап: Сәждеге иіле алмайтын және тізелерін бүге алмайтын адам жерге отырып аяқтарын қыблаға қарай созып, ишарамен оқиды. Яғни руку үшін аздап иіледі, сәжде үшін одан көбірек иіледі. Осылайша ишарамен оқылады. Тізелерін бүге алатын адам аяқтарын созбайды.
Сұрақ: Ауыр науқас намазын қалай оқиды?
Жауап: Ақылы-есі орнында болса намазды қалдырмайды. Отырып немесе жатып оқуы керек. Сәждеге бара алмайтын болса, отырып руку үшін басын біраз иеді, сәжде үшін көбірек иеді. Бір нәрсеге сүйеніп орнынан тұра алатын болса жанына үстел сияқты бір нәрсе қойып аяққа тұрады. Аяқта тік тұра алмайтын адам отырып оқиды. Отыра алмайтын адам жатып оқиды. Дінімізде жеңілдік бар. Бірақ бұл әркімнің ойына келгенін, қалағанын жасауы деген сөз емес. Аяққа тік тұра алатын болса отырып оқи алмайды. Отырып оқи алатын болса, жатып ишарамен оқи алмайды.
Науқас адам үшін дәрет алу қиын болса, Маликиде екі намазды жәм етіп (біріктіріп) оқуы жаиз болады. Жақындары дәрет алдырмаса, сол кезде ғана тәйәммум ете алады.
Сұрақ: Мойныма операция жасатамын, сондықтан басыммен ишара ете алмаймын. Не істеуім керек?
Жауап: Денеңіз сау болғанына қарағанда жерге отыра аласыз. Руку үшін беліңізді біраз иесіз, сәжде үшін одан көбірек иілесіз, мойынды қимылдатпауыңыз маңызды емес. Сәлем берерде де оңға-солға бұрылуға қажеттілік жоқ. Өйткені оңға-солға бұрылу парыз да, уәжіп те емес, сүннет. Сәлем беру уәжіб.
Сұрақ: Отырып оқыған кезде руку мен сәждеге ишарамен иілген кезде қолдар қайда қойылады?
Жауап: Рукуда тізелер ұсталады, сәжде үшін де қолдар сандарға қойылады. Қиямда қолдар байланады. Қолдар осы түрде қойылмаса да намазға зияны жоқ.
Сұрақ: Операцияға кіруден бұрын, тақдим немесе тәһир етуге бола ма?
Жауап: Әрине болады, тіпті солай оқу керек. Ханбали мазһабы тақлид етіледі. Тісінде пломба бар болса Малики тақлид етіледі.
Сұрақ: Үзірлі болған ханафи, екіндіні оқыған кезде ақшам кірсе, дәреті бұзылғаны үшін намазы сахих болады ма?
Жауап: Сахих болмайды. Қазасын өтеуі керек. Бірақ Маликиді тақлид етсе дәреті бұзылған болмайды.
Сұрақ: Дәрет ала алмайтындай мөлшерде ауру болған адамның әйелі жәрдем етпесе, тәйәммум алады ма?
Жауап: Иә. Әйелі мен күйеуінің бір-біріне дәрет алдыруы уәжіб емес. Бір-біріне жәрдем етіп дәрет алдырулары жақсы болады. Дәрет ала алмайтын адам ақшамен де жәрдемші таба алмаса, тәйәммум етеді.
Сұрақ: Бір жақынымыздың жынысы белгісіз. Мұндай адам намазын еркек сияқты ма, әлде әйел сияқты оқиды ма? Жаназасын кім жуады? Кейіннен әйел болған еркектердің жағдайы қандай?
Жауап: Әрі еркектің, әрі әйелдік мүшесі болған немесе екеуі де болмаған адамға Хунса делінеді. Екі мүшесі де болып зәрін қайбірінен шығарса, соған қарай үкім беріледі. Бұл әлі кішкентай бала кезі үшін осылай. Өскен кезде сақалы шығып, еркек сияқты ихтилам (поллюция) болса, еркек үкімінде болады. Кеудесі үлкейіп, әйелдік жағдайлары байқалса әйел екендігі аңғарылады.
Егер еркек немесе әйел екендігіне қатысты ешқандай белгі көрінбесе немесе екеуінен де тең мөлшерде болса, мұндай адамға Хунса-и мушкил делінеді. Хунса-и мушкилдің әйел болу ықтималдығы назарға алынып, абайлап әрекет етеді. Намазды әйелдер сияқты оқиды. Өлген кезде әйелдер сияқты кебінделуі жақсы болады. Тәйәммум етіліп жерленеді.
Әйел болса керек деп, операция соңында еркек екендігі белгілі болған адам еркек деген сөз. Еркек болса керек деген оймен жасалған операция нәтижесінде әйел екендігі анықталатын болса, әйел болады. Бірақ өзі еркек болып туылып, кейіннен әйелге айналғысы келіп операция жасатқан адам ешқашан әйел болмайды. (Хидайа, Дүрәр, Хиндийа)
Сұрақ: Тізем отырып тұрғанда ауырады. Үстіне (тізерлеп) отыра алмаймын. Түрегеп тұра аламын, бірақ сәждеде тіземді бүге алмағаным үшін аяқтарымды артқа қарай созамын. Зияны бар ма?
Жауап: Зияны жоқ, қалағаныңыздай созыңыз. Сәжде ете алатын және түрегеп тұра алатын адамның түрегеп оқуы керек. Бір нәрсеге сүйеніп тұрсаңыз болады, жаныңызға табурет немесе үстел қойыңыз, соған сүйеніп тұрыңыз, қалағаныңыздай отырыңыз. Түрегеп тұра алатын адам, отырып оқи алмайды. Бірақ шынымен түрегеп тұрған кезде қатты ауыратын болса, намазды түрегеп бастайсыз, қалған рәкаттарды отырып оқи аласыз.
Сұрақ: Ауырып жатқан кезде әйелімді оятпай намазды тәйәммүм алып оқысам бола ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Аяғыма протез киюде қиналамын, машақаты көп. Ал протез кимей түрегеп тұра алмаймын. Намазды отырып оқуым жаиз ба?
Жауап: Машақат болғаны үшін жаиз.
Сұрақ: Сәжде ете алмайтын адам отырып ишарамен оқып жатқан кезде ифтитах тәкбірін тұрып айтуы керек пе?
Жауап: Жоқ, сәжде ете алмайтын адам тұрмайды.
Сұрақ: Отырғанда орнынан тұра алмайтын адам отырып намаз оқиды ма?
Жауап: Егер отырғанда сәжде ете алатындай болса, тұрып тәкбір айтады, тұра алғанынша тұрып кейін отырып оқиды.
Сұрақ: Оң қасымда жара бар, сәжде еткенде қанап кетеді. Сәжде еткенде маңдайымның тек сол жағын және мұрнымды жерге тигізіп сәжде етуім жаиз ба?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Наркоздың күші кеткен кезде намаз уақыты шығатын болса не істеу керек?
Жауап: Екі намаз жәм етіледі.
Сұрақ: Қауіп-қатер кезінде намазды отырып немесе ишарамен оқу жаиз ба?
Жауап: Дұшпан немесе жыртқыш аң қаупінен немесе аурып орнынан тұра алмайтын немесе жердің бәрі балшық болып құрғақ жер таба алмайтын адам намазын ишарамен оқиды. Кейін мұны қайта оқудың қажеті жоқ. (Халәби)
Сұрақ: Шизофрения ауруына шалдыққан адам намазын қалай оқиды?
Жауап: Әдеттен тыс әрекеттері тұрақты болмаса дені сау кезінде намазын оқиды, оқымаған намаздарының қазасын оқиды.
Сұрақ: Екі қолы мен екі аяғы жоқтарға да намаз оқу парыз ба?
Жауап: Иә парыз. Әркім күші жеткенінше ғибадат етеді. Тұрып намаз оқи алмаған адам отырып оқиды, отырып оқи алмаған ишарамен оқиды. Дәрет ала алмаса тәйәммүм етеді.
Сұрақ: Бір немесе бірнеше үзірі болған адам намазын қалай оқиды?
Жауап: Үзірлі адам Малики мазһабын тақлид етсе жақсы болады. Өйткені Маликиде дәретті бұзатын басқа бір себеп болмаса, тоқтамаған үзір намаз уақыты шықса да дәретті бұзбайды. Малики мазһабында үзірлі болу үшін дәретті бұзатын нәрсенің ауру себебімен бір рет шығуы жеткілікті. Бір намаз уақыты ішінде тоқтамай шығуы шарт емес. Намаздан алдын немесе намаз ішінде зәр немесе жел жіберіп қоятын, яғни зәрін, желін ұстай алмайтын немесе жарасынан қан немесе ірің шығатын, геморройы қанайтын немесе басқа бір жері қанаған адам дәрет және намазының бұзылмауы үшін Малики мазһабын тақлид етеді. (М.Әрбәа)
Сұрақ: Намаз уақыты кіруімен қолы немесе кез-келген бір жері қанаған адам парыз намазын оқып бола алатындай бір уақытта қаны тоқтамаса, намаз уақытының соңында сол халімен парыз намазын оқи алатын болса, құптан намазы уақытының кіруімен қолы тоқтамай қанаған адам құптан және үтір намазын оқу үшін құптан намазының соңғы имсак уақытына дейін күтуі қажет пе?
Жауап: Иә. Бірақ Малики мазһабын тақлид етсе дереу оқи алады, таңға дейін күтуі керек болмайды.
Сұрақ: Дәретті қандай мөлшердегі қан бұзады, түкіріктен көп болса бұзады ма?
Жауап: Ауыздағы бір жараның немесе аурудың себебінен шыққан қан қанша мөлшерде шықса да Малики мазһабын тақлид еткен адамның дәреті бұзылмайды. Ал Ханафи мазһабында қолын тісіне сүрткенде қан жұқса, қан шыққаны үшін дәрет бұзылады, бірақ алма тістегендегі немесе мисуак таяқшасындағы қандар бұзбайды. Түкіргенде түкіріктен аз болса да бұзбайды.
Сұрақ: Бір кісі намаз оқуды жақында бастапты. Әр намазында жел қысуы басталады екен. Жел шығарғанын сезеді. Бұл жағдай тек намаз оқыған кезде ғана болады екен. Сол себепті бірнеше рет дәрет алуына тура келеді екен. Бұл кісі не істеуі керек?
Жауап: Бұл жөнінде хадис шәриф бар. Мұны шайтан істейді. Артқы әурет мүшеге үрлеп адамды күмәнға түсіреді. Сондықтан сүйікті пайғамбарымыз: «Бір дыбыс немесе иіс сезбейінше дәреттерің бұзылмайды» деген. Демек бұл шайтанның уәсуәсәсы, оған мән бермеу керек. Егер дәрет шынымен бұзылып жатса онда Малики мазһабын тақлид етеді. Малики мазһабында өз еркіңнен тыс шыққан жел дәретті бұзбайды.
Сұрақ: Әйел күніне бір рет келетін ағынты (выделение) үшін Малики мазһабын тақлид ете алады ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Ертең маған гайморитке операция жасайды. Мұрныма тампон қояды екен, дәрет алғанда, намаз оқығанда қалай істеуім керек, қысқаша айтып өтсеңіз, алдын-ала рахмет.
Жауап: Дәретте мұрынның ішін жуу парыз емес. Яғни ешқандай қиыншылық жоқ. Наркозбен ұйықтатып, оянғанша намаз уақыты шығып кетуі мүмкін. Ол кезде Ханбәли мазһабын тақлид етіп екі намазды жәм қылып, қосып оқысаңыз болады. Айталық түскі кезде операция жасалатын болса, асрды бесінмен біріктіріп оқисыз. Таңертең жасалып бесінді өткізіп алатын болсаңыз аср уақытында бесін екеуін жәм қылып біріктіріп оқисыз. Асырды оқығаннан кейін жасалса шамды құптан уақытында оқисыз. Екі намазды бір уақытта оқуға ыңғайластырасыз. Егер Маликиді тақлид етіп жүрсеңіз, Ханбелиді емес Маликиді тақлид етіп екі намазды жәм қыласыз. Ауру кезде Маликиде де екі намазды жәм етуге болады.
Сұрақ: Бір досым сұрап жатыр: Дәрет алайын десем бетімдегі тілінген жерден қан тоқтамай жатыр. Бұл жағдайда Маликиге ұйығанымызды ойлап дәрет алсақ бола ма?
Жауап: Ия болады. Бірақ лейкопластырьмен жауып дәрет алуыңыз одан да дұрыс болады. Қан шықпаса Маликиді тақлид етудің де керегі болмайды, қан шықса Малики тақлид етіледі.
Сұрақ: Бүгін түске жақын тісімді жұлдырдым. Жұлдырғаннан кейін тіс еттеріндегі қанның ағуы тоқтаған жоқ. Бесін намазын жіберіп алмау үшін Маликиге тақлид етіп, дәрет алып намаз оқыдым. Бірақ қан әлі тоқтаған жоқ. Сол бесін намазының қазасын оқуым керек пе?
Жауап: Сіздің тіпті дәретіңіз де бұзылмаған. Сол дәретіңізбен екінді намазын да ақшам намазын да оқи аласыз. Әрине дәретті бұзатын басқа бір себеп болмаса. Қан ағу Маликиде дәретті бұзбайды, намазды да қаза етудің қажеті жоқ.
Сұрақ: Суықтан қол немесе ерін жарылып қанаса, Маликиді тақлид еткен адамның дәреті бұзалады ма?
Жауап: Бұзылмайды. Сәмәуи (табиғи) себептер бұзбайды. Басқа себептермен (біреудің әсерімен) болса бұзылады.
Сұрақ: Ауырып қайта-қайта құсатын адам Маликиді тақлид етсе дәреті бұзылмайды ма?
Жауап: Иә.
Сұрақ: Операция жасағанда қарнымнан тесіп, бір дорба байлап қойды. Кейде дорбадан нәжіс тамшылап ағады. Маликиді тақлид ету жаиз ба?
Жауап: Иә
Ауруханада намаз оқу
Сұрақ: Ауруханада, төсегінен еш тұра алмайтын адамның, төсегі қыбла бағытына ыңғайсыз орналасқан болса намазын қалай оқиды?
Жауап: Қыбла оң жағында болса оң жаққа, сол жағында болса сол жаққа бұрылып оқиды. Қыбла аяқ жағында болса басының астына жастық қойып бетімен қыблаға қарай алатындай күйде ишарамен оқиды. Қыбла бас жағына тура келсе басын қыблаға бұра алғанынша бұру керек. Сол жаққа қарап намаз оқығаннан оң жаққа қарап оқу абзалырақ. Оң жаққа қарап ишарамен намаз оқудан, шалқайып жатып оқыған абзал болады.
Жүкті әйелдің намазы
Сұрақ: Жүкті әйел намаздарын отырып оқыса бола ма?
Жауап: Намазда орнынан тұруға қиналса орындық қойып, соған сүйеніп тұру арқылы оқыса болады. Сонда да тұра алмаса отырып оқуына болады. Отырып оқығанда сәжде ете алмаса ишарамен оқиды. Яғни руку үшін шамалы иіледі, сәжде үшін одан көбірек иіледі.
Бір қолы жоқтар
Сұрақ: Бір қолы жоқ адам намазда қолын қалай ұстайды.
Жауап: Екі қолы бар кезде оқығанындай оқиды. Қолын кіндігінің астына қойып оқиды.
Жүктілік кездегі намаз
Сұрақ: Дәрігер жүкті әйелге «Қимылдасаң балаң түсіп қалады, үнемі жатуың керек» деп айтса, баланы түсіріп алмауы үшін намаздарын отырып оқуы және дәреттің орнына тәйәммүм етуі жаиз ба?
Жауап: Иә, жаиз.
Отырып намаз оқығанда
Сұрақ: Тұрып намаз оқи алмайтын адам отырып намаз оқығанда аяқтарын бүгіп, тізерлеп немесе айқастырып отыруға мүмкіншілігі бола тұра аяқтарын қыблаға қаратып созып отыруы жаиз ба?
Жауап: Тізелерін бүге алмайтын адам аяқтарын қыблаға қарай созуына болады. Аяқтарын бүге алатын адам аяқтарын созбай жинап отырады. Тізерлеп немесе аяқтарын айқастырып отыруға мүмкіншілігі бола тұра аяқтарын қыблаға қарай созу мәкрух болады. Тізерлеп отыра алса сәжде де етуі керек. Сәжде ете алмаса ишарамен оқиды.
Мәсһ тарту зиянды болса
Сұрақ: Маликиді тақлид ететін немесе етпейтін Ханафи мазһабындағы адамның басына мәсһ тартуы зиянды болып, ауруын одан да күшейтетін болса мәсһ тартуды тәрк етуі жаиз ба?
Жауап: Шафии мазһабында бастың аз бір бөлігін, мысалы бір саусақпен болса да мәсһ етілсе парыздың орнына өтеді. Салих және маман дәрігер «Ылғалды қолмен басты мәсіһ ету ауруды арттырады» деп айтса Шафииді тақлид етіп өте аз бір бөлігін мәсіһ етуі жаиз болады.
Аққан нәрсені тоқтату керек
Сұрақ: Тұрып намаз оқығанда жел немесе зәрін ұстай алмайтын немесе жарасы қанайтын адам отырғанда тоқтаса, намазды тұрып оқымай отырып оқуы керек пе?
Жауап: Иә, отырып ишарамен оқығанда бұл үзірлер тоқтайтын болса, отырып ишарамен оқуы керек. Өйткені аққан нәрсені лейкопластырьмен, бинтпен, дәрімен немесе басқа бір жолмен тоқтату уәжіп болып табылады. (Саадәти Әбәдийә)
Егер жоғарыда білдірілген үзірлерге кедергі болатын болса отырып ишарамен оқу, ағып тұрған кезде түрегеп тұрып оқудан жақсы. (Халеби)
Аққан нәрсе тек сәжде кезінде келетін болса сәжде етпейді. Егер тек тұрған кезде ағатын болса қиямды тәрк етіп ақпайтындай күйде отырып ишарамен оқиды. Егер аққан кезде Малики мазһабы тақлид етілсе бұл үзірлердің ешбірі дәретін бұзбайды. Ол кезде ишарамен оқудың да қажеті болмайды. Мұндай жағдайда Малики мазһабын тақлид етіп оқу жақсы болады.
Ишарамен қаза ету.
Сұрақ: Деніміз сау кезде қаза болған намаздардың қазасын аурығанда тәйәммүммен немесе ишарамен оқу жаиз ба?
Жауап: Иә, жаиз. Ауруы жазылғаннан кейін қайта оқудың қажеті жоқ. (Дүрәр, Мәжмуаи Зүхдийә)
Ишарамен оқығанда
Сұрақ: Аяқтарын қыблаға қарай созып ишарамен намаз оқыған адам имаммен бірге тұрса, аяқтары имамның аяқтарынан өтіп кетеді. Мұндай жағдайда намаз сахих бола ма?
Жауап: Түрегеп жамағатпен намаз оқылған кезде аяқтар тұрған жерге мән беріледі. Аяқтың тобығы имамның аяғының тобығынан алда тұратын болса намаз сахих болмайды. Бірақ ишарамен оқылғанда мұндай емес. Ол кезде тобықтарға емесе бастың тұрған жеріне мән беріледі. Ишарамен оқыған адамның басы имамның басының артында немесе бір сызықта болатын болса, аяқтары имамның аяқтарының алдында болса да намаз сахих болады. (Ибн Абидин)
Сәжде ете алмаған адам
Сұрақ: Түрегеп тұра алатын бірақ сәжде ете алмайтын науқас адам намазын қалай оқиды?
Жауап: Науқас тұра алса да сәжде ете алмайтын болса тұруының қажеті жоқ, отырып ишарамен оқиды. Тұрып ишарамен оқуы да жаиз. Отырып ишарамен оқу, тұрып ишарамен оқудан абзал. (Мүлтақа – Мәжмуаи Зухдийә)
Ишарамен намаз оқу
Сұрақ: Жерге сәжде ете алмайтын науқас отырып ишарамен оқып жатқанда қолдарын қай жерге қояды?
Жауап: Алдымен кіндігінің астына қолдарын байлайды. Рүку үшін аздау иілген кезде қолдарын сандарына қояды. Сәжде үшін белін біраз бүгеді. Қолдарын да рүкудағыдан біраз алдына қарай қояды. Әттәһиййәту оқығанда қолдарын тізесінің үстіне қояды. Қолдарын бұлай қоймаса да намазы сахих болады. Қолдарын рүку, сәжде және тәшәһһудта екенін біле алатындай күйде қоятын болса, өзі де, оған қараған адам да рүкуда ма, сәждеде ме немесе тәшәһһудта ма отырғанын оңай түсіне алады.
Отырып намаз оқу
Сұрақ: Жүкті әйел босанудың соңғы айларында намаз оқығанда сәжде ете алады, бірақ тұруға қиналса отырып оқыса бола ма?
Жауап: Жүкті әйел немесе басқа науқас адам тұруға қиналса сол немесе оң жағына орындық сияқты бір нәрсе қойып, соған сүйеніп тұрады. Бұлай тұруы да қиын болса ол кезде отырып оқиды. Сәжде ете алатынына қарағанда намазды тұрып бастайды. Сәжде де ете алмаса тұрып бастамайды, отырып бастайды. Сәжде ете алатын адам тұрып бастауы керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024