Әһли хикмет ғұламалар былай деген:
Амал етілмейтін ілімді үйрену обал. Бір күні Ибраһим Әдхам хазреттері жолда кетіп бара жатып ерекшеленіп тұрған тас көреді. Тастың үстіндегі “артқы жағын оқы!” деген жазу көзіне түседі. Артын айналдырып қараса: «Егер білгеніңмен амал етпейтін болсаң, не үшін басқа ілімді үйренуге тырысасың?» деген жазуды көреді. Бұл сөздің мағынасы: “ілім үйренбеңдер!” дегенді емес “үйренген ілімдеріңмен амал етіңдер!” дегенді білдіреді.
Имам Раббани хазреттері: «Ілім ықыласпен амал ету үшін қажет» деген. Ілімді тек миға толтыру жеткіліксіз. Ібіліс те ілімді еді. Тіпті періштелерге де ұстаздық етті, бірақ құтыла алмады. Құтылу үшін амал ету керек еді. Оны да жасады. Барлық жерге сәжде етті. Тіпті көкте сәжде етпеген жері қалмады. Бірақ, ықыласы болмады. Бұларды Аллаһ үшін жасамады. Өте тәкәппар болды. Тәкаппарлығының салдарынан Адам алейһиссаламға сәжде етпеді. Мәңгілікке қуылып, тозақтық болды. Аллаһу та’аладан қияметке дейін рұқсат сұрады, "Саған ғибадат еткен құлдарыңды тура жолдан тайдырамын" деді. Аллаһу та’ала: «Сен тек өзің сияқтыларды ғана жолдан тайдырасың, ал Менің халис (ықыласты) құлдарымды бұза алмайсың» деп рұқсат берді. Осылайша адамдар Аллаһу та’аланың жолында болғандар және шайтанның жолында болғандар болып екіге бөлінді.
Өлгеннен кейін бұлардың ақиқат екендігі анықталады, бірақ ол жақта өкінудің пайдасы болмайды. Ислам ғұламалары былай дейді:
Ахиретке аттанғандардың барлығы өкінеді. Жаннатқа кіргендер: “Әттең, бұдан да көп жақсылық жасағанымда, дінге бұдан да көбірек қызмет және ғибадат еткенімде, бұдан да үлкен дәрежелерге, Аллаһу та’аланың мына достарына ихсан еткен ниғметтеріне мен де қауышқанымда ғой” деп өкінеді. Ал жаһаннамдықтар: “Біз неге бұл жерге келдік? Әттең жаннаттағылар сияқты біз де иман келтіріп, ғибадат еткенімізде қазір олармен бірге болар едік” дейді.
Діннің негізі – ілім, амал және ықылас. Ең қиын нәрсе ықылас. Аллаһу та’ала: «Маған дұға етіңдер! Қабыл етемін» деген. Егер дұға ықыласпен жасалмаса қабыл болмайды. Ықылас деген не? «Илаһи әнтә мақсуд уә ризакә матлуб», «Йа Раббым, менің қалауым да, мақсатым да Өзіңсің. Әлде кімнің немесе нәпсімнің емес, тек Сенің ғана разылығыңды сұраймын» деген дұға мұны айқын білдіреді.
Аллаһу та’ала біздің Раббымыз. Бүкіл істерімізді, ғибадаттарымызды шын жүректен, таза ниетпен, рия араластырмай, дүниелік пайдаларды көздемей, тек Оның разылығы үшін жасауымыз ықылас болады. Оның разылығының орнына басқа біреудің разылығын алуға тырысу ойымызға да кірмеу керек. Өйткені Одан басқа нәрселер тек қана Оның жаратуымен және әрбір сәтте бар күйінде ұстап тұруымен бар.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024