Күнәларының кешірілмейтінін ойлау Аллаһу та’алаға суи зан ету болады. Мүминдерді харам істеуші, яғни күнәһар, пасық деп ойлау суи зан (жаман күмән, күдік) болады. Суи зан ету харам. Бір кісінің харам істегенін көріп, біліп оны жақсы көрмеу суи зан болмайды. Керісінше, буғди филлаһ (Аллаһ үшін кек сақтау) болып, сауап болады. Дін бауырының айыбын көрген кезде оған хусни зан (жақсы ойлау) ету керек, жақсыға жору керек. Оны түзету керек. Бір кісі жайлы өздігінен жаман ойлардың келуі, еске түсуі суи зан болмайды. Егер сол ойына келген жаман нәрсеге қарай көңілі бейімделсе, көңілдің оған сене бастауы суи зан болады. Хужурат сүресінің он екінші аятында: «Ей иман келтіргендер! Су-и зан етуден сақтаныңдар! Ойға келетін нәрселердің кейбірлері күнә болады» делінген. Хадис шәрифте: «Су-и зан етпеңдер. Су-и занға берілу қате шешім қабылдауға себеп болады. Адамдардың жасырын нәрселерін іздемеңдер, кемшіліктеріне қарамаңдар, сөз таластырмаңдар, хасед (көре алмаушылық) етпеңдер, бір-бірлеріңе дұшпандық жасамаңдар, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер. Мұсылман мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық етпейді, жәрдем береді. Оны өзінен төмен көрмейді» делінген. Мұсылманның мұсылманды өлтіруі харам. Бір хадис шәрифте: «Мұсылман мұсылманның жанына, мал-мүлкіне және ар-намысына тиіспейді. Аллаһу та’ала денелеріңнің қуаттылығына, сұлулығына қарамайды. Амалдарыңа да қарамайды. Көңілдеріңе қарайды» делінген. Аллаһу та’ала көңілде болған ықыласқа және Аллаһтан қорқуына қарайды. Амалдардың, ғибадаттардың қабыл болуы үшін, яғни сауап берілуі үшін, шарттарына сай болуы, әрі ықыласпен ниет етілуі қажет. «Ғибадат сахих болса, қабыл етіледі. Ниетке қаралмайды» деп айту дінсіздік болады. Аллаһ разылығы үшін жасалмаған жақсы амалдар мен ғибадаттар қабыл етілмейді. «Аллаһу та’ала көңілге қарайды. Жақсы ниетпен жасалған бүкіл нәрсенің бәрін қабыл етеді» деп айту да жаһил шейхтардың, жаһил тариқатшылардың сөздері.
[Кейбіреулер біздің жүрегіміз таза деп харамдарды, жаман нәрселерді істеуден тиылмайды. Жақсы ниетпен жасалған барлық нәрсе жақсы амалға, құлшылықтың орнына өте береді деп айтып, өздері болса ашықша күнә істеп, мұсылмандарды алдап өздеріне шәкірт жинайтындарды жақсы көрмеу керек, оларға бағынбау керек. Бұлардың пасық екендігін айту суи зан болмайды.]
Хадис шәрифте: «Аллаһу та’алаға хусни зан етіңдер (Аллаһ жайлы жақсы ойлаңдар)» делінген. Зүмәр сүресінің елу үшінші аятында «Ей, күнәлары көп болған құлдарым! Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Ол шексіз кешірім және мейірім иесі» делінген. Шарттарына сай тәубе етілген кезде, Раббымыз әртүрлі күпірлік пен әртүрлі күнәларды міндетті түрде кешіреді. Қаласа, күпірден басқа күнәларды тәубесіз де кешіреді. Хадис құдсиде: «Құлым мен туралы қандай ойда болса, онымен ойлағанындай мәміледе боламын.» делінген. Қабыл ететіндігін ойлап тәубе еткен адамды кешіреді.
[Аллаһу та’аланың пайғамбарларына “салауатуллаһи та’ала уәттәслиматуһу алейһим әжмаин” хабар беруіне, білдіруіне «Уахи» делінеді. Уахи екі түрлі болады: Жәбрейіл есімді періште Аллаһу та’аладан алған хабарларды алып келіп пайғамбарға оқиды. Бұған «Уахи мәтлу» делінеді. Бұл уахидың сөздері де, мағыналары да Аллаһтан болады. Құран кәрім – уахи мәтлу. Уахидің екінші түрі – «Уахи ғайри мәтлу». Бұл уахи Аллаһу та’ала тарапынан пайғамбардың “алейһиссалату уәсәлләм” көңіліне аян беру арқылы білдіріледі. Пайғамбар бұл уахиды өз сөзімен жанындағыларға жеткізеді. Бұл сөздерге «Хадис құдси» делінеді. Хадиси құдсидің сөздері пайғамбардан, мағынасы Аллаһтан. Пайғамбардың “алейһиссалату уәсәлләм” сөздері де, мағыналары да өзінен болған сөздеріне «Хадис шәриф» делінеді.]
Хадис шәрифте: «Аллаһу та’алаға хусни зан ету (жақсы ойлау) – ғибадат» және «Өзінен басқа илаһ болмаған Аллаһу та’алаға ант етемін, Аллаһу та’ала өзіне хусни зан етіліп жасалған дұғаны әлбетте қабыл етеді» және «Қиямет күні Аллаһу та’ала бір құлының жаһаннамға тасталуын әмір етеді. Жаһаннамға алып бара жатқанда артына қарап, Йа Раббым! Дүниеде саған әрқашан хусни зан еттім деген кезде, оны жаһаннамға апармаңдар! Құлымды, мені ойлағанындай қарсы аламын деп бұйырады» делінген.
Салих (жақсы) немесе пасық (күнәһар) екендігі анық болмаған мүминге хусни зан ету керек. Пасық және салих болу ықтималы тең болса «Шәк», шүбһә делінеді. Тең болмаса, көп болуына «Зан», аз болуына «Уәһм» делінеді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024