“Бисмилләһ”тың маңыздылығы

Әһли хикмет ғұламалары былай деген:

Аллаһу та’ала құлдарын жаннатқа шақырған кезде шақыру қағазының астындағы қолтаңба “Бисмилләһиррахманиррахим” сөзі болады. Адам алейһиссаламға алғаш келген аят - бисмилләһ. “Бисмилләһ”тың құндылықтары өте көп.

“Бисмилләһ” айтылып желінген тағамдар денеге шипалы болады. Ал “бисмилләһ”сыз желінген тағамдар денені ауруға шалдықтырады. “Бисмилләһ”ты айтып, ішіп-жеген адамның денесіне шайтан кіре алмайды. “Бисмилләһ”сыз желінген және ішілген тағамдармен бірге шайтан да денеге кіреді. Дін ғұламалары әрбір жұтқан жұтымын, әрбір үзген үзімінде “бисмилләһ” сөзін айтатын еді.

Екі шайтан жолға шығып, бір қалаға келіпті. Бірі екіншісіне: “Сен ана үйге кір, мен мына үйге кірейін! Бір айдан кейін осы жерде кездесейік” дейді. Екіншісі “жарайды” деп, екеуінің жолдары сол жерден айрылады. Бір айдан кейін екі шайтан қайта кездеседі. Біреуі әбден азып-тозып кеткен, ал екіншісі семіріп алған. Семізі арығына қарап “саған не болған?” дейді. Сонда арығы: “Мен құрыдым. Мен барған үйдің адамдардары не ішсе де, не жесе де “бисмилләһ” айтады екен. Сондықтан еш жерге кіре алмай, еш нәрсе істей алмадым. Аштықтан өлуге айналдым” дейді. Семізі оған күліп: “Мен барған үйдің адамдары ғафилдықтарынан (надандықтарынан) не істесе де  “бисмилләһ”ты айтуды ұмытып кетеді екен” дейді.

Жаңа үйленген бір әйел не істесе де, барлық істерін тек “бисмилләһ”пен істейді екен. Күйеуі “шектен тыс көп айтады” деп оның мұнысына ашуланады екен. Бір күні сынап көрейін деп бір қалта алтынды әйеліне беріп: “Мұны бір жерге сақтап қой, керек кезінде сенен алармын” дейді. Әйелі қалтаны алып, “бисмилләһ” деп сандыққа салып қояды. Мұның сыртынан сығалап бақылап тұрған күйеуі әйелі жоқта сандықтағы қалтаны алып, бақшадағы құдыққа тастап жібереді. Кейін әйеліне “алтындарымды алып келші” дейді. Әйелі “бисмилләһ” деп сандығын ашып, “бисмилләһ” деп қолын салып, қалтаны шығарса, қалта ылғалданып су тамшылап тұрады. Таң қалған әйел “қалайша су болды екен?” деп тұрғанда сыртынан көріп тұрған күйеуі бұл жағдайда қатты таңырқап, істегендеріне қатты ұялады. Сөйтсе, “бисмилләһ”тың құрметіне періштелер құдықтан орнына әкеліп қойған екен.

 

Көлікке мінерде оқылатын дұға

 

“Бисмилләһилләзи лә йәдурру ма’асмиһи шәйун фил әрди уә лә фиссәмаи уә һууәссәми’ул алим”. Бұл дұғада құрлықта, теңізде, әуеде, яғни қай жерде болмасын бір мүмин қандай да бір ісін “бисмилләһ”пен бастайтын болса, оған ешқандай зиян келмейтіні білдіріледі. Қандай да бір көлікке (ұшаққа, кемеге, автобусқа) мінген кезінде “бисмилләһ” айтқан адам еш қорықпасын! Олай болса, барлық істі бастарда “бисмилләһ” айтуды қолдан жібермеу керек.