Шаматат

17- Шаматат – өзгенің басына келген бәлеге, зиянға қуану деген сөз. Хадис шәрифте: «Дін бауырларыңа шаматaт етпеңдер! Шаматат етсеңдер, Аллаһу та’ала оның басына келген бәлені одан алып, сендерге береді» деп бұйырылды. Залымның зұлымдығынан, жамандығынан құтылу үшін оның өліміне қуану шаматaт болмайды. Дұшпанның басына келген өлімнен басқа бәлелерге қуану – шаматaт болады. Ал бұл бәлелердің келуіне өзінің себепші болғанын ойлап қуану, мысалы: “қарғысының қабыл болғанына қуану” одан да жаман, бұл адамда “ужб” деп аталатын  жаман мінездің пайда болуына алып келеді. Оған келген бақытсыздықтың, өзі үшін мәкір және истидраж болуы мүмкін екенін ойлау керек. Одан бақытсыздықтың кетуі үшін дұға ету керек. Хадис шәрифте: «Мұсылманның дін бауырына жасаған игі (жақсы) дұғасы қабыл болады. Бір періште “Аллаһ осы жақсылықты саған да берсін, әмин” дейді. Періштенің дұғасы қайтарылмайды» делінген. Залым дұшпанның басына келген бәле, оның зұлымдық жасауына тосқауыл болса, ол бәленің келуіне қуану – шаматат болмайды, яғни күнә болмайды. Дін қайраты (құлшыныс) болады. (Дін қайраты дегеніміз – дініне, діндес бауырына зиян келуін қаламау.) Дінге құлшыныс  иманның қуаттылығын көрсетеді. Аллаһу та’ала үшін қайрат көрсету – жақсы нәрсе. Ал нәпсінің қалаулары үшін қайрат ету жақсы емес. Залымға да бәле келуіне қуану жақсы емес, бірақ басқаларға зұлым етуіне тосқауыл болғаны үшін және бұдан басқа залымдардың сабақ алатыны үшін қуану – жаиз болады.