Сұрақ: Үйлену пайдалы ма, әлде зиянды ма? Үйленерде қандай нәрселерге мән беру керек?
Жауап: Үйленудің пайдалы немесе зияны болуы адамға байланысты. Кейбіреулер үшін үйлену дүние мен ахирет бақытына себеп болады, ал кейбіреулер үшін бақытсыздыққа себеп болады. Біреумен үйленуге ниеттенген адам бірнеше рет истихара намазын оқып, Аллаһу та’алаға сыйынып, нәпсінің және жаман адамдардың араға түсуінен сақтануы үшін жалбарынуы қажет.
Үйленудің пайдаларынан біршамасы мынадай:
1- Үйленген адам балалы болуы мүмкін. Егер баласы салих (тақуа) болса, ата-анасына дұға етеді. Сол арқылы көптеген ниғметтерге қауышады. Хадис шәрифте былай делінген: «Өлгеннен соң сауабы тоқтамайтын жақсы амалдардың бірі – салих (тақуа) бала тәрбиелеу. Ата-анасы өлген соң баланың жасаған дұғалары ата-анасына жеткізіледі.» (Мүслим)
Бала ата-анасынан бұрын, кішкентай кезінде қайтыс болса, ата-анасы да бұл қайғыға сабыр етсе, ахиретте баласы шапағатшы болады.
Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Балаға “жаннатқа кір!” делінген кезде, өкпелі түрде “Ата-анамсыз кірмеймін” дейді. Кейін ата-анасымен бірге жаннатқа кіреді.» (Нәсаи)
«Балалар жаннаттың есігінің алдына жиналып, барлығы бірге дауыстап жылап, ата-анасын сұрайды. Бұлардың жан дауысы ата-аналары қастарына келгенге дейін және әрқайсысы ата-аналарының қолдарынан ұстап, жаннатқа кіргенге дейін жалғасады.» (И. Ғазали)
2- Үйленбеген адам көзін харам нәрселерден сақтай алмауы мүмкін.
Үйлену адамды шайтанның азғыруынан алыстатуына және дінін қорғауына көмек беруі мүмкін. Хадис шәрифте былай делінді: «Үйленген адам дінінің жартысын қорғайды. Қалған жартысын қорғау үшін Аллаһу та’алаға қарсы шығудан сақтансын!» (Табарани)
«Шүкір еткен көңілге (жүрекке), зікір еткен тілге және ахирет жолында сендерге көмекші болатын салиха (жақсы) әйелге ие болуға тырысыңдар!» деген хадис шәрифтегі салиха әйелдің зікір және шүкірмен бірге айтылуы оның бір ниғмет екендігін көрсетуде. Салиха әйел дінін қорғауда көмекші болып табылады. (Тирмизи)
Хазреті Омар былай деген: «Иманнан кейін жақсы әйелден де артық ниғмет жоқ.»
Қазіргі заманда бойдақ болып дінін қорғау қиын. Үйлену дінді қорғауға көмекші болып табылады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Бір жас жігіт үйленген кезінде шайтан оған: “Қап, дінін менен қорғады” дейді.» (И. Асакир)
Басқа хадис шәрифте де үйленген адамның екі рәкат намазы бойдақтың 80 рәкат намазынан да артық сауапқа қауыштыратыны білдірілген. (Рамуз)
3- Әйелдерінің жаман мінездеріне және олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін сабыр ету үлкен ғибадаттардан болып табылады. Хадис шәрифте:
«Күнәлардың ішінде сондай бір күнә бар, отбасылық қиыншылықтарынан басқа ешнәрсе оған кәффарат (жаза, өтеу) болмайды.» (Табарани)
Жаман әйелдердің ортасына түсіп, нәпсіне алданып күнәға батудан қорыққан жігіттің салиха, таза мұсылман қыз тауып үйленуі парыз. Мұндай қиын жағдайға тап болмаған жастардың білім алуға, жақсы мінезді болуға тырысып, әйелдерге қатысты жеке ілімдерді үйренгеннен кейін үйленуі қажет болады. Бала-шағасына нафақасын (тамағы, киімі, тұратын жерін) халал жолдан қамтамасыз ете алмайтын адамның үйленуі дұрыс емес.
Мұсылман жігіттің ең әуелі дінін жақсылап үйренуі қажет. Содан кейін сүннетті орындау ниетімен үйлене алады. Әдепті, ұятты, жақсы мінезді, дінін, иманын, исламның шарттарын білетін, исламға мойынсұнатын, көшеде діннің әміріне сай киінетін қызбен үйлену қажет! Арлы және дініне берік қыз іздеу керек! Міндетті түрде бай болсын, сұлу болсын демеу керек! Байлығымен сұлулығы үшін ар-намысты және діндарлықты қолдан жіберіп алмау керек! Хадис шәрифте былай делінген:
«Әйелді байлығы үшін, немесе сұлулығы үшін, немесе діндарлығы үшін алады. Сендер діндар болғанын алыңдар! Байлығы үшін үйленген адам байлығына қауыша алмайды. Тек сұлулығы үшін үйленген адам сұлулығынан махрұм қалады.» (Мүслим)
Діндар және сұлу болғаны нұр үстіне нұр болып табылады. Тағы бір хадис шәрифте былай делінген:
«Сұлулығы мен байлығы үшін үйленген адам екеуінен де махрұм қалады. Діндарлығы үшін үйленген адамға байлық пен сұлулық та беріледі.» (Табарани)
Некеден бұрын қызды көру сүннет болып табылады. «Көрмей тұрып үйленудің арты қайғы мен өкініш» деген хадис шәриф некеден бұрын қызды көрудің маңыздылығын білдіреді.
Сонымен қатар үйленудің ауыртпалықтары да көп. Отбасының және бала-шағаның жауапкершіліктері бар. Әрбір еркек осы жауапкершіліктен құтыла алмайды. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Екінші ғасырдан кейінгі адамдардың ең қайырлысы – қайғы-қасіреті аз және бала-шағасы болмағаны.» (Әбу Йала)
«Сондай бір күн келеді, адамдар әйелінің, ата-анасының және бала-шағасының қолынан құрдымға кетеді. Олар оны кедейлікпен айыптап, күші жетпейтін нәрселерді істеуін талап етеді. Соның салдарынан еркек қауіпті істерге бел буып, діннен шығып, опат болады.» (Бәйһақи)
«Құлдың таудай жақсылығы, сауабы болса да, қияметте отбасылық міндеттерінен, олардың жауапкершіліктерінен, мал-мүлкін қалай тауып, қайда жұмсағанынан сұралады. Осылайша барлық жақсылығы қарыздарына өтеліп, өзінде ештеңе қалмайды. Сосын бір періште: “Бұл бала-шағасы дүниеде бүкіл сауаптарын жеп тауысып, міне бүгін солар үшін кепіл болып қалған адам!” дейді.» (И. Ғазали)
Үйленудің ауыртпалықтарынан біршамасы:
1- Халал нафақа табуда қиыншылық көрген адам харам жолға түсіп, өзін құрдымға итермелейді. Бойдақ болса, өз күнін көруі әлдеқайда жеңіл болады. Қияметте адамның ең бірінші дұшпаны – отбасы болады. Олар былай дейді: «Йа Раббым, одан біздің ақымызды ал! Біз білмеген едік. Ол бізге харам нәрсе жегізді.» Сөйтіп, бала-шағасының ақысы алынады. Тек қана мал-мүліктен емес, білім жағынан да отбасын сауатсыз, надан қалдырмау керек! Хадис шәрифте былай делінген: «Кісі өз отбасын надан қалдырудан да үлкен күнәмен Аллаһу та’аланың құзырына шыға алмайды.» (Дәйләми)
2- Әйелімен тіл табыса алмау, жаман мінездеріне сабыр ете алмау да пәлекет. Қойшы малдарынан, патша өзінің қол астындағыларынан жауапты болғанындай еркек те өз қол астындағы отбасынан жауапты болады. Хадис шәрифте былай делінген: "Кісіге қол астындағы (жауапкершілігіндегі) адамға қарамауы күнә ретінде жеткілікті." (Нәсаи)
Аллаһу та’ала өзімізді және отбасымызды жаһаннамнан қорғауымызды бұйырды. Алайда адам өзін қорғаудан әлсіз бола тұра, қол астындағыларын қалай қорғамақ? Мінезі шатақ, күйгелек адамдар әйелінің жаман мінездеріне сабыр ете алмайтындары үшін олардың үйленбегендері жақсы болады.
Бала-шаға көңілді (жүректі) ғафыл етуі (қараңғылыққа тұмшалауы) мүмкін. Өзін ғибадат етуден махрұм қалдыруы мүмкін. Әбу Сүлейман Дарани хазреттері айтады: «Бойдақтыққа шыдау отбасының қиыншылығына төзуден де қайырлы. Олардың қорлығына төзу жаһаннам отына төзуден де қайырлы.»
Жақсы мінезді, нафақасын халал жолдан таба алатын, әйелін ренжітпейтін, үйленуі ғибадатына еш кедергі болмайтын адамның үйленуінің қауіпі жоқ. Ал нафақасын халал жолдан таба алмайтын, ешкіммен сыйыса алмайтын, жаман мінезді және үйленуі қайырлы істеріне кедергі болатын адамның үйленуі қауіпті болып табылады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024