11 – Жүрек ауруының он біріншісі «тама». Дүние ләззаттарын харам жолдармен іздеуге «тама» делінеді. Таманың ең жаманы, адамдардан күту. Тәкаппарлыққа, өзін жақсы көруге себеп болатын «нәпіл» ғибадаттарды және ахиретті ұмыттыратын «мубаһ»тарды жасау да тама болады. Таманың қарама-қайшысына «тафвиз» делінеді. Тафвиз – халал және пайдалы нәрселерді табуға тырысып, бұларға қауышуды Аллаһу та’аладан күту деген сөз.
Шайтан, рияны ықылас ретінде және таманы тафвиз ретінде көрсетіп, адамдарды алдауға тырысады. Аллаһу та’ала әрбір адамның көңіліне (жүрегіне) бір періштені міндеттеген. Ол періште, адамдарға жақсы ойлар (илһам) салады. Шайтан, адамның жүрегіне жаман ойлар (уәсуәсә) салады. Халал жеген адам, илһаммен уәсуәсәні бір-бірінен ажыратады. Харам жейтіндер ажырата алмайды. Адамның нәпісі де көңілге (жүрекке) жаман ойлар әкеледі. Бұл ойларға, қалауларға «хауа» делінеді. Илһам мен уәсуәсә тұрақты емес. Ал нәпістің хауасы болса, тұрақты болады және барған сайын артады. Уәсуәсә, дұға және зікірмен азайып жойылады. Хауа болса, тек күшті «мүжахадамен» (күреспен) азайып жойылады. Шайтан итке ұқсайды. Итті қуған сайын қашса да, басқа жақтан қайта келеді. Ал нәпіс жолбарыс сияқты. Шабуылы тек қана өлтірумен бітеді. Адамдарға уәсуәсә беретін шайтанға осы себептен «ханнас» делінген. Адам, шайтанның бір уәсуәсәсына алданбаса, шайтан одан бас тартады. Басқа уәсуәсаға бастайды. Аммара (тәрбиеленбеген) нәпіс үнемі зиянды, жаман нәрселерді қалайды. Шайтан болса, көптеген қайырлы істерге кедергі болу үшін, қайыры аз істерді жасатуға уәсуәсә жасайды. Шайтанның уәсуәсәсымен болған қайырлы іс, адамға ұнамды келеді және оны асығып істеуді қалайды. Сондықтан хадис шәрифте: «Асығу – шайтаннан. Бес нәрсе бұдан бөлек: Қызын тұрмысқа беру, қарызын өтеу, жаназа қызметтерін тез атқару, қонақты тойдыру, күнә жасап қойса дереу тәубе ету» деп бұйырылды. “Әшиат-ул-ләмәат” кітабында намазды кешіктірмеу бабындағы хадис шәрифте: «Йа Әли! Үш нәрсені кешіктірме! Намазды алғашқы уақытында оқы! Дайын болған жаназа намазын дереу оқы! Тұл (жесір немесе күйеуден келген әйелді) немесе қызды теңі айттырып сұрағанда, дереу бер!» Яғни, намазын оқитын және күнә жасамайтын және табысын халалдан табатын біреуді тапқанда дереу соған бер делінді. Илхаммен болған қайырлы іс, Аллаһу та’аладан қорқылып асықпай жасалады және соңы ойланылады. Бір хадисте: «Періштеден келетін илһам исламға сай болады. Шайтаннан келетін уәсуәсә исламнан айрылуға себепші болады» делінген. Адам, илһам етілген нәрсені жасауы керек. Уәсуәсәны жасамау үшін күресіп, тырысуы керек. Нәпсіне ерген адам уәсуәсәларға мойынсұнады. Нәпсінің қалауын жасамаған адамның илһамға мойнсұнуы оңай болады. Бір хадис шәрифте: «Шайтан жүрекке уәсуәсә береді. Аллаһтың есімі зікір етілгенде, айтылғанда қашады. Айтылмаса уәсуәсәларын жалғастырады» деп бұйырылды. [Зікір етудің қажеттілігі, осы хадис шәрифтен де аңғарылуда.] Көңілге (жүрекке) келген ойдың түрін анықтау үшін, исламға сай болып болмағанына қаралады. Егер осы жолмен біле алмаса, онда салих болған ғалымнан сұралады. Салих емес, дінді дүние пайдасына құрал еткен жаман дін адамынан сұралмайды. Немесе, Расулуллаһқа “салаллаһу алейһу уә сәлләм” дейінгі ұстаздарының шежіресі белгілі болған шынайы бір жол көрсетушіден сұралады. «Қутб-ул-мәдар» деп аталатын әулиелер аз да болса қияметке дейін бар болады. «Қутб-ул- иршад» деп аталатын әһли сүннет ғалымдары әр уақытта және әр жерде табыла бермейді. Ұзақ уақыт аралығымен сирек кездеседі. Барлық жерде көптеп табылатын надан тариқатшыларды және жасанды шейхтарды шынайы жол көрсетуші - пір екен деп ойлап қалмау керек. Мұндайлардың тұзақтарына түсіп дүниеде және ахиретте бақыттан мақрұм қалмау үшін өте сақ болу керек. Көңілге келген ой нәпіске ауыр келсе, бұл оның қайырлы екенін аңғартады. Нәпсіге ұнамды келіп, дереу жасауды қаласа, жаман болғаны аңғарылады.
Шайтанның айлалары көп. Бұлардың оны маңызды: Біріншісі, “Аллаһу та’ала сенің ғибадаттарыңа мұқтаж емес”, дейді. Бұған қарсы: «Салих амалдың пайдасы оны жасағанға» деген мағынадағы Бақара сүресінің алпыс екінші аятын еске түсіру керек.
Шайтанның екінші айласы, “Аллаһу та’ала рахымды, кәрим, сені де кешіреді, жаннатқа кіргізеді” дейді. Бұған қарсы Лұқман сүресінің отызыншы аятындағы: «Аллаһтың кәрим (ұлы, кешірімді) болуы, сендерді алдамасын» және Мәриям сүресі, алпыс үшінші аятындағы, «Жаннатқа құлдарымыздан тақуа болғандарын мұрагер етеміз» деген мағынасын еске түсіру керек.
Үшінші айласы, “Сенің ғибадаттарыңда әрқашан кемшілік бар. Рия араласқан. Мұндай ғибадаттармен тақуа бола алмайсың. Аллаһу та’ала Маида сүресінде: «Аллаһ тек қана тақуалардың ғибадаттарын қабыл етеді» делінген. Сенің ғибадаттарың қабыл болмайды. Мұның бәрі бос әурешілік. Босқа, себепсіз таяқ жеген хайуан сияқты өзіңді қинап жүрсің” дейді. Бұған қарсы, “Мен Аллаһу та’аланың азабынан құтылу және әмірін орындау үшін ғибадат жасап жатырмын. Менің міндетім, әмірді орындау. Қабыл ету етпеуін, Оның өзі біледі. Шарттары тура және парыздары толық орындалған ғибадаттың сахих болуы күмәнсіз”, деу керек. Парыздарды тәрк ету үлкен күнә. Бұл күнәлардан құтылу үшін ғибадаттарды орындау керек. Ғибадат жасамастан жаннатқа кіру үшін дұға ету күнә. Хадис шәрифте: «Ақылы бар адам нәпсіне ермейді және ғибадат етеді. Ал ақымақ адам нәпсіне еріп, сосын Аллаһтың рахымын күтеді» делінген. Ахиретке қажетті нәрселерді, осы фәни дүинеде дайындау керек.
Шайтанның айлаларының төртіншісі, “Қазірше дүние-мүлік жинау үшін жұмыс істеп, жағдайыңды жасап, рахатқа қол жеткізіп ал, сол кезде емін еркін, алаңсыз ғибадат жасайсың”, деп ғибадат жасауға тосқауыл болады. Бұған жауап ретінде: “Ажал менің қолымда емес. Әр адамның өмірін Аллаһу та’ала әзелде (шексіз бұрын) тағдырына жазған. Бәлкім жақында өлермін. Ғибадат міндеттерімді уақытында орындауға тиіспін”, деу керек. Хадис шәрифте: «Хәләкәл-мусаууифун» деп бұйырылды, яғни бүгінгі міндеттерін ертеңге қалдырғандар зиянға ұшырады, делінген.
Шайтанның айласының бесіншісі, ғибаттарды тәрк еттіре алмаған соң “Тез оқы, уақытыңды жоғалтпа” деп намазды асығыстықпен оқытып, шарттарын, парыздарын толық орындатпауға тырысады. Бұған қарсы “Парыздар өте аз. Бұларды ақырын және шарттарына сай орындау керек. Парыз болмағандарды да шарттарына сай етіп аз орындау, шарттарын нұқсан қылып көп орындаудан жақсы”, деу керек.
Шайтанның айлаларынан алтыншысы рияға ұрынуды кеңес береді. “Адамдар сені көрсін, ұнатсын”, дейді. Бұған жауап ретінде, "Өз-өзіне пайда мен зиян келтіруі ешкімнің өз қолында емес. Осындай әлсіз адам өзгелерге қалай пайда келтірмек? Адамдардан бір нәрсе күту әбестік. Пайда мен зиян беретін тек қана Аллаһу та’ала. Ғибадаттарымды жалғыз Оның өзі көрсе, сол маған жеткілікті",- деу керек.Жетінші айла ретінде, ғибадаттарға тосқауыл бола алмайтынын түсінгеннен кейін, адамға ужб, яғни ғибадаттарын жақсы көру уәсуәсәсін береді. “Сен сияқты ақылды, көңілі ояу адам бар ма? Қазіргі заманда адамдардың барлығы адасып, қараңғылық ұйқысында жатқанда сен ғибадат жасап жатырсың”, дейді. Бұған қарсы “бұл ақыл мен сергектік менен емес. Раббымның маған берген сыйы. Оның сыйы болмаса, мен өз басыммен ғибадат жасай алмаймын”, деп айту керек.
Сегізінші айла ретінде “ғибадаттарыңды жасырын жаса. Сонда Аллаһу та’ала, сенің сүйіспеншілігің мен абыройыңды адамдардың көңіліне орнықтырады”, деп жасырын рияға түсіргісі келеді. Бұған қарсы “мен Аллаһу та'аланың құлымын. Ол менің қожайыным. Ғибадаттарымды қаласа қабыл етіп, қаламаса кері қайтарады. Адамға білдіріп, білдірмеуіне мен араласа алмаймын”, деп айту керек.
Тоғызыншы айла ретінде, “ғибадат жасаудың не қажеті бар? Адамдардың «саид» (жаннаттық) немесе «шақи» (жаһаннамдық) екендіктері әзелде (бастауы жоқ ертеде) тағдырларына жазылып қойған. Маңдайына саид деп жазылған адам ғибадаттарын тәрк етсе де кешіріліп, жаннатқа кіреді. Шақи деп жазылғаны қанша ғибадат жасаса да, пайдасы болмайды, сөзсіз жаһаннамға барады. Олай болса, өзіңді бос әуреге салма! Көңіл көтер, сайран сал”, дейді. Бұған жауап ретінде “мен құлмын, құлдың міндеті, қожайынының әмірін орындау”, деп айту керек. Ол бұған қарсы жауап ретінде “Әмірді орындамағанда азап қорқынышы пайда болса, әмірді орындау қажет болады. Әзелде саид деп жазылған адамда мұндай қорқыныш болмайды” десе, бұған жауап ретінде “Раббым барлық нәрсені біледі және қалағанын жасайды. Қалағанына қайыр (жақсылық), қалағанына жамандық береді. Ешкімнің Одан есеп сұрауға ақысы жоқ”, деп айту керек. Ібіліс, Иса алейһиссаламға көрініп: «Әзелде Аллаһу та’аланың маңдайға жазғандары болады» дейсің, солай ма? деді. Иса алейһиссалам «Иә, солай» деп жауап берді. «Олай болса, өзіңді таудың басынан төмен таста. Егер маңдайыңа тірі болатының жазылған болса, ештеңе болмайды тірі қаласың», деді. Иса алейһиссалам: «Ей малғұн! Аллаһу та’ала құлдарын сынайды. Ал құлдың қожайынын сынауға ақысы жоқ», деп жауап берді. Шайтанның мұндай айласына қарсы «Ғибадат ету пайдалы. Өйткені, маңдайыма саид деп жазылған болса, сауаптардың көбейуі, дәрежелердің жоғарылауы үшін ғибадаттарды жасау керек. Шақи болсам, ғибадат жасамады деген азаптан құтылу үшін, ғибадат етемін» деп айту керек. Ғибадат етудің маған ешқандай зияны болмайды. Өйткені, Аллаһу та’ала хаким. Ғибадат еткендерді азапқа тарту, Оның хикметіне жараспайды. Ғибадатты тәрк етудің, маңдайына саид деп жазылғанға зияны болмаса да, пайдасы жоқ. Олай болса, ғибадатты неге тәрк етуім керек? Ақылы бар адам, пайдалы нәрсені жасайды. Пайдасыз нәрсені тәрк етеді. Маңдайыма шақи деп жазылған болса, жаһаннамға Раббыма дұшпан болып кіргенше, мойынсұнып кіргенді таңдаймын. Сондай-ақ Аллаһу та’ала ғибадат еткендерді жаннатқа кіргізіп, ғибадат етпегендерді жаһаннамда азаптайтынын уәде еткен. Аллаһу та’ала уәдесіне берік. Уәдесінен қайтпайтыны ауыз бірлікпен айтылған.
Аллаһу та’ала барлық нәрсені себебімен жаратқан. Аллаһу та’аланың әдеті солай. Тек мұғжиза мен кереметте ғана әдетін бұзуда. Ғибадаттарды жаннатқа кіру үшін бір себеп еткенін білдіруде. Яғни жаннат ниғметтерін ғибадаттарға сияпат ретінде жаратқан. Хадис шәрифте: «Ешкім жаннатқа ғибадаты себебінен кіре алмайды» делінген. Сияпат басқа, себеп болу басқа.
Шайтан айлаларының оныншысы ретінде “ғибадат ету маңдайыңа жазылған болса, оны орындау мүмкіншілігің болады. Аллаһу та’аланың тағдырға жазғаны өзгермейді. Ғибадат жасауда және тәрк етуде адамдар мәжбүр болуда”, дейді. Шайтанның бұл сөзі алдыңғы айтқан сөздерімен бірдей. Маңдайына саид деп жазылғандарға ғибадат ету нәсіп болады. Шақи делінгендердің тәрк етулері керек болады. Шайтанның бұл айласына қарсы, барлық нәрсені және адамның жақсы, жаман әр ісін Аллаһу та’ала жаратса да, адамдар мен жануарларға «ирада-и жузийа» (таңдау құқығы) берілген. Ирадаи жузийа адамның қалауымен іске асады. Бірақ, мұны адам жаратты делінбейді. Өйткені, ирада (қалау) сыртта пайда болатын, көзге көрінетін нәрсе емес. Ол адамның көңілінде пайда болады. Сыртта пайда болған нәрсенің ортаға шығуына «халқ ету», жарату делінеді. Аллаһу та’аланың «Ирадаи-куллийа»-сы болса, сыртта бар болған бір қуат. Аллаһу та’ала адамның таңдаған нәрсесін жасауы үшін, адамның қалауын себеп қылған. Бұл шарт болмаса да жаратады. Бірақ бұл шартпен, бұл себеппен жаратуы Оның әдеті болып табылады. Пайғамбарларында “алейһимуссалауату уәттәслимат” және әулиелерінде “қаддәсаллаһу та’ала әсрарәһумул’азиз” бұл әдетін (тәртібін) бұзып, себепсіз де жаратқаны көп көрілген. Бұл «Керемет» деп аталады.
Адамдардың істері тек ирадаи жузийамен (өз қалауымен) іске аспайды. Яғни, адамның әр қалағаны бола бермейді. Сондай-ақ тек Өзінің қалауымен ғана жарату да Аллаһу та’аланың әдеті емес. Сол себепті, адамдар жасап жатқан істерін мәжбүрмен жасап жатқан жоқ. Адам қалайды. әрекет етуді қалайды, күшін қолданады, Аллаһу та’ала да қаласа, бұл іс-әрекет пайда болады. Шайтан: «Аллаһу та’ала қаласа ғана адам ғибадат етеді, қаламаса етпейді. Онда адам, істі жасау жасамауда мәжбүр болуда. Адам еңбек етсе де, етпесе де маңдайына жазылғанын көреді» деп алдайды. Адамның іс-әрекеттері маңдайына жазылғаны бойынша орындалса да, орындалуы үшін адам әуелі ирадаи жузийасын қолдануда. Істің жасалуын немесе жасалмауын адам өзі қалауда. Адамның іс-әректтерін Аллаһу та’аланың әзелде жазуы – адамның нені қалайтынын білуі және қалауы деген сөз. Бұларды Ләуһул махфузда жазып қойған. Сондықтан құлдың мәжбүр болуы қажет емес. Ислам ғұламаларының бірі Сәйид Абдулхаким хазреттері: «Әзелдегі қаза мен тағдыр – Аллаһу та'аланың құлдары не істейтінін, не қалайтынын білуі. Не істеу керектігін әзелде бұйыруы емес» деген. Яғни қаза мен тағдыр, әмри әзәли ( әзелде бұйырылған әмір) емес, илми әзәли (әзелде білу) болып табылады. Яғни жәбри мутахакким емес (жәбір беруші емес), илми мутәқаддим (бұрыннан білуші) болып табылады.
Бір адам, басқа адамның күнделікті істейтін істерін білсе және бұларды істеуін қалап, барлығын бір қағазға жазса, бұл істерді істейтін адамды мәжбүрлеген болмайды. Істейтін нәрселерімді білетін едің және істеуімді қаладың және қағазға жаздың. Олай болса, бұларды сен істедің деп те айта алмайды. Өйткені, ол мұның барлығын өз қалауымен, өзі істеген. Не істейтіндерін білетін адамның білгені үшін және қалап, жазғаны үшін солай істеген жоқ. Аллаһу та’аланың әзелде білуі және қалауы және Ләуһул махфузға жазуы да, адамдарды мәжбүр ету болып саналмайды. Аллаһу та’ала әзелде қалағаны үшін, Ләуһул махфузға жазған. Құлдың не істейтінін білгені үшін, істелуін қалаған. Аллаһу та’аланың әзелдегі білуі, құлдың өз қалауымен жасайтын ісіне байланысты. Құлдың ісі де, Аллаһу та’аланың осы ілімі мен қалауымен және жаратуымен пайда болады. Құл, қалауын қолданбаса (қаламаса), Аллаһу та'ала құлдың қалауын қолданбайтынын (қаламайтынын) әзелде білгендіктен қаламайды және жаратпайды. Демек, ілім білгенге бағынышты. Адамдардың қалауы болмай, адамдардың істері тек Аллаһу та'аланың қалауымен жаратылғанда, адамдар мәжбүр деп айтуға болатын еді. Әһли сүннет сенімі бойынша адамдардың істері, адамдардың күші мен Аллаһу та'аланың құдіретінің біргігуінің әсерінен пайда болады.
[Адамның жүрегі яғни көңілі зат емес. Электр және магнит толқындарына ұқсайды. Орын алмайды. Бірақ, кеудеміздің сол жағында орналасқан, жүрек деп аталатын ет бөлшегінде қуаты, әсерлері (ықпалы) пайда болуда. Ақыл, нәпіс және рух та, көңіл сияқты бір жаратылыс. Бұл үшеуінің де көңілмен байланысы, қатысы бар. Адамның көзі, құлағы, мұрны, аузы және терісімен сезетін түс, дауыс, иіс, зауық және ыстық, қатты сияқты нәрселер, сезім жолдарымен миға келеді. Ми өз кезегінде бұларды дереу көңілге білдіреді. Ақылдың, нәпістің, рухтың және шайтанның қалаулары көңілге келеді. Көңіл не істеу керектігін шешім қабылдайды, таңдайды, қалайды. Бұл нәрселерді не қабылдамай, бас тартады немесе ақылға білдіреді. Ақыл бұларды әрекет жүйелерімен дене мүшелеріне білдіреді. Дене мүшелері Аллаһу та’ала қаласа және қуат берсе, әрекет етіп, көңілдің қалап, таңдаған нәрсесі іске асады.]
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024