Сұрақ: Сәһу сәждесі қандай жағдайларда және қалай жасалады?
Жауап: Сәһу сәждесі (қателесу сәждесі) – парыздың кешігуі, парыздың қайталануы, уәжіптің тәрк етілуі, уәжіптің кешігуі, уәжіптің қайталануы және уәжіптің өзгеруі орын алған кезде, сол намаздың соңында жасалатын сәжде болып табылады. Сәһу сәждесі екі сәждеден және Әттахийату, Аллаһуммә Салли, Аллаһуммә Бәрик және Раббәна атина дұғаларынан тұрады. Сәһу сәждесі былай орындалады:
Соңғы отырыста Әттәхияту оқылғаннан кейін оң жаққа сәлем беріледі. Одан кейін Аллаһу Әкбар деп сәждеге барылады, сәждеде үш рет Субханә Раббил-ала оқылады. Одан кейін Аллаһу Әкбар деп қайта отырылады, бір мезет отырғаннан кейін Аллаһу Әкбар деп екінші сәждеге барылады. Сәждеде тағы үш рет Субханә Раббил-ала деп айтылады. Сосын Аллаһу Әкбар деп қайта отырылады. Сосын Әттәхияту, Аллаһуммә Салли, Аллаһуммә Бәрик және Раббана атина дұғалары оқылып, бірінші оң жаққа сосын сол жаққа сәлем беріліп, намаз бітіріледі.
Сұрақ: Сәһу сәждесі қалай жасалады?
Жауап: Сәһу сәждесін жасау үшін Әттахият оқылып, бір жанына сәлем берілгеннен кейін, екі сәжде жасап отырылады және Әттахият, Аллаһуммә Салли, Аллаһуммә Бәрик дұғалары оқылып намаз аяқталады.
Сұрақ: Сәһу сәждесін жасағанда сәлемді екі жаққа да беруге бола ма?
Жауап: Иә, екі жаққа да сәлем бергеннен кейін немесе мүлдем сәлем бермей сәһу сәждесін жасауға болады. Жамағатпен оқылғанда тек оң жаққа сәлем берген дұрыс болады.
Сұрақ: Қандай жағдайларда сәһу сәждесін жасау керек болады?
Жауап: Сәһу сәждесін жасауды керек ететін жағдайлар мыналар:
1- Парыздың кешігуі,
2- Парыздың қайталануы,
3- Уәжіптің тәрк етілуі,
4- Уәжіптің кешігуі,
5- Уәжіптің қайталануы,
6- Уәжіптің өзгеруі
Сұрақ: Намаздың рүкүндерін кезегімен оқу, яғни тәртіп парыз ба?
Жауап: Иә парыз. Сәжделер бірінші жасалып, руку сосын жасалса намаз сахих болмайды.
Парыз кешіккенде
Сұрақ: Парызды кешіктіргенде сәһу сәждесін жасау керек пе?
Жауап: Иә, керек. Қыраатты (Құран оқуды) ұмытып, Субханәкә оқығаннан кейін рукуға немесе сәждеге кеткен адам, қайтадан тұрып қыраатты оқығаннан кейін, қайтадан руку мен сәждені орындайды. Бұл жағдайда парыз кешіккендіктен сәһу сәждесін жасау керек. Руку мен сәждені жасамаса намаз сахих болмайды. Өйткені, намазда тәртіп, яғни парыздарды кезегімен орындау парыз болып табылады. Рукуді ұмытып сәждеге барған адам, қайтадан тұрып рукуді жасамаса, намазы сахих болмайды. Рукуді жасайтын болса, намаздың соңында сәһу сәждесін де орындауы керек болады.
Екі рет сәжде ету парыз болып табылады. Сәжделерді артпа-арт жасау уәжіп. Екі сәжденің біреуі ұмытылған жағдайда, намаздың ішінде еске түскен уақытта дереу сол сәждені орындау керек, сосын, намаздың соңында сәһу сәждесін жасау керек. Соңғы отырыста Әттахийату оқитындай уақыт отырмаған адамның да намазы сахих болмайды. Екі рәкаттық намазда, екінші рәкатта отырылмай, үшінші рәкатта отырылатын болса, төрт рәкаттық намазда төртінші рәкатта отырылмай, бесінші рәкатта отырылатын болса, намаз сахих болмайды. Өйткені, парыз өз орнында жасалмаған болады.
Парыз қайталанғанда
Сұрақ: Білмей үш рет сәжде немесе екі рет руку жасап қойған адамның сәһу сәжде жасаумен намазы өте мә?
Жауап: Иә, намазы өтеді.
Уәжіп тәрк етілгенде
Сұрақ: Зәм сүрені, Фатиханы немесе Құнұт дұғаларын оқуды ұмытып кеткен адамның сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек. Өйткені, барлығында уәжіп тәрк етілуде.
Сұрақ: Отыруы керек болған жерде тұрып кеткен адам, мысалы, 4 рәкаттық намаздың екінші рәкатында отырмай (әттәхиятты оқымай) тұрып кеткен адам сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, өйткені уәжіп тәрк етілуде.
Сұрақ: Тұруы керек жерде, мәселен бірінші рәкатты бітіріп, екінші рәкатқа тұрмастан отырған адамның сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, өйткені уәжіп кешіктірілген болады.
Сұрақ: Тәшәххутте дұға оқылатын жерде Құран оқыған, мысалы тәшәххутте Әттахийатуды оқымай, Фатиха немесе басқа бір сүре оқыған адам сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек.
Уәжіп қайталанғанда
Сұрақ: Фатиха сүресін артпа-арт екі рет оқып қойған адам сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, керек. Өйткені, уәжіп болған зәм сүре кешігуде және уәжіп қайталанған болады. Бірақ, Фатиха сүресін зәм сүреден кейін тағы оқыса сәһу сәждесі керек болмайды.
Сұрақ: Фатиха мен зәм сүреден кейін қайтадан Фатиха сүресін оқыған адам сәһу сәждесін жасау керек пе?
Жауап: Фатиха қайталанса да сәһу сәждесін жасау керек емес. Өйткені ол жер қырааттың орны, яғни ол жерде қанша көп аят оқылса оқылсын сәһу сәжде жасау керек болмайды.
Уәжіп кешіккенде
Сұрақ: Зәм сүрелерін бірінші және екінші рәкатта оқуды ұмытып, үшінші және төртінші рәкатта оқыған адам сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасау керек. Өйткені, бұл жағдайда уәжіп кешігуде.
Сұрақ: Әттахийатуды оқып бітіргеннен кейін тұрып кетіп, уәжіп болған сәлемді кешіктірген адам, мысалы, екі рәкаттық намазда үшінші рәкатқа, үш рәкаттық намазда төртінші рәкатқа, төрт рәкаттық намазда бесінші рәкатқа тұрып кеткен адам, сәжде етпей тұрып есіне түссе дереу отырып сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек. Өйткені, уәжіп болған сәлем кешігуде.
Уәжіп өзгергенде
Сұрақ: Құран оқылатын жерде дұға оқыған, мысалы қиямда Фатиханың орнына байқамай Әттахийатуды оқыған адам сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек. Өйткені, уәжіп болған Фатиха тәрк етілуде.
Сұрақ: Егер қиямда Әттахийату оқығаннан кейін Фатиха сүресін де оқыса сәһу сәждесін жасау керек пе?
Жауап: Бұл жағдайда сәһу сәждесін жасау керек болмайды. Өйткені, қыраат орны болғандықтан Әттахийатудың немесе басқа да дұғалардың оқылуы сәһу сәждесін керек етпейді.
Сұрақ: Имам іштен оқылуы керек болған бесін және екінді намаздарын дауыстап оқыса, сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек. Өйткені, уәжіп өзгеруде.
Сұрақ: Имам дауыстап оқуы керек болған ақшам, құптан және бамдат намаздарын дауыссыз оқыса сәһу сәждесін жасауы керек пе?
Жауап: Иә, сәһу сәждесін жасауы керек. Өйткені, уәжіп тәрк етілген болады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024