Екі намазды жәм ету (біріктіру)

Сұрақ: Қандай жағдайда екі намазды біріктіруге болады?

Жауап: Кейде екі намазды біріктіріп бір уақытта оқу қажеттілігі туындауы мүмкін. Дәрігердің операцияда болуы, акушер әйелдің босандыру процессінде болуы, тұншығып жатқан адамды құтқару, емтиханда болу немесе ауырып қалу сияқты бір себеппен намаз оқуға мүмкіндік болмаған жағдайда екі намазды жәм ету, яғни екі намазды қосып бір уақытта оқу кейбір мазһабтарда жаиз. Екінді намазын бесін намазының уақытында, бесін намазымен бірге немесе құптанды ақшам уақытында, ақшаммен бірге оқу тақдим ету арқылы жәм ету деп аталады. Бесін намазын екінді намазының уақытында екіндімен қосып немесе ақшамды құптан намазының уақытында құптан намазымен қосып оқу тәхир ету арқылы жәм ету деп аталады. Таң намазы жәм етілмейді.

 

Ханафи мазһабында:

Қажылар Арафатта хұтба оқыған имамның артында бесін мен екінді намазын бесін уақытында тақдим ету арқылы қосып оқиды. Шатырларында жамағатпен немесе жалғыз оқығанда жәм етілмейді. Ал Муздәлифада ақшам мен құптан намаздары, құптанның уақытында тәхир етіліп жәм етіледі. Муздәлифада жәм ету үшін жамағатпен оқу шарт емес, жалғыз адам да жәм ете алады. Басқа жерде, басқа уақыттарда Ханафи мазһабында екі намаз жәм етілмейді. Тек зәру қажеттілік (мәжбүр) болған жағдайда арғы үш мазһабтың бірін тақлид етіп оқиды. (Муздәлифа – Мина мен Арафат тауының арасындағы, Адам алейһиссалам мен хазреті Хауа анамыздың алғашқы кездкескен жері)

 

Малики мазһабында:

Арафатта бесін мен екінді, Муздәлифада ақшам мен құптанды имамға ұйып оқығанда жәм ету сүннет болады. Сапарда жәм ету жаиз, бірақ, теңіз сапарында жәм ету жаиз емес. Жәм ету үшін қажеттілік туатын болса, арғы екі мазһабтың бірі тақлид етіледі.

Муқим кезде де (яғни сапарда емес кезде) қатты ауырған жағдайда, кәрілікте жәм етуге болады. Сонымен қатар мешітте жамағатпен оқып жатқанда, қараңғылықпен бірге қатты жауын және лай болса, тақдиммен жәм ету жаиз болады, бірақ үйде бұл жаиз болмайды. Жәм еткеннен кейін уітір өз уақытында оқылады.

Малики мазһабында екі намазды қосқанда бесінді екіндіден, ақшамды құптаннан бұрын оқу, бірінші намазға тұрғанда жәм етуді ниет ету, екі парызды артпа-арт оқу керек. Екі парыз арасында дәрет алуға және қамат айтуға болады, бірақ сүннет оқу мәкрух болады. Кейбір ғұламалардың айтуы бойынша той, жиын сияқты қажеттілік кезде муқимның да жәм етуі жаиз болады. Тісі қапталған Ханафилік адам ауырған кезде Ханбали емес, Малики мазһабын тақлид етіп жәм ете алады.

 

Шафии мазһабында:

Мубах болған сапарда, Арафат және Муздәлифада бесін мен екінді, ақшам мен құптан намаздары қосып оқылады. Қатты жаңбырда тек мешітте жамағатпен тақдим ету арқылы жәм ету жаиз болады, тәхир ету арқылы жәм ету жаиз емес. Басқа бір қаулы бойынша жалғыз оқыған адам да жәм ете алады. Тағы бір қаулы бойынша ауру халде де жәм ету жаиз. Бір қорқыныш себебінен жәм ету жаиз болғанындай, маңызды қажеттілік туындаған кезде муқим адамға да жәм ету жаиз болады. Имам Нәуәуи және Ибн Мунзир де осылай деген. Шафии мазһабында жәм еткенде бесінді екіндіден, ақшамды құптаннан бұрын оқу керек, бірінші намазға тұрғанда жәм етуді ниет ету керек, екеуін артпа-арт оқу керек. Екі парыздың арасында сүннет оқылатын болса жәм ету жаиз болмайды, бірақ дәрет алуға және қамат айтуға болады.

 

Ханбали мазһабында:

Арафат және Муздәлифада, мубах болған сапарда, ауырғанда, омырауында баласы болғанда, әйелдерде истихаза (үзір қаны), зәр және жел ұстай алмау сияқты дәретті бұзатын үзірлі халдерде, дәрет пен тәйәммум алуда қиыншылық туындағанда, көр болғанға, жердің астында жұмыс істеп намаз уақытын біле алмаған, өзіне, мал-мүлкіне және ар-намысына қауіп төніп тұрғанда, өміріне қауіп төнген адам да екі намазды жәм ете алады. Суықта, қыста, жаңбыр, лай-батпақ, дауылда құптанды ақшаммен үйде де жәм ету жаиз, бірақ бесін мен екінді намаздарын жәм ету жаиз емес. Жәм еткенде бесінді екіндіден, ақшамды құптаннан бұрын оқу, бірінші намазға тұрғанда жәм етуді ниет ету, екеуін артпа-арт оқу керек. Арада дәрет алу мен қамат айтудың зияны жоқ. Сүннет оқылатын болса жәм ету сахих болмайды. Тісі қапталған Ханафилік адам ауырған кезде жәм ету үшін Ханбали емес, Малики мазһабын тақлид етуі керек. Өйткені, Малики мазһабына тақлид ету мүмкіншілігі бар. Малики мазһабын тақлид етуге мүмкіншілік қалмаған кезде Ханбали мазһабы тақлид етіледі.

 

Муқимның (сапардағы емес, жергілікті адамның) екі намазды жәм етуі

Бір қиыншылық туындаған кезде екі намазды Ханбали мазһабын тақлид етіп, жәм етуге болады. Өйткені Сәадати Әбәдийә кітабында «Намаз оқу үшін жұмысынан шыға алмағандардың Ханбали мазһабын тақлид етіп екі намазды жәм етулері жаиз.» делінген. Намаз оқығаны үшін күнкөрісіне зиян тимесе де, жеке ісіне (құжатына) тіркеліп немесе басқа да зияндары болуы мүмкін болса, олардың көз алдында оқымау үшін екі намазды муқим кезде де жәм ету жаиз болады. Жаиз болатын жағдайлардан бірнешесіне мысал келтірейік:

1- Босандырып жатқан акушердің намазы қазаға қалатындай болса екі намазды жәм етуі жаиз болады.

2- Операциядағы дәрігердің намазы қазаға қалатындай болса, екі намазды жәм етуі жаиз болады.

3- Оқушы емтихан тапсырып жатқанында намаз уақыты өтіп кететін болса, екі намазды жәм етуі жаиз болады.

4- Дәрет алуға, намаз оқуға қиналатын ауру немесе қарт адам екі намазды жәм ете алады.

5- Ұшақта дәрет алып намаз оқу қиыншылық тудырса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

6- Дәрет алу үшін немесе намаз оқу үшін жер табылмаса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

7- Дәрет алу және тәйәммум алу қиын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

8- Күзет қызметінде тұрған адамның намаз оқу мүмкіншілігі жоқ болса, екі намазды жәм етуі жаиз болады.

9- Тауда, жат жерде қыста қалып қойып, уақытты білу қиын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

10- Жаңбыр, дауыл сияқты себеппен намаз шығып кететін болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

11- Намазды әжетханада да оқуға мүмкіншілік болмаса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

12- Мешіті жоқ қонақ үй, мейрамхана, әуежайда, мемлекет аралық жиналыстарда намаз қазаға қалатын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

13- Мұсылман еместер де қатысып отырған аста намаз оқу фитнаға себеп болатын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

14- Маңызды жиналыста отырған басшы, жиналыстан шығатын болса жұмысына, күнкөрісіне зиян келетін болса, екі намазды жәм етуі жаиз болады.

15- Қалаларалық жолда автобус тоқтамайтын болса, қасында ауру адам болса немесе екінші автобусқа ақшасы болмаса және осы сияқты себептермен муқимның да жәм етуі жаиз болады.

16- Алматы сияқты кептеліс проблемасы бар қалада, қаланың ішінде өз машинасында кетіп бара жатып, кептелісте қалып қойып, намаз қазаға қалатын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

17- Тұншығып жатқан адамды құтқарып жатқанда намаз уақыты шығатын болса, екі намазды жәм ету жаиз болады.

18- Намаз оқып жатқанда дұшпанның зиян тигізу ықтималдылығы болса, екі намазды жәм ете алады.

19- Жаңадан мұсылман болған адамға намаз оқығанын көргендер зиян тигізетін болса, екі намазды жәм ете алады.

20- Дәрет бұзатын үзірі болған, мысалы, іші өтетін немесе іш дәретін ұстай алмайтын, сыздауығынан, жарасынан қан ағатын, геморройынан қан, фистулалардан, кіндіктен сұйықтар (выделение) шығатын, қолында болмай жел шығарып қоятын, ауыз толтырып құсатын, осылар сияқты дәретті бұзатын үзірі болған адамның екі намазды жәм етуі жаиз болады.