Адамға дүниеде және ахиретте зиян тигізетін нәрселердің барлығы жаман мінезден келіп туындайды. Яғни зияндардың, жамандықтардың басы – жаман мінезді болу. Харамдардан (жаман нәрселерден) сақтануға “тақуа” делінеді. Тақуалық – ғибадаттардың ең құндысы. Өйткені бір нәрсені әшекейлеу, сәндеу үшін алдымен ондағы лас нәрселерді, жамандықтарды жою қажет. Сондықтан күнәлардан тазаланбайынша исламға мойынсұнудың, ғибадаттың ешқандай пайдасы болмайды. Істегендеріне сауап берілмейді. Жамандықтардың ең жаманы – күпірлік болып табылады. Кәпірдің (Аллаһқа дұшпан болған адамның) ешбір жақсылығы ахиретте пайда бермейді. Зұлымдықпен өлтірілген кәпір шәһид болмайды. Жаннатқа да кірмейді. Имансыз болған адамның ешқандай жақсылығына сауап берілмейді. Барлық жақсылықтың тірегі – тақуалық. Барлық нәрседен бұрын тақуалы болуға тырысу керек. Барлық адамдарға тақуалы болуды бұйыру және насихаттау керек. Дүниеде рахатқа, тыныштыққа қауышу, тату-тәтті өмір сүру, ахиретте де шексіз азаптан құтылып, мәңгілік ниғметтерге, бақыттарға қауышу тек тақуалықпен ғана болады.
Жаман мінездер көңілді (жүректі) ауру қылады. Бұл аурудың күшеюі көңілдің өлуіне (яғни күпірлікке) себеп болады. Жаман мінездердің ең жаманы болған ширк, яғни күпірлік жүректің ең жаман уы. Иманы болмаған адамның: “Менің жүрегім таза. Сен жүрегіме қара!” деген сөздері бос әңгіме. Өлген жүрек таза болмайды.
Күпірліктің түрлері бар. Бұлардың ішіндегі ең жаманы, ең үлкені - ширк болып табылады. Бір жамандықтың түрлерін білдіру үшін көбінесе бұлардың ең жаманы айтылады. Сондықтан аяттарда және хадис шәрифтерде кездесетін "ширк" сөзінен күпірліктің барлық түрі деген мағына түсініледі. “Ниса” сүресінің 48 және 116-шы аяттарында мүшриктердің кешірілмейтіндігі білдірілген. Осы аяттар кәпірлердің жаһаннам отында мәңгілік қалатындарын білдіреді.
Ширк – Аллаһу та’алаға серік (ортақ) қосу, ұқсату деген сөз. Ұқсатқан адамға “мүшрик”, ұқсатылған нәрсеге “ширк” (серік) делінеді. Біреуде, бір нәрседе улуһият (құдайлық) сипаттардың біреуінің бар екендігіне сену оны құдайға серік қосу болып табылады. Аллаһу та’алаға тән болған сипаттарға яғни “зати және субути сипаттар”ға “улуһият сипаттары” делінеді. Шексіз бар болу, жарату, барлық нәрсені білу, ауруларға шипа беру құдайлық сипаттардан болып табылады. Қандай да бір адамда, күнде, сиырда, қандай да бір жаратылыста құдайлық сипаттың бар екендігіне сеніп, оған тағзым, құрмет көрсетіп жалбарынуға – ғибадат ету, табыну делінеді. Мұндай табынылған нәрселер “санем” (пұт) деп аталады. Кәпірлердің мүсіндері, суреттері және мазарларының алдында тағзым ететін сөздерді айту, тағзым жасау, ғибадат ету де ширк болады. Бір адамда иләһи сипаттардың болғанына сенбей, Аллаһу та’аланың сүйікті құлы екеніне немесе отанға, ұлтқа қызмет еткеніне сеніп, оның суретіне, мүсініне тағзым ету, құрмет көрсету ширк те, күпір де емес. Бірақ кез келген адамның суретіне құрмет көрсету харам болғандықтан тағзым, құрмет көрсеткен мұсылман пасық (кұнаһар) болады. Бұл тірліктің харам екендігіне мән бермесе “мүртәд” болып, діннен шығады. Мүшрик болмаған яһуди мен христиандар да Мұхаммед алейһиссаламға сенбегендері үшін кәпір саналады. Бұларға “кітапты кәпір” делінеді. Қазіргі таңда көптеген христиандар Иса алейһиссаламға иләһи сипат бергендері үшін мүшрик болды. Барнабас (Варнава) пен Ариус мазһабында болғандар кітапты кәпір болса да, қазіргі таңда олар қалмады.
Көңіл (жүрек) ауруларының ширктен кейінгі ең жаманы – бидғаттарға сену және бидғат істеу. Бидғаттардан кейін күнәлардан сақтанбау. Кіші болсын, үлкен болсын, ширктен яғни күпірден басқа күнә жасап, тәубе етпестен өлген мүмин шапағатқа қауышып немесе ешбір себепсіз, жалғыз Аллаһу та’аланың рахымдылығымен кешірілуі мүмкін. Кіші күнәлар кешірілмесе, жаһаннамда азап тартады. Құл ақысы бар адамның күнәларының кешірілуі қиын және азаптары өте ауыр болады. Әйелінің мәһрін бермеу және адамдардың хақ дінді үйренулеріне тосқауыл болу – құл ақыларының ең үлкені болып табылады. Хадис шәрифте былай делінген: «Сондай бір заман келеді, адамдар тапқан табыстарының халалдан, не харамнан келгенін ойламайды» және «Сондай бір заман келеді, ислам дінімен жүру қолына от ұстап тұрғандай қиын болады». Сол себептен харам нәрселердің барлығынан және тахримән (харамға жақын) мәкрухтардан сақтану тақуалық болады. Парыздарды және уәжіптерді тәрк ету харам. Сүннет-и муәккәдәні үзірсіз (себепсіз) тәрк ету тахриман мәкрух болады делінген. Ақидада (сенімде), ахлақта (мінез-құлықта), амалда (ғибадатта) әмір етілгендерді тәрк еткен адамға қияметте азап беріледі. Азапталуға себеп болатын нәрселерді тәрк ету қажет. Мәселен: намаз оқымау және әйелдердің, қыздардың көшеге ашық-шашық шығулары үлкен күнә. Күнәні тәрк ету, мәселен бес уақыт намазды күнде оқу өте қажетті. Алайда біз бұл кітабымызда тәрк етілмеуі қажет болғандарды емес, керісінше тәрк етілуі қажет болған нәрселер жайлы баяндаймыз.
Орындалуы қажет болған нәрселер белгілі бір дене мүшесі арқылы жасалады немесе барлық дене арқылы жасалады. Күнә жасайтын дене мүшелерінің сегізі белгілі. Бұлар: көңіл (жүрек), құлақ, көз, тіл, қол, асқазан, жыныс мүшесі, аяқ. Көңіл – адам кеудесінің сол жағындағы жүрек деп аталатын ет бөлшегіне үрленген рухани хәл, сезім. Рух секілді, зат болмаған мүжәррид (жалғыз) болмыс. Күнә істейтін мүшелердің өзі емес, бұларда болатын сезімнің қуаттары. Дүниеде және ахиретте бақытқа қауышуды, рахат өмір сүруді қалаған адам осы дене мүшелерінің күнә істеуіне тосқауыл болуы керек. Күнә істемеу көңілінде (жүрегінде) әдетке айналу, табиғи күйге ену қажет. Намаз оқитын, харам істемейтін сүнни адамға “мүттәқи” (тақуа) және “салих” (жақсы адам) делінеді. Аллаһу та’аланың разылығына, сүйіспеншілігіне қауышу арқылы Аллаһтың “әулие”сі болады. Көңілде (жүректе) табиғи күйде болмай, өзін қинап күнәлардан сақтану арқылы тақуа болса да, әулие болу үшін күнә істемеу табиғи мінез халіне ену керек. Сол үшін көңілдің жаман мінезден арылуы керек. “Көңілдің (жүректің) тазалануы, ислам дініне мойынсұнумен ғана іске асады.» Ислам діні үшке бөлінеді: білім, амал, ықылас. Біріншісі, әмірлер мен тыйымдарды үйрену. Екіншісі, үйренгендерімен амал ету. Үшіншісі, бұларды тек Аллаһу та’аланың разылығы үшін жасау. Құран кәрімде осы үшеуін бұйырып, мадақтауда. Бұл кітапта жүректі тазалау үшін тек қана тәрк етілуі қажет болған күнәлар айтылады. Бұлар “жаман мінез-құлық” деп аталады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024