Аллаһу та’аланың дүниедегі барлық адамдарға деген мейірімі шексіз. Адамдарға қажетті ниғметтерін жаратып, барлығына жіберуде. Дүниеде және ахиретте бақытқа қауышулары үшін бұл ниғметтерді қалай қолдану, қалай пайдалану керектігін де көрсеткен. Исламды мүлдем естімеген кәпірлердің жаһанннамға кірмейтінін, есеп-қисаптан кейін жануарлар секілді жоқ болып кететінін хазреті Имам Раббани 259-шы хатында білдірген. Естігеннен кейін иман келтіргендерді жаннатқа кіргізеді. Құлдарына ойлану үшін бір ғұмырлық уақыт берген. Нәпістеріне, жаман достарға, зиянды кітаптарға және шет елдік ақпарат құралдарына алданып күпірлікке түскендерді және адасқан жолда жүргендерді иман келтіргеннен кейін кешіреді. Оларды мәңгі пәлекеттен құтқарады. Ал азғын, залым құлдарына хидаятты (имандылықты) нәсіп етпей, өздері ұнатқан, қалап таңдаған жолдарының шырмалаңына тастайды. Ахиретте тозаққа кіруі керек болған мүміндердің ішінен қалағанын күнәларының мөлшеріндей жаһаннамда азаптап, қайта жаннатқа кіргізеді. Барлық жан біткенді жаратып, бар қылып ұстап тұрған, оларды қорқыныш пен үрейден сақтап тұрған жалғыз Ол.
Кімде-кім кез келген уақытта, кез келген жерде, кез келген адамға, кез келген нәрсеге байланысты, кез келген түрде рахметін, алғысын айтса және хамд (мадақтау), шүкір етсе, бұл мақтаулар мен алғыстардың барлығы Аллаһу та’алаға ғана тән болады. Өйткені барлық ниғметті (жақсылықты) жаратқан да, жіберген де Ол. Егер Ол естеріне салмаса, күш-қуат пен жеңілдік бермесе, ешкім жақсылық та, жамандық та жасай алмайды. Әрдайым Оның қалаған нәрселері болады, Оның қаламағандарын ешкім жасай алмайды. Хадис құдсиде былай делінген: «Адамдарды Мені тану арқылы мәртебеленулері үшін жараттым.» Мұны естігенде “Кәпірлер дүниеде Аллаһу та’алаға сенбейді. Сондықтан мұндай хадис шәриф болмаған” деп айту дұрыс емес. Өйткені ғалымдар мен әулиелер белгілі бір дәрежеге көтерілгенде, белгілі бір жасқа келгенде Аллаһу та’аланы тани бастайды. Кәпірлер ахиретте таниды. Танымайтын ешкім қалмайды.
Хамд (мадақтау) дегеніміз барлық ниғметтерді Аллаһу та’аланың жаратқанына және жібергеніне сену және айту деген сөз. Шүкір деп барлық ниғметтерді ислам үкімдеріне сай қолдануды айтады. Ниғмет деп пайдалы нәрсені айтады. Ниғметтер әһли сүннет ғұламаларының кітаптарында білдірілген. Әһли сүннет ғұламалары дегеніміз мәшһүр төрт мазһабтың ғалымдары.
Оның сүйікті пайғамбары, адамдардың ішінде барлық тұрғыдан ең көркемі, ең үстемі болған Мұхаммед алейһиссаламға және оның көркем мінезімен, ілімімен безенген туыстарына, яғни достарына және сахабаларының барлығына “ридуануллаһи та’ала алейһим әжма’ин” бізден дұғалар мен сәлемдер болсын.
Мұсылмандардың үйренулері тиісті болған білімдер “Ислам білімдері” деп аталады. Ислам білімдері “дін ілімдері” және “жаратылыстану ілімдері” болып екіге бөлінеді. Жаратылыстану ілімдеріне “хикмет” деп те айтылған. Дін реформистері жаратылыстану білімдерін “рационалды ілім”, ал дін білімін “cхоластика ілімі” деп атайды. Пайғамбарымыз “саллаллаһу алейһи уә сәлләм”: “Хикмет - мұсылманның жоғалтқан дүниесіндей. Оны қайдан тапса, алсын!” деп бұйырған. Бұл хадис шәриф жаратылыстану ілімдерін үйренуді бұйырады. Дін білімдерінің негізгілері жиырма ілім. Бұлардың сегізі “жоғары”, он екісі “көмекші” білімдер. Жоғары білімдердің бірі – “Ахлақ ілімі”.
Көркем мінезді болған және заманының жаратылыстану ілімін меңгерген мұсылманға “мәдениетті”, яғни “зиялы, оқымысты, өркениетті” делінеді. Ғылымда ілгерілеп, өнеркәсіп ашқан, бірақ мінез-құлқы бұзық адамға “залым”, яғни керітартпа, қарақшы, диктатор делінеді. Жаратылыстану ілімінде де, кәсіпте де артта қалған және мінез-құлқы бұзық адамдарға “жабайы”, пасық делінеді. “Мәдениет” деп қалалар құру және адамдардың тұрмыстық жағдайын көтеруді айтады. Бұл да жаратылыстану ілімімен өнерді игеру және жақсы мінез арқылы жүзеге асады. Қысқасы, жаратылыстану ілімімен өнердің жақсы мінезбен бірге болуына “мәдениет” делінеді. Мәдениетті адам өнер мен ғылымды адамдарға қызмет ету үшін қолданады. Ал залымдар болса, оны адамдарға жәбір көрсету үшін қолданады. Көріп отырғанымыздай нағыз мұсылман – озық ойлы, алдыңғы қатарлы зиялы адам. Дінсіз-имансыз, құдайсыздар (коммунисттер) керітартпа, қарақшы бейбақтар. Бұдан көргеніміздей мәдениет – қалалар мен ғимараттар салу, ілгерілеу деген сөз. Бұл да жаратылыстану ілімі және өнеркәсіппен бірге жүзеге асады. Адамдардың рахат, жақсы өмір сүрулері ислам ахлақы және пікірлердің өркендеуінің арқасында болады.
Әрбір мұсылманның ислам білімдерін қажетінше үйренуі парыз. Сондықтан ислам ғұламалары көптеген кітаптар жазған. Бүгін оқырманға ұсынғалы отырған "Ислам Ахлақы" айдарымен берілетін мақалалардың бірінші бөлімі Мұхаммед Хадимидің (рахима-һуллаһи та’ала) (1762ж. қайтыс болған) “Бәриқа” кітабынан аударылған. Бұл бөлімде исламға жат болған мінез-құлықтардың және олардан сақтану және арылу жолдары білдіріледі. Бұл жаман мінездер – көңілдің (жүректің) аурулары болып табылады. Көңілді (жүректі) және рухты мәңгілік өлімге алып барады. Басқа кітаптардан алынған қосымша мағлұматтар тік жақшаның ішіне жазылған. Мақалалардың екінші бөлімі х.979 (м.1572) жылы Едірнеде қайтыс болған Әли бин Әмруллаһтың (рахима-һуллаһу та’ала) “Ахлақи алаи” атты кітабының негізгі бөлімінен алынып, ахлақтың анықтамасы мен түрлері айтылған.
Бұл еңбекті оқыған оқырмандар ата-бабаларының саламатты, көркем мінезді, еңбекқор, мәдениетті, алдыңғы қатарлы ел болғандығын ұғынып, ислам дұшпандарының жалған жалаларына алданудан сақтанады.Ей, көңілі таза жастар! Ислам дінінің көркем мінезін үйрену мен таратуда өмірлерін сарп еткен, Аллаһу та’аланың дінін жаюда жандарын пида еткен шәһидтердің текті де құрметті ұлдары! Қасиетті ата-бабаларымыздың сендерге толық және тура алып келген, аманат қылған мүбәрәк ислам дінін және соның білдірген көркем мінезін жақсылап үйреніңдер. Көрікті елімізге көз тіккен дін, жан, ахлақ дұшпандарына қарсы осы қасиетті аманатты сақтап қалуға, дүние жүзіне таратып, адамдарды бақытқа қауыштыруға тырысыңдар. Естеріңде болсын, дініміз көркем мінезді болуды, бір-бірімізді жақсы көруді, үлкенге құрмет, кішілерге ізет көрсетуді, барлық адамдарға да жақсылық жасауды бұйырған. Әрбір адамның құл ақысын, жалақысын өтеңдер. Заңға, мемлекетке қарсы шықпаңдар. Салықтарыңды уақытында төлеңдер. Аллаһу та’аланың тура жолда жүретін құлдарын әрқашан қолдайтынын ұмытпаңдар. Бір-бірімізге жәрдемдесейік, жақсы көрейік, жәрдемшіміз Аллаһу та’ала болсын!
Ислам ғұламалары былай дейді: «Аллаһу та’ала адамда үш нәрсені жаратты: ақыл, көңіл (жүрек) және нәпіс. Бұлардың еш қайсысы көзге көрінбейді. Бұлардың бар екенін әсерінен, істерінен және дініміздің білдіруі арқылы білеміз. Ақыл және нәпіс ой-санамызда, ал көңіл – кеудеміздің сол жағында орналасқан жүрегімізде. Бұлар көзге көрінетін зат емес, белгілі бір орын да алмайды. Олардың болмысы электр қуаты, электромагниттік өріс секілді. Ақыл жаратылыстану ғылымдарын тануға, түсінуге тырысады. Исламға сай болып болмаған, жақсы және жаман нәрселерді бір-бірінен ажыратады. Жақсы, жаманды ислам өз ішінде бөліп қарайды. Исламды білетін, мойынсұнуды қалайтын ақылға “ақли сәлим” (кәміл ақыл) делінеді. Ақылы аз, әрдайым қателесетін адамға “ақымақ”, ал ақылы жоқ адамға “мәжнүн” (жынды) делінеді. Сәлим ақыл ислам дінінің білдірген жақсы нәрселерін жүрекке білдіреді Жүрек те бұларды жасауды қалап, ақыл-ойдан шыққан әрекеттердің себебімен, ағзаларға, дене мүшелерге жасатады. Жақсы және жаман нәрселерді жасау әрекетінің жүрекке орнығуын “ахлақ”, “мінез” деп атайды. Нәпіс – денеге ұнамды, ләззат беретін нәрселерге құмар болады. Олардың жақсы немесе жаман, пайдалы немесе зиянды екендігін ойламайды. Оның қалаулары исламның әмірлеріне сайкес келмейді. Исламның тыйым салған нәрселерін жасау нәпсіні қуаттандырады. Ол одан бетерін жасауды қалайды. Жаман, зиянды нәрселерді жақсы қылып көрсетіп, көңілді (жүректі) алдайды. Көңілге осыларды жасатып, зауықтарына қауышуға тырысады. Көңілдің нәпіске алданып, жаман мінезді болмауы үшін ислам дінінің білдірген үкімдеріне мойынсұнып, көңілді қуаттандыру және нәпісті әлсірету керек. Ақылды қуаттандыру үшін ислам білімдерін үйрену қажет болғанындай жүректі қуаттандыру және тазалау үшін ислам үкімдеріне мойынсұну қажет. Ислам дініне мойынсұну үшін ықылас керек. “Ықылас” (ихлас) деп істерді, ғибадаттарды Аллаһу та’аланың әмір еткені үшін жасауды, басқа дүниелік пайдаларды ойламауды айтады. Жүректе ықыластың пайда болуы, көңілдің зікір етуімен яғни Аллаһу та’аланың есімін көп еске алумен болады. Зікірдің маңыздылығы “Қиямет және ахирет” кітабының 284-ші бетінде ұзақ ашықталған. Зікірдің қалай жасалатынын “Муршиди кәмил” деп аталатын кемел ұстаздан үйрену және ақылда, сезімде пайда болған дүниелік түсінікті жүректен шығару шарт. Дүние туралы ой қалмаса, көңіл өздігінен зікір ете бастайды. Зікірдің қалай жасалатыны “Садәти әбәдийа” кітабының 921-ші бетінде жазылған. Шиша ыдыстың ішіндегі су босағанда ауаның ыдысқа өздігінен кіретіні сияқты, көңілді (жүректі) дүниелік ойлардан сақтау да көңілдің кемел мүршидтің жүрегінен “файз” (нұр) алу арқылы болады. Көңілден көңілге бұл файз, махаббат жолымен құйылады. Мүршидтің (ұстаздың) басқа мемлекетте өмір сүруі немесе қайтыс болуы файздың келуіне тосқауыл болмайды. “Мүршид” деп ислам білімдерін жақсы меңгерген, исламға толық мойынсұнған, ықыласты әһли сүннет ғұламасын айтады. Исламға мойынсұну көңілге қуат беретініндей нәпсіні әлсіретеді. Сол себепті “нәпіс” көңілдің исламға мойынсұнуын, кемел мүршидтің сұхбатында болуды, кітаптарын оқуды қаламайды. Ақылына емес, нәпісіне еретін адамдар дінсіз болып қалуда. Нәпіс өлмейді. Бірақ күш-қуаты таусылғанда, көңілді алдай алмайды.»
Қазіргі таңда әлемдегі мұсылмандар үш топқа бөлінген. Бірінші топ – сахабалардың жолын ұстанған шынайы мұсылмандар. Бұлар Әһли сүннет, сүнни және фырқайы нәжие, яғни тозақ азабынан құтылған топ деп аталады. Екінші топ – сахабаларға дұшпан болғандар тобы. Бұлар шиа (шиит) немесе фырқайы заллә, яғни адасушы топ деп аталады. Үшінші топ - әрі әһли сүннетке әрі шиаларға дұшпан болған топ. Бұлар уаххаби және нәжди деп аталады. Өйткені бұлар алғаш рет Арабстанның Нәжд қаласында пайда болған. Бұл топты “лағнеттелген топ” деп те атайды. Өйткені уаххабилердің мұсылмандарды мүшрик деп атайтыны “Қиямет және ахирет” және “Садәти әбәдиа” кітаптарында жазылған. Мұсылмандарға кәпір деген адамға пайғамбарымыз лағнет айтқан. Шиит тобын еврейлер, уаххаби тобын ағылшындар құрып берген. Ал әһли сүннет жолын түркі халықтары ұстанып, сақтап қалған.
Қай топтан болмасын нәпісіне ерген, көңілі таза болмаған әрбір жан тозаққа кіруге лайықты болады. Сондықтан әрбір мұсылман нәпісін тазарту үшін әрдайым “Лә илаһә иллаллаһ” кәлимасын айтуы және көңілін нәпістен, шайтаннан, жаман достан және зиянды кітаптардан келетін күпірден, күнәлардан сақтау үшін әрдайым “Әстағфируллаһ” айтып жүруі қажет. Ислам дініне сай әрекет ететін адамның дұғалары сөзсіз қабыл болады. Намаз оқымағанның, ашық-шашық киінетін әйелдерге қарағанның, харам ішіп-жегендердің ислам дініне сәйкес әрекет етпейтіндері айдан анық. Олардың дұғалары қабыл болмайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024