Мұсылман – Аллаһу та’аладан қорқуы керек және Оның мейірімінен үмітін үзбеуі керек. Үміті қорқуынан көбірек болуы керек. Мұндай болған адамның ғибадаты зауқты болады. Жастарда қорқудың, ал кәрілерде үміттің көбірек болуы керек деп айтылған. Қорқусыз үміт, үмітсіз қорқу жаиз емес. Өйткені қорқусыз болу құтылатынына сенімді болуға, ал үмітсіз болу адамды қайғыға, үмітсіздікке түсіреді. Мұның екеуі де жаиз емес. Аллаһу та’ала хадис құдсиде: «Құлым мені ойлағанындай қарсы аламын» деп бұйырған. Хадис шәрифте де былай делінеді: «Қорқу мен үміт арасында болған мұсылман үміт еткеніне қауышады, қорыққан нәрсесінен амандықта болады.»
Зумәр сүресінің 53-ші аяти кәримасында: «Аллаһ бүкіл күнәларды кешіреді. Ол ғафур-ур-рахим» делінді. Бұлардан “рәжаның”, яғни үміттің көбірек болу керектігі түсінілуде. «Аллаһтан қорқуынан жылаған адам жаһаннамға кірмейді» және «Менің білгендерімді білгенсеңдер аз күліп көп жылар едіңдер» деген хадис шәрифтер де “хауфтың”, яғни қорқудың көп болуы керектігін көрсетуде.
Бір күнәһардың жаназасы
Хазреті Малик бин Динар өзі куә болған бір оқиғаны былай айтып берген:
«Басрада шағын ғана топтың бір жаназаны көтеріп шыққанын көрдім. Жаназаны шығарушылардан өзге артықша ешкім жоқ еді. Неліктен жаназаға жұрт келмегендігін сұрағанымда, сол жердегілерден бір кісі:
- Бұл адам өте үлкен күнәлар жасап, өмірін босқа өткізген болатын,- деді.
Бұған қарамастан мен де жаназа намазына қатыстым және мәйітті қабіріне түсіруге көмектестім. Жерлегеннен кейін сол жердегі бір ағаштың көлеңкесіне отырдым, қатты шаршағандықтан ұйықтап қалыппын. Түсімде екі періштенің көктен түскенін көрдім. Жаңа ғана жерленген жаназаның қабірін ашты. Бірі оның жанына түсіп, екінші періштеге:
- Оны тозақтық деп жаз. Мұның күнә істемеген бірде-бір мүшесі жоқ!- деді. Сырттағы періште оған:
- Ей бауырым, асықпа, бірден шешім қабылдама! Көздерін бір тексеріп көр! - деді.
- Көздерін тексердім. Екі көзінің де харамға толы екенін көрдім,- дегенінде, сырттағы періште оның құлақтарын, тілін, қолдары мен аяқтарын да тексеруін сұрады. Мынадай жауап алды:
- Құлақтарын тексердім, жаман нәрселерді тыңдауымен толғанын көрдім. Тілін тексердім, тыйымдардан шектелмегенін, харамдарды тілге алумен толы екенін түсіндім. Қолдарын бақыладым, екі қолының да харам болған ләззаттарға және нәпсінің қалауларына толы екенін көдім. Аяқтарын да тексердім, аяқтарының да жаман істерде жүрумен толы екенін көрдім!
- Ей бауырым! Сен сонда да асықпа. Мен де оның жанына түсіп көрейін.
Екінші періште мәйіттің жанына түсті. Біраз уақыт күтіп досына былай деді:
- Ей бауырым, мен мұның жүрегін тексердім, иманының бар екенін көрдім. Оны мейірімге қауышқан бақытты жан деп жаз! Аллаһу та'аланың мейірімі оның күнәларымен қателіктерін толығымен жауып тастауда...»
Хазреті Имам Йафии осы оқиғаны жеткізгеннен кейін былай деді:
«Бұл бақыт, ол адам үшін Аллаһу та'аланың берген ихсаны (мейірімі) болды. Бұл ихсанға әркімнің қауышпауы да мүмкін. Сондықтан, әркім дүниеде, тірі кезінде дайындығын жасауы керек және Аллаһу та'аладан дүние мен ахиретте соңының жақсы болуын, кешірілуін сұрауы керек.»
Аллаһтан үш нәрсе сұрадым
Табииннің ұлыларынан хазреті Амр бин Утба былай дейді:
«Аллаһу та'аладан үш нәрсе сұрадым. Екеуін ихсан етті, үшіншісін де ихсан ететіндігіне үміттенемін. Біріншісі, Аллаһу та'аладан менің дүниелікке беріліп кетпеуімді тіледім. Дүниеліктің қолымда болуымен болмауы мен үшін бірдей болды, мені өзгертпеді.
Екіншісі, намаз оқу үшін күш-қуат беруін сұрадым, оны да ихсан етті.
Ал үшіншісі, маған шәйіт болуды нәсіп етсін деп сұрадым. Мұны да ихсан ететіндігіне үміттенемін.»
Ахирет жұмыстарында, яғни ғибадаттарда тәуекел болмайды. Ахирет жұмыстарында тәуекел ету емес, қорқу және үміт ету керек. Әмірлерді орындау, бұлардың қабыл болуы мен сауап берілуі үшін Аллаһу та'аланың мейіріміне, ихсанына сеніп, үміттену керек.
Қорыта айтқанда, мұсылман, Құран кәрімдегі сүйіншіленген аяттарға иман етіп, сенуімен қатар, «бәйнәл хауфи уәррәжа», яғни қорқыныш пен үміт арасында болуы керек және Аллаһу та'аланың шексіз ихсандарын да күтуі керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024