Расулуллаһ Тәбүкте Әйлә халқына бір сенімділік, қауіпсіздік бұйрығын жазып берген кезде оның белгісі ретінде бір бүрдесін (бешпент) де берген болатын.
Әбул Аббас Абдуллаһ бин Мұхаммед бұл бүрдені олардан үш жүз динарға сатып алды. Аббас ұлдары оны атадан балаға мұра етіп қалдырды.
Халифалар мереке күндерінде оны киіп, пайғамбарымыздан қалған аса таяқты қолдарына алып сыртқа шыққандарында, елдің жүректерін үрей билейтін.
Атақты араб ақыны Кааб бин Зухәйр кешірім сұрау және мұсылман болу үшін пайғамбарымызға барып, ішінде «Күмән жоқ, Расулуллаһ тура жолды көрсететін бір нұр, жамандықтарды жою үшін суырылған Аллаһтың өткір қылыштарының бірі» деген шумақтары бар «Банәт суад» қасидасын (мадақ өлең) оқыған кезде Расулуллаһ үстіндегі бешпентін шешіп оған кигізді.
Хазреті Муауия өзінің халифалығы кезінде Кааб бин Зухәйрге «Расулуллаһтың бүрдесін бізге сат» деген хабар мен он мың дирхам жіберді. Кааб бин Зухәйр «Мен Расулуллаһтың бүрдесін киюде өзімнен басқаны артық санамаймын» деп хазреті Муауияның ұсынысын кері қайтарды. Кааб бин Зухәйр қайтыс болғаннан кейін хазреті Муауия оны Каабтың ұлдарынан жиырма мың дирхамға сатып алды.
Пайғамбарымыздың Кааб бин Зухәйрге берген бұл мүбәрәк бүрдесі халифадан халифаға мұра болып өтіп отырған.
Әмәуи сұлтандығы ыдырағаннан кейін алғашқы Аббаси халифасы Әбул Аббас Сәффах бин Абдуллаһ бин Мұхаммед оны үш жүз динарға сатып алды.
Оны халифалар мерекелерде киетін. Халифа Муқтәдир өлтірілгенде қаны тиіп кірленді. Аббасилер Мысырға барғанда оны да алып барды. Османдық Сұлтан Сәлим Мысырды бағындырып, халифа болған кезде Мысырдағы «Қасиетті аманаттар»дың арасында бұл бүрде де Стамбулға әкелінді.
Стамбулда Топқапы Сарайында «Хырқа-и сәадет» бөлімінде көрмеге қойылған бұл бүрденің ұзындығы 1,24 см, кең жеңді, қара жүн матадан тігілген.
Бүрденің іші ірі тоқылған жүн матамен қапталған. Алдының оң жағында 0,23х0,30 см мөлшерінде жыртылған жері бар. Оң жеңінің де кем жерлері бар. Әр жері жыртылған.
Көптеген маталарға оралып, 0,57х0,45х0,21 көлеміндегі үстінен ашылатын қақпағы бар алтын жәшіктің ішіне қойылған. Мүбәрәк бүрденің осы көлемде ІІІ. Сұлтан Мұрат тарапынан жасатылған алтын қорабы да бар. Ол үлкен өнермен жасалып, асыл тастармен әшекейленген.
Пайғамбарымыздың запыранмен боялған бір жамылғысы бар болатын. Оны әйелдерінің үйінде жамылатын. Хамиса – төрт бұрышты, екі жағы өрнектелген қара қалың мата. Пайғамбарымыз ауырмай тұрғанда хамисаның үстінде намаз оқитын.
Хазреті Айшаның айтуынша, пайғамбарымыз бір күні хамисаның үстінде намаз оқып отырғанда көзі өрнекке түседі. Сәлем бергеннен кейін «Бұл хамисаны Әбу Жәһмге апарыңдар. Өйткені, жаңа бұл намазымда менің көңілімді бөлді. Маған Адый бин Каабтардан Әбу Жәһм бин Хузәйфә бин Ғанимның Әнбижаниесін әкеліңдер» деді.
Әбу Жәһм: «Йа Расулаллаһ! Мұны неге жібердіңіз?» деп сұрағанда Расулуллаһ: «Намазда көзім оның өрнектеріне түсті» деді. Бұл хамисаны пайғамбарымызға Әбу Жәһм сыйлаған болатын.
Әнбижан деп аталатын қалада жүннен, өрнексіз тоқылатын жамылғыны «Әнбижание» деп атайды. Пайғамбарымызға Хайбар олжасынан үлес ретінде бір хамиса түскен болатын.
Пайғамбарымыз ескіре бастаған бұл хамисаның үстінде намаз оқитын. Пайғамбарымыз соңғы ауырғанында қиналған кезде осы хамисаны жиі-жиі үстіне жабатын. Қысылғанда оны алып тастап, жүзін ашатын.
Мәдинаның топырағы ылғалды, құнарсыз болғандықтан бұл хамиса Расулуллаһ қайтыс болған соң, қабірінің астына төселді.
Бәни Дар алқасынан Хани бин Хабиб хижреттің тоғызыншы жылы Мәдинаға келген кезінде Расулуллаһқа сырмалы киім сыйлаған.
Пайғамбарымыз бұл киімді көкесі хазреті Аббасқа берді. Хазреті Аббас «Мұны не істеймін?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Алтынын сөгіп ал, әйеліңе әшекей ет немесе сатып күнелт, атласын да сат, ақшасын ал» деді. Хазреті Аббас бұл киімді бір яһудиге сегіз мың дирхамға сатты.
Әнәс бин Малик айтады: «Король Зиязен отыз үш кәрі ұрғашы түйеге сатып алған бір хулләні (асты-үсті киім) пайғамбарымызға сыйлаған, Расулуллаһ алейһиссалам оны қабылдаған».
Исхақ бин Абдуллаһ бин Харис: «Расулуллаһ алейһиссалам жиырма тоғыз шақты жас түйе беріп сатып алынған бір хулләні Зиязенге сыйлады» деген.
Хуллә деп Йемен матасынан немесе басқа матадан асты-үсті бар, екі жұп киімге айтылады. Жалғыз киім хуллә деп саналмайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024