Сұрақ: Мешітте мән берілуі керек нәрселер нелер?
Жауап: Біразы мыналар:
1- Мешітке кірген адамның ол жерде намазды күтіп отырғандарға сәлем беруі жақсы болады. Бірақ, сүннетті оқып парыз намазын күтіп отырғанда сырттан келген адамның сәлемін алу, сүннет пен парыздың арасында бірнәрсе оқу, сөйлесу және нәпіл намазын оқу сүннет намазының сауабын жоқ қылады. Уақыт аз болса, тәфәккур ету керек немесе көңілмен зікір ету керек, уақыт бар болатын болса қаза намазын оқу керек. Егер Құран Кәрим оқылып жатқан болса, оны тыңдау үлкен сауап болады. Бамдат намазының сүннетін үйінде оқып келген адам да мешітке кірген кезде сөйлеспейді, даусын шығарып ешнәрсе оқымайды.
2- Мешітке кіргеннен кейін алғы сапқа өту керек, жасы үлкендер бар деп артта тұрмау керек. Бірінші сапта бос орын тұрғанда екінші сапта тұру мәкрух болады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Имамның дәл арқасында тұрғандарға жүз, оның оң жағындағыларға жетпіс бес, сол жағындағыларға елу және қалған саптағыларға жиырма бес сауап беріледі.» (Ширъа)
«Мешіт әһліне рахмет алдымен имамға, сосын оң жағындағыларға, сосын басқа саптарға түседі.» (Дәйләми)
«Аллаһу та'ала бірінші саптағыларға рахмет етеді, періштелер де бірінші саптағыларға дұға және истиғфар етеді.» (Әбу Дауд, Нәсаи, И. Ахмед)
«Ең хайырлы сап – бірінші сап. Сауабы ең аз болғандар ең арттағы саптар.» (Мүслим)
«Бірінші саптың құны білінгенде еді, ол жерге өту үшін жеребе тартылар еді.» (Мүслим)
«Намаз оқып тұрғанда (жамағат ішінде) ізгілігі мол болғандарға бірінші сапта, басқаларға соңғы сапта болу нәсіп болады.» (Мүслим)
Жаннаттқа кіруі үшін не істеуі керек екенін сұраған бір адамға пайғамбарымыз алейһиссалам «Муәззин немесе имам бол» деп бұйырды. Ол адам «Мұны істей алмаймын» деді. «Олай болса намазыңды бірінші сапта оқы» деп бұйырды. (Бұхари)
Бірінші сапқа өту үшін ешкімге түртіп, басып зиян жеткізбеу де керек. Хадис шәрифте былай делінді:
«Адамдардың мазасын алмау, оларға зиянын тигізбеу үшін алғы сапқа өтпеген адам екі есе сауапқа қауышады.» (Табарани)
3- Пайғамбарымыз алейһиссалам мешіттің оң жағында болудың сауабы мол екенін айтқанда Әсхаби кирам мешіттің оң жағын толтыра бастады. Сол жағы бос болып қалды. Мұны көрген пайғамбарымыз алейһиссалам былай деп бұйырды:
«Мешіттің сол жағындағы бос орынды толтырған адам екі есе көп сауап алады.» (Табарани)
Демек, әуелі оң жаққа тұрудың сауабы сол жаққа тұрғаннан көп. Сол жақта бос орын қалса ол жерді толтырудың сауабы оң жақтағыдан да көп болады.
4- Кең мешітте намаз оқығанда да, тіпті жамағаты бір сапқа әрең жететін намаздарда да саптағылар тығыздау тұру керек. Саптардың тығыз болуы – рахметтің (мейірімділік) келуіне себеп болады. Саптар тығыз болып, иықтар бір-біріне тиіп тұруы керек. Сахабалар сапта тығыз тұрғандықтан бірінші болып киімдерінің иық жақтары ескіріп кететін. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Намазда иық-иыққа тығыз тұрыңдар! Ашық жерлерді жабыңдар, шайтан кірмесін!» (Хаким)
«Хақ та'ала сапты тығыз ұстағанға рахмет (мейірімділік) етеді, сапта бос орын қалдырғанға ашуланады.» (Нәсаи)
«Саптағы бос орынды толтырғанның күнәлары кешіріледі.» (Бәззар)
5- Үлкен мешіттерде намаз оқып тұрған адамның аяқ пен сәжде арасынан, кішкентай мешіттерде аяқ пен қыбла дуалы арасынан өткен адам күнәға кіреді. Хадис шәрифте былай делінген:
«Намаз оқып тұрған адамның алдынан өтудің қандай күнә екенін білген адам, өтпей жүз жыл күтіп тұруды таңдар еді.» (Ибни Мажә)
Адамдар өтетін жолға қарай намазға тұрған адамға да күнә болады. Тек, алдыңғы сапта бос орын болып, соны толтыру үшін намаз оқып тұрған адамның алдынан өту күнә болмайды. Өйткені ол адам алдыңғы сапқа өту мәртебесінен өзі бастартып, өз құрметін түсіріп тұр деген сөз. Намаз оқып тұрған адамның алдынан адам немесе жануар өтсе намазы бұзылмайды. Намазды бір сүтрә (перде) , яғни тірек сияқты бір нәрсенің артында оқу керек. Хадис шәрифте былай делінген:
«Намазға тұрғанда алдарыңа бір сүтрә (перде) қойыңдар! Өткісі келген адамға кедергі жасаңдар!» (Ибни Мажә)
(Өтіп бара жатқан адамға белгімен, дауыс шығарып оқу арқылы кедергі болу жаиз болса да, бұларды істемеген жақсы.)
6- Мешітте сөйлесу, күлу, әзілдесіп-ойнау сауаптарды жоқ қылады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Мешітте дүние сөзін сөйлеген адамның аузынан жаман бір иіс шығады. Періштелер «Йа Раббым, бұл құлың мешітте айтқан сөзі үшін аузынан шыққан жаман иіс бізді мазалауда» деп айтады. Хақ та'ала «Ұлылығымның ақысы үшін оларға үлкен бәле беремін.» дейді.» (Әййуһәл уәләд)
Мешітке кірген кезде алдымен екі рәкат тәхиатул-мәсжид намазын оқып немесе басқа ғибадат жасап итикафқа ниет еткеннен кейін, дауыс көтермеу шартымен сөйлеу жаиз болады. Зәру жағдайсыз сөйлесуге болмайды. Хадис шәрифте былай делінген:
«Ақыр заманда кейбір адамдар мешіттерде дүние туралы сөйлеседі, дүние сөзін айтады. Олармен бірге болмаңдар! Аллаһу та'аланың ондай адамдармен ісі жоқ.» (Ибни Хиббан)
Мешітке кіргенде парыз немесе басқа намаз оқылған кезде тәхиатул-мәсжид намазы оқылған болса да, сүннетті немесе парызды бастар кезде «Уақыттың сүннетіне және тәхиатул-мәсжид намазына» деп ниет етілсе, екі ниетінің де сауабын алады.
7- Сүннет пен парыз арасында дұға, сүре немесе үш ихлас оқымау керек. Ал мұны әдет қылып алу бидғат болады. Ғибадаттарға өзінше қосымшалар енгізу - дінді өзгерту болады. Хадис шәрифте «Ғибадаттарын біз сияқты орындамағандар бізден емес» делінген.
Пайғамбарымыз алейһиссалам қалай ғибадат жасаған болса, мазһаб имамымыз мұны қалай білдірген болса, солай орындалу керек. «Мынаны да істей салайық, ананы да қоса салайық» деу – дінде реформа жасау болады. Бұл мүлдем жаиз емес. Сүннет пен парыздың арасында бірнәрсе оқудың сүннетті жоқ қылатыны Бахр-ур-раиқ кітабында жазылған.
8- Жамағатпен намаз оқылып жатқанда келген адамның жамағатқа қосылмай сүннет намазына кірісуі мәкрух болады. Бамдат намазының сүннетін оқымаған адам, егер сүннетті оқитын болса жамағатпен намаздың соңғы отырысына жете алмайтынын түсінсе, сүннетті оқымай имамға ұйиды. Жамағатпен екінші рәкаттағы отыруға үлгере алатындай болса, сүннетті мешіттің сыртында, басқа бөлмесінде тез оқып алады. Сыртта оқитын мүмкіншілік болмаса мешіттің ішінде бір тіректің артында оқиды. Ондай жер де болмайтын болса сүннетті оқымайды. Өйткені, жамағатпен парыз намаз оқылып жатқанда нәпіл оқу мәкрух болады. Мәкрух істемеу үшін сүннет тәрк етіледі. Жұма күні имам хутба оқу үшін мінберге шыққанда сүннетті оқуға кірісу де мәкрух болады.
9- Мешітте парызды жалғыз оқып қойған адамның бесін мен құптан намаздарында қасында жамағатпен намаз оқыла бастаса, ол адам имамға ұйып нәпіл намаз ретінде оқиды немесе мешіттен шығып кетеді. Қалған үш намазды жалғыз оқып қойған адамның, жамағатпен оқылып жатқанда да жамағатқа ұйып нәпіл ретінде оқи алмайтындығынан, мешіттен шығуы уәжіп болады. Өйткені, сол жерде тұрып жамағатқа қосылмау күнә болады.
10- Мешітке жуа (пияз), сарымсақ сияқты жағымсыз иісті бір нәрсе жеп келу де дұрыс емес. Хадис шәрифте былай делінген:
«Сарымсақ жеген адам, иісі кетпей мешітімізге жақындамасын, адамның мазасы кететін нәрселерден періштелер де мазасыз болады.» (Табарани)
Май, кір және сасып тұрған киіммен, кір аяғымен мешітке келіп адамдарды мазаламау керек!
Кейбіреулер темекі иісінен де мазасызданады. Сондықтан, аузы мен киімінен темекінің иісі шығатындар тазаланып, иістерін кетіргеннен кейін мешітке кіру керек. Жалаң аяқ намаз оқу Ханафи мазһабында мәкрух болады. Шұлығы кір болған, иістенген және таза шұлық таппаған адам жамағатты мазаламау үшін, яғни харам нәрсе істемеу үшін шұлықсыз намаз оқи алса да, мәкрух істемеу үшін алдын ала мұның шарасын іздеп, мешітке ескі болса да таза шұлықпен келу керек.
Мұсылмандардың денелері, сырт және іш киімдері, ыдыс-аяқтары, тамақтары таза болады. Тазалық болғаннан кейін микроп пен ауру болмайды. Құран Кәрімде «Таза болғандарды жақсы көремін» делінген. (Бақара 222)
Хадис шәрифте де былай делінген:
«Мұсылмандық тазалық діні. Таза жүріңдер! Жаннатқа тек таза жүретіндер кіреді.» (Дәйләми)
11- Итикафқа ниет еткендердің тысындағылардың мешітте бір нәрсе жеп-ішулері мәкрух болады. Сондықтан мешітке кірер кезде итикафқа ниет ету керек.
12- Мешітте отыру сауап болады. Хадис шәрифте «Бес нәрсе ғибадат: Аз жеу, мешітте отыру, Қағбаға, мусхафқа және ғұламаның жүзіне қарау.» делінген. (Дәйләми)
Мешітке жаман ниетпен, мысалы аяқ киім ұрлау үшін кірген адам күнә істеген болады. Мешіттің Аллаһу та'аланың жақсы көретін жері екенін ойлаған адам, бұл жерге келсе сауабы арта түседі. Намаз оқуды күту үшін, мешітте итикаф етіп ахиретті ойлау үшін, уағыз тыңдау үшін де ниет ететін болса, әр ниетіне бөлек-бөлек сауапқа қауышады.
13- Көп адам орындыққа отыруға үйреніп қалғандықтан мешітте тізе үстіне (тізе бүгіп) отыра алмайды. Малдас құрады немесе тізесін көтеріп отырады. Мәжбүр болмағанша бұлай отыру әдепке сай емес. Құран кәрім оқу Аллаһу та'аламен сөйлесу деген сөз. Құран кәрім оқып отырғанда жайғасып отыру жағымсыз болады. Тәсбих тартқанда, зікір еткенде де мүмкіндігінше тізерлеп отыруға тырысу керек. Мұсылмандардың қасында да әдепті отыру керек. Пайғамбарымыз қызының жанында да бір де бір рет аяғын созып отырған емес.
Әулиелердің бірі тізерлеп отырудан шаршапты, біраз малдас құрып отырайын депті. Малдас құрып отырғанында «Құл мырзасының жанында осылай отыра ма?» деген дауыс есітеді. Осыдан кейін ол әулие өмір бойы тізерлеп отыратын болған екен. Құл болған адам да зәру болмайынша Раббының дәргейінде әдепті отыруға тырысу керек.
14- Азаншы қызметін атқаратындардың кейбір нәрселерді білуі керек. Мысалы, жүріп бара жатып қамат оықлмайды. Қамат оқып тұрғанда қол байланбайды. Үш истиғфар, намаздардың соңында оқылады. Бамдат пен екіндінің парызынан кейін сәлем беріп, «Аллаһуммә әнтәссәләму ...» дегеннен кейін, бесін, ақшам мен құптан намаздарында соңғы сүннеттен кейін оқылады. Азаншы, жамағат намаз оқып тұрғанда артта бөлек тұрмайды, жамағатпен бірге сапта тұрады. Жамағаттың артында «азаншының орны» деп аталатын жерде жалғыз өзінің тұруы мәкрух болады.
15- Үйде, мешітте немесе мұнарада азан қыбла бағытына қаралып оқылады. Хаййәаләссалаһ деп жатқанда тек жүзді (бетті) ғана оңға, хаййәаләлфәлаһ деп жатқанда жүзді солға бұру сүннет болып табылады. Дене бұрылмайды.
Азан оқылып жатқанда Расулуллаһ алейһиссаламның атын естіген адам, екі қолдың бас бармақтарын, екі көзінің үстіне қойып «Екі көзімнің нұрысың сен йа Расулаллаһ» деп айтады. Хазреті Әбу Бәкір Сыддық азан оқылып жатқанда, Расулуллаһтың атын естіген кезде, екі бас бармағының тырнағын сүйіп көзіне сүрді. Пайғамбарымыз алейһиссалам себебін сұрағанда «Йа Расулаллаһ, сіздің мүбәрәк атыңызбен берекеттену үшін» деді. Расулуллаһ «Жақсы істедің. Бұлай істеген адам көз ауруына шалдықпайды.» деді.
16- Аталарымыз мешіттерді қараңғы қылған. Қатты жарықта ғибадат ету хушуға кедергі болады. Осы тұрғыдан мешіттерде жарық жағу әрі хушуға кедергі болады, әрі ысрап болады. Мешітте мүбәрәк түндерде жарықты керегінен артық жағу бидғат болады. Кітап оқып жатқанда, Құран кәрім оқып жатқанда немесе басқа бір нәрсеге керек кезде, керекті мөлшерінде ғана жағуға болады.
17- Ешқандай зиянын тигізбесе де мешітке кішкентай баланы әкелу мәкрух болады. Зиянын тигізетін, кірлететін болса харам болады. Хадис шәрифте «Мешітке бала мен жындыны кіргізбеңдер» делінген. (Ибни Мажә)
18- Жамағатқа үлгере алмай жатса да мешітке қарай жүгірмеу керек. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Намазға бара жатқанда жүгірмеңдер!» деген. Жамағатқа үлгеру үшін жүгіру мәкрух болады.
19- Жолда ешкіммен сөйлеспейтін болса бамдат намазының сүннетін үйде оқу керек. Хадис шәрифте былай делінген: «Бамдаттың сүннетін үйде оқу, ризықтың берекесіне, үй ішіндегілермен жақсы мәміледе болуға және иманмен өлуге себеп болады.» (Имад-ул-ислам)
20- Имамның соңғы сүннетті парызды оқыған жерінде оқуы мәкрух болады. Жамағаттың бір орында оқуы жаиз. Орын ауыстыру үшін біреуді тартып, біреудің мазасын алмау керек.
21- Мешітте ғибрат, жақсы ахлақ, насихат беретін шумақтар мен илаһилерді анда-санда оқу күнә емес. Үздіксіз осылай уақыт өткізу мәкрух болады.
22- Мешіттерді бірінші жамағаттың имамы михрапта оқытпаса мәкрух болады. Имамы мен жамағаты белгілі адамдар болған әр мешітте, уақыт намаздары имам михрапта тұрып жамағатпен оқылғаннан кейін, қайтадан жамағат бола алады. Бірақ, кейінгі жамағаттар михраптан басқа жерде оқулары керек.
«Егер кейінгі жамағаттың имамы михрапта болып, азан мен қамат оқылмаса, мәкрух болмайды.» деген ғұламалар да бар. Сондықтан кейіннен келген жамағаттардың михрапта оқымағаны жақсы болады! Жол бойындағы белгілі бір имамы болмаған мешіттерде, азан мен қамат оқылып, михрапта немесе мешіттің басқа жерінде жамағат бола алады. (Халәби)
23- Имам болған адам намазды созып жамағаттың құтын қашырмауы керек. Хадис шәрифтерде былай делінген: «Имам болғанда намазды жеңіл оқытыңдар! Жамағаттың ішінде кішкентай, кәрі, қарт, ауру және мұқтаж адам болуы мүмкін. Жалғыз оқығандарыңда ұзатуларыңа болады.» (Бұхари)
«Имам болған адам Аллаһтан қорқсын, имамдық жасағандарының сұрауы жүктелгенін білсін. Егер имам намазды кемшіліксіз оқытса, жамағаттың сауабындай имамға да беріледі. Егер кемшілікпен оқытса, күнәсі тек имамға ғана болады.» (Табарани)
24- Жалғыз өзі намаз оқып отырған адам сәлем бергенде хафаза періштелеріне ниет етеді. Жамағатпен оқыған адам періштелермен қоса оң жағындағы және сол жағындағы жамағатқа да ниет етеді.
25- Мешітке кірген адам қамат оқылып парыз намазы басталғанын көрсе, дереу имамға ұюуы тиіс. Өйткені жамағат намаз оқып тұрғанда сүннет намазын оқу мәкрух болады.
Бамдат намазының парызы оқылып жатқанда мешітке келген адам, жамағаттан бөлек бір жерде сүннетін оқып, сосын барып имамға ұяды. Егер сүннетті оқып бітем дегенше жамағатқа үлгере алмайтынын сезсе, дереу имамға ұяды. Парыз намазын оқып болғаннан кейін сүннетін оқи алмайды. Өйткені, бамдат намазының парызы оқылып болғаннан кейін сүннет оқылмайды.
Түсте мешітке келген адам, қамат айтылып, жамағат парызды бастап қойған болса, дереу имамға ұяды. Парызды оқып болғаннан соң оқи алмаған алғашқы сүннетін оқиды. Содан кейін соңғы сүннетті оқиды. Құптан намазының парызы оқылып жатқанда мешітке келген адам да, осы айтылғандай етіп істейді. (Халәби)
Екінді намазының парызы оқылып жатқанда мешітке келген адам, дереу имамға ұяды. Парыз оқып болғаннан кейін сүннетті оқымайды. Өйткені екінді намазының парызынан кейін нәпіл намаз оқу мәкрух болады. Бірақ, қаза намазын оқу жаиз болады. Ақшам намазына 40 минуттай уақыт қалғанға дейін қаза намазын оқуға болады.
Мешітке кіріп, жамағат намазды бастамай тұрып, екіндінің сүннетін екі рәкат болса да оқуға мүмкіндік болса, екі рәкат оқып алу керек.
Пайғамбарымыздың алейһиссалам екіндінің сүннетін екі рәкат етіп оқыған кездері де болған. Сахабалардан «Расулуллаһ екіндінің парызынан бұрын екі рәкат намаз оқитын» деген риуаяттар келген.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024