Мүбәрәк сақалы мен шашы: Пайғамбарымыздың мүбәрәк шашы туралы хазреті Әнәс бин Маликтен (радиаллаһу анһ) сұралды:
- Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк шашы қандай еді?
Хазреті Әнәс былай деп жауап берді:
- Екі түрдің ортасында еді. Өте бұйра да, өте тік те емес еді. Екеуінің ортасында, орташа деңгейде болатын. Ұзындығы құлағы мен иығының үстінің арасында болатын.
Ибн Аббас хазреттері: «Пайғамбарымыз алейһиссалам мүбәрәк шашын маңдайының үстіне түсіретін. Кейіннен екіге айыратын болды» деген.
Ғұламалар: «Шашты екі жаққа бөлу – пайғамбарымыздың сүннеті. Өйткені, ол кейіннен осылай жасайтын болған. Маңдайдың үстіне түсіруге де, екі жаққа бөлуге де болады. Бірақ, екі жаққа бөлу үстемірек» дейді.
Хазреті Айша Сыддықа анамыз айтады: «Пайғамбарымыздың шашы жүммәдан жоғары және уәфрәдан төмен болатын».
Жүммә деп иыққа дейін жететін шашты айтады. Уәфрә деп құлақ астына дейін түсетін шашты айтады. Сонда хазреті Айшаның айтуы бойынша Расулуллаһтың шашының ұзындығы құлағынан төмен, бірақ иығына жетпейтін болған. Екеуінің ортасында болған.
Қады Ияз хазреттері айтады: «Бұл айтылғандарды қорытындылағанда былай болады: мүбәрәк құлағы жағындағы шашы құлағының жұмсағына дейін түсетін. Артқы жақтағы шашы иығына жететін».
Былай деп те айтқан: «Кейбір риуаяттарда құлағына дейін түскен, кей риуаяттарда иығына дейін түскен деулерінің себебі – бір кезде анадай еді, басқа кезде мынадай еді дегенді білдіреді. Риуаяттардың барлығы дұрыс. Пайғамбарымыз алейһиссалам мүбәрәк шашын кейде өсіретін, иығына дейін жететін. Кейде қырқатын, құлағының жұмсағына немесе құлағының орталарына дейін жететін.»
Умму Хани айтады: «Пайғамбарымыз бір кезде Меккеде бізге келген еді. Ол кезде төрт ғадирәсі бар болатын».
Ғадирә «шаш бөлігі» дегенді білдіреді. Яғни, мүбәрәк шашын төрт бөлік еткен еді дегенді білдіреді.
Қорыта айтқанда, пайғамбарымыздың шашы мен сақалы өте бұйра да, тіке де емес, толқынды болған. Мүбәрәк шашы ұзын болған. Алғашында кекіл қойып, кейіннен екіге бөлетін болған. Мүбәрәк шашын кейде өсіретін, кейде қырқып, қысқартатын.
Ер адамдардың шаштарын тақырлап алулары немесе шаштарын өсіріп, тарап, екіге бөлулері сүннет. Жағдайға, әдетке, уақытқа қарай әрекет жасау керек. Шашты орау, өру мәкрух болады.
Пайғамбарымыз алейһиссаламның мүбәрәк сақалы туралы хазреті Әнәс былай білдірген: «Пайғамбарымыздың мүбәрәк сақалында ағарғандары өте сирек еді. Мүбәрәк шашы мен мүбәрәк сақалындағы ағарғандарының саны 17 немесе 18-ден аспайтын».
Хазреті Әбу Бәкір Сыддық бір күні:
- Шашыңызға ақ түсіпті, йа Расулаллаһ,- деді. Сонда пайғамбарымыз:
- Мені Худ, Уақиа, Мүрсәлат, Аммә йәтәсаәлуна және Изә-ш-шәмсу кууират (Нәбә және Тәкуир) сүрелері ағартты,- деген.
Яғни, бұл сүрелерде жаһаннам мен жаннат халдері көп айтылған. Үмметімнің жағдайының қандай болатынын ойлап, шашым мен сақалымды ағарттым деген.
Амр бин Шуайб «Расулуллаһ алейһиссалам сақалының шет-шетінен және ұзындығынан қысқартатын. Тирмизидің білдірген хадис шәрифінде пайғамбарымыз «Мұртын алмаған, қысқартпаған адам бізден емес» деген» дейді. Тағы бір хадис шәрифте «Сақал қойыңдар және мұртты жақсылап қысқартыңдар» делінген.
Ибн Абдул-Хаким былай дейді «Мұртты жақсылап алу керек және сақалды алмау керек. Мұртты жақсылап қысқарту деген бәрін тықырлап алып тастау деген сөз емес».
Имам Нәбәуи хазреттері «Мұртты қырққанда еріннің шеті көрінетіндей етіп қырқу керек, түбінен алып тастамау керек» деген.
Ғұламалар мұрттың үстін алып, екі ұшын шығарып өсіруді дұрыс деп санамаған. Ибн Омар былай айтып береді:
«Расулуллаһқа мәжусилер қауымы туралы айтылды. Сонда пайғамбарымыз «Олар мұрттарының ұшын өсіреді және сақалдарын қырып тастайды. Олай болса, сендер оларға керісінше жасаңдар» деді».
Әбу Умамә «Йа Расулаллаһ! Әһли китап сақалдарын қырқады және мұрттарын өсіреді» дегенде пайғамбарымыз:
- Сендер мұрттарыңның ұшын қырқып, сақалдарыңды өсіріңдер, - деп бұйырды.
Ғалымдардың білдіргендері бойынша мұртты қастың ұзындығындай етіп қысқарту сүннет болып табылады. Сақалды самайдағысымен қосып бір тұтам (ұстам) етіп өсіру және одан артығын қырқу сүннет.
Сақалды бір тұтам өсіріп, бір тұтамнан артығын қырқу сүннет. Бір тұтамнан қысқа етіп қырқу сүннетке сай келмейді. Сүннетті орындаймын деп (бір тұтамнан) қысқа сақал қою бидғат болады. Харам болады. Сақал қою зәуаид сүннет болып табылады. Әмри маруф жасау үшін, напақа табу үшін, фитнаның шығуының алдын алу үшін сақалды толығымен алып тастау жаиз болады және қажет болады. Бұлар сүннетті тәрк ету үшін үзір болады, бірақ, бидғат жасау үшін үзір болмайды.
*Сүннети зәуаид – Пайғамбарымыздың ғибадат ретінде емес, әдет ретінде жасаған нәрселері. Зәуаид сүннеттерді тәрк ету мәкрух емес. Пайғамбарымыз алейһиссаламның киіну тәрізі, жақсы нәрселерді істеуді оң жақтан бастауы сияқты нәрселер зәуаид сүннетке жатады.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024