Балалары

Пайғамбарымыздың үш ер бала, төрт қыз бала, барлығы жеті перзенті болған. Хазреті Фатимадан басқасының барлығы Расулуллаһтан бұрын қайтыс болған. Сүйікті пайғамбарымыздың тегі хазреті Фатима анамызбен жалғасқан. Немерелері хазреті Хусейннің ұрпағы «саййид», хазреті Хасанның ұрпағы «шәриф» деп аталады. Саййидтер мен шәрифтерге көрсетілген құрмет – пайғамбарымызға құрмет болып саналады. Оларды жақсы көру соңғы демде иманмен кетуге себеп болады.

Қасым (радиаллаһу анһ): Расулуллаһтың үш ұлының тұңғышы. Сондықтан Расулуллаһ Әбул Қасым деп аталды. Пайғамбарлығынан бұрын Меккеде дүниеге келген. Анасы – Хадиша (радиаллаһу анһа).  Он жеті айлық кезінде шетінеген (қайтыс болған).

Зейнеп (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың қыздарының тұңғышы. Пайғамбарымыз отыз жасында болғанда дүниеге келді. Пайғамбарлықтан бұрын анасы Хадишаның немере інісі Әбу Ас бин Рәбимен тұрмыс құрды. Әбул Ас әуелгіде иман келтірмеді. Бәдір соғысында тұтқынға түсіп, әйелін Мәдинаға жіберу шартымен босатылды. Өз бауырымен бірге жіберсе де кәпірлер Зейнепті (радиаллаһу анһа)  жолда кері қайтарды. Расулуллаһ алейһиссалам Зәйд бин Харисаны (радиаллаһу анһ)  Меккеге жіберіп, Зейнепті (радиаллаһу анһа)  түнде Мәдинаға қашырып жіберді. Әбул Ас Худәйбийа соғысынан кейін иман келтірді. Зейнеп (радиаллаһу анһа)  оған қайтадан берілді. Хижреттің сегізінші жылы отыз бір жасында қайтыс болды. Баласы Әли Мекке алынған кезде Расулуллаһтың түйесіне мінгесіп отырған еді. Зейнептің (радиаллаһу анһа) қызы Уммамәні хазіреті Әли өзіне некеледі.

Руқаййә (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың екінші қызы. Пайғамбарымыз отыз үш жасында дүниеге келді. Өте реңді болатын. Әбу Ләхәбтің баласы Утбәмен атастырылды. «Тәббәт йәдә» сүресі келген соң Утбә тойдан бұрын ажырасты. Уаһи келіп, хазреті Османмен некесі қиылды. Екеуі бірге екі рет Хабашстанға хижрет етті. Жиырма екі жасында Бәдір соғысынан бұрын ауырып қалды. Хазреті Османға Бәдірге бармай, әйеліне қызмет ету бұйырылды. Бәдір соғысының сүйінші хабары Мәдинаға жеткен күні жерленді.

Умму Гүлсім (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың үшінші қызы. Әбу Ләхәбтың екінші баласы Утәйбәмен атастырылғанымен «Тәббат» сүресі келгеннен кейін тойлары болмастан бұрын ажырасты. Утәйбә Расулуллаһқа жаман сөздер айтты. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Йа Раббым! Оған жыртқыштарыңның бірін жібер» деп бетдұға айтты. Шамға бара жатқан жолында Утәйбәні арыстан жарып өлтірді. Руқаййә (радиаллаһу анһа) қайтыс болғаннан кейін уаһи келіп, Умму Гүлсім (радиаллаһу анһа) хазреті Османмен некеленді. Хижреттің тоғызыншы жылы қайтыс болды. Жаназа намазын Расулуллаһ оқып, жерлеген кезде қабірінің қасында тұрып мүбәрәк көзінен жас ақты.

Фатима (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың төртінші қызы, хазреті Әлидің жұбайы және хазреті Омардың қайынанасы. Некесі қиылғанда он бес жаста болатын. Мәһірі төрт жүз мысқал күміс болғандығы туралы «Мәуахиб-и ләдунние» атты кітапта Сәуиқ соғысында жазылған. Бұл 57.14 мысқал алтын мөлшерінде дегенді білдіреді. Әли (радиаллаһу анһ) жиырма бір жаста болатын. Олар Әһли бәйт атанды. Аққұба, өте көрікті еді. Хасан, Хусейн және Мухсин деген үш ұл баласы, Умму Гүлсім және Зейнеп деген екі қызы болған. Расулуллаһтың тегі Фатимадан (радиаллаһу анһа) тарады. Зейнеп Абдуллаһ бин Жафәр Таййармен некелесіп, олардың Әли және Умму Гүлсім деген балалары болды. Олар шәриф-и Жафәри деп аталады.

Абдуллаһ (радиаллаһу анһ): Расулуллаһтың Хадиша анамыздан туылған соңғы ұлы. Расулуллаһқа пайғамбарлық келгеннен кейін туылып, әлі анасының омырауын еміп жүргенде шетінеген. Таййиб және Тахир деп те аталған. Абдуллаһ қайтыс болғанда Ас бин Уаил «Мұхаммед әбтәр болды», яғни тегі кесілді деді. Аллаһу та’ала Асқа «Иннә атайнә» сүресі арқылы жауап берді.

Ибраһим (радиаллаһу анһ): Расулуллаһтың ұл балаларының үшіншісі және барлық балаларының ең соңғысы. Гераклиус Мысыр билеушісі болған Муқауқыс сыйға жіберген хазреті Марийәдан туған бала. Хижреттің сегізінші жылы дүниеге келіп, бір жарым жасында шетінеді. Ол ауырып жатқанда Расулуллаһ оны құшағына алып, мүбәрәк көздерінен жас ағатын. Қайтыс болғанында күн тұтылды деді. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мұны естігенде «Ай мен күн Аллаһу та’аланың бар және бір екенін көрсететін екі махлұғы. Біреудің өлуіне, тірі қалуына байланысты тұтылмайды. Оларды көргенде Аллаһу та’аланы ойлаңдар» деген. Ибраһим қайтыс болғанда «Йа Ибраһим! Өліміңе қатты қайғырдық. Көзіміз жылап, жүрегіміз сыздайды. Бірақ, Раббымызды ашуландыратын ешнәрсе айта алмаймыз» деді.