Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) - Расулуллаһтың екінші сүйікті әйелі. Әбу Бәкір Сыддықтың (радиаллаһу анһ) қызы. Өте ақылды, зерек, білімді, әдепті, таза және салих еді. Есте сақтау қабілеті күшті болғандықтан сахабалар көптеген нәрселерді содан сұрап білетін. Аяти кәримамен мадақталды. Ижтихады хазреті Әлиге сай келмегендіктен Түйе оқиғасында хазреті Әлиге қарсы соғысқан сахабалармен бірге болды. Хазреті Әли шәһит етілгенде қатты қайғырды. Хуруфилер оған көп жала жабуда. Хазреті Әлиді жақсы көрмеген деуде. Алайда, «Әлиді жақсы көру – иманнан» деген хадис шәрифті хазреті Айша хабарлаған. Осылайша, оны жақсы көретінін және барлық адамның оны жақсы көруі тиіс екенін білдірді. Хижреттен сегіз жыл бұрын дүниеге келіп, елу жетінші жылы алпыс бес жасында Мәдинада қайтыс болды.
Сәудә бинти Зәма (радиаллаһу анһа): Расулуллаһтың үшінші әйелі. Күйеуімен бірге иман келтіріп, Хабашстанға хижрет еткен болатын. Меккеге қайтып оралған кезде күйеуі қайтыс болды. Расулуллаһ бірінші хазреті Айшаны, сосын хазреті Сәудәні некеледі. Хазреті Сәудәні Меккеде, хазреті Айшаны Мәдинадағы үйіне алды. Өте мейірімді және арлы әйел болған. Хазреті Омар заманында қайтыс болды.
Зейнеп бинти Хузәймә (радиаллаһу анһа): Өте көп ғибадат жасайтын, көп садақа беретін әйел болған. Бұрын Абдуллаһ бин Жахштың (радиаллаһу анһ) әйелі болған. Абдуллаһ (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың әпкесі Үмәймәнің ұлы болатын. Ол Ухуд соғысында қайтыс болды. Хазреті Зейнеп Расулуллаһпен некесі қиылғаннан кейін сегіз айдан соң қайтыс болды.
Умму Сәләмә (радиаллаһу анһа): Аты Хинди болатын. Күйеуі Әбу Сәләмәмен бірге Хабашстанға алғаш көшкендердің арасында болды. Әбу Сәләмә (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың әпкесі Бәррәның ұлы Убәйдуллаһ бин Жахштың бауыры болатын. Мәдинада хижреттің төртінші жылы Ухуд соғысында жараланып, қайтыс болды. Хазреті Умму Сәләмә Әбу Бәкір мен Омардың (радиаллаһу анһума) неке туралы ұсыныстарын қабылдамады. Расулуллаһпен некелесу бақытына қауышты. Елу тоғызыншы жылы Мәдинада сексен төрт жасында қайтыс болды. Расулуллаһтың ең соңғы қайтыс болған жұбайы осы болатын.
Зейнеп бинти Жахш (радиаллаһу анһа): Ол - Расулуллаһтың әпкесі Үмәймәнің қызы, Абдуллаһ бин Жахштың (радиаллаһу анһ) бауыры еді. Әкесінің аты Бәррә болатын. Иман келтірмегендіктен Жахш деп аталды. Зейнеп (радиаллаһу анһа) – алғаш иман келтіргендердің бірі болған. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бірінші оны баласы болып кеткен Зәйд бин Харисаға (радиаллаһу анһ) қосады. Зәйд (радиаллаһу анһ) Зейнептің (радиаллаһу анһа) құқықтарына немқұрайлы қарағандықтан олар хижреттің үшінші жылы ажырасты. Расулуллаһ алейһиссалам онымен өзі некелескісі келді. Зейнеп (радиаллаһу анһа) бұл туралы естігенде қуанғанынан екі рәкат намаз оқып, «Йа Раббым! Сенің Расулың мені қалауда. Егер оған тұрмысқа шығу менің тағдырыма жазылса, мені Оған Сен бер» деп дұға етті. Дұғасы қабыл болып, «Ахзаб» сүресінің «Зәйд оған қатысты қалағанын жасағаннан кейін (яғни Зейнептен ажырасқаннан соң) біз оны саған жұбай еттік» деген 37-ші аяты түсті. Зейнептің (радиаллаһу анһа) некесін Аллаһу та’ала қиғаннан кейін Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсәлләм тағы да неке қидырмады. Зейнеп (радиаллаһу анһа) мұны әрқашан мақтан тұтатын және «Әр әйелді әкесі тұрмысқа береді. Ал, мені Аллаһу та’ала некеледі» дейтін. Ол кезде отыз сегіз жаста болатын. Хижреттің жиырмасыншы жылы елу үш жасында қайтыс болды. Өте қайырымды адам болатын, садақа бергенді өте жақсы көретін. Қолөнерге де шебер еді. Жасаған нәрселерін және қолына түскеннің барлығын туыстары мен кедейлерге беретін. Тіпті, халифа Омар (радиаллаһу анһ) Расулуллаһтың әйелдерінің бәріне он екі мың дирхамнан беретін. Ол ала сала барлығын садақа етіп тарататын. Расулуллаһтан кейін әйелдерінің ішінде бірінші қайтыс болған осы еді. Хазреті Айша оны көп мақтап, мадақтады. «Әйелдерімнің арасынан маған ең бірінші қауышатыны - қолы ашық болғаны» деген хадис шәриф оның алғаш болып қайтыс болатынын хабарлаған. Өйткені, ең көп садақа беретін сол болатын. (Француздың әдепсіз, жалақор ақыны Вольтер Расулуллаһтың Зейнепті (радиаллаһу анһа) әйелдікке алуын тарихқа, оқиғаларға керісінше, негізсіз жалалар жазылған өлеңмен пьеса жазған. Әдебиетші және ойшыл деген атқа жараспайтын осы бір нашар шығармасы өзін шіркеуден аластатқан ұлы дұшпаны папаның көңілінен шығып, оған мақтау мазмұнындағы хат жазған. Мұсылмандардың халифасы Сұлтан ІІ.Абдулхамит хан бұл пьесаның сахнаға қойылатынын естіп, Франция мен Англия үкіметтеріне ультиматум қойып, дереу жағдайдың алдын алып, бүкіл адамзат баласын адамгершіліксіз масқаралық пен сұмдықтан құтқарып қалған).
Хазреті Сафийә (радиаллаһу анһа): Ол Хайбәр яһудилерінің басшысы болған Хуей ибни Ахтабтың қызы еді. Хайбәрдегі бір яһудимен атастырылған болатын. Кейіннен өте бай болған Кәнанә бин Хақиқпен тұрмыс құрды. Хижреттің жетінші жылы Хайбәр алынған кезде Сафийә (радиаллаһу анһа) да тұтқынға түсті. Расулуллаһтың үлесіне тиіп, азат болып, иман келтірді. Пайғамбарымызбен некелесу абыройына қауышты. Хижреттің елуінші жылы Мәдинада қайтыс болды.
Хазреті Мәймунә (радиаллаһу анһа): Есімі Бәррә болатын, Расулуллаһ Мәймунә деп атады. Хайбәр алынғаннан кейін пайғамбарымыз Меккеге умраға барған кезінде Мәймунәнің (радиаллаһу анһа) күйеуі қайтыс болған екен. Расулуллаһтың некесімен абыройланды. Хижреттің елу үшінші жылы Меккеде науқастанып қалды. «Мені Меккеден шығарыңдар. Өйткені, Расулуллаһ менің Меккенің сыртында қайтыс болатынымды хабарлады» деді. Оны Меккеден шығарған кезде Расулуллаһпен некесі қиылған жерде қайтыс болды.
Хазреті Марийә (радиаллаһу анһа): Пайғамбарымыздың алейһиссалам күңі болған. Иман келтіріп, пайғамбарымызбен некесі қиылды. Марийә (радиаллаһу анһа) Мысырдағы Александрияның билеушісі Муқауқыстан сыйлық ретінде жіберілгендіктен оның тегі және туылған жылы нақты белгілі емес. Расулуллаһтың хазреті Марийәдан Ибраһим деген ұлы болған. Хазреті Марийә өте салмақты, тыныш және өзімен-өзі жүретін адам еді. Хазреті Омардың халифалығының соңғы жылдарында 637 (х.16) жылы қайтыс болған. Бақи мазаратына жерленген.
Хазреті Райханә (радиаллаһу анһа): Пайғамбарымыздың күңі болып жүріп мұсылмандықты қабылдаған. Мәдинадағы яһудилердің Бәни Қурәйза тайпасынан шыққан. Толық есімі – Райханә бинти Шәмъун ибни Йәзид немесе Райханә бинти Зәйд ибни Амр ибни Ханифә бин Шәмъун бин Йәзид. Туған жылы нақты белгілі емес. Пайғамбарымыздан бұрын 631 (х.10) жылы Мәдинада қайтыс болды. Бақи мазаратына жерленген.
Хадис шәрифте: «Барлық әйелдеріммен үйленуім және қыздарымды тұрмысқа беруімнің барлығы Жәбрейілдің (алейһиссалам) Аллаһу та’аладан әкелген рұқсатымен жүзеге асты» делінген.
Расулуллаһ алейһиссаламның көп әйелге үйленуінің маңызды бір себебі ислам дінін тарату үшін болатын. Хиджаб аяты келместен бұрын, яғни әйелдердің жабық жүруі бұйырылмастан бұрын әйелдер де Расулуллаһқа барып, білмегендерін сұрап білетін. Расулуллаһ біреудің үйіне барса, әйелдер де келіп отырып, тыңдайтын және пайдаланатын. Хиджаб аяты келіп, әйелдердің бөтен еркекпен отыруларына, сөйлесулеріне тыйым салынғаннан кейін бөтен әйелдерді қабылдамады. Олардың білмеген нәрселерін жұбайы хазреті Айшадан сұрап білулерін бұйырды. Келіп сұрайтын адамдардың көптігінен оларға жауап беруге хазреті Айша үлгере алмайтын. Осындай маңызды қызметті жеңілдету және Айша анамыздың (радиаллаһу анһа) ісін оңайлату үшін, қажетінше әйелді некеледі. Әйелдерге қатысты жүздеген нәзік мәселелерді мұсылман әйелдерге өзінің мүбәрәк әйелдері арқылы білдірді. Жұбайы біреу ғана болғанда еді, барлық әйелдердің одан сұрап білулері қиын, тіпті мүмкін емес болатын еді. Аллаһу та’аланың дінін толық түрде жариялап, тарату үшін көп әйелге үйлену жүгін мойнына алды.Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024