Истиғфары

Пайғамбарымыз алейһиссалам жаратылғандардың ең үстемі болумен қатар Аллаһу та’аланы ең жақсы таныған және Одан ең қатты қорқатын. Хақ та’ала Оны күнә істеуден сақтаса да Ол әрдайым үздіксіз ғибадат етіп, Аллаһу та’алаға дұға етіп, истиғфар айтатын. Түннің алғашқы уақытында (құптаннан кейін) ұйықтап, соңғы уақытында ғибадат жасайтын.

Ибн Аббас (радиаллаһу анһ) айтады: «Бір түні мүміндердің анасы хазреті Мәймунәнің (радиаллаһу анһа) үйінде қонақта болдым. Расулуллаһ түннің ортасына дейін немесе біраз бұрын немесе кейінгі уақытқа дейін ұйықтады. Сосын оянып отырды, қолымен бетін сипап ұйқысын ашты. Тұрып, ілініп тұрған құманды алып, дәрет алды. «Али Имран» сүресінің соңғы он аятын оқып, намазға тұрды. Мен де тұрып, Расулуллаһ сияқты дәрет алып, Оның қасына барып намазға тұрдым. Расулуллаһ екі рәкат намаз оқыды. Сосын тағы екі рәкат оқыды. Содан кейін тағы екі рәкат оқыды. Сосын үтір намазына тұрды. Содан кейін, бамдат намазының азаны шақырылғанға дейін жатты. Сосын тұрып, тағы екі рәкат намаз оқыды да мешітке барып, бамдат намазының парызын оқыды.»

Хазреті Айша (радиаллаһу анһа) анамыз айтады: «Расулуллаһ алейһиссалам бір түні ұйқыға жатқан болатын. Оянып, «Йа, Айша! Рұқсат етсең бұл түні Раббыма ғибадат жасайын» деді. Сосын тұрды. Құран Кәрім оқып, жылады. Тіпті, аққан көз жасынан екі тізесі су болып кетті. Ол оқуын жалғастыра берді, оқыған сайын мүбәрәк көз жасы денесінің барлығын сулады. Бұл жағдай таңға дейін жалғасты.

Таңертең Біләл Хабаши (радиаллаһу анһ) келіп жағдайды көріп, «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Аллаһу та’ала сіздің өткен және болашақтағы қателеріңізді кешірмеді ме?» дегенінде Расулуллаһ: «Ей, Біләл! Мен шүкір етуші құл болмайын ба, Аллаһу та’ала бұл түні «Көктер мен жердің жаратылуында, түн мен күндіздің бір-бірінен кейін келуінде ақыл иелері үшін әрине көптеген белгілер, ишаралар бар» деген («Али Имран» сүресі, 189) аяти кәримасын түсірді» деді».

«Мүслім»-де білдірілген хадис шәрифте де «Жүрегіме сондай нәрселер келеді, әр күн мен түн сайын бұлардан Аллаһу та'алаға жетпіс рет истиғфар етемін» және «Жүрегімде (илаһи нұрдың келуіне кедергі болатын) перде пайда болады. Сондықтан күніне 70 рет истиғфар етемін» және «Аллаһу та’алаға күніне 100 рет истиғфар айтамын» деген.

Пайғамбарымыздың алейһиссалам Аллаһу та’аладан қорқатындығы соншалық, қарқылдап күлгені көрілмеген.

Имам Тирмизидің Әбу Зәрден (радиаллаһу анһ) алған хадис шәрифінде «Күмәнсіз, сендердің көрмегендеріңді мен көремін. Естімегендеріңді естимін. Көкте періштелер сәжде етпейтін төрт елі де бос орын жоқ. Уаллаһи, менің білгенімді білсеңдер аз күліп, көп жылар едіңдер. Жолға түсіп, бар дауыстарыңмен Аллаһу та’алаға жалбарынар едіңдер» делінген.

Әбу Хурайраның (радиаллаһу анһ) риуаят еткен хадис шәрифінде Расулуллаһ «Ешкімді амалы жаннатқа апармайды» деген. «Сізді де ме, йа Расулаллаһ?» деп сұралғанда «Иә, мені де амалым жаннатқа апармайды. Тек Аллаһу та’аланың мейірімі мен рақымдылығы мені бүркейді» деген.

Ибн Омар (радиаллаһу анһ) айтады: «Расулуллаһпен бірге жиналып отырғанымызда «Йа Раббым! Мені кешір және тәубемді қабыл ет. Сен тәубелерді қабыл етушісің және рақымдысың» деп жүз рет айтқанын санап отыратынбыз»

Әнәс бин Малик (радиаллаһу анһ) «Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) үнемі «Аллаһуммә йа муқаллиб-әл-қулуб, сәббит қалби ала диник» деп айтып жүретін» дейді.

Тирмизидің Әбу Саид-ил Худриден (радиаллаһу анһ) жеткізген хадис шәрифінде пайғамбарымыз алейһиссалам былай деген: «Төсекке жатқан кезінде үш рет «Әстағфируллаһ-әл азыим әлләзи лә илаһә иллә һуәл-хаййул-қаййум уә әтубу иләйһ» деп айтқан адамның күнәлары теңіздің көбігіндей немесе Тәмим аймағының құмындай немесе ағаш жапырақтарының санындай немесе дүниенің күндеріндей көп болса да Аллаһу та’ала оның күнәларын кешіреді».

Бұхари мен Мүслим хазреттерінің нақл еткендері бойынша Расулуллаһ былай истиғфар айтатын: «Аллаһуммағфирли хатиәти уә жәхли, уә исрафи фи әмри уә мә әнтә аләму биһи минни».

(Аллаһым! Сен білетін және менің біліп немесе білмей, шектен шыққан қателерімді кешір).

«Аллаһуммағфирли хәзли уә жидди уә хатаи уә амди уә куллу заликә инди. Аллаһуммағфирли мә қаддамту уәмә аххарту уәмә әсрарту уәмә аләнту уәмә әнтә аләму минни әнтәл муқәддәму уә әнтәл муаххару уә әнтә ала кулли шәйин қадир».

(Аллаһым! Әзіл, шын, ұмытып және біліп жасауым мүмкін болған барлық кемшіліктерімді кешір. Аллаһым! Бұрын және кейін, жасырын және ашық істеген, Сен білетін барлық кемшіліктерімді кешір. Ең әуелгі мен ең соңғы болған - Сенсің. Барлық нәрсеге күші жететін – Сенсің).