Оның көркем мінездерінің кейбірі мыналар:
1- Расулуллаһтың көрегендік ілімі, түсінігі, ақылы, зейіні, жомарттығы, қарапайымдылығы, шапағаты, сабыры, табандылығы, азаматтығы, турашылдығы, сенімділігі, батылдығы, ұлылығы, шешендігі, салмақтылығы, арлылығы, кемелдігі, ынсаптылығы, ұяттылығы, тақуалығы барлық пайғамбарлардан артық болатын. Досынан, дұшпанынан көрген зияндарын, азаптарын кешіретін. Ешқайсысына жамандық қайтармайтын. Ухуд соғысында кәпірлер Оның жағын қанатып, мүбәрәк тісін сындырған кезде мұны істегендер үшін «Йа Раббым! Оларды кешір. Надандықтарын ескеріп, кешіре гөр» деген.
2- Өзін ешкімнен жоғары ұстамайтын. Бір сапарда қой етінен кәуәп жасалатын кезде бірі «Мен сояйын» деді. Тағы бірі «Мен терісін ажыратайын» деді. Енді біреуі «Мен пісірейін» деді. Расулуллаһ «Мен отын жинаймын» дегенде сахабалар « Йа Расулаллаһ! Сіз демалыңыз, біз жинаймыз» деді. «Иә, сендердің барлық нәрсені жасайтындарыңды білемін. Бірақ, жұмыс істеп жатқандардан бөлектеніп, бос отырғым келмейді. Аллаһу та’ала достарынан бөлініп отырғандарды ұнатпайды» деп, отын жинауға кетті.
3- Сахабалар отырған жерге келген кезде төр жаққа өтпейтін. Қай жер бос болса сол жерге отыратын. Қолына таяғын алып бір күні көшеге шыққанында оны көргендер орнынан тұрды. «Өзгелердің бір-біріне құрмет көрсеткені сияқты, мен үшін орындарыңнан тұрмаңдар! Мен де сендер сияқты адаммын. Барлық адам сияқты жеп-ішемін. Шаршағанда отырамын» деді.
4- Көбіне тізерлеп отыратын. Тізелерін көтеріп екі қолымен құшып отырған кездері де болған. Тамақ жеуде, киінуде және барлық нәрседе қызметшілерін өзінен бөлектемейтін. Оларға жұмыстарында көмектесетін. Ешқашан біреуді ұрып, жаман сөз айтқаны көрілмеген. Оған әруақыт қызмет жасаған Әнәс бин Малик: «Расулуллаһқа он жыл қызмет еттім. Оның маған жасаған қызметі менің оған жасаған қызметімнен артық. Маған ренжігенін, қатты сөйлегенін ешқашан көрген емеспін» деген.
5- Бамдат намазын оқып болғаннан кейін бұрылып жамағатқа қарап «Ауырып қалған бауырымыз бар ма? Барып көңілін сұрайық» дейтін. Ауру адам жоқ болса «Жаназа шығаратын үй бар ма, барып көмектесейік» дейтін. Қайтыс болған адам бар болса оны жууға, кебіндеуге көмектесіп, жаназасын оқып, қабірге жерлеуге дейін баратын. Қайтыс болған адам жоқ болса, «Түс көрген адам бар болса айтсын, тыңдап, жориық» дейтін.
6- Қонақтарына, сахабаларына қызмет етіп, «Бір қауымның ең үстемі – сол қауымға қызметі сіңгендер» дейтін.
7- Ешқашан қарқылдап күлгені көрілмеген. Жәй күлімсірейтін. Кейде күлген кезде мүбәрәк алдыңғы тістері көрінетін.
8- Қажетсіз, пайдасыз сөздер айтпайтын. Керек кезде қысқа, пайдалы, мағынасы ашық сөздер айтатын. Түсінікті болу үшін кейде бір сөзін үш рет қайталап айтатын.
9- Айбаттылығынан ешкім Оның жүзіне қарай алмайтын. Біреу келіп мүбәрәк жүзіне қараған кезде, қобалжудан өзін тер басатын. Сонда пайғамбарымыз: «Қысылма! Мен патша емеспін, залым емеспін. Ет сорпасын ішкен жай бір әйелдің ұлымын» дейтін. Осыдан кейін ол адамның қорқынышы басылып, дертін айтатын.
10- «Іштеріңде Аллаһу та’аланы ең жақсы танитын және Одан ең көп қорқатын менмін», «Менің көргенімді көрсеңдер аз күліп, көп жылайтын едіңдер» дейтін. Аспаннан бұлт көрсе «Йа Раббым! Бұл бұлтпен бізге азап жіберме», жел тұрса «Йа Раббым! Бізге қайырлы жел жібер», көк күркірегенде «Йа Раббым! Бізге ренжіп, өлтірме. Азабыңды жіберме. Кешіре гөр» деп дұға ететін. Намазда тұрғанда көкірегінен жылаған адамның өксігі сияқты бір дыбыс шығатын. Құран Кәрім оқығанда да солай болатын.
11- Жүрегінің қуаты, батылдығы адам таң қалдыратын. Хунәйн соғысында мұсылмандар таралып, үш-төрт-ақ адаммен қалған еді. Бірнеше рет кәпірлердің шабуылына жалғыз қарсы шықты және шегінбеді.
12- Өте жомарт еді. Жүздеген түйе мен қойды таратып, өзіне ешнәрсе қалдырмайтын. Қаншама қатты жүректі кәпірлер Оның бұл ізгіліктерін көріп, иман келтірген.
13- Әйелдеріне және бірнеше қызметшісіне кейде бір жылдық арпа мен құрма бөліп қойып, одан кедейлерге де садақа беретін.
14- Қойдың етін, еттің сорпасын, асқабақты, тәттілерді, балды, құрманы, сүтті, қаймақты, қарбызды, қауынды, жүзім мен қиярды жақсы көретін.
15- Суды ақырын, бисмилләһпен бастап, үш жұтымнан ішетін. Соңында «Әлһәмдулиллаһ» деп, дұға ететін.
16- Кию жаиз болған нәрселерден тапқанының барлығын кие беретін. Қалың матадан ихрам сияқты тігілмеген нәрселерді жамылып, жапқыш оранып, көйлек пен шапан да киетін. Бұлар мақтадан, жүннен немесе қылдан тоқылатын. Көбінесе ақ киетін, кейде жасыл түстісін де киетін. Тігілген киім киген кезі де болған. Жұма және айт күндері және шет мемлекеттерден елшілер келгенде және соғыс уақытында бағалы көйлектер, жасыл, қызыл, қара киімдер де киетін. Қолын білектеріне дейін, мүбәрәк аяғын балтырының жартысына дейін жабатын.
17- Арабстандағы әдет бойынша шашын құлағының жартысына дейін өсіретін, артығын кесіп қысқартатын. Шашына арнайы дайындалған хош иісті май жағатын.
18- Қолына, басына, бетіне хош иістер себінетін.
19- Төсегі іші құрма талшықтарына толтырылған теріден жасалған болатын. Жүн толтырылған бір төсек әкелінгенде оны қабылдамай «Йа, Айша! Аллаһу та’алаға ант етемін, егер қаласам Аллаһу та’ала мені барлық жерде алтын мен күміске бөлер еді» деген. Кейде (қамыстан тоқылған) төсеніш, тақтай, жүннен тоқылған киіз немесе құрғақ топырақ үстіне жататын.
20- Әр түн сайын көзіне үш рет сүрме жағатын.
21- Үйінде айна, тарақ, сүрме ыдысы, мисуак, қайшы, ине, жіп әрдайым болатын. Жолға шыққанда оларды да алып жүретін.
22- Құптаннан кейін түннің ортасына дейін ұйықтап, сосын тұрып бамдат намазына дейін ғибадат жасайтын. Оң жағына қарап жатып, оң қолын жағының астына қойып, кейбір сүрелерді оқып жататын.
23- Тәфәул ететін. Яғни, алғаш көрген нәрсесін, кездейсоқ көрген нәрсесін жақсылыққа жоритын. Ешнәрсені жамандыққа жорымайтын.
24- Қайғылы уақыттарда сақалын ұстап, ойланатын.
25- Ренжіген кезде дереу намаз оқитын. Намаздың ләззатымен қайғыдан арылатын.
Пайғамбарымыз Аллаһу та’аладан қатты қорқып, Оған көп құлшылық жасайтыны соншалық, Оның бұл халіне ешкім шыдай алмайтын. Мүбәрәк аяқтары ісігенше намаз оқитын. «Йа Расулаллаһ! Сіздің өткен-кеткен барлық күнәларыңыз кешірілсе де неге өзіңізді осыншама қинайсыз?» дегендерге «Мен Аллаһу та’аланың ең көп шүкір ететін құлы болмайын ба?» деп жауап беретін.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024