Кімнің көңілі Аллаһта болса...

Көңілін Аллаһу та'алаға байлаған адамға міндетті түрде көмек келеді. Көңілін адамдарға байлаған адам дерттен, пәлекеттен құтыла алмайды. Әдетте жұрттар бір адамға өзіне бір пайдасы тиетін болса ғана, бір жұмысымды бітіріп бере алады деп сенім артса ғана жақсылық жасайды. Сол жұмысы біткеннен кейін немесе пайдасы тимейтініне көзі жетсе, зиянын тигізуі де мүмкін.

Пайғамбарымыз алейһиссалам былай дейді:

«Бір адам жаман адамдардың ашуланатын нәрсесінде Аллаһу та'аланың разылығын іздесе, Аллаһу та'ала оны адамдардан келетін зияннан сақтайды. Бір адам Аллаһу та'аланың ашуланатын нәрсесінде адамдардың разылығын іздесе, Аллаһу та'ала оның тірлігін адамдарға қалдырады.»

Бұл бір таңдау мәселесі. Бұл таңдау шын көңілден, ықыласпен болуы тиіс. Пайғамбарымыз алейһиссалам тағы бір хадисінде: «Аллаһу та'ала сендердің бет-бейнелеріңе, кескіндеріңе және мал-мүліктеріңе емес, көңілдерің мен амалдарыңа (ол істі қандай ниетпен жасағандарыңа) қарайды.» деп бұйырған. Насихат сұраған бір адамға Уәйсәл Қарани хазреттері былай деген:

- Сен Аллаһты білесің бе?

- Әлбетте білемін.

- Онда, басқа нәрсе білмесең де болады.

- Тағы бір насихат айта аласыз ба?

- Аллаһ сені біле ме, көріп тұр ма?

- Әрине біледі, көріп тұр.

- Онда, өзге ешкім сені білмесе де, көрмесе де болады.

 

Қазір, адамдардың тартып жатқан қиыншылытары «жұрттар не дейді?» деген ойдан туындауда. Бір кісі Абдулқадир Гейлани хазреттеріне:

- Сіз не деген мүбәрәк адамсыз,- депті. Абдулқадир Гейлани хазреттері одан:

- Қайдан білдің?- деп сұрапты.

- Барлық адам сізді жақсы көріп, мақтауда.

- Бұл адамдарға сенім жоқ. Бүгін мақтаса, ертең мазақтайды. Біз адамдар жақсы көрсін деп емес, Аллаһ жақсы көрсін деп мұсылман болып жүрміз,- депті.

Мұсылмандықтың ішіндегі нәрселердің барлығы пайдалы нәрселер. Бұл дүниеде де, ахиретте де бақытқа қауышқысы келген адам Мұсылмандық шеңберінің сыртына шықпауы тиіс.

Бұл дүниеде адам Аллаһу та'алаға құрмет танытып, Оның разылығын табуға тырысса, Аллаһ та ол құлына үстемдік береді. Яғни, кімнің көңілі Аллаһта болса, Аллаһтың мейірімі де сол адамда болады. Пайғамбарымыз алейһиссалам «Әрбір адам өз жақсы көргенімен бірге болады» деген. Әркім кімді тәңір деп таныса, кімге құлдық етсе, сонымен бірге болады. Құлға құл болғандар, жаһаннамда солармен бірге болады. Аллаһқа құл болғандар, Аллаһтың разы болған жаннатында, Оның сүйікті құлдарымен бірге болады.