Пайғамбарымыздың көркемдігі

Улама-и расихин деп аталатын, захир және батын ілімдерінде маман және пайғамбарымыздың мұрагері болған ұлы Ислам ғұламалары Оны барлық көркемдігімен көріп, ғашық болған. Олардың басында Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) келеді. Ол Расулуллаһтағы пайғамбарлық нұрын көріп, оның артықшылығын, көркемдігін және үстемдігін түйсініп, ғашық болғаны соншалық, бұл мәселеде оған ешкім жете алмаған. Хазреті Әбу Бәкір барлық сәтте, барлық қараған нәрсесінен Расулуллаһты көретін. Бірде бұл жағдайын «Йа Расулаллаһ! Қайда қарасам да сізді көремін» деп білдірген. Бір жолы да «Барлық жақсылықтарымды сіздің бір қателігіңізге айырбастаймын» деген. Расулуллаһ алейһиссаламның көркемдігіне куә болып, оны сипаттағандардың бірі хазреті Айша анамыз болды. Хазреті Айша ғалым, мүжтәһид, ақылды, зерек, әдепті болған. Өте шешен және анық сөйлейтін. Құран Кәрімнің мағыналарын, халал мен харамды, араб өлеңдері мен есеп ғылымын өте жақсы білген. Расулуллаһты мадақтайтын өлеңдері бар. Мына екі өлеңді хазіреті Айша анамыз айтқан:

 

«Уә ләу сәмиу фи

Мысрә әусафе хаддиһи;

Ләмә бәзәлу фи сәуми

Юсуфә мин нақдин.

Ләуимә Зәлихә ләу

Рәәйнә жәбинәһу,

Лә асәрнә билқатил

Қулуби аләл әиди».

 

Аудармасы:

«Егер Мысырдағылар Оның (пайғамбарымыздың) жүзінің көркемдігін естігенде еді (сұлулығы аңызға айналған) Юсуф алейһиссаламға еш ақша бермес еді. Яғни, барлық мүліктерін Оның жүзін көру үшін жинар еді. Зылиханы «Юсуф алейһиссаламға ғашық болды» деп жамандаған әйелдер Расулуллаһтың нұрлы маңдайын көргенде еді, қолдарының орнына жүректерін кесер еді, ауырғанын сезбес еді».

Хазреті Айша анамыз былай дейді: «Бір күні Расулуллаһ аяқ киімінің бауын шығарып жатыр еді. Мен жіп иіріп отырған болатынмын. Мүбәрәк жүзіне қарадым. Жарқыраған маңдайынан тер тамшылап тұр еді. Тердің әр тамшысы айналаға нұр шашып, көздерімді шағыстырды. Таңырқап тұрып қалдым. Ол маған қарап, «Неге таңырқап тұрсың, саған не болды?»- деді. «Йа Расулаллаһ! Мүбәрәк жүзіңіздегі жарқыраған нұрға және мүбәрәк маңдайыңыздағы тер тамшыларының төккен сәулесіне қарап, есімнен айрылып тұрмын»- дедім. Ол тұрып қасыма келді. Көздерімнің арасынан сүйіп: «Йа Айша! Аллаһу та’ала саған жақсылықтар нәсіп етсін! Мені қуантқаныңдай сені қуанта алмадым»- деді. Яғни сенің мені қуантуың, менің сені қуантқанымнан көп деді. Хазреті Айшаның мүбәрәк көздерінің арасынан сүюі Расуллуллаһты жақсы көріп, Оның көркемдігін сезініп көргендігінен. Сол себептен  бұл әрекеті мақұлданып, мадақталған.

Расулуллаһ алейһиссаламның мүбәрәк денесіндегі жасырын әсемдікті көрсететін әсемдіктері басқа ешкімде кездеспейді. Имам Қуртуби: «Расулуллаһтың көркемдігі айналасындағыларға толық көрінбеген. Егер ақиқат көркемдігі көрінгенде сахабалар Оған қарауға шыдай алмайтын еді. Егер шын әсемдігін көрсетсе ешкім қарап тұруға шыдамас еді»- дейді.

Юсуф алейһиссалам адамдарға ашық сұлулығымен, ал пайғамбарымыз жасырын сұлулығымен көрінді. Юсуф алейһиссаламның дидары көрінгенде қолдар кесілді. Пайғамбарымыздың кемелдігімен поптардың белдіктері кесілді, пұттар қиратылды, күпірлік бұлттары ыдыратылды.

Сахабалар (радиаллаһу анһум) пайғамбарымыздан: «Йа Расулаллаһ! Сіз көркемсіз бе, әлде Юсуф алейһиссалам көркем бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Бауырым Юсуф менен сұлу, мен одан сүйкімдімін. Оның көрінетін сұлулығы менің көрінетін сұлулығымнан көп»- деді.

Пайғамбарымыз бір хадис шәрифінде «Аллаһу та’аланың жіберген барлық пайғамбары жылы жүзді, әсем дауысты болған.  Сендердің пайғамбарларың олардың ең жылы жүздісі және әсем дауыстысы»- деді.

Расулуллаһ алейһиссаламның Құран Кәрімде аталған есімдерінің бірі – Құран Кәрімнің жүрегі болып саналатын Ясин сүресіндегі «Ясин» сөзі. Уламаи расихин ғалымдарынан болған Сәййид Абдулхаким Аруаси: «Ясин, “Ей менің махаббат дариямның сүңгуірі болған сүйіктім” деген мағынаны береді»- деген. Бұл дарияның атын естігендер, алыстан көргендер, жақын барғандар, ішіне түсіп нәсіп еткеніндей терең сүңгігендердің барлығы өмірлерінің барлық кезеңінде Расулуллаһқа деген ғашықтық сезіміне бөленіп, көз жастарын төге отырып, әсерлі сөздермен осы сезімдерін жеткізген. Солардың ішіндегі ең үстемі және атақтыларының бірі және осы махаббат дариясында үлкен үлесі бар адам – Мәулана Халид Бағдади хазреттері болып табылады. Ол Расулуллаһқа деген махаббат пен ғашықтық сезімін өлеңге қосып жырлаған.

Пайғамбарымызды мадақтайтын бөлек-бөлек жазылған өлеңдер мен мақтаулармен қоса, Ол туралы көптеген шығармалар жазылған. Оларды жазғандардың ішінде атағы мен туындылары бүкіл әлем мен ғасырларды қаптағандарының өзі пайғамбарымызды мадақтауда әлсіз екендіктерін айтқан. Оны көріп сұлулығына ғашық болғандар тіл байлықтарының жеткенінше суреттеуге тырысқан, ол сұлулықты суреттеуге адамның күші жетпейтінін айтқан. Ислам ғалымдарының кітаптарында сол ғашықтардың жүздеген баяндаулары берілген. Оларды оқығандар Аллаһу та’аланың сүйікті пайғамбарын ақыл алмайтындай дәрежеде және адам қарап тоя алмайтындай сұлулықта жаратқанын сол сәтте-ақ түсінеді. Көрмесе де оған көңілдері ауады. Хабибуллаһқа ғашық болғандар әр тынысында, әр демінде Оған деген сүйіспеншіліктің дәмін сезінеді. Айға әр қарағанда Оның көздерінен келген сәуленің шағылысын іздеп ләззат алады.

Әнәс бин Маликтен риуаят етілген бір хадис шәрифте: «Ешкім мен оған, балаларынан да, әкесінен де және барлық жаратылған нәрседен де сүйікті болмайынша иман келтірген болып саналмайды» делінген.

Бір күні хазреті Омар пайғамбарымызға «Йа Расулаллаһ! Аллаһу та’алаға ант етемін, мен үшін жанымнан басқа барлық нәрседен артықсыз» деді. Пайғамбарымыз «Сендердің бірің мені жанынан артық көрмейінше иман еткен болып саналмайды» деді. Осыдан соң хазреті Омар «Йа Расулаллаһ! Сізге Құран Кәрімді жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, сіз мен үшін жанымнан да артықсыз» дегенінде «Ей, Омар! Енді (толық) болды» деген.

Бір адам пайғамбарымызға барып, «Ей Аллаһу та’аланың Расулы! Қиямет қашан болады?» деді. Пайғамбарымыз «Қиямет үшін не дайындадың?» деп сұрады. Ол адам «Көп намаз оқып, ораза тұтып, садақа беріп қияметке дайындалмадым. Бірақ, мен Аллаһу та’аланы және оның Расулын жақсы көремін»- деді. Сонда оған пайғамбарымыз «Адам сүйгенімен бірге болады»- деді.

Пайғамбарымыз қайтыс болғаннан кейін одан айрылғанына шыдай алмаған Білал Хабәши (радиаллаһу анһ) Мәдинада жүре алмай Шам қаласына кеткен еді. Сол жерде біраз уақыт қалғаннан кейін бір түні түсінде пайғамбарымыздың оған: «Мені зиярат етпейсің бе, йа Білал?»- дегенін көріп, оянғаннан кейін дереу Мәдинаға қарай асықты. Мәдина-и мунаууәраға келгенде ешқайда бұрылмай тура пайғамбарымыздың қабри шәрифіне бет алды. Үлкен құрмет және тағзыммен қабірдің қасына келген Білал Хабәши (радиаллаһу анһ) Расулуллаһпен өткізген сол бақытты күндерін еске алып сағыныш көз жастарын төкті. Қабір басында ұзақ уақыт жылап отырды. Расулуллаһтың немерелері хазреті Хасан мен хазреті Хусейннің өтініштерін қайтара алмай  бір күні таң намазы үшін  азан оқи бастады. Пайғамбарымыз дәуірінде күнде бес рет Мәдина аспанын жаңғыртып тұрған таныс дауыс бүкіл мәдиналықтарды толғандырған, үйлерінен көшеге тартып шыққан еді. Нұрлы Мәдина халқы сүйікті пайғамбарымыз Расулуллаһ заманын еске салған Білал Хабәшидің (радиаллаһу анһ) оқыған азанының әсерінен жыласты. Хазіреті Білал Хабәши де өзін ұстай алмай жылағандықтан азанды әрең бітіре алды.

Расулуллаһты сүю – барлық мұсылмандар үшін фарзи-айн болып табылады. Оған деген махаббат бір көңілге орнықса исламмен өмір сүру, иман мен исламның ләззатына, тойылмайтын рахатына еру өте оңай болады. Бұл махаббат екі дүниенің Мырзасына толық мойынсұнуға себеп болады. Бұл махаббат арқылы Аллаһу та’аланың сүйікті пайғамбарына берген шексіз және айтып түсіндіру мүмкін болмаған ниғметтерге және берекеге қол жеткізуге болады. Үлкенді-кішілі барлық мұсылманды тікелей Расулуллаһтың сүйіспеншілігіне апаратын әһли сүннет ғұламалары мен олардың кітаптары осы берекенің құжаты болып табылады.

Расулуллаһтың мүбәрәк есімін айтқан немесе естіген мұсылманның Расулуллаһтың сұхбатында отырғандай үнсіздікпен, әдеппен көңіл және денемен құрмет ете отыруы уәжіп болады.

Пайғамбарымыздың сөздерінде және істерінде кездесетін бір нәрсені Оның атағын көтеретіндей бір нәрсемен дәріптеу Оған деген тағзым мен құрметті білдіреді. Адамдар арасында төмен дәрежеде қолданылатын сөздерді пайғамбарымызды сипаттауда қолданбау да Оған деген тағзым болып табылады.

Мысалы, пайғамбарды кедей деуге болмайды. Шопан деуге болмайды. «Расулуллаһ ана нәрсені жақсы көретін еді» делінген кезде «Ал мен оны ұнатпаймын» деп айтпау да Оған деген құрмет болып саналады. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уәсәлләмнің: «Мен сүйеніп отырып тамақ жемеймін»- деген сөзіне қарата  «Ал мен сүйеніп жеймін» дегеннен кейін қасарыса істегендей бір нәрсеге сүйеніп отырып немесе жанбастап тамақ жеу дұрыс болмайды. Бұларға мән беру де Расулуллаһқа деген құрмет болып саналады. Бұларды менсінбейтінін көрсету мақсатымен әдейі құрметсіздік ету күпірлікке жол ашады.

Құран Кәрімнің және хадис кітаптарының үстіне басқа кез-келген кітап немесе басқа бір зат қоймау да – Аллаһу та’ала мен Расулына тағзым болып саналады. Олардың үстіндегі шаңды сүрту, Аллаһу та’аланың есімі немесе Расулуллаһтың есімі жазылған парақты тастамау да Аллаһу та’ала мен Расулына деген құрметті білдіреді.

Мұндай қағаздарды жыртуға болмайды. Ислам әріптерімен жазылған қағаздарға да көп құрмет көрсету керек. Егер ішінде Аллаһу та’аланың есімі мен аяттары бар кітаптар мен парақтар ескіріп жыртылса оларды таза матаға орап, топыраққа көму қажет немесе сумен жуып, бетіндегі жазуларды өшіру керек немесе жағу керек. Жағылатын болса, күлін топыраққа көму керек. Жағу жазуды жуып кетіргеннен жақсырақ. Өйткені, жуғанда қолданылатын су аяқ асты болуы мүмкін.

Расулуллаһтың харемі (гаремі, ордасы) болған Мәдина-и мунаууәра қаласына тағзым мен құрмет көрсету ол жерде тыйым салынған нәрселерден (немесе күнә істеуден) тыйылу және Мәдина-и Мунаууәра халқына сый-сияпат көрсету Расулуллаһқа деген құрмет болып есептеледі.