Хилие-и саадет

Есімдері мен күниелері: Сүйікті пайғамбарымыздың ең көп айтылатын есімі – Мұхаммед. «Өте көп мадақталған», «айрықша ұнатылған» деген мағыналарға келеді. Бұл есім Құран Кәрімде Ал-и Имран, Ахзаб, Фәтх және Мухаммед сүрелерінің кезегімен 144, 40, 29 және 22-аяттарында төрт рет айтылады. Саф сүресінің 6-аятында хазіреті Исаның үмметіне «Хақ та’аланы көп мақтаған, мадақтаған» мағынасын беретін «Ахмед» деген есіммен хабар бергендігі туралы айтылады. Құран Кәрімде Мұхаммед және Ахмед есімдерінен басқа Махмуд, Расул, Нәби, Шахид, Бәшир, Нәзир, Мубәшшир, Мүнзир, Даи-и илаллаһ, Сирадж-ы мунир, Рауф, Рахим, Мусаддық, Музәккир, Муддәссир, Абдуллаһ, Кәрим, Хақ, Мунир, Нур, Хатәмун-нәбийин, Рахмет, Нимет, Хади, Таха, Йасин... деп те айтылған. Бұлардан басқа мүбәрәк есімдерінің біразы Құран Кәрімде, біразы хадис шәрифтерде, біразы бұрынғы пайғамбарларға жіберілген қасиетті кітаптарда айтылған.

Пайғамбарымыздың есімдері кейбір хадистерінде Махи, Ақиб, Мукаффи, Нәбиййур-рахмә, Нәбиййут-тәубә, Нәбийй-ул-мулахим, Қаттал, Мутәууәкил, Фатих, Хатәм, Мустафа, Умми, Қусәм (барлық жақсылықты өз бойына жинаған) есімдері де кездеседі.

Бір хадис шәрифте пайғамбарымыз «Маған тиесілі бес есім бар: Мен Мұхаммедпін, Мен Ахмедпін, Мен Махимін, Аллаһу та’ала мен арқылы күпірлікті жояды. Мен Хаширмін, халық қиямет күні менің ізіммен жиналады. Мен Ақибпін, менен кейін пайғамбар жоқ» деген.

Сүйікті пайғамбарымызға хазіреті Хадишадан туған және кішкентай кезінде қайтыс болған баласы Қасымға байланысты «Әбул Касым» деген лақап ат берілген. Сондай-ақ, пайғамбарлығынан бұрын ондағы турашылдық, сенімділік, шыншылдық сияқты шексіз асыл қасиеттеріне байланысты құрайыш тайпасының арасында Әл-Әмин деп те аталған.

Расулуллаһтың Құран Кәрімде өткен есімдерінің бірі Құран кәрімнің жүрегі болып саналатын Ясин сүресіндегі «Ясин» сөзі. Уләмат-и расихин деген ғалымдар қатарынан болған Сәййид Абдулхаким Аруаси хазіреттері: «Ясин – “Ей менің махаббат дариямның жүзушісі болған хабибім (сүйіктім)” деген сөз.»- деген.

Пайғамбарымызды мадақтаған түрлі-түрлі жырлар, өлеңдер, сонымен қатар Оған арналып көптеген еңбектер жазылған. Бұлардың ішінде атақтары жер жарған, аттары ғасырдан ғасырға тараған атақты адамдардың өздері, Расулуллақты мадақтамауға дәрменсіз екендерін баян еткен. Оны көріп көркемдігіне ғашық болғандар тілдері бұралғанға дейін айтуға тырысқан және ол көркемдікті айтып беруге адам баласының күші жетпейді деген.

 

Хилие-и саадет: Пайғамбарымыз алейиссаламның түр-келбетінің, көрінісінің сипатталуы хилие-и саадәт деп аталады.

Ислам ғалымдары Мұхаммед алейһиссаламның көрінетін барлық мүшелерін, келбетін, қасиеттерін, көркем мінезін және өмірінің барлық сәттерін ашық түрде дәлелдерімен қосып жазған. Бұл мәліметтер пайғамбарымыздың өзінің сөздері болған хадис щәрифтерден және сахабаларының білдірген хабарларынан жиналған. Бұларды қамтитын туындылар сияр кітаптары деп аталады. Мыңдаған сияр кітаптарының ішінде пайғамбарымыздың хилие-и саадәтін сипаттайтын ең атақты кітаптар Имам Тирмизидің «Әш-шәмәил-ур-расул» және Қазы Ияздың «Шифа-и шәриф» атты кітаптары, Имам Бәйһақидың және Әбу Нуайм Исфаханидың «Дәләил-ун-нубуууә», сондай-ақ Имам Қасталани хазіреттерінің «Мәуахиб-и Ләдуннийе» атты шығармалары болып табылады.

Хадис шәрифтерде және сахабалар көрсеткен хабарларда пайғамбарымыздың хилие-и саадәті былай суреттеледі:

Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзі мен барлық мүшелері және дауысы барлық адамдардың жүздерінен, мүшелерінен, дауыстарынан көркем болатын. Мүбәрәк жүзі біраз дөңгелек болатын, ол қуанғанда айдай нұрланатын. Қуанғаны мүбәрәк маңдайынан белгілі болатын. Расулуллаһ алейһиссалам күндіз қалай көрсе, түнде де солай көретін. Алдындағыларды көргені сияқты бұрылмай-ақ артындағыларды да көре алатын. Жанына немесе артына қарайтын болса, бүкіл денесімен бұрылып қарайтын. Жерге көктен көп қарайтын. Мүбәрәк көздері үлкен, кірпіктері ұзын болатын. Мүбәрәк көзінде бір қызыл белгі бар болатын. Көзінің қарашығы қап-қара болатын. Түнде көзіне сүрме жағатын. Пайғамбарымыздың маңдайы ашық еді. Мүбәрәк қастары жіңішке және арасы ашық болатын. Екі қасының арасындағы тамыр ызаланғанда білеуленіп шығатын. Мүбәрәк мұрны әдемі, ортасы биіктеу еді. Мүбәрәк басы үлкен болатын. Мүбәрәк аузы кішкентай емес еді. Мүбәрәк тістері ақ, алдыңғылары сирек болатын. Сөйлеген кезде тістерінің арасынан нұр төгілгендей болатын. Аллаһу та’аланың құлдарының арасында Одан асқан сөзі анық және тәтті адам жоқ. Мүбәрәк сөздері түсінуге оңай, көңілдерді аулап, рухтарды тартатын. Сөйлеген кезде сөздері маржандай тізілетін. Сөзін санауға болатын еді. Кейде түсінікті болу үшін үш рет қайталайтын. Адамдар жұмақта Мұхаммед алейһиссалам сияқты сөйлейтін болады. Мүбәрәк дауысы ешкімнің дауысы жетпейтін жерге жететін.

Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм жылы жүзді болған. Жымиып күлетін және мүбәрәк алдыңғы тістері көрінетін. Күлген кезде нұры қабырғалардан шағылатын. Жылағаны да күлгені сияқты жеңіл болатын. Қарқылдап күлмейтін, айқайлап жыламайтын. Ал қайғырғанда мүбәрәк көзінен жас ағып, мүбәрәк кеудесінің дауысы естілетін. Үмметінің күнәсін ойлағанда, Аллаһу та’аладан қорқынышынан және Құран Кәрімді тыңдағанда және кейде намаз оқығанда жылайтын.

Пайғамбарымыздың мүбәрәк саусақтары ірі және мүбәрәк қолдары етті еді. Мүбәрәк алақаны кең болатын. Денесінің иісі хош иісті болатын. Мүбәрәк денесі әрі жұмсақ әрі күшті еді. Әнәс бин Малик айтады: «Расулуллаһқа он жыл қызмет еттім. Мүбәрәк қолдары жібектен жұмсақ болатын. Мүбәрәк денесі мускустан да, гүлден де хош иісті еді. Мүбәрәк қолы, аяғы, саусақтары ұзын еді. Мүбәрәк аяғының саусақтары ірі, асты қатты биік емес және жұмсақ еді. Мүбәрәк қарны кең және кеудесімен бір деңгейде еді. Кең иықты, кең кеуделі еді. Пайғамбарымыздың жүрегі назаргах-и илаһи (Аллаһтың назар салатын жері) еді.

Расулуллаһ алейһиссалам ұзын бойлы да, қысқа бойлы да емес-тін. Қасына ұзын адам келсе одан ұзын болып көрінетін. Отырған кезде мүбәрәк иығы отырғандардың барлығынан биік болып көрінетін.

Мүбәрәк шашы мен сақалы аса бұйра да емес, аса тегіс те емес еді, толқынды (ирелең) болатын. Шашы ұзын болған, бұрындары кекіл қоятын болған, кейіннен екіге жаратын болды. Мүбәрәк шашын кейде өсіретін, кейде қырқып, қысқартатын. Шашы мен сақалын боямайтын. Қайтыс болған кезінде шашы мен сақалында ағарғандарының саны жиырмадан аз болатын. Мүбәрәк мұртын қысқартатын. Мұртының ұзындығы мен пішімі мүбәрәк қасындай болатын. Қол астында жеке шаштаразы болды. Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уәсәлләм мисуак пен тарағын жанынан тастамайтын. Мүбәрәк шашы мен сақалын тараған кезде айнаға қарайтын. Расулуллаһ алейһиссалам алдына ғана қарап, жылдам жүретін. Оның бір жерден өткендігі оның хош иісінен белгілі болатын. Расулуллаһ алейһиссалам араб еді. Қызыл мен ақ араласқан реңді, көркем, нұрлы, сүйкімді болатын. Пайғамбарымызды қара деген адам кәпір болады.

Араб сөздікте «әдемі» дегенді білдіреді. Мысалы, «лисан-и араб» - әдемі тіл деген сөз. Терминдік мағынасы, яғни жағрапия тілімен араб деген сөз -  Арабстан түбегінде туып-өскен, сол жердің ауасымен, суымен, азығымен қоректеніп өскен және солардың тегінен шыққан адам дегенді білдіреді. Анадолудағылардың түрік, Болгариядағылардың болгар, Алманиядағылардың неміс деп аталатыны секілді Расулуллаһ алейһиссалам да Арабстанда туылғандықтан араб болып табылады. Арабтар аққұба, бидай өңді болады. Әсіресе пайғамбарымыздың тегі аққұба өңді және көркем жүзді болған. Аталары Ибраһим алейһиссалам аққұба болған, Басра қаласының тұрғыны Тарух деген аққұба бір мүміннің баласы болатын. Кәпір болған Азер Ибраһим алейһиссаламның әкесі емес, көкесі және өгей әкесі болатын.

Сүйікті пайғамбарымыздың әкесі Абдуллаһтың көркемдігі Мысырға дейін таралып, маңдайындағы нұрға байланысты екі жүзге жуық қыз оған тұрмысқа шығу үшін Меккеге барған. Бірақ, Мұхаммед алейһиссаламның нұры хазреті Әминаға нәсіп болды.

Көкесі Аббас пен Аббастың ұлы Абдуллаһ та аққұба өңді болған. Пайғамбарымыздың қияметке дейінгі әулеті көркем және аққұба болады.

Расулуллаһтың сахабалары да аққұба, көркем болған. Осман радиаллаһу анһ сарғыш реңді болған. Пайғамбарымыздың грек императоры Гераклиус үкіметіне жіберген адамы Дыхие Кәлби өте көркем болатын. Ол көшеге шыққанда грек қыздары оны көруге көшеге шығатын. Жәбрейіл алейһиссалам көбінесе Дыхиенің (радиаллаһу анһ) кейпінде келген.

Мысыр, Шам, Африка, Сицилия және Испания тұрғындары араб емес. Арабтар Исламды тарату үшін Арабстан түбегінен шығып сол жерлерге дейін барғандықтан қазіргі таңда араптар ол жерлерде де бар. Сонымен қатар Анадолуда, Үндістанда және басқа мемлекеттерде де бар. Бірақ, бұл елдердің ешқайсысының тұрғынын араб деп атау дұрыс емес.

Мысыр тұрғындарының реңі қараторы болып келеді. Хабашстан тұрғындарының реңі қара болады. Олар хабаш (эфиоп) деп аталады. Зенгибардың тұрғындары негр деп аталады. Олар да қара. Пайғамбарымыздың туыстарын, немерелерін жақсы көру және құрметтеу – ғибадат болып табылады. Оларды барлық мұсылмандар жақсы көреді. Анадолуға қонаққа келген қара реңді адамдар, эфиопиялықтар мен негрлер құрметке ие болу үшін өздерін араб деп танытқан, Анадолуның ақкөңіл, таза мұсылмандары олардың сөздеріне сеніп, оларды жақсы көріп, құрметтеген. Өйткені, бұл сүйіспеншілікте қара, ақ деп бөлушілік жоқ еді. Қара реңді мұсылман ақ реңді кәпірден қаншама есе үстем, құнды және қалаулы болады. Адамның қара болуы оның иманының абыройын түсірмейді. Біләл Хабаши хазіреттері мен Расулуллаһ қатты жақсы көретін Усамә қара болатын. Жамандықтары және жиіркенішті қылықтарымен танылған Әбу Ләхәб пен Әбу Жәхл деген кәпірлер ақ реңді болатын. Аллаһу та’ала адамның түр-түсіне емес, иманының қуаттылығына, тақуалығына мән береді. Бірақ, қаралардың өздерін араб деп танытулары Ислам дұшпандарының, яһудилердің пайдасына жарады. Бір жағынан қара адамдарды төмен және жиренішті етіп танытты. Оларды құл ретінде қолданды. Бір жағынан қара мысықтарды, иттерді «Араб, Араб» деп шақырып, газет-журналдарға жариялаған қара сурет немесе карикатураларды араб деп атап, жастарға арабты қара деп танытуға, осылайша, мұсылман балаларын Пайғамбарымыздан алыстатуға тырысты.

Жақсы мінездердің барлығы сүйікті пайғамбарымыздың бойына жиналған еді. Жақсы мінездері Оған Аллаһу та’ала тарапынан берілген (уәхби), кәсби, яғни кейіннен еңбектеніп қол жеткізілген емес. Пайғамбарымыз бір мұсылманның есімін айтып, ешқашан лағынет етпеген және мүбәрәк қолымен  ешкімді ұрмаған. Аллаһ үшін кек қайтарған, өзі үшін ешкімнен ешқашан кек алмаған. Туыстарымен, сахабаларымен және қызметшілерімен қарапайымдылық танытып, жақсы мәміледе болған. Үй ішінде өте кішіпейіл, жылы жүзді еді. Ауырған адамдардың көңілін сұрап, қайтыс болған адамдардың жаназасына баратын. Сахабаларының жұмыстарына көмектесіп, олардың балаларын құшағына алатын. Бірақ, жүрегі бұлармен әуре болмайтын. Мүбәрәк рухы періштелер әлемінде болатын.

Пайғамбарымызды кенеттен көрген адамды үрей билейтін. Өзі жылы қабақ танытпаса пайғамбарлық халдеріне байланысты ешкім оның қасында отыра алмас еді, сөзін тыңдауға шыдай алмас еді. Алайда, Ол ибалылығынан ешкімнің бетіне тіктеп қарамайтын. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) адамдардың ең жомарты болатын. Біреу бір нәрсе сұраса ешқашан жоқ демеген. Сұралған нәрсе бар болса беретін, жоқ болса жауап бермейтін. Жақсылықтарының көптігі соншалық, Грек императоры, Иран патшалары мен ешқандай билеуші оның жасаған жақсылығын жасай алмас еді. Бірақ, өзі қиындықпен өмір сүргенді қалайтын, жеп-ішу туралы ойламайтын. «Тамақ әкеліңдер жейік» немесе «Мынадай тамақ пісіріңдер» демеген. Тамақ әкелсе жейтін, қандай жеміс берсе де қабылдайтын. Кейде айлар бойы аз жеп, аш жүргенді ұнататын. Кейде көп жейтін. Тамақтан кейін су ішпейтін. Суды отырғанда ішетін. Басқалармен бірге тамақ жегенде қолын бәрінен соң созатын. Барлық адамның сыйлығын қабылдайтын. Сыйлық әкелген адамға бірнеше есе артық қылып қайтаратын.

Әр түрлі киімдер кию әдеті еді. Шет елдерден адам келсе сәнденіп, бағалы киімдер киіп, көркем жүзін көрсететін. Агат тасынан күміс жүзік тағатын және мөр ретінде қолданатын. Жүзігінің бетінде «Мұхаммәдун Расулуллаһ» деген жазу бар болатын. Төсегі теріден тігілген, ішіне құрма ағашының талшықтары салынған еді. Кейде осы төсегіне, кейде жерге төселген теріге, кейде қамыс төсеніш үстіне, кейде құрғақ топыраққа жататын. Мүбәрәк алақанын оң жағының астына қойып, оң жағына қарап жататын. Зекет малын алмайтын, шикі пияз және сарымсақ сияқты нәрселерді жемейтін және өлең айтпайтын.

Пайғамбарымыз алейһиссаламның мүбәрәк көзі ұйықтаса да, жүрегі ұйықтамайтын. Аш жатып, тоқ оянатын. Ешқашан есінемейтін. Мүбәрәк денесі нұрлы болатын, көлеңкесі жерге түспейтін. Киіміне шыбын қонбайтын, маса және басқа да жәндіктер Оны шақпайтын. Аллаһу та’ала тарапынан Расул (елші) екендігі білдірілгеннен кейін шайтандар көкке шығып, хабар ала алмайтын, көріпкелдер хабар айта алмайтын болды. Пайғамбарымыз саллаллаһу алейһи уә сәлләм біз білмейтін бір өмірмен қазір өмір сүруде. Денесі ешқашан шірімейді. Қабірінде бір періште тұрады, үмметінің айтқан салауаттарын оған хабарлап тұрады. Мінбері мен қабірінің арасы Рауда-и мутаххәра деп аталады. Бұл жер - жаннат бақшаларының бір бақшасы. Қабірін зиярат ету ғибадаттардың ең қадірлісі болып табылады.

 

Пайғамбарымыздың көркемдігін ұлы сахабалар былай айтады:

Әбу Хурайра хазіреттері: «Расулуллаһтан асқан көркем адам көрмедім, жүзі күндей жарқырап тұратын. Күлген кезінде тістері қабырғаға сәуле шашатын»- деген.

Ибни Әбу Халә: «Пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзі айдың он төрті сияқты жарқырайтын» деді.

Хазреті Әли: «Оны кенеттен көрген адам оның айбаттылығынан тайсалатын. Онымен сөйлесіп, таныған адам лезде жүрегі жылып, оны жақсы көре бастайды» деді.

Жабир бин Сәмурә: «Расулуллаһ мүбәрәк қолымен бетімді сипады. Қолынан иіссу сатушылардың сөмкесінен қолын жаңадан шығарған кезіндегі иісті сездім. Расулуллаһ біреумен қол алысып амандасқан болса ол адамның қолынан сол күні сол хош иіс кетпей тұратын» деді.

Хазреті Айша «Расулуллаһ бір баланың басын сипаса, басқа балалардың ішінде сол бала хош иісімен ерекшеленіп тұратын» дейді.

Расулуллаһ саллаллаһу алейһи уә сәлләм бір күні үйінде ұйықтап жатқан болатын. Әнәс бин Маликтің анасы Үммү Суләйм келді. Расулуллаһ алейһиссаламның ұйықтап жатқанында мүбәрәк жүзінен тер тамшылары көрініп тұрды. Үммү Суләйм пайғамбарымыздың тер тамшыларын жинай бастады. Оянып, себебін сұрағанда пайғамбарымыздың нағашы әпкесі болған Үммү Суләйм: «Оны иіс суларымызға қосамыз. Сіздің теріңіз – ең хош иіс» деді.

Әбу Хурайра: «Расулуллаһтан тез жүретін адамды көрмедім. Құдды жер жылжып жатқандай болатын. Онымен бірге жүргенде біз бар күшімізбен жүріп, қиналатынбыз» деді.

Пайғамбарымыз өте әсем сөйлейтін. Сөзін неден бастап, немен аяқтауды өте жақсы білетін. Сөздері анық, ашық, айқын және шешендік сипатта болатын. Оның сөздерінен мағынаның дұрыстығы әрқашан байқалып тұратын, түсіндіре білу қабілеті жоғары болғандықтан сөйлегенде шаршамайтын.