Пайғамбарымыз жиырма күнге жуық жауды күтті. Тәбүкте сахабаларымен қаншама сұхбаттар өткізіп, көңілдерге нұрлы шуағын төкті. Жүрегінен төгілгендерді олардың жүрегіне ұялатты. Сұхбаттарының бірінде «Адамдардың ең жақсысы мен қадірлісін айтайын ба?» деді. Сахабалар «Айтыңыз, йа Расулаллаһ» деді. «Адамдардың қайырлысы - атының немесе түйесінің үстінде немесе өз аяғымен соңғы деміне дейін Аллаһу та’аланың жолында жұмыс істеген адам. Адамдардың жаманы – Аллаһу та’аланың кітабын оқып, одан ешқандай пайдаланбаған адам» деді.
Шәйіттік туралы сұраған бір адамға «Аллаһу та’алаға ант етемін, шәйіттер қиямет күні қылыштарын мойындарына асынып келеді. Нұрдан жасалған мінберлердің үстіне отырады» деді.
Тәбүктен Мәдинаға қайтуға дайындықтар жасалып жатқанда сахабалар аштықтан адам төзгісіз жағдайға жеткендіктерін пайғамбарымызға білдірді. Пайғамбарымыз олардың қалған тамақтарын бір терінің үстіне жинатты. Олар бір кішкентай қазанды әрең толтырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) дәрет алып, екі рәкат намаз оқыды. Қолын жайып, тамақтың берекелі болуын Аллаһтан тіледі. Сосын сахабаларына ыдыстарын әкелуді бұйырды. Алып әскерде ешқандай ыдыс бос қалмайтындай етіп барлығын толтырды. Сондай-ақ, барлық мүжахидтер тойғандарынша жесе де дастархандағы тамақ азаймады.
Мүжахидтер Тәбүктен шығып, Мәдинаға бет алған болатын. Бір түні мұнафықтар алдағы тар өткелде пайғамбарымызға тұзақ құрып, өлтіруге өз араларында келісті. Сөйтіп, қоршауда күтіп тұрды. Пайғамбарымыздың түйесінің ноқтасын Аммар бин Ясәр ұстап, артынан хазіреті Хузәйфә бин Йәман еріп жүрді. Мұнафықтардың келісіп, қастандық ұйымдастырып жатқанын Жәбрейіл алейһиссалам пайғамбарымызға хабарлады. Расулуллаһ алейһиссалам ол жерге жақындаған кезде бұл мұнафық тобы беттеріне бетперде киіп, шабуылға шықты. Хазіреті Хузейфә «Ей, Аллаһу та’аланың дұшпандары!» деп қолындағы таяқпен мұнафықтар мен олардың жануарларын ұра бастады. Бұл айқайдан қорыққан он екі мұнафық дереу әскердің арасына кіріп кетеді. Пайғамбарымыз олардың есімдерін хазіреті Хузейфәға айтып, басқаларға айтпауды ескертті.
Жағдайды естіп келген Усәйд бин Худайр (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызға «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Оларды маған айтыңыз, бастарын кесіп әкелейін» деп жалынды. Бірақ, пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) бұған рұқсат бермеді.
Дырар Мешіті: Пайғамбарымыз бен сахабалары византиялықтардың жүрегіне үрей салып, нұрлы Мәдинаға жақындаған болатын. Әлемнің сұлтаны Мәдинаға жақын орналасқан Зи-Әуан деген жерде сахабалардың тоқтауына бұйрық берді. Сахабалар демалып жатқанда бірнеше мұнафық пайғамбарымызға барып, Дырар мешітіне баруын сұрады.
Дырар мешіті Кубада орналасқан болатын. Ол Расулуллаһ Мәдинаға хижрет кезінде Кубада салдырған алғашқы мешіттің қарсысына салынған болатын. Пайғамбарымыз сахабаларымен Тәбүкке бара жатқанда мұнафықтар «Йа, Расулаллаһ! Жаңа мешіт салдық, келіп бізге намаз оқытасыз ба?» деп шақырған болатын. Бірақ, сапарға шыққан пайғамбарымыз нәсіп болса Тәбүктен қайтарда соғатынын айтқан болатын.
Мұнафықтардың мақсаты мұсылман жамағатын бөлу, өз нысаналарына пайдалану, бүлік шығарып, оларды бір-біріне айдап салу болатын. Тіпті, Византия әскерлерін Мәдинаға шақырып, осы мешітке сақтаған қаруларын соларға беріп, көмектеспек болады. Пайғамбарымызды сол жерде намаз оқыту арқылы Дырар мешітінің қасиетті орын екені туралы пікір қалыптастырғысы келді. Осылайша, мұсылмандар ол жерде намаз оқуға жарысып, мұнафықтардың торына түсетін еді.
Пайғамбарымыз мұнафықтардың бұл ұсынысын қабыл етіп, баруға шешім қабылдады. Аллаһу та’ала «Тәубе» сүресінің 107-108-аяттарын жіберіп, істің ішкі мәнісін білдірді. Осыдан соң пайғамбарымыз Малик бин Духшум мен Асым бин Адиге (радиаллаһу анһум) «Мына халқы залым болған мешітке кіріңдер. Оны қиратып, өртеңдер» деді. Олар кешке барып, мешітті өртеді. Сосын оны қиратып, талқандады. Мұнафықтардың дыбысы да шықпады.
Пайғамбарымыз бен сахабалардың келе жатқанын естіген мәдиналықтар дереу жиналып, үлкен толқыныспен күтіп алуға шықты.
Пайғамбарымыз Тәбүк сапарынан оралғанынан екі айдан кейін мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй өлді. Осыдан соң мұнафықтардың бірліктері бұзылып, тарап кетті.
Осылайша, тек мұнафықтардың ғана емес, Арабстандағы мүшріктер мен яһудилердің де Исламға қарсы келу, тосқауыл болу әрекеттері бастырылды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024