Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккені алу ниетімен Мәдинадан шыққан кезде Меккенің маңында тұратын Хәуазин және Сақиф деген екі үлкен тайпа мұсылмандар бізге шабуылдайды деген оймен соғысқа дайындала бастайды. Пайғамбарымыздың Меккені алу үшін келгенін білгенде біраз көңілдері орныққанмен «Құрайыштардан соң кезек міндетті түрде бізге келеді» деп дайындықтарын жалғастырды. Сондай-ақ, «Ант етеміз, мұсылмандар жақсы соғысатын қауыммен кездеспеді. Ол бізге шабуылдамастан бұрын біз оған шабуылдап, соғыстың қандай болатынын көрсетейік» деді. Хәуазин басшысы Малик бин Ауф жиырма мың адамдық өте күшті әскерімен алға ұмтылды. Әскерлерінің батылдығын арттыру және қиындықты көргенде қашпаулары үшін барлық құнды заттарын, әйел-балаларын бірге алып жүрді.
Бұл хабар қысқа уақытта Меккеге жетті. Пайғамбарымыз хабардың дұрыстығын анықтау үшін Абдуллаһ бин Әбу Хадрәдті (радиаллаһу анһ) Хәуазин тайпасына жіберді. Хазіреті Абдуллаһ түрін, киімін өзгертіп, жаудың ішіне кірді. Олардың ойларын, әрекет ету тәсілдерін біліп, пайғамбарымызға жеткізді.
Пайғамбарымыз дереу сахабаларын жинады. Меккеге жиырма жастағы Аттаб бин Әсидті (радиаллаһу анһ) әкім етіп тағайындап, тез арада жолға шықты. Он екі мың адамдық әскермен мүшрік Хәуазин және Сақиф тайпаларын ордаларында басып тастауды қалады. Мүжахидтердің туын хазіреті Әли ұстады. Алдыңғы шептің қолбасшысы Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) болды. Пайғамбарымыз дулығасы мен сауыттарын киіп, Дүлдүл деген қашырына мінді. Шәууәл айының 11-іне Хунәйн деген жерге барды. Сол түні пайғамбарымыз әскерін реттеп, соғыс тәртібіне енгізді. Таңғы намазды оқытқаннан кейін іске кірісті.
Мүшріктердің қолбасшысы түнді пайдаланып, Хунәйн өткелінің екі жағындағы тауларға әскерін орналастырып, тұзақ құрған еді. Алдыңғы жақта жасағымен келе жатқан Халид бин Уәлид қоршауды білмей, өткелге қарай атын тебінді. Таңғы алагеуім кезде жауды байқау мүмкін емес еді. Бір кезде мүжахидтердің үстіне мыңдаған оқ жаңбырдай жауа бастады. Осындай тұтқиылдан жауған оқтан сақтану үшін мүжахидтер кері шегінуге мәжбүр болды. Бұл кері шегіну артта келе жатқан әскерлердің тәртібін шатастырды. Олар да шегіну үшін кері бұрылғанда жиырма мың адамдық жау әскерінің селдей ағып келе жатқаны байқалды.
Пайғамбарымыз жалғыз өзі шабуылға шыққан мүшріктерге қарай ұмтылды. Бірақ, хазіреті Аббас, хазіреті Әбу Бәкір және жүз шақты ержүрек сахаба Пайғамбарымызға жетіп алды. Денелерін пайғамбарымызды қорғауға тосты. Хазіреті Аббас қашырдың тізгінін, ал Суфйан бин Харис (радиаллаһу анһ) үзеңгіні ұстап, атты тізгіндеуге, Расулуллаһтың жау жасағының арасына кіруіне кедергі болуға тырысты. Пайғамбарымыз Аллаһу та’аланың дінінің жойылу қауіпінен ренжіп, «Йа, Аббас! Сен оларға «Ей мәдиналықтар! Ей, Сәмурә ағашының астында ант берген сахабалар» деп дауыста» деді. Хазіреті Аббас алып денелі және айбатты болатын. Ол айқайлаған кезде дауысы алысқа жететін. Ол бар күшімен «Ей мәдиналықтар! Ей, Сәмурә ағашының астында пайғамбарымызға сөз берген сахабалар, тарамаңдар. Осы жерге жиналыңдар» деп айқайлады. Мұны естіген сахабалар кері қайтқысы келді. Бірақ, жануарларының қатты үркуі олардың кері қайтуына кедергі болды. Ақырында олар аттарынан секіруге мәжбүр болды. Тез арада пайғамбарымыздың жанына барып, жаумен қызу соғысуға кірісті. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстар жер мен көкті жаңғыртып, жаудың жүрегіне қорқыныш салды. Бәдірде, Ухудта, Хандекте және Хайбәрде үлкен ерліктер көрсеткен сахабалар, әсіресе хазіреті Әли, Әбу Дужанә, Зубайр бин Аууам (радиаллаһу анһум) беріліп шайқасып, жаудың сапын бұзып, кері шегіндірді.
Пайғамбарымыз сахабаларының жан-тәндерімен беріліп соғысып жүргенін көріп, «Аллаһым! Бізге көмегіңді бере гөр. Күмәнсіз, сен олардың бізді жеңгенін қаламайсың» деп дұға етті. Пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға дұға етіп тұрып, жерден бір уыс құм алып «Жүздері қарайсын» деп мүшріктерге қарай шашты. Пайғамбарымыздың мұғжизасы ретінде дұшпан әскерінің көздеріне құм толды. Періштелер де көмекке келген болатын. Пайғамбарымыз «Аллаһу та’алаға ант етемін, олар құрыды» деді. Мүшріктер кері шегіне бастаған болатын. Кері шегінген сайын арттарынан сахабаларды көріп, соғыс алаңына алып келген бала-шағаларын тастап, жан-жақтарына қарамастан қаша бастады.
Соғыс майданында жетпіс өлік, алты мың тұтқын және сансыз мал-мүлік қалған еді. Қашқандардың біразы Таиф бекінісін паналады. Біразы Нахләға, Әутасқа кетті. Қолбасшылары Малик бин Ауф Таифті паналаған болатын. Сахабалар оларды біраз қадағалады. Әутаста да қызу шайқастар болды. Жау тағы да жеңіліс тапты.
Бұл соғыста Аллаһу та’аланың рұқсатымен, Расулуллаһтың берекесімен жеңіс тағы да мұсылмандарға бұйырды. Төрт адам шәйіт болып, біраз сахабалар жарақаттанған болатын. Хазіреті Халид бин Уәлидтің де жараланғанын естіген Пайғамбарымыз оның қасына барып, жарасын қолымен сипаған кезде жарасы сол сәтте жазылып кеткен еді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024