Меккенің алынуы

Хижреттің сегізінші жылы болатын. Худәйбийа келісімінің бір бабында «Екі жақтан тыс қалған араб тайпалары қалаған жақтарының қарамағына кіре алады, мұсылмандар мен мүшріктердің қайсысына қосылса да өздері біледі» деп жазылған еді. Осыған орай пайғамбарымыздың одақтасы болған Хузаа тайпасы мұсылмандарға, Бәни Бәкр тайпасы мүшріктерге қосылған болатын. Хузаа тайпасы мен Бәни Бәкр тайпасы бұрыннан бір-бірімен жау болып, мүмкіндік туған сәтте бір-біріне шабуылдар жасайтын. Худәйбийа келісімі бойынша олар да біраз уақытқа ұрыс-шайқастарын тоқтатқан болатын. Бірақ, бұған Бәни Бәкрлер екі жыл ғана шыдай алды. Бәкр ұлдарының бірі пайғамбарымызға тіл тигізетін өлең айтып, оны естіген Хузаа тайпасының бірнеше жігіті шыдамай, оның басын жарады. Бәкр ұлдары мұны оңтайлы сәт деп есептеп, Хузаа тайпасына шабуылдайды. Бұл шабуылға құрайыштық мүшріктер қару беріп және жасырын әскер жіберіп көмектеседі, Харем шәрифте Хузаа тайпасынан жиырмадан астам адамды өлтіреді. Қақтығыс кезінде Хузаа тайпасынан біраз мұсылмандар пайғамбарымыздан көмек сұраған болатын. Хузаа тайпасының адамдары түнде болған бұл шайқаста Бәкр ұлдарының арасында құрайыш мүшріктерін де көргенін айтты.

Сол түні Мәдинада хазіреті Мәймунәның үйінде болған пайғамбарымыз намаз оқуға тұрып, дәрет алып жатқанда Аллаһу та’аланың рұқсатымен мұғжиза ретінде Меккедегі мұсылмандардың өзінен көмек сұрағанын естіді. Оларға «Ләббәйк! (Шақыруларыңа келемін)» деп жауап берді. Мәймунә анамыз (радиаллаһу анһа) пайғамбарымыздың қасында ешкім жоқ болса да осылай деп сөйлеп тұрғанын көріп, «Йа Расулаллаһ! Қасыңызда біреу бар ма?» деп сұрады. Пайғамбарымыз оған Меккеде болған оқиғаны және құрайыштықтардың бұл іске араласқанын айтты.

Құрайыш мүшріктері Бәни Бәкрлерге көмектесіп, Хузаа тайпасына шабуыл жасап, оларды өлтіріп, Худәйбийа келісім шартының бабтарына қайшы әрекеттер жасап, осылайша келісім шартты бұзған еді. Бірақ, бұл оқиғадан сол кезде Шамға сауда үшін кеткен құрайыш көсемі Әбу Суфйанның хабары жоқ болатын. Шамнан оралғанында адамдар оған жағдайды баяндап: «Бұл міндетті түрде түзетілуі тиіс мәселе. Мұны жасыру мүмкін емес. Егер түзетілмесе Мұхаммед (алейһиссалам) бізді Меккеден шығарады» деді. Әбу Суфйан: «Бұл оқиғаға қатысым жоқ болса да, болған шайқас хабары Мәдинаға жетпестен бұрын келісімді жаңалап, созу үшін тез арада жолға шығуым керек» деді.

Алайда, пайғамбарымыз хабарды сол кезде-ақ естіп қойған болатын. Оқиғадан үш күн өткен соң Хузаа тайпасынан Амр бин Салим қасына қырық атты әскер ертіп, пайғамбарымызға жағдайды хабарлайды. Пайғамбарымыз «Хузаа ұлдарына көмектеспесем, маған да көмек берілмесін» деп бір хат жаздырды. Құрайыш мүшріктеріне жіберілген бұл хатта пайғамбарымыз «Сендер Бәкр ұлдарымен одақтастықтарыңнан бас тартасыңдар, немесе Хузаа ұлдарынан өлтірілген адамдарға құн төлейсіңдер. Егер бұл айтқандарымның бірін орындамайтын болсаңдар сендермен соғысатынымды білдіремін» деген болатын.

Құрайыштықтар «Одағымызды да үзбейміз, құн да төлемейміз. Тек соғысамыз» деп хабар жіберді. Бірақ, бұлай жасағандықтарына қатты өкініп, қорқып, келісімді жаңалау үшін Әбу Суфйанды Мәдинаға жолға шығарды.

Әбу Суфйан Мәдинаға бармастан бұрын пайғамбарымыз оның келетінін сахабаларға айтты. «Әбу Суфйан келісімді жаңалап, мерзімін ұзартуға келе жатыр деп ойлаймын. Бірақ, ол дегеніне жете алмай, кері қайтады» деді.

Әлі мұсылман болмаған Әбу Суфийан Мәдина Мунаууараға барады. Өзінің қызы және пайғамбарымыздың әйелі, мүміндердің анасы болған Үммү Хабибаның (радиаллаһу анһа) үйіне келеді. Пайғамбарымыздың төсегіне отырмақшы болғанда хазіреті Үммү Хабиба ол отырмастан бұрын төсекті тартып алады. Әкесі бұған қатты ренжіп, «Ей, қызым! Бұл төсекті менен аяп отырсың ба?» деп сұрағанында Расулуллаһқа деген сүйіспеншілігін барлық нәрседен артық қоятын хазіреті Үммү Хабиба әкесіне «Бұл төсек Аллаһу та’аланың Расулының төсегі. Оған мүшріктер отырмайды. Сен мүшріксің және лассың. Бұл төсекке отыруға мүлдем де лайық емессің» деп жауап берді. Әкесі «Ей, қызым! Үйімнен кеткелі саған бір нәрсе болған-ау шамасы» дегенде ол «Әлһамдулилләһ, Аллаһу та’ала маған Исламды нәсіп етті. Ал, сен болсаң әлі естімейтін, көрмейтін, тастан жасалған пұттарға табынасың. Ей, әке! Сен сияқты құрайыштың үлкені болған адам қалайша Исламнан алыс тұрады?» деді. Әкесі қатты ашуланып, «Маған құрметсіздік етіп, надандықпен айыптайсың. Демек, мен ата-бабамның жылдар бойы табынған нәрселерін тастап, Мұхаммедтің (алейһиссалам) дініне кіруім керек пе?» деп ол жерден кетіп қалды.

Пайғамбарымызға барған құрайыш көсемі «Мен Худәйбийа келісімін жаңалау және мерзімін созу үшін келдім. Қане, арамыздағы бұл келісімді қайтадан жазып, жаңалайық» деді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Біз Худәйбийа келісім шартына қайшы әрекет жасамаймыз және оны өзгертпейміз» деді. Құрайыш көсемі қайта-қайта «Келісім шартты өзгертейік. Жаңалайық» деп қайталаса да пайғамбарымыз оған жауап қатпады. Құрайыш көсемі қанша күш салса да онысынан ештеңе шықпайтынын көріп, Меккеге қайтып, мүшріктерге жағдайды баяндады. Мүшріктер «Демек, ештеңе жасай алмай қайттың ба?» деп оны айыптады. Енді олар үшін күтуден басқа шара қалмаған еді.