Әлемдерге рақымдылық ретінде жіберілген пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеге умраға барғанда сахабалардан Уәлид бин Уәлидке «Халид қайда? Ол сияқты адамның Исламды танымағаны, білмегені болмайды. Әттең, ол бар күш-жігері мен батырлығын мұсылмандардың жанында мүшріктерге қарсы көрсетсе қандай жақсы болар еді. Оны жақсы көріп, жоғары ұстар едік» деген еді. Уәлид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) одан бұрын да жиі-жиі хат жазып, ағасын мұсылмандыққа шақыратын. Пайғамбарымыздың осы сөздерін де жеткізгенде ағасы Халидтің Исламға деген әуестігі арта түсті. Умраға барған сахабалар Мәдинаға қайтқан болатын. Арадан бірнеше күн өтіп, хижреттің сегізінші жылы кірген еді. Халид бин Уәлид болса, енді орнында тұра алмай, тезірек Мәдинаға барып, пайғамбарымыздың алдына тізерлеп отырып, мұсылман болуды аңсады. Өзі былай баяндайды:
«Аллаһу та’ала маған пайғамбарға деген сүйіспеншілік сезімін оятты. Жүрегіме Исламға деген сүйіспеншілік ұялатты. Жақсылық пен жамандықты айыратындай жағдайға жеткізді. Өз-өзіме «Мен Мұхаммед алейһиссаламға қарсы барлық соғыстарға қатыстым. Бірақ, әр соғыстан қайтып бара жатқанымда өзімді жаман халде сезініп, Оның бір күні міндетті түрде жеңіске жететінін білетінмін. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Худәйбийаға келген кезде де жау әскерінің қолбасшысы болатынмын. Усфанда оларға жақын бардық. Расулуллаһ бізден сенімді кейіпте бесін намазын оқытып жатқан болатын. Оларға тұтқиылдан шабуыл жасамақ болдық, бірақ бұны жасай алмадық. Бұлай болуы қайырлы болды. Расулуллаһ біздің ойымызды сезген болуы керек, екінді намазын шара қолданып оқыды. Бұл жағдай маған қатты әсер етті. Бұл адам Аллаһу та’ала тарапынан қорғалатын болса керек дедім. Біз бір-бірімізден бөліндік. Мен әр түрлі ойлардың ішінде жүрген едім. Мұхаммед алейһиссалам умраға Меккеге келген кезде оған көрінбедім. Бауырым Уәлидпен бірге келіп, мені таба алмапты. Бауырым маған мынадай хат қалдырыпты: «Бисмилләһиррахманиррахим! Аллаһу та’алаға хамд пен мақтаулар және Расулуллаһқа сәлем және салауат болсын! Мен шындығында сенің Исламнан теріс айналып кетуіңнен асқан таңқаларлық нәрсе көрген емеспін. Алайда, ұстанған жолыңның қате екенін өзің де түсіне аласың. Неге ақылға салмайсың? Ислам сияқты дінді танып, түсінбеуің қандай жаман. Пайғамбарымыз менен сені сұрады. Сенің Исламды мойындап, күш-жігерің мен ерлігіңді мұсылмандардың арасында мүшріктерге қарсы қолданғаныңды қалайды. Ей, бауырым! Көптеген мүмкіндіктерді жіберіп алдың. Ендігі көп кешікпе!».
Бауырымның хатын оқығаннан кейін менің мұсылман болу құштарлығым арта түсті. Баруға асықтым. Расулуллаһтың айтқандары мені қатты қуантқан еді. Сол түні ұйықтап жатып, түсімде қиын, тар және шөл сияқты жерлерден жап-жасыл, кең және рахат бір жерге шыққан едім. Мәдинаға барған соң бұл түсімді хазіреті Әбу Бәкірге айтып, жорытуды ойладым.
Мен Расулуллаһқа баруға жиналып жатқанда «Ол жерге бара жатқанда маған кім жолдас болады екен?» деп ойладым. Сол кезде Сафуан бин Умәййәға жолықтым. Оған жағдайды айттым. Ол ұсынысымды қабылдамады. Сосын Икримә бин Әбу Жәхлге кездестім. Ол да қабылдамаған соң үйіме келдім. Жануарыма мініп, Осман бин Талхаға бардым. Оған да мұсылман болу үшін Расулуллаһқа баратынымды айтып, маған жолдас болуын сұрадым. Ол қабыл етіп, ертеңіне таң ата екеуміз жолға шықтық. Хаддә деген жерге жеткенімізде Амр бин Асқа жолықтық. Ол да мұсылман болу үшін Мәдинаға бара жатыр еді. Мәдинаға бардық. Ең жақсы киімімді киіп, Расулуллаһпен кездесуге дайындалдым. Сол кезде бауырым Уәлид келді де «Тез бол. Өйткені, пайғамбарымызға сенің келе жатқаның хабарланған. Ол қатты қуанды. Қазір сендерді күтіп отыр» деді. Асығып оның жанына бардым. Ол күлімсіреп отыр еді. Сәлем бердім. «Аллаһу та’аладан басқа илаһ жоқ екеніне және сіздің Аллаһу та’аланың пайғамбары екеніңізге куәлік етемін» дедім. Ол «Сені тура жолға салған, тура жолды көрсеткен Аллаһу та’алаға шүкіршілік» деді. Сосын күнәларымның кешірілуі үшін Аллаһу та’алаға дұға етуін сұрадым. Ол мен үшін дұға етіп, «Ислам өзінен бұрын істелген күнәларды алып тастайды» деді. Қасымдағы екі жолдасым да мұсылман болды».
Осылайша, Меккенің ең батырлары, мақсаттарына жету жолында жандарын беретін осы үш палуан жігіт шын ықыластарымен Расулуллаһтың алдында сахабалардың қатарына қосылу құрметіне ие болды. Енді олар бар күштерін күпірлікті жоюға жұмсайтын еді. Олардың мұсылман болғанына сахабалар қатты қуанды, қуаныштарын «Аллаһу әкбар!» деп тәкбірлермен білдірді.
Хижреттің сегізінші жылында пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Исламның таралуы үшін тағы да әр түрлі тайпаларға, елдерге елшілер жіберді. Олардың біразынан оң нәтижелер шықты, бірақ Бусра әкіміне жіберілген Харис бин Умәйрды Шамның Бәлқа ауданының Мутә деген ауылында христиан әскерлері ұстап алады. Шамның әкімі Шурахбил бин Амрдің алдына апарылған хазіреті Харис елші болса да өлтіріліп, шәйіт етіледі.
Бұл хабарға пайғамбарымыз қатты ренжіп, сахабаларына жиналуға бұйрық берді. Бұл бұйрықты алған сахабалар балаларымен қоштасып, Журф ордасына жиналды. Пайғамбарымыз бесін намазын оқытқаннан кейін «Жихадқа шығатын мына адамдарға Зәйд бин Харисаны қолбасшы еттім. Зәйд бин Хариса шәйіт болса, орнына Жафәр бин Әбу Тәліп барсын. Жафәр бин Әбу Тәліп шәйіт болса, орнына Абдуллаһ бин Рәуаха өтсін. Абдуллаһ бин Рәуаха шәйіт болса, мұсылмандар араларына лайықты біреуді таңдап, өздеріне қолбасшы етсін!» деді. Осыған орай сахабалар аттары аталған қолбасшылардың шәйіт болатынын түсініп, жылай бастады: «Йа Расулаллаһ! Әттең, тірі қалып, оларды пайдалансақ» деді. Пайғамбарымыз оларға жауап бермей, үнсіз қалды.
Бұларды сол жерде тұрған хазіреті Зәйд, Жафәр мен Абдуллаһ та (радиаллаһу анһум) естіп, қатты қуанды. Өйткені, олардың ең үлкен мақсаттары Аллаһу та’аланың дінін жаю жолында шәйіт болу еді. Енді сүйінші хабар беріліп, мұны өз құлақтарымен естіген еді.
Мүжахидтер дайындық істерін аяқтап, қолбасшыларын күтіп тұрған еді. Пайғамбарымыз Исламның ақ туын Зәйд бин Харисаға берді. Оған Харис бин Умәйрдің (радиаллаһу анһ) шәйіт етілген жеріне дейін баруды және Исламды уағыздауды бұйырды. Қабылдамаса дұшпанмен соғысуды бұйырды.
Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) қасындағы қолбасшы жолдастарымен қоштасып тұрып жылады. Жолдастары одан «Ей, Рәуаханың ұлы! Неге жылайсың?» деп сұрады. Ақын Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) жылауының себебі дүниеге құштарлық емес, сағыныш емес екенін, Құран Кәрімде көрсетілген «Күмәнсіз, біліңдер, сендердің араларыңнан тозақтан өтпейтін ешкім жоқ» деген аятты естігенін, тозаққа түссе, қалай сабыр ететінін өлеңмен жеткізді. Жолдастары «Аллаһу та’ала сені сүйікті құлдарының қатарынан жазсын, салихтерден болғайсың» деп дұға етті. Сосын Абдуллаһ бин Рәуаха: «Бірақ, мен Аллаһу та’ала тарапынан кешірілуді қалаймын. Және қандарды ағызатын қылыш соққысынан немесе ішек-бауырымды жарып шығатын найзадан шәйіт болуды қалаймын»- деді. Әскерлер жүруге дайындалғанда хазіреті Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) пайғамбарымызға барып, қоштасып «Йа Расулаллаһ! Маған жаттап алатын және есімнен шығармайтын бір нәрсе ұсынасыз ба?» деді. Пайғамбарымыз оған «Сен ертең Аллаһу та’алаға өте аз сәжде жасалатын елге барасың. Сол жерде сәжделерді, намаздарды көбейт» деді. Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ): «Йа Расулаллаһ! Маған насихатыңызды көбейтесіз бе?» дегенде пайғамбарымыз: «Аллаһу та’аланы әрдайым зікір ет. Мақсатыңа жетуде саған көмекші болады»- деді.
Үш мың адамдық Ислам әскері «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деген дауыстармен жүре бастады. Пайғамбарымыз бен Мәдинада қалған ардақты сахабалар мүжахидтерді Уәда деген жерге дейін шығарып салды. Осы жерде пайғамбарымыз Ислам әскеріне былай деп тіл қатты: «Мен сендерге Аллаһу та’аланың бұйрықтарын орындап, тыйымдарынан сақтануды, жандарыңдағы мұсылмандарға жақсы мәміле жасауды және оларға жақсы көзбен қарауды ұсынамын. Аллаһу та’аланың жолында Оның есімін айтып соғысыңдар. Олжаға түскен заттарға қиянат жасамаңдар. Келісімге опасыздық жасамаңдар. Балаларды өлтірмеңдер. Ол жерде христиандардың шіркеулерінен адамдардан бөлініп, өздерін құлшылыққа арнаған кейбір адамдарды көресіңдер. Оларға тиіспеңдер. Олардан басқа бастарына шайтан ұялаған кейбір адамдарды да көресіңдер, олардың басын шабыңдар. Сендер әйелдерді, қарт адамдарды өлтірмеңдер. Ағаштарды өртемеңдер, кеспеңдер. Үйлерді қиратпаңдар!»
Бас қолбасшы Зәйд бин Харисаға (радиаллаһу анһ) «Мүшрік жаумен қарсыласқанда оларды үш нәрсенің біріне шақыр. (Егер мұсылман болса) оларды мұхажирлер елі болған Мәдинаға хижрет етуге шақыр. Шақыруыңды қабылдаса, мұхажирлердің құқықтары мен міндеттері оларға да жүктелетінін білдір. Егер мұсылман болып өз елдерінде қалуды қаласа, мұсылман көшпенді арабтар сияқты болатындарын және оларға қолданатын илаһи үкімнің өздеріне де қолданылатынын, соғыс олжасынан оларға ештеңе берілмейтінін және олжадан тек мұсылмандардың қасында соғысқандардың алатынын білдір.
Егер Исламды қабылдамаса, оларды жизийа (салық) төлеуге шақыр. Араларындағы осыны қабылдағандарға тиіспе. Жизийа да бергісі келмесе, Аллаһу та’аланың көмегіне сүйеніп, олармен соғыс»- деді.
Осы насихаттан кейін мүжахидтермен қоштасты. Ислам әскері тәкбір айтып қоштасты. Артта қалғандар кеткендерге қол бұлғап, «Аллаһу та’ала сендерді түрлі қауіптерден қорғасын, қайтадан аман-сау қайтарсын» деп дұға етті. Көзге көрінбей кеткенге дейін көздерінен жас ағып қарап тұрды. Зәйд бин Харисаның (радиаллаһу анһ) қолындағы қасиетті ту желбіреп, мүжахидтер ұзақ жолға Аллаһу та’аланың дініне қызмет ету үшін шыққан еді.
Ислам әскері Сирияға қарай бет алды. Жол сапары тыныш өтті. Мүжахидтер тезірек жаумен кездесуге асықты. Шәйіттікті қалағандардың ішінде Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) да бар еді. Мұны Зәйд бин Әркам (радиаллаһу анһ) былай әңгімелеген:
«Мен Абдуллаһ бин Рәуаханың тәрбиесінде өскен жетім болатынмын. Ол Мутә жорығына шыққанда мені де түйесінің артына мінгізді. Түнде біраз уақыт жүргеннен кейін өзінің бұл сапарда шәйіт болатынын айтып, өлеңдетті. Мен мұны естіп жыладым. Абдуллаһ бин Рәуаха мені қамшысымен түртіп, «Ей, саған не болды? Бұлай айтудың саған қандай зияны бар? Аллаһу та’ала маған шәйіттікті бұйыртса сен осы жануармен кері қайтасың. Ал мен дүниенің барлық дерттерінен, қайғыларынан құтылып, рахатқа қауышамын»- деді. Түсіп екі рәкат намаз оқыды. Сосын ұзақ дұға оқып, маған «Ей, бала! Бұл сапарда иншаллаһ шәйіттік нәсіп болады» деді.
Ержүрек сахабалар Сирияға жақындағанда Шам әкімі Шурахбил бин Амр Ислам әскерінің жақындағанын естіген болатын. Дереу Византия билеушісі Гераклиусқа жағдайды хабарлап, үлкен көмек алып, көңілі жайланған еді. Өйткені, естуі бойынша мұсылмандардың саны тек 3-5 мың ғана болатын. Өзінің әскері жүз мыңнан асатын. Ал қару-жарақтары есепсіз болатын.
Сахабалар Шам жерінен Муанға барған кезде гректердің жүз мың адамдық әскерімен өздеріне қарсы келе жатқанын естіді. Сол жерге қонып, екі түн түнеді. Қолбасшы Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) жолдастарын жинап, жағдайды баян етті. Гректерге қарсы не істеу керектігі туралы пікірлерін сұрады. Сахабалардың біразы «Грек әскерімен кездеспестен елдеріне тұтқиылдан шабуыл жасайық. Адамдарын тұтқынға түсіріп, Мәдинаға жіберейік» десе, біразы «Расулуллаһқа хат жазып, жаудың санын айтайық. Бізге шұғыл әскер жіберуін немесе не істеуіміз керектігін сұрайық» деді. Екінші пікірді дұрыс деп санап тұрғанда Абдуллаһ бин Рәуаха (радиаллаһу анһ) сөзге араласып, «Ей, қауымым неге алаңдайсыңдар? Шәйіт болу үшін келмедік пе? Біз кәпірлермен ешқашан санымыз, қаруымыз көп болып соғысқан жоқпыз. Аллаһу та’аланың бұйыртқан осы дінінің күшімен арыстанша соғыстық. Алға ұмтылыңдар, соғысыңдар, сөзсіз алдымызда қайыр бар. Бұл істің нәтижесі не жеңіс, не шәйіттік. Бәдір күні екі-ақ атымыз бар болатын, Ухудта бір ғана ат пен аз ғана қаруымыз болды. Бұл соғыста жеңу тағдырымызға жазылған шығар. Оны Аллаһ пен пайғамбары уәде етті. Хақ та’ала уәдесінен ешқашан қайтпайды. Ей, мүміндер, олай болса алға жылжыңдар! Егер маңдайымызға шәйіттік жазылса, жұмақтағы шәйіт бауырларымызға қауышамыз» дегенді өлең шумақтарымен жеткізді. Хазіреті Абдуллаһ бин Рәуаханың бұл сөздері мүжахидтердің батырлық сезімін оятты. «Уаллаһи, Рәуаханың ұлы дұрыс айтады» десті.
Осылайша шешім қабылданған еді. Барлығы шәйіт болғанға дейін соғысуға бел байлады. Ержүрек сахабалар Мутә деген ауылға барған кезде жүз мың адамдық грек әскерімен кездесті. Тау-тас барлық жер дұшпан әскерімен толы еді. Бір жақта Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін сонау Мәдинадан Шамға дейін келген үш мың адамдық Ислам әскері, екінші жақта Исламды жою үшін жиналған жүз мың адамдық кәпір әскері бар еді. Бір қарағанда салыстыруға келмейтін күш болатын. Сонда бір мұсылманға отыздан астам гректен түсетін еді.
Екі жақ та соғысқа әзір тұрды. Осы кезде пайғамбарымыздың бұйрығы бойынша Ислам әскерінен бір кеңес грек ордасына қарай жүрді. Олар грек әскеріне Исламға кіруді немесе жизийа төлеуді ұсынды. Бірақ, олар бұл ұсынысты қабылдамады. Енді уақытты жоғалтудың қажеті жоқ еді. Қолбасшы Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) қолына қасиетті Ислам туын алып, әскеріне шабуылдау бұйрығын берді. Осы сәтті күтіп тұрған мүжахидтер «Аллаһу әкбар!» деп алға қарай атылды. Қылыштарын суырып, жаудың ортасына бас қойды. Ат кісінеп, қылыштар шатырлап, тәкбір дауыстары естіліп, соғыстың басында-ақ майдан қанға боялған еді. Сахабалар қылышын әр сілтегенінде бір басты, не бір қолды шауып түсіріп жатты. Қолына Расулуллаһтың ақ туын ұстаған хазіреті Зәйд жаудың ортасында «Аллаһ! Аллаһ!» деп соғысып жүрді. Қылышымен айналасын жапырып, алдына шыққан жауды сұлатып жатты. Қолбасшыларының батырларша соғысып жүргенін көрген сахабалар одан қалыспай, жауға ұмтылды. Бір кезде бірнеше найза бірден қолбасшы хазіреті Зәйдтің денесіне барып қадалды. Одан кейін тағы да бірнеше найза қадалды. Оның денесі бірнеше жерден тесілді. Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһ) жерге құлап, қатты аңсаған шәйіттік дәрежесіне қол жеткізді.
Зәйд бин Харисаны (радиаллаһу анһ) бақылап жүрген хазіреті Жафәр дереу туды қолына алды. Желбіреген Ислам туын көрген мүжахидтер жаңа бір күш-жігермен соғысуды жалғастырды. Хазіреті Жафәр де Зәйд бин Хариса (радиаллаһу анһум) сияқты батыл шайқасты. Бір жағынан жауға ұмтылса, екінші жағынан жолдастарына күш берген еді. Хазіреті Жафәр шайқасқа беріліп, жолдастарынан біраз ілгерілеп кеткен еді. Гректердің ортасында жалғыз өзі шайқасып, барлығын қылышымен сұлатып жүрді. Бұл жолдан кері жолдың жоқ екенін түсініп, «Менің міндетім кәпірлердің барлығына қылыш салу» деп, Аллаһу та’аланың қасиетті есімін аузынан тастамай, жанын салып соғысты. Бір кезде жаудың бір әскері хазіреті Жафәрдің оң қолына қылыш ұрды. Оң қолы кесілген хазіреті Жафәр қасиетті Ислам туын жерге түсірместен сол қолына алды. Туды жоғары көтеріп, желбіретті. Сол кезде тағы бір соққы тиіп, сол қолы да кесілді. Бұл жолы туды кесілген қолдарының арасына салып, кеудесіне қысып, көтеруге тырысты. Бірақ жаудың сілтеген көптеген қылыш соққысынан шәйіт болды. Рухы жұмақтың жоғары дәрежелеріне қарай ұшты. Денесінде тоқсаннан астам қылыш пен найзаның жарасы бар еді.
Қолбасшыларының шәйіт болғанын көрген мүжахидтер жерге түскен Ислам туын алып, Абдуллаһ бин Рәуахаға (радиаллаһу анһ) берді. Ол да атының үстінде туды желбіретіп, жауға ұмтылды. Бір жағынан алдынан шыққан жауды талқандап, екінші жағынан ұрандатып өлең айтып жүрді.
Ей нәпсім, маған мойынсұнасың сен әлбетте.
Ант ішейін, бүгін шәһид боламын мен қайткенде.
Сен көнесің өлімге, бұған разы боласың
Мәңгі өмірге разы болмас қай пенде.
Бұл соғыста жан бермесең егерде,
Айтшы нәпсім, Өлмей тұғын адам бар меді өмірде.
Жафар бин Әбу Талиб, Зәйд бин Харистер,
Бәрі шәһид, бәрі жетті мәреге.
Ей нәпсім, тоқтама сен, алға ұмтыл,
Сонда ғана жетесің сен кәдеңе.
Хазіреті Абдуллаһ та «Аллаһу әкбар!» деген дауыстардың арасында дұшпанмен қызу шайқасты. Бір кезде саусағына қылыш тиіп, кесілген саусағы терісіне ілініп тұрды. Бұл қолбасшы дереу атынан түсіп, соғысуына кедергі келтірген жаралы саусағын аяғымен басып, «Сен тек жаралы саусақ емессің бе? Онсыз да бұл соғысқа Аллаһу та’аланың жолында келдің»- деп жұлып алды. Атына секіріп мініп, бар күшін салып қайтадан соғыса бастады. Бірақ, қанша соғысса да шәйіт болмағанына өзін кінәлай бастады. Жауға қайта-қайта шабуыл жасады. Ақырында бір найза тиіп жерге құлады. Аллаһу та’ала мен Расулының жолындағы соғыста шәйіт болып, рухы жұмаққа ұшты.
Сол кезде хазіреті Абдуллаһтың қасында соғысқан Әбул Йуср Ка’б бин Умәйр (радиаллаһу анһ) туды желбіретуге тырысты. Көзін сахабалардың арасына жүгіртіп, өзінен үлкен және жетілген адамды іздеді. Сабит бин Әркамды (радиаллаһу анһ) көріп, туды соған тапсырды. Хазіреті Сабит туды мүжахидтердің алдына тіккеннен кейін «Ей, бауырларым! Тез арада біріңді қолбасшы сайлап, оған бағыныңдар» деді. Олар «Сені таңдадық» десе де хазіреті Сабит мұны қабылдамады. Көзі Халид бин Уәлидке (радиаллаһу анһ) қадалды. Оған «Ей, Әбу Сүләймән! Туды сен ал» деді. Мұсылмандардың арасына жаңадан қосылған хазіреті Халид ұялып бұл туды алғысы келмей, «Мен бұл туды сенен ала алмаймын. Сен бұған менен лайықтырақсың. Өйткені, сенің жасың үлкен және Бәдір соғысында Расулуллаһтың қасында соғыстың» деген еді. Бірақ, уақыт тар болатын. Айналасындағы сахабалар жаумен шайқасып, жүз мың адамдық дұшпан әскерін шегіндіруге тырысып жатқан еді. Хазіреті Сабит сөзін қайталады: «Ей Халид! Расулуллаһтың қасиетті туын тез қолыңа ал. Уаллаһи, мұны саған беру үшін алған болатынмын. Сен соғыс тәсілін менен жақсы білесің» деді де айналасындағы мүжахидтерден «Ей, бауырларым! Халидтің қолбасшы болуына қалай қарайсыңдар?» деп сұрады. Олардың барлығы бірауыздан «Оны қолбасшы етеміз» деді. Осыған орай хазіреті Халид пайғамбарымыздың өз қолымен тапсырған туын үлкен құрметпен қолына алып, сүйді. Атына мініп, жауға қарай бар айбынымен ұмтылды.
Ер жүрек сахабалар жаңа қолбасшыларының соңынан еріп, қайтадан шабуыл жасауға көшті. Хазіреті Халид керемет батылдықпен шайқасты. Алдына келгеннің бәрін жайратты. Бір кезде Қутбә бин Қатадә (радиаллаһу анһ) жаудың қолбасшысы Малик бин Зафиләнің басын шауып түсірді. Гректердің көңілдері түсіп, абдырап қалған еді. Бірақ, кеш болып, қараңғы түсе бастаған болатын. Қараңғыда соғысу өте қауіпті еді. Өйткені, қателесіп өз адамын өлтіруі мүмкін еді. Сондықтан екі жақ та ордаларына қайтты. Жаралыларға ем жасалды. Хазіреті Халид соғыс әдісін жақсы меңгерген еді. Таңертең жауға қарсы жаңа әдіс қолданғысы келді. Ол түнде әскерлердің орнын ауыстырды. Оң жақтағыларды сол жаққа, сол жақтағыларды оң жаққа, алдағыларды артқы жаққа, арт жақтағыларды алдыңғы жаққа қойды.
Таңертең қайтадан шабуылға шыққан ержүрек мүжахидтер «Аллаһу әкбар!» деп дауыстап, шайқасқа шықты. Жаудың әскерлері өздеріне шабуылдаған әскерлерді алғаш көріп тұр еді. Бұлар кешегі соғысқан адамдары емес болатын. «Мұсылмандарға жаңа әскер көмекке келген болуы керек!» деп ойлаған грек әскерлерінің көңіл-күйлері бұзылды. Олар әбігерге түсе бастады. Осы мүмкіндікті пайдаланған хазіреті Халид пен ардақты сахабалар ол күні бұрынғыдан да күшті соғысып, жаудың мыңдаған әскерін қырып салды. Сол күні Халид бин Уәлидтің қолында тоғыз қылыш сынған еді. Аллаһу та’аланың ихсанымен, пайғамбарымыздың дұғасымен үш мың мүжахид жүз мың жаудың әскерін жеңіп шықты. Осы үлкен шайқаста он бес адам шәйіт болды. Осылайша, Византия империясына шек қойылып, оңтүстікке қарай жорық ұйымдастыруларына тосқауыл қойылған еді.
Пайғамбарымыз өзіне соғыс майданынан хабар келместен бұрын Мутәда болған жағдайларды хабарлау үшін сахабаларды мешітке жинаған болатын. Пайғамбарымыздың жүзінен оның өте қайғылы екендігі байқалып тұрды, одан сайын ренжімесін деп ешкім бірнәрсе сұрауға бата алмады. Сахабалардың бірі «Жанымыз сізге құрбан болсын йа Расулаллаһ! Сіздің жүзіңіздегі қайғыны көріп, ішіміз қан жылайды, қаншалықты қайғырғанымызды тек Аллаһ қана біледі»- деді. Пайғамбарымыздың көзінен жас ағып тұрып былай деді: «Менің жүзімнен көрінген қайғы, мені ренжіткен нәрсе сахабаларымның шәйіт болуы еді. Бұл хал олардың жұмақта тақ үстінде отырғанын көргеніме дейін жалғасты. Зәйд бин Хариса туды қолына алды. Соңында шәйіт болды. Ол қазір жұмаққа кірді. Ол сонда жүгіріп жүр. Сосын туды Жафәр бин Әбу Тәліп алды. Жаудың әскеріне шабуылдады. Шайқасып, ол да шәйіт болды. Ол шәйіт болып, жұмаққа кірді және екі жақұт қанатпен қалағанынша ұшып жүр. Жафәрден соң туды Абдуллаһ бин Рәуаха алды. Қолына туды алып, дұшпанмен соғысты. Шәйіт болып, жұмаққа кірді. Олардың жұмақта алтын тақтардың үстінде отырғаны маған көрсетілді. Ей, Аллаһым! Зәйдті кешір! Ей, Аллаһым! Жафәрді кешір! Ей, Аллаһым! Абдуллаһ бин Рәуаханы кешір!»
Пайғамбарымыздың көзінен әлі жас ағып тұр еді. Ол былай деді: «Абдуллаһ бин Рәуахадан соң туды Халид бин Уәлид алды. Міне, енді соғыс қыза түсті. Ей, Аллаһым! Ол (Халид бин Уәлид) - сенің қылыштарыңның бірі. Оған көмек бер!»
Пайғамбарымыз Аллаһу та’аланың бұйрығымен мың шақырымнан да алыстағы соғыс алаңындағы жағдайды мұғжиза ретінде көріп, сахабаларына хабарлаған еді. Жафәр бин Әбу Тәліп (радиаллаһу анһ) шәйіт болған күні осы оқиғаны айтқаннан кейін тұрып, хазіреті Жафәрдің үйіне барды. Әйелі Әсма (радиаллаһу анһ) үй шаруасын бітіріп, балаларын жуындырып, шаштарын тараған еді. Пайғамбарымыз «Ей, Әсма! Жафәрдің ұлдары қайда? Оларды алып кел» деді. Әсма балаларды алып келген кезде пайғамбарымыз оларды бауырына басып, оларды құшарлана иіскеп, сүйді. Жүрегі елжіреп, көзінен жас сорғалады. Мұны көрген Әсма ханым «Ата-анам сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Неге балаларыма жетімдерге көрсететін мейірімділікті көрсетіп отырсыз? Әлде Жафәр мен жолдастарынан қайғылы хабар алдыңыз ба?» деп жалынып сұрады. Пайғамбарымыз «Иә, олар бүгін шәйіт болды» деді. Хазіреті Әсма да балаларын бауырына басып, жылады. Бұл көрініске пайғамбарымыз шыдай алмай, шығып кетеді.
Үйіне барған пайғамбарымыз әйелдеріне «Жафәрдің үйіне тамақ дайындауды ұмытпаңдар»- деді. Үш күн шәйіт отбасыларына тамақ жіберіліп тұрды.
Арадан бірнеше күн өткен еді. Мәдинаға сүйінші хабарды Йала бин Умәййә жеткізді. Ол әлі хабарды айтпастан бұрын пайғамбарымыз оған «Қаласаң болған жағдайларды сен айт, қаласаң мен саған айтайын» деп, соғыста болғандардың барлығын айтып берді. Бұған Йала бин Умәййә «Сізді хақ дін және кітаппен пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етемін, мүжахидтердің басынан өткен жағдайлардың бірін қалдырмай айттыңыз» деді. Пайғамбарымыз: «Аллаһу та’ала мен үшін арадағы қашықтықты алып тастады, соғыс майданын өз көзіммен көрдім» деді.
Бірнеше күннен кейін хабаршылар Ислам әскерінің Мәдинаға жақындағанын жеткізді. Пайғамбарымыз сахабаларымен тұрып, Мәдинаның сыртына күтіп алуға шықты. Алыстан бір шаң көрініп, қасиетті Ислам туы желбіреп келе жатқан еді. Қылыш, қалқанның жарқылы айналаға сәулесін түсіріп келе жатты. Барлық адам үлкен тебіреніс сезіміне бөленген еді. Біраздан соң Халид бин Уәлид (радиаллаһу анһ) бастаған мүжахид жауынгерлер Мәдинаға кірді.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024