Қолыңа тікен кірсе де, өзіңнен көр...

Адамның басына дерттердің, бәлелердің келуіне себеп – өзінің істеген күнәлары. Өйткені Аллаһу та’ала ешбір құлына зұлымдық етпейді. Адамдар өздеріне зұлымдық етеді. «Нахл» сүресінің отыз үшінші аятында: «Аллаһу та’ала құлдарына зұлымдық етпейді. Оларды азапқа апаратын өздерінің жаман істері. Осылайша олар өз-өздеріне зұлымдық етеді» делінген.

Адамдар Аллаһу та’аланың әмірлері мен тыйымдарына мойынсұнбай, ислам дінінің бақыт жолынан ажырайтын болса, дүниеде тыныштық пен береке қалмайды. Ризықтар азаяды. «Таха» сүресінің 124-ші аятында «Мені ұмытсаңдар, ризықтарыңды азайтамын» делінген.

Сондықтан адамдар күнә істеп, дінге мойынсұнбаған сайын иман ризығы, денсаулық ризығы, азық ризығы, адамгершілік және т.б. көптеген  ризықтар азаюда. Өйткені «Рад» сүресінің он бірінші аятында: «Бір қауым өзін бұзбайынша, Аллаһ та олардың халдерін өзгертпейді» деген.

Бір топ адам Әбу Аббас Сәбти хазретке барып: «Адамдар құрғақшылық және қымбатшылық себебімен қатты қиналуда» дегендерінде оларға: «Сараңдықтарының кесірінен Аллаһу та’ала оларға жаңбыр жаудырмауда. Егер сендер тапқан табыстарыңның зекетімен кедейлерге садақа бергендеріңде бұған қайтарым ретінде Аллаһу та’ала да сендерге жаңбыр берер еді» деген.

Күнә – Аллаһу та’аланың әмірлерін орындамау, тыйым салғандарынан сақтанбау деген сөз. Әмірлер мен тыйымдар имандыларға берілген дәулет. Өйткені Аллаһу та’ала имансыздарға (кәпірлерге) әмір жіберіп, ғибадат еттіру деген мәртебені бермеді. Олар жануарлар сияқты қалағандарын істейді, күнә болмайды. Олар ғибадат етпегендері үшін, күнә істегендері үшін дүниеде азап шекпейді. Әр түрлі ниғметке қауышады. Қалағандарына, көздегендеріне қол жеткізеді. Кәпірлерден тек бір ғана нәрсе талап етілген. Ол – иман келтіруі, мұсылман болуы. Кәпірлер осы әмірді тыңдамағандары үшін өте үлкен кінә істеген болады. Бұл кінәнің жазасы өте ауыр және шексіз болғандықтан жазасы дүниеде берілмеуде. Бұл шексіз, мәңгілік жаза оларға ахыретте, тозақта беріледі.

Күнә істеу мен иман келтірмеу, яғни күпір екеуі екі бөлек нәрсе. Күнәлардың жазасы тәубемен және түрлі дүниелік қиыншылықтармен кешірілуі мүмкін. Алайда күпірдің жазасы ондай емес. Мұның жазасы ахыретте беріледі. Адамдардың басына бәле келуінің негізгі себебі адамның өзіне байланып қалуынан. Өз нәпсін жақсы көргендігі, нәпсінің қалауларының артынан қуғаны үшін қиыншылықтарға тап болуда. Нәпсінің қалауын қуғандар негізінде өз нәпсілеріне табынуда. Өйткені «Жасиә» сүресінің жиырма екінші аяти кәримасында: «Өз нәпсілеріне табынғандарды көрдің бе?» делінген.

Күнә істеу нәпсіге жағымды келеді. Бүкіл бидғаттар, күнәлар Аллаһу та’аланың дұшпаны болған нәпісті қуаттандырады, оған азық болады. Кез келген күнәнің істелуі нәпіске күш береді. Нәпіс – иманның ең үлкен дұшпаны. Ол адамның иманын жоюды қалайды. Бұдан зауық алады. Сондықтан нәпісті жақсылап тану, қулықтарын білу керек. Хадис шәрифте: «Нәпсін таныған адам Раббысын таниды» делінген.

Ал нәпісті әлсірететін бірден-бір шара – Исламға мойынсұну. Харамдардың барлығы, дүниенің мал-мүлкіне, мансабына, зауықтарына байлану нәпістің азығы. Оны азықтандырып күшейтеді. Нәпіс күшейгенінде бүкіл жақсылықтардың, көркем мінездің және мәдениеттің негізі болған Исламға бас салады. Дінді, иманды, Аллаһу та’аланың әмірлерін мазақ етеді. Өйткені нәпсіміз Аллаһу та’аланың дұшпаны. Аллаһу та’ала: «Нәпсіңе дұшпандық етіп маған дос бол!» деп бұйырған.

Күнәлардан сақтану нәпіске ғибадат жасаудан да ауыр келеді. Сондықтан күнәлардан сақтанудың сауабы өте үлкен. Күнәларға тәубе етуді кешіктіру Аллаһу та’алаға қарсы тәкаппарлық ету деген сөз.

Күнәлар көңілге ғафлет (қараңғылық) береді. Ғафлет болса көңілдің қатаюына себеп болады. Көңілдің қатаюы адамды Аллаһу та’аладан алыстатады. Аллаһу та’аладан алыстық болса тозаққа алып барады. Әбу Абдуллаһ Әл-Қураши хазрет «Күнә істеудің себебі ғафлет. Яғни Аллаһу та’аланы ұмыту» деген.

Көңілдің қарайғанының белгісі адамның күнәларға өкінбеуі, тартынбастан күнә істеуде қайсарлық етуі. Мұндай адамның істеген күнәларының кесірінен көңілі қараятыны соншалық, бұдан былай ол адамға насихат әсер етпейтін болады және ол ғафлеттен оянбайды. Сол себепті дін ғұламаларымыз: «Күнә істеуді қорлық, күнәні тәрк етуді үстемдік деп біліңдер. Өйткені күнәлар иманды әлсіретеді» деген.

Қорыта айтқанда адамның қолына тікен кірсе де бұл істеген күнәсының кесірінен. Күнәның жазасы дүниеде беріліп жатса үлкен ниғмет. Ахыретте берілсе пәлекет. Кінә бар болса, жаза да бар. Әбу Мұхаммед Расиби хазреттің айтқанындай: «Қиыншылық пен қайғылар – күнәлардың жазасы».