Сауда-саттықта күнәдан тыйылу

Сұрақ: Саудамен айналысамыз. Күнә істеп қоймауымыз үшін нелерге мән беруіміз керек?

Жауап: Имам Ғазали хазреттері былай дейді:

Барлық кәсіп түрінде және саудада айла, қулық жасамау парыз болып табылады. Сатып алушыға қай тұрғыдан болсын зиян тигізбеу керек. Зиян тигізетін әр іс – зұлымдық болады. Ал зұлымдық – харам болып табылады. Әрбір мұсылман, өзіне жасалуын қаламайтын істі кәпірлерге де жасамауы тиіс!

 

Мына төрт нәрсеге қатты мән беру керек:

1-     Сатып жатқан нәрсені өз барынан (затынан) асырып мақтамау керек!

Өйткені өтірік айтқан, алдаған және де зұлымдық еткен болады. Тіпті, дұрыс болса да сатып алушының біліп-көріп тұрған нәрсесін айтпау керек. Өйткені, бұл пайдасыз бос сөз болады. Қияметте әрбір сөздің сұрауы болады. Ант етіп сатуға келер болсақ, өтірік нәрсеге ант ету харам болып табылады. Яғни үлкен күнә. Дұрыс нәрсеге ант етілсе де, болмағыр нәрсе үшін Аллаһу та'аланың есімін айту құрметсіздік болады. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Сауда-саттық жасағанда “уаллаһи мынадай”, “биллаһи мынадай емес” деп ант-су ішетін адамға және “ертең кел, бүрсікүні кел” деп сөзінде тұрмайтын қолөнершіге (кәсіпкерге) обал болсын!» (Дәйләми)

«Затын (тауарын) ант ету арқылы ұнаттырған адамға қияметте мейрімділік көрсетілмейді.» (И. Ғазали)

«Саудагердің көбі күнаһар болады. Өйткені көп ант етіп, өтірік айтып күнәға кіреді. Ондайлардың сауда-саттықтары да халал болмайды.» (Хаким)

«Бір саудагер берген сөзінде тұрса, алашақтарын (қарыздарын) қинамаса, тауарын артығымен мақтамаса және өтірік айтпаса, тапқан табысы оған мүбәрәк болады.» (Дәйләми)

 

2-     Сатып жатқан нәрсенің кемшілігін алушыдан жасырмау керек, қандай болса, сондай етіп көрсету керек!

Заттың ақауын, кемшілігін сатып алушыдан жасырмау керек, барлығын қалай болса дәл солай көрсету керек. Кемшілігін жасыру қиянат болады. Хадис шәрифте былай делінген:

«Сатылымдағы нәрсенің кемшілігін жасыру халал емес. Ол кемшілікті біліп айтпау да ешкімге халал емес.» (Хаким)

 

Заттың жақсы жағын көрсетіп жаман жағын жасыру зұлымдық, қулық болады. Расулуллаһ алейһиссалам бидай сатып отырған бір кісінің бидайына мүбәрәк саусақтарын салды да, төменгі жағының ылғалды екенін көріп себебін сұрады. Сатушы адам: «Жаңбыр ылғалдандырып жіберген ғой» дегенінде: «Неге көрсетпей тығып отырсың? Қулық жасаған адам бізден емес» деді. (Мүслим)

 

Мына нәрсені жақсы ұғынуымыз керек: қулықпен ризық артпайды, керісінше мал-мүліктің берекесі қашады. Қулықпен аз-аздан жиналған нәрселер, күтпеген бір пәлекетпен толықтай кетіп, артында тек күнәларды қалдырады. Бір сүт сататын адам, сүтіне су қосатын еді. Бір күні күтпеген жерден тасқын болып, сиыры суға ағып кетеді. Әлгі адам сасып, ойланып тұрғанында, баласы: “Әкетай, сүтке қосқан суларымыз жиналып тасқын болып келіп сиырды алып кетті” дейді. Хадис шәрифте: «Саудаға қиянат араласса береке кетеді» делінген. (Мүслим)

 

 Береке – аз мүліктің көп пайда әкелуі, көп іске жарауы деген сөз. Аз ғана мүлік берекелі болса, көптеген адамның рахатына, көптеген жақсы амалдардың іске асуына жарайды. Иесінің дүние мен ахырет пәлекетіне себеп болатын көптеген берекесіз дүние-мүліктер бар. Олай болса мал-мүліктің көп болуын емес, берекелі болуын қалау керек. Хадис шәрифте:

«Лә илаһа иллаллаһ дегендер, дүниені діннен жоғары қоймағанша Аллаһтың ашуынан құтылған болады. Дінді тастап дүниеге жабысатын болса, бұл тәуһид кәлимасын айтқанында, Аллаһу та'ала оларға “Өтірік айтасың” деп бұйырады.» делінген. (Бәйһақи)

 

3-     Өлшегенде, таразыда қулық жасамау керек, дұрыс өлшеу керек!

Құран кәрімде:

«Берерде кем өлшеп, алғанда көп өлшейтін адамға қатты азаптар беремін.» делінген. (Мутаффифин 1)

Хадис шәрифтерде де былай делінеді:

«Сауда-саттық жасағаныңда “Дінімізде алдау жоқ” деп айт» (Бұхари)

«Мәмілесінде қулық жасаған бізден емес.» (Бұхари)

«Сататын затының кемшілігін жасырған адамға Аллаһу та'ала ашуланады, періштелер лағнет айтады.» (И. Мажә)

«Өлшегенде және таразыда қулық жасалғанда, табыста (өнімде) кемшілік басталады.» (Табарани)

 

 Дін ғұламалары әр алғандарын біраз кемітіп, бергендерін біраз артығымен өлшейтін. «Бұл аз ғана айырмашылық жаһаннаммен арамыздағы перде. Жеті қабат жер мен жеті қабат көктер аумағындай жәннатты, бірнеше тиынға сатқандар не деген ақымақ және бірнеше арпа данасы үшін жаһаннам азабына душар болғандар не деген ақымақ» дейтін еді. Сататын нәрсесінің жақсысы мен жаманын араластырып барлығын жақсы деп сату да харам болып табылады.

 

4-     Сауда нарқында қулық жасамау керек!

Пайғамбарымыз «Мұсылмандардың қалаға сатуға зат әкеле жатқан ауылдықтардың алдарынан шығып, базар нарқын жасырып, арзан сатып алуларына» тыйым салды. (Мүслим)

 

Базар нарқын білмегендерге жоғары бағамен сату да харам болады. Тіпті, тәжірибесіз болып арзан сататындар және қымбат алатындармен сауда жасамау керек. Базардағы бағаны бұлардан жасыру күнә болады. Сатып алушыға дұрысын айту керек, қулық жасамау керек. Сатылатын затта бір кемістік болса, айту керек. Затты туысынан немесе досынан оған көмек болсын деп қымбат бағаға алған болса, сатып алушыға осыны айтып, заттың шынайы құнын білдіру керек. Мысалы он теңге тұрмайтын затты бір мыңға алса, ол затты сатар кезде бір мыңға алғанын айтпауы керек! Арзанға алған бір заттың бағасы көтеріліп қымбатқа сатып жатқан болса, алған бағасын айту керек. Қиянат жасаудан құтылу үшін, әр адам өзіне жасалуын қаламаған нәрсесін өзгелерге де жасамауы керек. Өйткені әрбір адам базарда өлшеп-ойлап, алданбай бағасын төмендетіп өз құнына сатып алдым деп ойлайды. Олай болса алдап сату – қиянат және алаяқтық болады.

 

Сұрақ: Штраф стоянкада тұрған және бірнеше жылдық төленбеген салығы бар көлігім бар еді. Оны бір досыма саттым. Сатып жатқанда «Менің көлігім штраф стоянкада төленетін штрафтары, тағы анау-мынаулары бар. Барлық қарыздарымен қоса ал» деп айттым. «Алдым» деді. Кейін салығы төленбегендігін біліп: «Маған салық қарыздары бар екенін айтқан жоқсың. Айтпаған қарыздарын төлемеймін» деді. Алайда мен оған барлық қарыздарымен қоса сатқан едім. Штрафтары, анау-мынаулары бар деп айтқан едім. Салық қарыздары сол анау-мынаудың ішінде еді. Оның салық қарыздарын төлеуі керек емес пе?

Жауап: Жоқ, төлеуі керек емес. Өйткені мұсылмандықта алдану және алдау деген нәрсе жоқ. Хадис шәрифтерде былай делінген:

«Сатылымдағы заттың кемшілігін жасыру және айтпау халал емес.» (Хаким)

«Алушы мен сатушы бір-біріне шындықты айтып, насихат еткен кезде табыстары берекелі болады, сатылатын заттың кемшіліктерін жасырып, өтірік айтқан мезетте бұл береке жоғалады.» (Бұхари)

 

Анау-мынауымен көлік алу және сату жаиз. Бірақ анауы мен мынауының мөлшерінің, құнынының қаншалықты екені толық белгілі болуы керек. Қолма-қол ма, бөліп-бөліп төлеу керек пе, қанша ақша берілуі керек осылар нақты білінбей сауда-саттық сахих болмайды.

 

Сұрақ: «Секунды-секундына тура жүреді» деп сағат сатамын. Бірақ кейбірі бес секундқа, кейбірі одан да көп уақытқа кешігіп жүреді. Алушы қайтып әкелгенде сауданы бұзу жаиз ба?

Жауап: Бір секундқа да адаспайды дегеніңіз бен алушының саудадан баз кешу құқын жоққа шығарта алмайсыз. Қайтып келген сағаттарды алу керек. Ондай дұрыс болмаған сөздерді айтпау керек.

 

Сұрақ: Өндіріп жатқан өнімдеріміздің кейбірін жақсы, кейбірін нашар материаллардан өндіреміз. Барлығын бірдей бағада сатамыз. Күнә бола ма?

Жауап: Аманат, шала іс бітіру және жасалып жатқан бұл қулықты жасыру харам болады.

 

Халал ризық және халал іс

Сұрақ: Жұмысының онша таза болмағаны себебінен ризығының халал болып болмағанына күмәнданған адам  не істеуі керек?

Жауап: Халал ризық пен халал жұмыс үшін дұға ету керек. Расулуллаһ алейһиссалам былай деп дұға ететін еді:

«Жәбрейіл алейһиссалам мына екі дұғаны білдірді: Аллаһым маған халал ризық және салих іс нәсіп ете гөр!» (Хаким)