Ухуд соғысы

Меккелік мүшріктер Бәдір соғысында ұшыраған жеңілістерінен сабақ алмаумен қатар, оның қайғысын ұмыта алмады. Құрайыштықтар соғыста көптеген алдыңғы қатарлы адамдарынан айрылып қалған еді. Сондай-ақ Шам сауда жолының мұсылмандардың бақылауына өтуі олардың төзімдерінің сарқылуына себеп болды.

 

Әбу Суфйан басқарған сауда керуені Меккеге екі есе пайдамен оралған болатын. Қазынаға ортақ адамдардың көбісі Бәдір соғысында қайтыс болғандықтан керуеннің пайдасы Дарун Нәдуә деген мүшріктер шешім қабылдау үшін жиналатын ғимаратта сақталды.

Саффан бин Умәййә, Икримә бин Әби Жәхл, Абдуллаһ бин Рәбиа сияқты Бәдір соғысында әкелерінен, бауырларынан, күйеулерінен, ұлдарынан айрылғандар «Мұсылмандар біздің ұлы адамдарымызды өлтірді. Бізді талан-таражға салды. Енді олардан кек алудың уақыты келді. Керуеннің пайдасына әскери жасақ дайындайық. Мәдинаны жаулап алып, кегімізді қайтарайық» деп Әбу Суфйанға барып ұсыныс айтты.

Әбу Жәхл, Утбә, Шәйба сияқты айбынды кәпірлер өліп кеткендіктен мүшріктерді әлі мұсылман болмаған Әбу Суфйан басқарған еді. Шам саудасынан жүз мың алтын пайда түскен еді. Оның жартысы негізгі қазына, қалғаны түскен табыс болатын. Қазына өз иелеріне қайтарылып, пайда екіге бөлініп, жартысына қару, жартысына әскер жиналды. Сондай-ақ ақындар мен жырауларға ақша берілді. Олар халықты соғысқа тарту үшін өлеңдер оқып, оларға ұрандар тастады. Әйелдер де оларға қосылып, дабыл қағып, сырнай шалды. Мұсылмандарды Мәдинадан шығару, пайғамбарымызды өлтіру және Исламды жоюды көздеген мүшріктер маңайдағы тайпаларды да аралап, олардан да әскер жинады.

 

Сонымен Меккеде 3000 адамдық үлкен әскер жасақ дайындалды. Олардың 700-і сауытты, 200-і атты әскер болды және 3000 түйелері болды. Сырнайшылар мен әйелдер де қатысқан бұл әскерге Әбу Суфйан қолбасшы болып сайланды. Оның әйелі Хинд те әйелдерді басқарып, мүшріктерді соғысқа шақыруға күш салды. Өйткені, ол Бәдір соғысында әкесінен және екі бауырынан айрылған еді. Соның қайғысынан арыла алмай, әйелдерді соғысқа қатыстырғысы келмегендерге «Бәдір соғысын естеріңе түсіріңдер! Әйел, балаларыңа жету үшін Бәдірден қаштыңдар. Енді қашқысы келгендердің алдынан біз шығамыз» деп олардың аузына құм құйған еді. Осылайша құрайыштықтарды ынталандырып, оларды соғысқа тартуға бар күшін салды.

Мүшріктерден Жубәйр бин Мутимнің найза атуға шебер Уахши деген құлы бар еді. Көздегенін мүлт жібермейтін мерген болатын. Хинд әкесі Утбәні, Жубәйр болса, көкесі Туайманы Бәдірде өлтіргендіктен хазіреті Хамзаға қатты кектенген еді. Жубәйр құлы Уахшиге «Егер Хамзаны (радиаллаһу анһ) өлтірсең, сені азат етемін» дейді. Хинд «Егер оны өлтірсең саған көп алтын мен асыл тастар беремін» деп уәде береді.

 

Барлық дайындық жұмыстары аяқталғаннан кейін құрайыш әскері туларын көтеріп, бірін Талха бин Әби Талхаға, екіншісін Әхабиштен біріне, үшіншісін Ууәйф ұлы Суфйанға берді.

 

Хазіреті Аббас мүшріктердің 3000 адамдық әскер құрғандығы, олардың 700-інің сауытты, 200-інің атты әскер екені, 3000 түйелерінің және сансыз қару – жарақтарының бар екені және жолға шығуға дайын тұрғаны туралы хатты сенімді адаммен Мәдинаға жібереді.

 

Осыған орай пайғамбарымыз жағдайды анықтау үшін бірнеше жолдасына тапсырма берді. Бұл сахабалар Меккеге қарай жолға шықты. Жолда мүшрік әскерінің келе жатқанын естіп оны бақылауға кірісті. Қысқа уақытта істерін бітіріп, тез арада Мәдинаға қайтып оралды. Көргендері мен алған хаттарындағы мәліметтер бір-бірімен үйлескен еді.

 

Пайғамбарымыз дереу дайындық ісіне кірісе бастады. Сондай-ақ тұтқиыл шабуылға ұшырамау үшін Мәдинаның айналасына кезекпен адамдарды күзетке қойып, қамданды. Сахабалар қысқа уақытта жиналып, дайындық істерін бітірді. Үйде қалғандармен қоштасып, пайғамбарымыздың қасына жиналды.

 

Ол күн – жұма күні болатын. Пайғамбарымыз сахабаларына жұма намазын оқытты. Хутбада Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін жихадқа шығудың, Аллаһтың жолында соғысудың маңызына тоқталды. Осы жолда өлгендердің шәйіт болып, жұмаққа баратынын айтты. Дұшпанның алдында шыдамдылық танытқандарға, қиындықтарға төзгендерге Аллаһу та’аланың көмектесетінін баяндады.

 

Пайғамбарымыз сахабаларымен қай жерде соғысу керектігі туралы кеңескісі келетінін және сол күні түнде көрген бір түсін айтты. Ол «Түсімде мықты сауыт киіп жүр екенмін. Қылышым Зулфиқардың аузынан бір саңылаудың ашылып, бауыздалған бір сиыр, оның артынан бір қошқардың әкелінгенін көрдім» деді. Сахабалар «Йа, Расулаллаһ! Бұл түсті қалай жорыдыңыз?» деп сұрағанда «Мықты сауыт кию – Мәдинада қалудың белгісі. Осында қалыңдар. Қылыштың аузынан бір саңылаудың ашылуы – бір зарар келетіндігінің белгісі. Бауыздалған сиыр сахабаларымның біразының шәйіт болатындығын білдіреді. Оның артынан бір қошқардың әкелінуі бұл әскери жасақты көрсетеді, иншаллаһ оларды Хақ та’ала өлтіреді» деді.

 

Басқа бір риуаятта «Қылышымды жерге ұрдым, аузы сынды. Бұл Ухудта сахабаларымның біразының шәйіт болатынын білдіреді. Қылышымды тағы да ұрдым, қайтадан қалпына келді. Ал бұл Аллаһу та’аладан жеңіс келетінін, мүміндердің бірігетінін білдіреді» деп берілген.

 

Пайғамбарымыз өзіне уаһимен қай жерден күтіп алу туралы білдірілмеген жағдайларда сахабаларымен кеңесетін және соған қарай әрекет жасайтын. Жауды қай жерден күтіп алу мәселесінде сахабаларының біразы «Мәдинада қалып, қорғану соғысын өткізейік» деді. Бұл ұсыныс пайғамбарымызға да ұнады. Хазіреті Әбу Бәкір, Омар, Са’д бин Муаз (радиаллаһу анһум) сияқты сахабалар да пайғамбарымыздың ойлағанын ойлады.

 

Алайда, Бәдір соғысына қатыспаған батырлар мен жас сахабалар Бәдір соғысына қатысқан сахабалардың алған сауабы мен Бәдір шәйіттерінің жеткен жоғары дәрежелерін пайғамбарымыздан естіген кезде ол соғысқа қатыспағандарына қатты өкінген болатын. Сондықтан жауды Мәдинаның сыртынан күтіп алып, бетпе-бет соғысуды қалады. Хазіреті Хамза, Нұғман бин Малик, Са’д бин Убадә да (радиаллаһу анһум) солардың бірі еді. Хазіреті Хайсәмә рұқсат алып, «Йа, Расулаллаһ! Құрайыштық мүшріктер әр түрлі араб тайпаларынан әскер жинады. Түйелеріне, аттарына мініп, жерімізге кіреді. Біздің үйлерімізді, бекіністерімізді қоршап, сосын қайтып кетеді. Артымыздан неше түрлі сөздер айтатын болады. Бұл жағдай оларды батылдандыра түседі, жаңадан шабуылдар ұйымдастырады. Қазір оларға қарсы шықпасақ, басқа араб тайпалары да бізге көздерін қадай бастайды. Аллаһу та’ала бізге мүшріктерге қарсы соғыста жеңіс береді деп үміттенемін.

 

Екіншіден шәйіттік мәселесі. Мен Бәдірде шәйіт бола алмадым. Алайда мен оны қатты қаладым. Балам Бәдір соғысына қатысатынымды естігенде екеуміз жеребе тарттық. Оның тағдырына шәйіт болу жазылыпты.

 

Йа, Расулаллаһ! Шәйіттікті қатты аңсаймын. Кеше түсімде баламды жақсы қалпында  көрдім. Жұмақ бақшалары мен өзендерін аралап жүр екен, маған: «Жәннәттық сахабаларға қосыл. Мен Аллаһу та’аланың уәде еткен ақиқатына жеттім» деді.

 

Йа, Расулаллаһ! Таңертең тұрғанда баламның жұмақтағы жолдасы болуды қалай бастадым. Жасым да біразға жетті. Раббыма қауышудан басқа мұратым қалмады.

 

Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Шәйіт болып, жұмақтағы балама жетуім үшін Аллаһу та’алаға дұға ет» деп жалынды. Пайғамбарымыз оның бұл тілегін бос қалдырғысы келмей, оның шәйіт болуы үшін дұға етті.

 

Көпшілігінің осындай пікірде екенін көрген пайғамбарымыз жауды Мәдинаның сыртында күтіп алуға шешім қабылдады. Сосын «Ей, сахабаларым! Сабырлылық танытсаңдар, бұл жолы да Хақ та’ала сендерге көмегін береді. Біздің міндетіміз табандылық таныту» деді.

 

Екінді намазын оқытқаннан кейін пайғамбарымыз үйіне барды. Артынан хазіреті Әбу Бәкір мен Омар (радиаллаһу анһума) рұқсат сұрап ішке кірді. Пайғамбарымыздың сәлдесін орауға, сауытын киюіне көмектесті. Пайғамбарымыз қылышын асынып, қалқанын арқасына іліп алды.

 

Осы кезде сыртта сахабалар жиналып, пайғамбарымызды күтіп тұрған еді. Мәдинада қалып, қорғану соғысын өткізуді қалағандар басқаларға «Расулуллаһ Мәдинадан шығуды ойлаған жоқ еді. Сендер айтқаннан кейін осылай жасап отыр. Алайда, Расулуллаһ бұйрықты Аллаһу та’аладан алады. Сендер бұл істі Оған қалдырыңдар. Соның бұйырғанын істеңдер» деді. Қалғандары істеген істеріне өкініп, «Пайғамбарымызға қарсы келген болып жүрмейік» деп, бұл ойларынан бас тартты. Пайғамбарымыз үйінен шыққанда оған барып, «Жанымыз сіздің жолыңызда құрбан болсын! Сіз қалай қаласаңыз солай жасаңыз. Мәдинада қалғыңыз келсе осында қалайық. Біз сіздің бұйрығыңызға қарсы келмейміз» деп кешірім сұрады. Пайғамбарымыз «Пайғамбар киген сауытын соғыспастан шешпейді. Хақ та’ала онымен дұшпаны арасында үкім бергенге дейін шешпейді. Сендерге айтарым мынау: бұйырған нәрселерімді жасап, Аллаһу та’аланың есімін айтып, сабырлылық танытсаңдар, Аллаһу та’ала сендерге көмек береді» деді.

 

Осы кезде Амр бин Жәмух үйіндегі төрт баласына «Балаларым! Мені де осы соғысқа апарыңдар» деді. Балалары «Әке, сенің аяғыңның ауруы бар болғандықтан Аллаһу та’ала сені үзірлі деп санады. Пайғамбар сенің жорыққа шығуыңа рұқсат бермеді. Жихадқа шығуға жауапты емессің. Сенің орныңа біз барамыз» деп, әкелерін көндіре бастады. Бірақ, хазіреті Амр «Әй сендей балаларды ма?! Бәдір соғысында да осылай деп мені жұмақтан құр қалдырған едіңдер. Бұл соғыста да құр қалдырасыңдар ма?» деді. Сосын пайғамбарымызға барып, «Жаным сізге құрбан болсын, йа Расулаллаһ! Балаларым кейбір сылтауларды айтып, мені бұл соғысқа жібергілері келмей отыр. Уаллаһи, мен сізбен бірге жорыққа шығып, жұмаққа барғым келеді. Йа, Расулаллаһ! Сіз менің Аллаһ жолында соғысқанымды, шәйіт болып, мына ақсақ аяқтарыммен жұмақты аралағанымды қаламайсыз ба?» деді. Пайғамбарымыз «Иә, қалаймын» деді. Бұған қатты қуанған Амр бин Жәмух дайындалып, әскерге қосылды.

 

Мәдинаға намаз имамы ретінде Абдуллаһ бин Үммү Мәктум (радиаллаһу анһ) қалдырылды. Пайғамбарымыз үш ту байлады. Оның бірін Хаббаб бин Мунзирге, екіншісін Усәйд бин Худайрға, үшіншісін Мусаб бин Умәйрге (радиаллаһу анһум) берді. Мың адам шамасындағы әскерде екі атты, жүз сауытты әскер бар еді.

 

Сауыттарын киген Са’д бин Убадә мен Са’д бин Муаз алдында жүріп, оң жағында мұхажирлер, сол жағында ансарларды ертіп жолға шыққан пайғамбарымыз жұма күні екіндіден кейін «Аллаһу әкбар» деген ұрандармен мерекеге бара жатқандай салтанатпен Ухудқа қарай бет алды.

 

Жолда яһудилерден құралған алты жүз адамдық жасақпен кездесті. Бұлар мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй бин Сәлулдің одақтастары болып, Ислам әскеріне қосылғысы келетін айтты. Пайғамбарымыз «Олар мұсылман болған ба?» деп сұрады. «Жоқ, йа Расулаллаһ» деп жауап берілді. Пайғамбарымыз сонда «Оларға барып айтыңдар, кері қайтсын. Өйткені, біз мүшріктерге қарсы соғыста кәпірлердің көмегін қаламаймыз» деді.

 

Пайғамбарымыз Мәдина мен Ухуд арасындағы Шәйхайн деген жерге барды. Түнеу үшін сол жерге тоқтады. Әлі күн батпаған болатын. Әскердің арасында жаумен соғысып, шәйіт болуды қалаған бала жастағы сахабалар да бар еді. Пайғамбарымыз бұл жерде әскерлерін қарап шығып, он жеті баланың бар екенін көрді. Олардың ішінде Рафи бин Хадиж аяқтарының ұшымен тұрып, биік болып көрінуге тырысты. Хазіреті Зубәйрдің «Йа, Расулаллаһ! Рафи жақсы оқ ата алады» деген сөзіне байланысты оны әскерге алды. Мұны көрген Сәмура бин Жүндүп «Мен күресте Рафиді жеңе аламын. Сондықтан мен де соғысқа қатысқым келеді» деді. Пайғамбарымыз жымиып күлді де екеуін күрестірді. Хазіреті Сәмура Рафиді (радиаллаһу анһ) жеңгеннен кейін оны да өздеріне қосып алды. Басқа балаларды Мәдинаға сол жердегілерді қорғау үшін жіберді.

 

Ақшам және құптан намаздарының азанын Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) тебірентерлік дауыспен оқыды. Пайғамбарымыз намазды оқытқаннан кейін Мұхаммед бин Мәсләмәні (радиаллаһу анһ) елу адамдық жасақтың басына қойды және азанға дейін күзет қойылуын бұйырды. Сахабалар демалуға кірісті. Сол түні пайғамбарымыздың қасында күзетке тұру құрметі хазіреті Зәкуанға нәсіп болды.

 

Осы кезде дұшпан әскері Ислам әскерінің Шәйхайнда демалып жатқанын естіп, Икримә басқарған атты жасақты шолғыншы топ етіп жасақтады. Әлі мұсылман болмаған Икримә жасағымен Харра деген жерге дейін барғанмен мүжахидтердің барлауынан қорқып, кері шегінді.

 

Таң атқаннан кейін пайғамбарымыз сахабаларды оятты. Ухуд тауына барды. Осы жерден екі әскер бір-бірін көре алатын еді. Біләл Хабәши (радиаллаһу анһ) жанды тебірентерлік, адамды елжірететін дауысымен таң азанын оқыды. Мүжахидтер қаруларын асынған күйде пайғамбарымыздың артында тұрып намаздарын оқып, дұғаларын оқыды. Пайғамбарымыз үстіне екінші сауыт пен дулығасын киді.

 

Осы кезде мұнафықтардың басшысы Абдуллаһ бин Убәй «Біз бұл жерге өзімізді өлтіртуге келдік пе? Бұны баста неге ойламадық» деп, 300 мұнафықпен бірге Ислам әскерін тастап, Мәдинаға кері қайтты.

 

Бар жан-тәндерімен беріліп, осы жолда шәйіт болуға бас тіккен адамдардың саны жеті жүз шамасында еді. Олардың барлығы пайғамбарымызды соңғы қандары қалғанша қорғауға сөз берген  еді.

 

Пайғамбарымыз мүжахидтерді бір ретке келтірді. Әскерлерін арқасы Ухуд тауына, өздері Мәдинаға қарайтындай бағытта орналастырды. Оң қанатқа Укашә бин Михсанды (радиаллаһу анһ), сол қанатқа Әбу Сәләмә бин Абдуләсадті (радиаллаһу анһ) қолбасшы етіп тағайындады. Са’д бин Әбу Уаққас пен Әбу Убәйдә бин Жәррах (радиаллаһу анһум) алдыңғы саптан, мергендердің қатарынан орын алды. Сауытты жасақтың басында Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ), алдағы сауытсыз жасақтардың басында хазіреті Хамза жүрді. Микдад бин Амрға (радиаллаһу анһ) арттағы жауынгерлерді басқару міндеті жүктелді.

 

Ислам әскерінің сол тарапында Айнейн төбесі бар еді. Бұл төбеде тар өткел болатын. Пайғамбарымыз осы өткелге Абдуллаһ бин Жубәйр (радиаллаһу анһ) бастаған елу мергенді қойды. Олар сол жерге орнықты. Пайғамбарымыз олардың қасына барып, мынадай нақты бұйрық берді: «Бізді арқамыздан қорғап отырыңдар. Орындарыңда болыңдар және бұл жерден ешқайда кетпеңдер. Жауды жеңгенімізді көрсеңдер де, сендерге хабар бермейінше, адам жібермейінше орындарыңнан қозғалмаңдар. Жауды бізді өлтірейін деп жатқанын, өлтіріп жатқанын көрсеңдер де келіп бізге көмектеспеңдер. Бізді олардан қорғауға тырыспаңдар. Сендерге қарай бет алған дұшпанның атты әскеріне оқ атыңдар. Өйткені, атты әскерлер атқан оққа қарсы жүре алмайды. Аллаһым! Осыларды оларға айтқаныма сені куәгер етемін». Осы бұйрығын бірнеше рет қайталаған пайғамбарымыз «Құстардың денемізге бас салғанын көрсеңдер де, мен сендерге адам жібермейінше орындарыңнан қозғалмаңдар. Егер біздің кәпірлерді қырып, аяқтарымызбен таптағанымызды көрсеңдер де мен сендерге хабар бермейінше орындарыңнан қозғалушы болмаңдар» деді.

 

Туды хазіреті Мусаб бин Умәйрге берді. Хазіреті Мусаб қолына туды алып, пайғамбарымыздың алдына барып тұрды.

Осы кезде жаңадан үйленген хазіреті Ханзала Мәдинадан Ухудқа келіп, мүжахидтердің сапына қосылды.

Ухудқа үш күн бұрын келген мүшрік әскерін Әбу Суфйан басқарған еді. Олар арқаларын Мәдинаға қаратып орналасты. Оң қанаттағы атты жасақтарды Халид бин Уәлид, сол қанаттағы атты әскерлерді Икримә басқарды. Саффан бин Умәййәнің де атты әскерлерді басқарғаны туралы айтылады. Мүшріктердің туын Талха бин Әбу Талха ұстады.

 

Екі әскер арасындағы күштің айырмасы өте үлкен еді. Құрайыш әскері саны, қару-жарағы жағынан Ислам әскерінен төрт есеге артық еді. Құрайыш әскерінде өшпенділік сезімдеріне өртенген әйелдер сазды аспаптар шалып, өлеңдер айтып, әскерді соғысқа шақырды, табынатын пұттарынан көмек сұрады.

 

Ал мүжахидтер болса дұға етіп, «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбірлер айтты. Ислам дінінің қорғалуы және таралуы үшін Аллаһу та’аладан көмек сұрады. Пайғамбарымыз сахабаларын жихадқа, Хақ та’аланың жолында соғысуға шақырып, бұл жолда алатын сауаптарын түсіндіріп «Ей, сахабаларым! Саны аз адамдарға дұшпанмен соғысу қиынға түседі. Егер олар сабырлылық танытатын болса, Аллаһу та’ала оларды қуанышқа жеткізеді. Өйткені, Аллаһу та’ала өзіне бағынғандармен бірге... Аллаһу та’аланың сендерге уәде еткен сыйын сұраңдар» деді. Ухуд соғысына қатысты аяти кәримәларда «(Ей мүміндер!) Аллаһу та’алаға және расулына бағыныңдар, рақымдылыққа бөленесіңдер. Раббыларыңнан кешірім сұрауға және жұмаққа кіруге асығыңдар. Осыған тырысыңдар. Жұмақтың үлкендігі жер мен көктей. Жұмақ Аллаһу та’аладан қорқатындар үшін дайындалды. Олар аз болса да, көп болса да мал-мүліктерін Аллаһтың жолына береді. Реніштерін білдірмейді. Бәрін кешіреді. Аллаһу та’ала жақсылық жасағандарды жақсы көреді». («Али Имран» сүресі, 132-134)

«Олардың сыйы - Раббыларынан кешірім және ағаштарының астынан өзендер ағатын жұмақ. Олар онда мәңгі қалады. Осылай жасағандардың, Аллаһу та’ала мен расулына бағынғандардың сыйы қандай жақсы!» делінген («Али Имран» сүресі, 136)

 

Көңілдері иманға толы, жанарларынан айбындылықтың ұшқыны шашыраған шәйіт болуды бар көңілдерімен қалаған сахабалар бір орында тұра алмай, тезірек жаумен соғысуға бұйрық күтіп тұрды. Бәдір соғысындағы сияқты хазіреті Әли ақ, Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) сары, Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) қызыл сәлделерін бастарына байлап алды. Хазіреті Хамза түйеқұстың қанатынан жасалған айдарын тақты.

 

Екі әскер бір-біріне барынша жақындады. Толқыныс шарықтау шегіне жеткен еді. Біраздан соң бір жақта Аллаһу та’аланың дінін тарату үшін ең жақындарымен соғысудан да тартынбаған Ислам мүжахидтері, ал екінші жақта қате сенімдерінен айрылғысы келмеген Ислам дұшпандары арасында үлкен соғыс басталу шағында тұр еді.

 

Бір оқтық қашықтыққа жақындаған кезде жаудың сапынан түйесімен алға шыққан бір сауытты мүшрік мұхажирлерден шайқасатын адам сұрады. Бәрі өзінен қорқады деп ойлап, үш рет қайталады. Осыған орай Ислам әскерінен ұзын бойлы, сары сәлделі бір ер жүрек мұхажир жаяу ортаға шықты. Бұл – пайғамбарымыздың әпкесінің баласы Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) болатын. Ислам әскерінде «Аллаһу әкбар!» деген дауыстар ұрандап, хазіреті Зубәйрдің жеңуін тілеп дұға етілді. Зубәйр бин Аууамның (радиаллаһу анһ) мүшрікке жақындар-жақындамас түйенің үстіне қарай атылғаны байқалды. Түйенің үстінде қызу шайқас басталды. Сонда пайғамбарымыздың «Оны жерге құлат» деген бұйрығы естілді. хазіреті Зубәйр осы бұйрықты ала сала қарсыласын жерге итерді. Артынан өзі де секіріп, қылышымен басын шапты. Мүшріктің басы денесінен бөлініп түсті. Пайғамбарымыз Зубәйрге дұға етті.

 

Сосын мүшріктердің ту көтерушісі Талха бин Әбу Талха ортаға шығып, «Іштеріңде маған қарсы шығатын адам бар ма?» деп айқайлады. Оған қарсы Аллаһтың арыстаны хазіреті Әли шықты. Ол бір ұрғанда басынан аяғына дейін сауыт киінген мүшріктің ту көтерушісінің басын жағына дейін жарды. Мұны көрген пайғамбарымыз «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп тәкбір айтты. Бұған сахабалар да қосылып, тәкбірдің дауысы көкті күмбірлетті.

 

Мүшріктің туының жерге түскенін көрген Талханың бауыры Осман бин Әбу Талха ортаға қарай жүгірді. Туларын көтеріп, қарсылас сұрады. Оған қарсылас ретінде хазіреті Хамза шықты. «Йа, Аллаһ» деп, Османның иығына қылыш салғанда ту ұстаған қолы жұлынған мүшрік жерге құлап мерт болды.

 

Сосын мүшріктерден Әбу Са’д бин Әбу Талха жаяу ортаға шықты, ол бастан-аяқ сауыт киінген еді. Күпірліктің туын жерден көтеріп, Ислам әскеріне қарап, «Мен Құсамның әкесімін. Маған кім қарсы шығады» деп айқайлады. Пайғамбарымыз оған қарсы тағы да хазіреті Әлиді шығарды. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) ол мүшрікті де өлтіріп, туын жерге құлатқаннан кейін мұхажирлердің қасына барып қатарға тұрды.

 

Бұдан соң көптеген мүшрік ортаға шығып, жерге түскен туларын көтеріп, мұхажирлерден өздеріне қарсы тұратын қарсылас сұрады. Бірақ, бәрінде де батыр сахабалар Аллаһу та’аланың рұқсатымен жеңіске жетті. Әр мүшрік өлтірілген кезде Ислам әскерлерінен тәкбір дауыстары шығып, жаудың сапына ыза тудырды. Мүшрік әйелдері бар дауыстарымен айқайлап, бір жағынан өз әскерлерін «Бұл не деген масқара!» деп қорласа, екінші жағынан «Бұл не тұрыс?» деп оларды соғысқа қуаттады.

 

Екі жақ та тұрақтап тұра алмай, екпіндеп тұрған кезде пайғамбарымыз «Қорқақтықта ұят, ілгерілеуде қадір мен құрмет бар. Адам қорқумен тағдырдан құтыла алмайды» деген жазуы бар қылышын қолына алып, «Мына қылышты менен кім алады?» деді. Мұны естіген бірнеше ардақты сахаба алу үшін қолдарын созды. Пайғамбарымыз қайтадан «Мұның ақысын беру арқылы менен кім алады?» дегенде сахабалар үнсіз қалды. Қылышты алуды қатты қалаған Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) «Мен аламын, йа Расулаллаһ» деді. Пайғамбарымыз қылышты Зубәйрге бермеді. Әбу Бәкір, Омар, Әлидің де (радиаллаһу анһум) сұрағандарын пайғамбарымыз қабылдамады. Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ! Бұл қылыштың ақысы не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Оның ақысы иіліп, бүгілгенге дейін оны дұшпанға сілтеу. Оның ақысы мұсылманды өлтірмеу, онымен кәпірлердің алдынан қашпау. Сол арқылы Аллаһу та’ала саған жеңіс бергенге дейін Аллаһ жолында соғысу» дегенде Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулаллаһ! Мен оның ақысын орындау шартымен аламын» деді. Пайғамбарымыз қолындағы қылышты оған берді. Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) өте батыр, ержүрек болғанына қарамастан соғыста өте айлалы әрекет жасайтын. «Соғыс - айла» деген хадис шәрифке толық бағынатын. Әбу Дужанә қылышты алып, соғыс алаңына мақтанышпен, байсалды  кейіпте, өлеңдер айтып шықты. Үстінде бір көйлегі мен басында қызыл сәлдесі бар болатын.

 

Әбу Дужанәнің бұл жүрісін сахабалар ұнатпады. Осыған орай пайғамбарымыз «Бұл жүрісті соғыс алаңынан басқа жерде қолдану Аллаһу та’аланың азабына себеп болады» деп, мақтангөй, тәкаппар жүріспен тек дұшпанға қарсы алаңда ғана жүруге болатынын білдірді.

 

Одан арыға шыдай алмаған мүшріктерден Халид бин Уәлид қарамағындағы әскерлерімен шабуылға шықты. Орнында тұра алмай тұрған сахабаларға Пайғамбарымыз да шабуылдауға бұйрық берді. Бір сәтте «Аллаһу әкбар» деген тәкбір даусы соғыс алаңын жаңғыртқан еді. Ең алдында хазіреті Хамза қолындағы қылышымен сауытсыз жасақтың басшысы екеніне қарамастан әр келген кәпірге қылышын сілтей берді. Үлкен айбындылықпен келген Халид бин Уәлидтің әскерлері дереу кері шегіндірілді. Халид бин Уәлид бұл жолы тау өткеліндегі жерді көріп, арттан соққы беру үшін үлкен доға сызып, Айнайн төбесіне барды. Бірақ, хазіреті Абдуллаһ бин Жубәйр мен оның қарамағындағы елу жігіт оларды оқтың астына алып, кері шегіндірді.

 

Соғыс қатты қызған еді. Екі жақ та бар күштерін салып шайқасты. Бір сахаба ең аз дегенде төрт мүшрікпен соғысып, алға жылжуға тырысты. Хазіреті Хамза бір жағынан «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар!» деп айқайласа, екінші жағынан «Мен Аллаһу та’аланың арыстанымын» деп айқайлап, жауды жайратып, алға жылжи берді. Сауфан бин Умәййә айналасындағыларға «Хамза қайда? Маған көрсетіңдер» деп іздеді. Бір кезде екі қылышпен шайқасып жүрген біреуді көреді. «Мынау кім?» деп сұрағанда айналасындағылар «Іздеген адамың, Хамза!» деді. Сауфан «Мен осыған дейін қауымын өлтіруге ұмтылған, айбатты, адам көрген жоқпын»  деді.

 

Соғыс қызу жүріп жатқан кезде мұхажирлерден Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) қылыштың өзіне берілмегеніне ренжіп, «Мен Расулуллаһтан қылышты сұрадым. Бірақ ол оны Әбу Дужанәге берді. Ал мен оның әпкесі Сафияның баласымын. Оның үстіне құрайыштықпын. Барып көрейін Әбу Дужанәнің менен артық не істейтінін» деп ойлады. Сөйтіп, Әбу Дужанәні бақылай бастады. Әбу Дужанә (радиаллаһу анһ) «Аллаһу әкбар!» деп айқайлап, мүшріктерден кездескен адамды өлтіріп жүр еді. Мүшріктердің ішіндегі айбатты, ірі денелі, бастан-аяқ сауыт киінген бірі Әбу Дужанәнің (радиаллаһу анһ) алдынан шықты. Ол Әбу Дужанәге (радиаллаһу анһ) қылышын сілтеді. Әбу Дужанә оның соққысынан қалқанымен қорғанып, қылыш қалқанға қадалып қалды. Қылышын қанша тартса да шығара алмады. Кезек Әбу Дужанәге (радиаллаһу анһ) келген еді. Ол қылышпен бір ұрғанда қарсыласы жан тапсырды. Содан соң Әбу Дужанә алдынан шыққан барлық имансыз мүшріктерді қырып, таудың етегіндегі мүшріктерді арандатып отырған әйелдерге дейін барды. Бірақ, қылышын көтеріп тұрса да Әбу Суфйанның әйелі Хиндті өлтірмеді. Мұны көрген Зубәйр бин Аууам (радиаллаһу анһ) өз-өзіне «Қылыштың кімге берілетінін Аллаһ пен Расулы менен жақсы біледі» деді. «Уаллаһи мен одан артық шайқасатын адам көрмедім» деді.

 

Микдад бин Әсуәд, Зубәйр бин Аууам, хазіреті Әли, хазіреті Омар, Талха бин Убәйдуллаһ, Мусаб бин Умәйр (радиаллаһу анһум) барлығы да алынбас қамалдар болатын. Пайғамбарымыздың дұшпанға өте жақын барып соғысқанын, қайта-қайта шабуылдағанын көрген сахабалар қатты алаңдады. Расулаллаһқа бір зарар келіп қалар деп, оның айналасына жиналып, сауыттарға оранған дұшпанның көзін аштырмады. Осы арада Абдуллаһ бин Амр (радиаллаһу анһ) шәйіт болды. Ол Ухудтың алғашқы шәйіті еді. Оның шәйіт болғанын көрген жолдастары арыстандай айбаттанып, Аллаһу та’аланың ризалығы үшін жаудың ортасына бас қойды.

 

Соғыс қызған сәтте батырлықтың нышаны болған хазіреті Абдуллаһ бин Жахш (радиаллаһу анһ) пен оқ атушылардың басшысы Са’д бин Әби Уаққас (радиаллаһу анһ) кездесті. Олар әр жерлерінен жарақат алған болатын. Са’д бин Әби Уаққас (радиаллаһу анһ) былай баяндайды: «Ухудтағы соғыстың қатты қызған кезі болатын. Бірден Абдуллаһ бин Жахш қасыма келіп, қолымнан ұстады, мені бір тастың түбіне қарай тарта жөнелді. Маған «Қазір сен осы жерде дұға ет. Мен “Әмин” деймін. Мен дұға етейін, сен “Әмин” де» деді. Мен «жарайды» дедім де былай дұға еттім: «Аллаһым! Маған өте күшті және жауыз дұшпандарды жібер. Олармен аяусыз соғысайын. Барлығын өлтірейін. Ғази болып оралайын». Менің жасаған дұғама шын пейілімен «әмин» деді. Сосын өзі дұға ете бастады: «Аллаһым! Маған қанішер дұшпандарды жібер. Олармен аяусыз соғысайын. Жихадты көрсетейін. Барлығын өлтірейін. Соңында мені бірі шәйіт етсін. Сосын ернімді, мұрнымды, құлақтарымды кессін. Қаным сорғалап сенің алдыңа барайын. Сен «Абдуллаһ! Ерніңді, мұрныңды, құлақтарыңды не істедің?» деп сұрағаныңда «Аллаһым! Мен олармен көп айыпты істер жасадым. Орынды қолдана алмадым. Сенің алдыңа әкелуге ұялдым. Пайғамбарым қатысқан бір соғыста шаңға көміліп, солай келдім» деп айтайын» деді. Көңілім мұндай дұғаға «әмин» дегісі келмеді. Бірақ, оған уәде бергендіктен қаламай «әмин» дедім.

 

Сосын қылыштарымызды алып, соғысқа кірістік. Екеуміз де алдымызға келгенді қырып сала бастадық. Ол ер жүрек батырлықпен соғысып, жаудың қатарын сирете бастады. Жауға қайта-қайта шабуылдап, шәйіт болуға бар күшін салды. «Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар» деп ұрандап, соғысып жүргенде қылышы сынды. Сол кезде пайғамбарымыз оған бір құрманың бұтағын беріп, соғысуды жалғастыруын бұйырды. Бұл бұтақ бір мұғжиза арқылы қылышқа айналып, алдына келгеннің бәрін жайрата берді. Өте көп дұшпан өлтірілді. Соғыстың соңына қарай Әбул Хакем деген мүшріктің атқан оғымен өзі қалағанындай шәйіт болды. Шәйіт болғаннан кейін кәпірлер оның денесіне барып, мұрнын, ернін, құлақтарын кесіп алды. Ол қанға боялды».

 

Мүжахидтердің сапында қылышының қынабын сындырып, «Өлу қашудан артық» деп, мүшріктердің арасына бас қойған Кузман көптеген ерліктер көрсетті. Жалғыз өзі жеті-сегіз кәпірді өлтірді. Соңында жараланып, жерге құлады. Сахабалар оның бұл ерлігіне қайран қалып, пайғамбарымызға айтқанда «Ол тозақтық» деді. Катадә бин Нұғман Кузманның жанына барып, «Ей, Кузман! Шәйіттік саған бұйырсын» дегенде Кузман «Мен дін үшін емес, құрайыштықтардың Мәдинаға келіп, құрма бауымды құртпаулары үшін соғыстым» деді. Сосын бір оқпен қолының тамырын кесіп, өз-өзін өлтірді. Пайғамбарымыздың неліктен «Ол тозақтық» деуінің хикметі сол кезде түсінікті болды.

 

Соғыстың басынан бастап пайғамбарымыз бастаған барлық сахабалар үлкен батырлық танытты. Үлкен шабуылдармен жауды кері шегіндірді. Тастан, ағаштан жасаған «Лат, Узза, Хубәл» деген пұттарынан көмек сұраған мүшрік тобы мүжахидтердің шабуылына тойтарыс бере алмай, кері қаша бастады. Оларды соғысқа ұрандау үшін келген әйелдер бар дауыстарымен айқайлап, қашқан әскерлерге жетуге тырысты.

 

Құрайыштық мүшріктер соғыс алаңынан қашып, өздерімен бірге алып келген заттарын тастап Меккеге бет алғанда Ислам әскерлері қуанып, Аллаһу та’аланың өздеріне уәде еткен жеңісіне қол жеткізгендіктері үшін шүкіршілік білдірді. Саны мен күші жағынан бірнеше есе басым екендіктеріне қарамастан мүшріктер мұсылмандардың алдында масқара болған еді. Бірінен бірі озып қашқанда сахабалар оларды қуып жеткендерін өлтірген болатын. Осы соғыста жаңадан үйленген Ханзала бин Әбу Амир (радиаллаһу анһ) атымен қашып бара жатқан мүшрік әскерінің бас қолбасшысы Әбу Суфйанға жетіп алды. Атының аяқтарын қылышпен ұрып, атты құлатты. Жерге құлаған Әбу Суфйан бар күшімен «Ей құрайыштықтар! Көмектесіңдер! Мен Әбу Суфйанмын. Ханзала мені қылышпен өлтіргелі жатыр» деп айқайлай бастады. Онымен бірге қашқан мүшріктер бұл жағдайды көрсе де өз бастарын ойлап, қолбасшыларына назар аудармады. Алайда, сол сәтте хазіреті Ханзаланың дәл артында тұрған Шәддад бин Әсуәд деген мүшрік найзасын Ханзаланың (радиаллаһу анһ) арқасына қадады. Хазіреті Ханзала «Аллаһу әкбар» деп қарсылық көрсеткісі келгенімен жерге құлап түсіп, шәйіт болды, рухы жұмаққа ұшты. Пайғамбарымыз «Мен Ханзаланы періштелердің жер мен көктің арасында күміс ыдыстың ішінде жаңбырдың суымен жуындырғанын көрдім» деді. Әбу Усәйди  былай дейді: «Пайғамбарымыздың бұл сөзін естіген соң Ханзаланың жанына бардым. Оның басынан жаңбырдың суы тамшылап тұр еді. Бұл туралы барып пайғамбарымызға айттым. Хазіреті Ханзаланы «Ғасилул мәлә-икә» деп атады.

 

Мүшріктердің қашқанын көрген Айнейн өткеліндегі садақшылардың біразы соғыс бітті деп ойлап, орындарын тастап кетіп қалды. Қолбасшылары Абдуллаһ бин Жубейр мен он екі адам ғана орындарында қалды».