Ка’б бин Әшрәфтің өлтірілуі

Бәдір жеңісінен кейін Мәдинадағы яһудилер мен пұтқа табынатын мүшріктердің бойында үрей туындады. Кейбір ынсабы бар яһудилер «Кітаптарымызда сипаттары жазылған адам дәл осы. Енді оған қарсы тұру мүмкін емес. Өйткені, ол әрқашан да жеңіске жетеді»- деп, мұсылман болды. Кейбіреулері «Мұхаммед соғысудың не екенін білмейтін құрайыштықтармен соғысты. Сондықтан жеңіске жетті. Егер бізбен соғысқанда оған соғыста жеңіске қалай жетуді көрсетер едік»- деді.

 

Ка’б бин Әшрәф деген бір яһуди Бәдірде Ислам әскерінің жеңгенін естіп, мұсылмандарға деген өшпенділігінен  шыдай алмай Меккеге жол алды. Сол жердегі мүшріктерді жинап, Мәдинаға шабуыл жасауға шақырып, өлеңдермен ұран тастады. Пайғамбарымызға қарсы бірге соғысу үшін оларды келісімге көндірді. Тіпті, пайғамбарымызды өлтіргізу үшін қастандық жасап та үлгерді. Аллаһу та’ала бұл жағдайды пайғамбарымызға хабар беріп, мағынасы: «Олар Аллаһу та’аланың лағынет еткен (мейірімінен ұзақтатқан) адамдары» деген («Ниса» сүресі, 52) аят түсірді.

 

Осыған байланысты пайғамбарымыз сахабаларына «Ка’б бин Әшрәфті кім өлтіреді? Өйткені, ол Аллаһу та’ала мен пайғамбарын жәбірледі»- деді. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) «Егер рұқсат етсеңіз, оны мен өлтірейін»- деді. Пайғамбарымыз «Жақсы, өлтіріңдер» деді. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) бірнеше күн осы іске дайындалып, жоспар құрды. Жолдастары Әбу Наилә, Аббас бин Бишр, Харис бин Әус, Әбу Абс ибн Жәбрді (радиаллаһу та’ала алейһим әжмәин) жинап, бұл мәселені айтып ақылдасты. Барлығы дұрыс деп тауып, бірге өлтіруге шешім қабылдады. Барлығы пайғамбарымызға барып: «Йа, Расулаллаһ! Біз онымен сөйлесіп тұрғанда сізге қатысты Ка’бқа ұнайтын сөздер айтуымызға бола ма?»- деді. Пайғамбарымыз оларға қалаған нәрселерін айтуға рұқсат берді. Осыдан кейін Мұхаммед бин Мәсләмә достарымен (радиаллаһу анһум) бірге Ка’б бин Әшрәфтің үйіне барды. «Ана Мұхаммед бізден садақа сұрады. Бізге көп салықтар салды. Соған сенен қарызға бір нәрсе сұрауға келдік»- дейді. Ка’б қуанып, Мұхаммед бин Мәсләмәнің ойы менің ойымдай екен деп «Ол әлі сендерді одан да бетер шаршатады»- деді. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ): «Енді амал қанша, біз оған басында бағындық деп уәде беріп қойғанбыз. Сондықтан бұдан былай да бағына береміз. Соңы не болатынын көрерміз. Сен бізге қарызға біраз құрма берсең»- деді. Ка’б: «Жарайды, берейін, бірақ кепілдік ретінде маған бір нәрсе тастап кетулерің керек» деп шартын айтқанда хазіреті Мұхаммед бин Мәсләмә қжолдастарымен «Не қалайсың?» деп сұрады. Ка’б «Әйелдеріңді кепілдікке беріңдер»- деді. Мұсылмандар оған келіспеді. «Онда балаларыңды беріңдер»- деді. «Оларды да бере алмаймыз. Олардың біріне бір-екі түйелік құрмаға кепіл болдың деп біреу айтса, бұл біз үшін ұмытылмастай дақ болады. Бірақ, саған қаруымызды, сауытымызды бере аламыз»- деген ұсыныс жасады. Ка’б бұл ұсынысты қабылдады да оларға қашан келетіндерін айтты. Мұхаммед бин Мәсләмә бір түні қасына Әбу Наиләні ертіп, Ка’бтың үйіне барды. Ка’б оларды бекініс қақпасының алдына келіп тұрыңдар деп шақырып, өзі олардың алдынан шығу үшін төменге түспек болды. Әйелі «Түн ортасында қайда барасың?» дегенде Ка’б: «Келгендер Мұхаммед бин Мәсләмәмен бауырым Әбу Наилә-ғой»- деді. Әйелі «Мына дауыс маған ұнап тұрған жоқ. Одан қанның исі шығып тұрғандай»- деп уайымдағанын білдірді. Ка’б: «Жоқ, олар Мұхаммед бин Мәсләмә мен сүт бауырым Әбу Наилә. Ол жақсы адам. Тіпті түнде қылыштасуға шақырсаң да еш тартынбастан келетін адам» деді. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) өзімен бірге екі адамды, бір риуаят бойынша үш адамды бірге бекініске ертіп кірді. Олар Әбу Абс бин Жәбр, Харис бин Әус, Аббад бин Бишр (радиаллаһу анһум) болатын. Хазіреті Мұхаммед бин Мәсләмә жолдастарына: «Ка’б келгенде оның басынан ұстап шашын иіскеймін. Сендер мен Ка’бтың басын жақсылап ұстағанымды көрген кезде қылыштарыңмен соғыңдар»- деді. Ка’б бин Әшрәф әдемі киініп, хош иіс себініп, олардың жанына келді. Ибн Мәсләмә (радиаллаһу анһ) «Осы күнге дейін мұндай әсем, хош иіс иіскемедім»- деп Ка’бтың жанына барды. Ка’б Арабтың ең хош иісті әйелдері менің жанымда деп мақтанды. Мұхаммед бин Мәсләмә (радиаллаһу анһ) «Басыңды иіскесем бола ма?»- деп сұрады. Ка’б еңкейді, Мәсләмә (радиаллаһу анһ) оны иіскеді, достарына да иіскетті. Сосын «тағы да иіскейін» деп оның басынан ұстап, достарына ұрыңдар деген белгі берді. Алғаш қылыш соққысында ол қатты айқайлады, бірақ өлмеді. Сосын оны хазіреті Мәсләмәнің өзі қанжарымен өлтірді. Ка’бты өлтірген мүжахидтер тез арада ол жерден кетіп, Мәдинаға жетіп келді. Пайғамбарымызға сүйінші хабарды айтқанда пайғамбарымыз Аллаһу та’алаға шүкіршілік айтып, мүжахидтерге дұға етті.

 

Ка’б бин Әшрәфтің өлтірілуі яһудилерді қатты қорқытты. Өйткені, Ка’б сияқты көсемдері өз бекінісінде өлтірілгеннен кейін қалғандарды өлтіру дұшпан үшін бір сәттік іс еді. Таңертең бүкіл яһудилер жиналып, пайғамбарымызға барып, түнде болған жағдайды айтып, шағымданды. Пайғамбарымыз: «Ол бізді әрдайым мазалап, бізге қарсы өлеңдер айтатын. Егер сендердің іштеріңде кімде-кім осылай жасайтын болса , біліп қойсын, оның жазасы қылыш»- деді. Осыдан кейін яһудилер қорқып, пайғамбарымызбен қайтадан келісім жасасады...

 

Бәни Қайнуқа яһудилері

 

Бір күні Бәни Қайнуқа қауымының яһудилері бір мұсылман әйелді мазақ еткісі келіп тиіседі, оны көрген бір сахаба дереу қылышын суырып алып сол яһудиді өлтіреді. Басқа яһудилер бір болып, әлгі сахабаны өлтіреді. Бұл жағдай пайғамбарымызға жеткізілді. Пайғамбарымыз оларды Қайнуқа базарына жинап: «Ей, яһуди қауымы! Сендер Аллаһу та’аланың құрайышқа берген азабы сияқты азапқа ұшыраудан қорқыңдар, мұсылман болыңдар. Менің Аллаһу та’ала тарапынан жіберілген пайғамбар екенімді жақсы білесіңдер. Осыны да, Аллаһу та’аланың сендерге деген антын да кітаптарыңнан оқығансыңдар»- деді. Осындай рақымдылыққа қарамастан жасасқан келісімдерін бұзған яһудилер әлемдердің сұлтанына: «Ей, Мұхаммед! Қалай соғысуды білмейтін қауымды жеңгеніңе мәз болма. Ант етеміз, біз нағыз жауынгерлерміз. Сен бізбен соғыса бастаған кезде-ақ біздің қандай ержүрек батырлар екенімізді көресің»- деді. Осылайша, бұрынғы келісім шартты бұзып,  пайғамбарымызды ашықша шайқасқа шақырып жатқандықтарын мәлімдеді.

 

Осыған байланысты Жәбрейіл алейһиссалам уаһи әкелді, мағынасы: «(Ей, хабибім сүйіктім!) Егер сенімен келісім шарт жасасқан бір қауымның қиянат (келісім шартқа қайшы келетін әрекет) еткеніне мазалансаң, соғыс бастамастан бұрын ақиқат пен әділдік үшін анттарын бұзғандарын өздеріне білдір. Өйткені, Аллаһу та’ала қиянатшы сатқындарды сүймейді» («Әнфал» сүресі, 58) Басқа бір аяти кәримәда былай делінді: «(Ей, Расулым!) Ана кәпір болған яһудилерге айт: «Сендер сөзсіз жеңілесіңдер және жиналып барлығың тозаққа барасыңдар, ол тозақ қандай жаман орын» («Али Имран» сүресі, 12)

 

Пайғамбарымыз дереу бір әскер жасақтап, Қайнуқа яһудилері қоныстанған бекініске қарай бет алды. Ақ туды хазіреті Хамза алып жүрді. Мәдинаға өкіл ретінде Әбу Лубабә (радиаллаһу анһ) қалдырылған еді. Қасиетті әскер Қайнуқа бекінісін қоршауға алды. «Біз сондай керемет батырлармыз» деген яһудилер қарсы шықпақ түгілі бекіністерінен бір оқ та атуға батылдықтары жетпеді. Пайғамбарымыз кірген-шыққан адамдарды бақылауға алды. Ешкім сыртқа шыға алмады. Осы жағдай он бес күнге созылды. Яһудилер қорқып, соңында берілді. Барлығы өлтірілуі керек болса да әлемдерге рақымдылық етіп жіберілген пайғамбарымыз мейірімділік танытып, Қайнуқа яһудилерінің үй-жайларын тастап Дамаск жақа көшіп кетулеріне рұқсат берді. Осылайша, оларды Мәдина аймағынан шығарды.

 

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Мәдинада яһудилермен, әрі Абдуллаһ бин Убәй сияқты мұсылман болып көрініп жүрген мұнафықтармен және мүшріктермен күресуде еді. Сондай-ақ, Мәдинаның сыртындағы мүшрік тайпаларды Исламға шақырып, оларды мұсылман етуге бар күшін жұмсады. Сәуик, Ғатафан, Қардә, Бахран сияқты қақтығыстардың барлығы Бәдір соғысынан кейін болды.

 

Осы арада зекеттің парыз болуы, садақа беру, айт намаздарын оқу, құрбандық шалу сияқты бұйрықтар келді. Пайғамбарымыз қызы Үммү Гүлсімді (радиаллаһу анһа) хазіреті Османға тұрмысқа берді. Зейнеп бинти Жахш пен хазіреті Омардың қызы Хафсаны (радиаллаһу анһа) өзі әйелдікке алды. Хазіреті Әлидің ұлы хазіреті Хасан дүниеге келді.