Соңғы Ақаба анты арқылы Мәдина мұсылмандардың бейбіт өмір сүретін жеріне айналған еді. Екінші Ақаба анты туралы естіген Меккелік мүшріктердің әрекеттері күшейіп, қауіп тудыра бастады. Мұсылмандар үшін Меккеде тұру мүмкін емес жағдайға жеткенінен пайғамбарымызға (алейһиссалам) жағдайларын айтып, көшуге рұқсат сұрады. Бір күні Пайғамбарымыз қуанышты көңіл-күймен сахабаларға (радиаллаһу анһум) барып «Сендердің көшетін жерлерің маған білдірілді. Ол – Йәсриб (Мәдина). Сол жаққа көшіңдер. Сол жерде мұсылман бауырларыңмен бірігіңдер. Аллаһу та’ала оларды сендерге бауыр, ал Йәсрибті сендер үшін қауіпсіз мекен етті» деді. Расулуллаһтың рұқсаты мен ұсынысы бойынша мұсылмандар Мәдинаға топтасып көше бастады. Пайғамбарымыз көшкендерге өте мұқият болуды қайта-қайта ескертіп отырды. Мұсылмандар мүшріктердің назарын өздеріне аудармау үшін шағын топ болып жолға шығып, мүмкіндігінше жасырын әрекет жасады. Мәдинаға алғаш болып көшкен Әбу Сәләмә мүшріктерден көп азап көрген болатын. Бұл істі байқап қалған мүшріктер жолға шыққан мұсылмандарды жолдарынан адастыруға, әйелдерін күйеулерінен бөлуге, күші жеткендерін қамауға тырысып, түрлі қастандықтар жасады. Оларды діндерінен шығару үшін қолдарынан келген жамандықтың бәрін істеп бақты. Алайда, ішкі соғыстың туындап кетуінен қорқып, оларды өлтіруге батылдары жетпеді. Ал, мұсылмандар болса осыған қарамастан барлық мүмкіндікті пайдаланып, Мәдинаға жолға шықты.
Хазіреті Омар да бір күні қылышын асынды. Оқтары мен найзасын алып, барлық адамның көзінше Қағбаны жеті рет тауап етті. Сол жердегі мүшріктерге айқайлап былай деді: «Мен дінімді қорғау үшін Аллаһу та’аланың жолында көшіп барамын. Әйелін жесір, балаларын жетім қалдырғысы келетін, анасын жылатқысы келетін адам бар болса алдыма шықсын».
Осылайша, хазіреті Омармен бірге жиырма шақты мұсылман күндіз еш тартынбастан Мәдинаға қарай жолға шығады. Одан қорқып, оларға ешкім тиісе алмады. Осыдан кейін көштер жалғасып, сахабалар топтасып Мәдинаға қарай ағыла бастады.
Осы кезде хазіреті Әбу Бәкір де көшуге рұқсат сұрады. Расулуллаһ (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) «Сабыр ет. Аллаһу та’ала маған да рұқсат береді деп үміттенемін. Бірге көшеміз» деді. Хазіреті Әбу Бәкір «Ата-анам саған құрбан болсын. Мұндай мүмкіндік бар ма?» деп сұрағанда Пайғамбарымыз «Иә, бар» деді. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) сегіз жүз дирхам беріп, екі түйе сатып алып, сол күнді күтіп жүрді. Меккеде тек Пайғамбарымыз, хазіреті Әбу Бәкір, хазіреті Әли, кедейлер, аурулар, қарттар мен мүшріктер қамауға алған мүміндер ғана қалған еді.
Арғы жақтан мәдиналықтар (ансарлар) көшіп келген меккеліктерді (мұхажирлерді) жақсылап күтіп алып, қонақ етті. Араларында күшті бірлік, бауырмашылдық орнады.
Расулуллаһ та көшіп, Мәдинадағы мұсылмандардың басына өтетін болса, бір қала толығымен мұсылмандардың билігіне қалады деген оймен меккелік мүшріктер қауіптене бастады. Маңызды істерді шешуге жиналатын Дар-ун Нәдуәде жиналып, не істейтіндіктерін ақылдасты. Шайтан “Шәйхи Нәжди” кейпінде, яғни Нәждтік қарияның кейпіне еніп, мүшріктердің қасына барады. Олардың сөзін тыңдайды. Әр түрлі ұсыныстар ұсынылды. Бірақ, еш қайсысы қабылданбады. Сонда шайтан сөзге араласып, «Айтып отырғандарыңның ешқайсысы жарамайды. Өйткені, Оның жылы жүзі мен жылы сөзі барлық шараны бұзады. Басқа шара ойластырыңдар» деп, өзінің пікірін айтты. Құрайыш басшысы болған Әбу Жәхл «Әр тайпадан бір-бір батыр жігіт таңдап алайық. Олар құралданып, Мұхаммедке бірдей жабылып, оның қанын төксін. Осылайша оның өлімі белгілі бір тайпаның не адамның мойнында қалмайды. Кім өлтіргенін біле алмағандықтан оның қауымы ешқайсымызға қарсы қылыш оқтала алмай, қаны үшін тек құн төлеткізуден ары өте алмайды. Біз оларға құн төлеп, бұл қиыншылықтан оңайғана құтыламыз» деді. Бұл пікір шайтанға да ұнап, осыны қолдады.
Мүшріктер осы іске дайындалып жатқанда Аллаһу та’ала Расулына көшу бұйрығын берді. Жәбрейіл алейһиссалам келіп, мүшріктердің ойлап қойған қастандықтарын хабарлап, сол түні төсегіне жатпауын ескертті. Пайғамбарымыз хазіреті Әлиге өзінің төсегіне жатуды, қалдырған аманаттарды иелеріне жеткізіп беруін сұрап, «Бүгін түнде менің төсегіме жат, менің шапанымды жамыл. Қорықпа, саған ешқандай зиян келмейді» дейді. Хазіреті Әли Пайғамбарымыздың айтқанындай жатады. Ол Пайғамбарымыз үшін өз жанын құрбан етуге даяр еді.
Сол түні мүшріктер Расулуллаһтың үйінің айналасын қоршады. Пайғамбарымыз үйінен шығып, «Ясин» сүресінің басындағы он аятты оқыды да бір уыс топырақ алып, кәпірлердің басына шашты. Басына осы топырақтан тиген мүшріктердің барлығының кейіннен Бәдір соғысында иттей өлім тапқаны туралы риуаят етілген. Пайғамбарымыз аман-сау олардың араларынан өтіп, хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне барды. Мүшріктердің ешқайсысы оны көрмеген еді.
Біраз уақыттан соң мүшріктерге бір адам барып, «Бұл жерде не күтіп тұрсыңдар?» деп сұрағанда олар «Мұхаммедтің үйінен шығуын күтіп отырмыз» деп жауап береді. Ол адам «Ант етемін, Мұхаммед араларыңнан өтіп кетті. Бастарыңа да топырақ шашты» деді. Мүшріктер қолдарын басына апарып, шынында да топырақ бар екенін көрді. Дереу есікті ашып, ішке кіргенде хазіреті Әлиді Расулуллаһтың төсегінен көріп, пайғамбарымыздың қайда екенін сұрады. Хазіреті Әли «Білмеймін, маған оны күзеттіріп қойып па едіңдер?» деді. Олар хазіреті Әлиді жұлқылады. Қағбаның жанында біраз қамауда ұстап, кейіннен босатып жіберді. Кәпірлер сыртқа шығып жан-жақтан пайғамбарымызды іздей бастады.
Әуелі хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне барып, оның қызы Әсмадан (радиаллаһу анһа) сұрады. Жауап бермеген соң оны ұрып-соқты. Меккеде іздемеген жерлері, кірмеген үйлері қалмаған кәпірлер оны таба алмай ызаға булықты. Көсемдері болған Әбу Жәхл Мекке мен оның маңайына хабаршылар жіберіп, пайғамбарымыз бен Әбу Бәкірді тауып әкелгендерге немесе қайда екенін айтқандарға 100 түйе беретінін жариялады. Оның бұл сөзін естіген кейбір дүниеқұмарлар қаруланып, аттарына мініп, іздеу үшін жолға шықты.
Пайғамбарымыз хазіреті Әбу Бәкірдің үйіне барып, «Хижрет етуіме (көшуіме) рұқсат берілді» деген кезде хазіреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) толықып «Аяғыңыздың шаңын бетіме сүртейін, йа Расулуллаһ! Мен де сізбен біргемін бе?» деп сұрады. Пайғамбарымыздан «Иә» деген жауапты естіген хазіреті Сыддық қуаныштан жылап жіберді. «Ата-анам сізге құрбан болсын. Түйелер дайын. Қайсысын қаласаңыз соны мініңіз» деді. Пайғамбарымыз «Өзімдікі болмайынша мінбеймін, тек ақшасына сатып аламын» деді. Мұндай нақты бұйрыққа бағынуға мәжбүр болған хазіреті Сыддық түйенің бағасын айтты.
Хазіреті Әбу Бәкір Абдуллаһ бин Урәйқит деген жол көрсетушілігімен танылған адамды шақырып, оны жол көрсетуге жалдап, түйелерді үш күннен кейін Сәур тауындағы үңгірге әкелуін сұрады. «Сафар» айының 27-сіне бейсенбі күні пайғамбарымыз бен Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) біраз азық алып, жолға шықты. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) жолға шыға салып Пайғамбарымыздың айналасынан айналып жүріе бастады. Пайғамбарымыз неге бұлай ететінін сұрағанда «Айналадан келетін қауіптің алдын алу үшін. Бір зарар келетін болса, алдымен маған келсін. Жаным сіз үшін құрбан болсын, йа Расулуллаһ!» деді. Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Басыма келетін қиыншылықтың маған емес өзіңе келгенін қалайсың ба?» деп сұрағанда Әбу Бәкір «Иә, Сізді хақ дінмен пайғамбар етіп жіберген Аллаһу та’алаға ант етейін, келетін қиындықтың сізге емес, маған келуін қалаймын» деді.
Пайғамбарымыздың аяқ киімі тар болғандықтан жолда жыртылып, аяқтары жараланды, жүретіндей шамасы қалмады. Зорға дегенде тауға шығып, үңгірдің ауызына жетіп барды. Енді кірмекші болғанда хазіреті Әбу Бәкір «Аллаһ үшін ішке кірмеңіз. Мен кірейін, ол жақта зиянды нәрсе бар болса маған тисін» деп ішке кірді. Ішті сыпырып тазалады. Оң жағында, сол жағында ірі-ұсақты тесіктер бар еді. Шапанын жыртып, тесіктерді бітеді, бірақ біреуін жабуға мата жетпей ашық қалды. Хазреті Сыддық ол тесікті өкшесімен жауып, әлемдердің сұлтаны болған пайғамбарымызды ішке шақырды. Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) ішке кіріп, басын Әбу Бәкірдің тізесіне қойып ұйықтады. Сол кезде хазіреті Әбу Бәкірдің аяғын жылан шағып алды. Пайғамбарымыз оянып кетпесін деп қозғалмай отыра береді. Бірақ, көзінің жасы Пайғамбарымыздың бетіне тамған кезде «Не болды, Әбу Бәкір?» деп сұрады.
Хазіреті Әбу Бәкір «аяғыммен бітеген тесіктен бір жылан аяғымды шағып алды» деді. Пайғамбарымыз Әбу Бәкірдің жарасына түкірігін жаққан кезде ауырғаны басылып, жазылып кетті.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) мен Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) іште болған кезде мүшріктер іздеріне түсіп, үңгірдің алдына дейін келеді. Үңгірдің аузына өрмекшінің тор салғанын және екі көгершіннің ұя салғанын көріп, Күрз бин Алқамә «Осы жерден із үзілді» деді. Кәпірлер «Егер олар мұнда кірген болса өрмекшінің торы жыртылуы керек еді» дейді.
Кейбірлері «Осы жерге дейін келдік, үңгірге бір адам кіріп көріп шықсын» дегенде Үмәййә бин Халәф «Сендерде ақыл бар ма? Ант етейін, бұл өрмекші бұл торды Мұхаммед туылмастан бұрын өрген» деді. Мүшріктер есіктің аузында тартысып тұрғанда хазіреті Әбу Бәкір іште отырып «Йа, Расулуллаһ! Өзім үшін қорықпаймын, сізге бірдеңе бола ма деп қорқамын. Мені өлтірсе бір ғана адаммын, ештеңе өзгермейді. Сізге бір зиян келетін болса бүкіл үммет құриды, дін құлайды» деді. Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Қорқпа. Күмәнсіз, Аллаһу та’ала бізбен бірге» деді. Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) «Йа, Расулуллаһ! Сіз үшін жаным пида. Олардың бірі еңкейіп қараса бізді көреді» дегенде Пайғамбарымыз «Йа, Әбу Бәкір! Мұнда сондай екі адам бар, ал олардың үшіншісі Аллаһу та’ала. Уайымдама, Хақ та’ала бізбенен бірге» деді. Мүшріктер сыртта өзара сөйлесіп, ішке қарамай кері қайтты.
Аллаһу та’ала бұл туралы Құран Кәрімде былай дейді: «Егер сендер Оған (сүйікті құлыма) көмектеспесеңдер (сол уақытты естеріңе түсіріңдер) кәпірлер Оны (Меккеден) екі адамның екіншісі ретінде (хазіреті Әбу Бәкірмен бірге) шығарғанында (Сәур тауының төбесіндегі) үңгірде отырғанда Аллаһу та’ала Оған (расулуллаһқа) көмектесті. Сол кезде жолдасына (Әбу Бәкір Сыддыққа): «Мұңайма, Аллаһу та’аланың көмегі бізбенен» деген болатын. Аллаһу та’ала Оған тыныштығын жіберіп, Оны сендер көрмейтін (рухани) әскерлермен күшейтті, кәпірлердің (күпірлік) сөзін төмендетті. Аллаһу та’аланың (тәуһид) сөзі ұлы сөз. Аллаһу та’ала нағыз жеңімпаз. Жалғыз ғана билік пен даналық иесі». («Тәуба» сүресі, 40)
Пайғамбарымыз бен хазіреті Әбу Бәкір осы үңгірде үш күн болды. Хазіреті Әбу Бәкірдің ұлы Абдуллаһ Меккеден естігендерін түнде үңгірге келіп айтып тұрды, ал азат құлы және шопаны Амир бин Фухәйра (радиаллаһу анһ) түнде сүт әкеліп, ізін өшіріп кететін.
Сәур үңгірінен төртінші күні шыққан Пайғамбарымыз Қусуа деген түйесіне мініп, жолға түсті. Басқа бір риуаят бойынша хазіреті Әбу Бәкірді мінгестіріп, ал екінші түйеге Амир бин Фухәйра мен жолды жақсы білетін Абдуллаһ бин Урәйқит мінді.
Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Аллаһу та’ала мадақтаған, ең жақсы аймақ болған Меккені, отанын шарасыз тәрк етіп, тастап бара жатқан еді. Түйесін Мешіт Харамға қаратып, қайғылы күйде «Уаллаһи! Сен Аллаһу та’ала жаратқан жерлердің ең жақсысысың, Раббымның алдында ең қалаулысың. Сенен мені шығармағанда мен кетпес едім. Маған сенен артық жер жоқ. Қауымым мені сенен шығармағанда сенен кетпес, сенен басқа жерді паналамас едім» деді.
Сол сәтте Жәбрейіл алейһиссалам түсіп, «Йа, Расулуллаһ! Отаныңды сағындың ба?» деді. Пайғамбарымыз «Иә, сағындым» деді. Жәбрейіл алейһиссалам Меккеге қайтатынын сүйіншілеген «Қасас» сүресінің 85-аятын оқып, оны жұбатты.
Ұлы сапар тыныш жалғасын тапты. Мүшріктер қаншама күш салып іздесе де бұл құтты жолаушылардың ізіне түсе алмаған, Хақ та’ала сүйікті құлын олардың жамандығынан қорғап тұр еді. Расулуллаһ Қудәйд деген жерге барған кезде Үммү Мабәд деген жомарттығымен танылған, ақылды, абыройлы әйелдің шатырына кезігеді. Ақшасына тағам, құрма мен ет алғысы келеді. Үммү Мабәд «Егер бар болғанда тегін берер едім. Жұтқа байланысты қолымызда ештеңе қалмады» деді. «Сүт бар ма?» деп сұрағандарында «Жоқ, қойлар қысыр» деп жауап берді. Пайғамбарымыз шатырдың жанында тұрған арық қойды көрсетіп, «Йа, Үммү Мабәд, мына қой неге бұл жерде байлаулы тұр?» деп сұрады. «Өте арық және ауру болғандықтан отардан қалып қойды» деді. «Сүті бар ма? Осы қойды саууға рұқсат бересіз бе?» дегенде «Сіз үшін жаным пида, ешнәрсемді аянбаймын, сүті жоқ, бірақ сауыңыз, сіз үшін тосқауыл жоқ» дейді. Расулуллаһ қойдың қасына барып, Аллаһу та’аланың есімін айтты. Береке келсін деп дұға еткеннен кейін қолымен қойдың желінін ұстады. Сол кезде желінге сүт толып, аға бастады. Дереу ыдыс әкеліп, толтырып алды. Алдымен Үммү Мабәдке берді. Ол ішкеннен кейін хазіреті Әбу Бәкірге және басқаларға беріп, тойғанша ішкізді. Ең соңынан өзі ішіп, қолын тағы да желінге тигізіп, шатырдағы ең үлкен ыдысты сүтке толтырып, Үммү Мабәдке берді. Олар ол жерден кеткеннен кейін Үммү Мабәдтің күйеуі келіп, сүтті көреді. Қуанып «Бұл сүт қайдан келді?» деп сұрағанда Үммү Мабәд «Бір қасиетті адам келіп, үйімізге береке кіргізді. «Оны сипаттап бере аласың ба?» деп сұрайды күйеуі. Үммү Мабәд «Көрген адамым өте келбетті, жылы жүзді жан еді. Көзінде қызғылт бар, даусы жұмсақ болатын. Кірпіктері ұзын, көзінің ағы аппақ, қарашығы қап-қара, шашы қара, сақалы қою болатын. Үнсіз тұрғанда салмақты, сөйлегенде күлімсіреп тұрады. Сөйлегенде сөздері аузынан маржандай төгіледі. Алыстан айбатты болып көрінеді, жақыннан көрсең өте тартымды адам. Қасындағылар оның бұйрығын орындауға бар жандарын салады» дегенде күйеуі «Бұл құрайыштардың іздеп жүрген адамы. Егер мен оған жолыққанда онымен бірге кетер едім» деді. Риуаят бойынша сол қой он сегіз жыл жасаған. Пайғамбарымыздың берекесімен бұл кісілер соның сүтімен күнелткен. Үммү Мабәдтің күйеуі Пайғамбарымыздың артынан еріп, Рийм деген жерде оған жетіп, мұсылман болады. Үммү Мабәд те мұсылмандықты қабылдайды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024