Сұрақ: Ренжісу, араздасудың дініміздегі орны қандай?
Жауап: Еркек болса да, әйел болса да дүниелік істер үшін екі мұсылманның араздасуы, бір-бірімен көріспей сөйлеспей қоюы, ара-қатынасын үзуі жаиз емес.
Мұсылман болған және дінге сәйкес өмір сүретін туысқанды, ең болмағанда аптасына немесе айына бір рет хал-жағдайларын сұрап барып тұру керек. Қырық күннен асырмау керек.
Ұзақ жақтарда тұратын болса, хат арқылы, телефонмен немесе адамдардан сәлем айтқызып көңілін алуға тырысу керек. Бір-бірлеріне араз болса да хал-жағдайын сұрап баруды және көңілін аулауды назардан тыс қалдырмау керек.
Туысқаны келмесе де, жауап бермесе де барып немесе сыйлық, сәлем жолдап немесе хатпен, телефонмен хабарласып тұрудан бас тартпау керек. Аллаһу та’ала мұсылман болған және салих болған туыстармен араласып тұруды әмір еткен. Мұның терісі болғандармен араласуды әмір етпеді. Әсіресе зиянын тигізетін күнәһар туыстардан алыс тұру керек.
Араздасқан адаммен үш күн өткізбей барып татуласқан жақсы болады. Қиын болмауы үшін үш күнге рұқсат берілген. Одан кейін күнә жазыла бастайды және күн өткен сайын күнәсы арта береді. Күнәнің көбейуі татуласқанға дейін жалғасады. Хадис шәрифте: «Сенімен араздасқан адамға барып онымен татулас! Зұлымдық еткен адамды кешір! Жамандық жасаған адамға жақсылық жаса!» деп бұйырылған.. (Ибн Әбиддунийа)
Үш күннен артық араздасқан адамға шапағат етілмесе, жаһаннамда азап көреді. Күнә істеген адамға сабақ болсын деген ниетмен одан алыс тұрған жақсы болады. Бұл жағдайда өзі үшін емес, Аллаһу та’ала үшін өкпелеген болады.
Ренжіскен, араздасқан адамдарды татуластыру керек. Хадис шәрифте: «Ауру адамның хал-жағдайын сұрау үшін 2 км (болса да) жол жүр, араздасқан адамдарды татуластыру үшін 4 км (болса да) жол жүр, ал бір дін бауырыңнан хабар алу үшін және ілім адамынан бір мәселе үйрену үшін де 6 км (болса да) жол жүр!» деп бұйырылған.
Мұса алейһиссалам: «Йа Раббым! Араздасқандарды татуластырған адамға қандай сауап бересің?» деп сұрады. Хақ та’ала: «Қиямет күнінде саламаттық беремін, қорыққан нәрселерінен сақтаймын және үміттенген нәрселерімен марапаттаймын.» деп бұйырды.
Араздасқан адамдармен айт мерекелерін немесе басқа бір күнді күтпестен тез арада татуласу керек.
Кең бауырлы болу керек
Аллаһу та’аланы және пайғамбарымыз алейһиссаламды жақсы көретін кісі адамдардың кемшіліктерін көрмейді, жақсы қасиеттерін көреді, бауырмашыл болады. Жақсы кісі яғни мүмин барлық адамдармен жақсы мәміледе болады. Ешкімге зиянын тигізбейді және басқалардан келетін зияндарға сабырлық танытады.
Бір айыбы үшін ешкіммен араздаспау керек. Араздасқан жағдайда 3 күннен көпке созбау керек. Егер айтқа дейін созылған араз жағдайлар болса, одан көп кешіктірмей татуласу керек. Хадис шәрифтерде былай делінген:
«Бір мұсылманның дін бауырымен 3 күннен көп араздасуы жаиз емес. 3 күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрауы керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға кіреді. Сәлем берген адам араз болудың жауапкершілігінен құтылған болады.» (Әбу Дауд)
«Екі адам бір-біріне араз күйде өлсе, жаһаннамды көрместен жаннатқа кіре алмайды. Жаннатқа кірсе де бір-бірімен кездесе алмайды.» (Ибн Хиббан)
«Дін бауырымен бір жыл араз болған адам оны өлтіргендей күнәға батады.» (Бәйһақи)
«Амалдар дүйсенбі және бейсенбі күндері Хақ та’алаға ұсынылады. Хақ та’ала өзіне ширк қоспаған барлық адамдарды кешіреді. Бірақ бұл кешірімнен бір-біріне араз болған екі адам махрұм қалады. Хақ та’ала “ол екі адам татуласқанға дейін амалдарын маған әкелмеңдер” деп бұйырады.» (И. Малик)
«Бір-біріңмен ара-қатынасты үзбеңдер! Бір-біріңнен бет бұрып кетпеңдер! Бір-біріңмен өштеспеңдер, жауласпаңдар! Бір-біріңе көре алмаушылық етпеңдер! Ей Аллаһтың құлдары бір-біріңмен бауыр болыңдар! Бір мұсылманның басқа бауырымен араздасуының 3 күннен асуы халал болмайды.» (Бұхари)
«Бір-бірімен араздасқан екі адамнан қайсысы бірінші болып сәлем берсе күнәлары кешіріледі. Сәлем бергенде екінші адам сәлемін алмаса, бұл адамның сәлемін періштелер алады. Ал сәлемін алмаған адамға шайтан ілтипат көрсетеді.» (Ибн Әби Шәйбә)
«Мұсылман бауырымен 3 күннен артық араздасқан адам жаһаннамға түседі.» (Нәсаи)
Жаһаннамда күнәларының жазасын тартқаннан кейін шығады. Егер шапағат етілсе немесе күнәлары кешірілсе тозаққа мүлдем кірмейді.
Татуластыру үшін өтірік айту
Мұсылмандардың бір-біріне болған ақыларының бірі араздаған екі адамды татуластырулары. Хадис шәрифте былай делінген:
«Нәпіл намаз, ораза және садақадан да құнды амал – екі кісінің ара-қатынасын жақсарту және татуластыру. Өйткені ара қатынастың бұзылуы дінді түбінен құлатады.» (Тирмизи)
Пайғамбарымыз бір күні күлімсіреді. Мұны көрген хазреті Омар себебін сұрағанында пайғамбарымыз былай дейді:
«Үмметімнен екі кісі ахыретте есептеседі. Біреуі “Йа Раббым, бұл адамнан менің ақымды ал!” дейді. Аллаһу та’ала екіншісіне “Бұл адамның ақысын бер!” деп бұйырады. Ол адам “Йа Раббым, ақысын өтейтіндей сауабым қалмады” дейді. Аллаһу та’ала ақының иесіне “Бұл адамның сауабы қалмады. Не істейсің?” дегенде әлгі адам “Олай болса менің күнәларымды алсын!” дейді. Осы кезде пайғамбарымыз жылап тұрып: “Ол күн сондай қорқынышты күн болады. Ол күні адам өзгелердің күнәсын алмақ түгілі өзінің күнәсын да алып жүре алмайды.”» деп бұйырды.
Аллаһу та’ала ақының иесіне: «Басыңды көтер де жаннаттың мына зәулім сарайларына қара!» дейді. Ақының иесі қараған соң: «Иә, көріп тұрмын. Бұл керемет сарай қай пайғамбарға немесе қай шәһидке тән.» деп сұрайды. Аллаһу та’ала «Бұл керемет сарайлар, сарайдың ақысын өтегендер үшін» деп бұйырады. Әлгі адам «Йа Раббым, бұлардың ақысын кім өтей алуы мүмкін?» дейді. Аллаһу та’ала «Сен өтей аласың.» деп бұйырады. Ол адам «Мен қалай өтеймін? Менің нем бар?» дегенде Аллаһу та’ала «Мына бауырыңнан алатын ақыңды кешіп жіберсең, осы сарайға қол жеткізесің» дейді. Ол адам сол сәтте «Кештім, Йа Раббым!» дейді. Аллаһу та’ала: «Қане, бауырыңның қолынан ұстап жәннатқа бірге кіріңдер!» дейді. Пайғамбарымыз алейһиссалам сөзін жалғастырып былай деді:
«Аллаһтан қорқыңдар және ара-қатынастарыңды түзетуге тырысыңдар! Өйткені Аллаһу та’ала қиямет күні сендердің ара-қатынастарыңды түзетеді.» (Хараити)
Ерлі-зайыптылардың немесе араздасқан екі адамды жарастыру үлкен сауап болып табылады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Екі кісінің ара-қатынасын түзеу – нәпіл ораза тұтудан және нәпіл намаздардан да құнды.» (Табарани)
(Кейбір адамдар намаз оқымай, ораза тұтпай: «Мен екі адамды татуластырдым, көп сауап алдым.» деп жатады. Намаз оқымайтын адамның мұндай жақсылықтарына сауап берілмейді. Жақсылықтарға сауап берілуі үшін ақидасы дұрыс болуы және намаз оқуы шарт болып табылады.)
Өтірік айту үлкен күнә. Бірақ кейбір жерлерде жақсылыққа, қайырға себеп болғаны үшін жаиз болады. Соғыста, дұшпандардың зиянынан сақтану үшін, екі мұсылманды татуластыру үшін, біреуінен екіншісіне жақсы сөз тасу үшін өтірік айту жаиз болады. Хадис шәрифте былай делінген:
«Екі кісіні татуластыру үшін қайырлы сөз айтқан адам өтірікші болмайды.» (Мүслим)
Бұлардан өзге мәселелерде қалжыңдап болса да өтірік айтпау керек. Бұл жөніндегі хадис шәрифте былай делінеді:
«Мүмін кез келген қателікке жол беруі мүмкін. Бірақ аманатқа қиянат жасай алмайды және өтірік айта алмайды.» (Ибн Әби Шәйбә)
Сұрақ: Дінімізде араздасу жаиз ба? Бір мұсылман досым менімен сөйлеспейді. Ол менімен сөйлеспегені үшін күнә жалғыз оған жазыла ма? әлде мен де ортақ болам ба?
Жауап: Дінімізде ренжісу, араздасу жаиз емес, күнә болып табылады. Үш күннен көп араздасқан адам шапағатқа қауышпаса, кешірілмесе жаһаннамда азап көреді. Хадис шәрифте былай делінеді:
«Бір мұсылманның дін бауырымен 3 күннен көп араздасуы жаиз емес. 3 күн өткеннен кейін ол адаммен кездесіп қалса, оған сәлем беріп хал-жағдайын сұрауы керек. Ол адам сәлемін алса, екеуі де сауапқа ортақ болады. Сәлемін алмаса, күнәға жазылады. Сәлем берген адам араздасудың жауапкершілігінен құтылған болады.» (Әбу Дауд)
«Мұсылманмен ара-қатынасын үзу – оның қанын төккенмен тең.» (Әбу Нуайм)
Сондай-ақ араздасудың себебі не? Маңыздысы осы. Алашақ-берешек мәселесі ме? Ақша мәселесі ме? Абырой мәселесі ме? Сөйлеспесе, бірақ дұшпандық, кек сақтамаса, араздасу күнәсы жазылмайды. Жек көрмеу шартымен, одан зиян келер деген мақсатпен сөйлеспесе араздасу күнәсына батпайды.
Күнә істеген, тәкаппарланған, өзін ғана ұнататын, сізді мазақ ететін адамға насихат болсын деген ниетпен одан алыс тұрған жақсы болады. Аллаһу та’ала үшін араздасқан болады. Бұл – “халіңді түзелт” дегенді білдіреді.
Сұрақ: Хадис шәрифте: «Бір-бірлеріңді жақсы көрмейінше иманға қауыша алмайсыңдар.» делінген. Егер де адам біреумен араздасатын болса, кәпір болмай ма?
Жауап: Жоқ, кәпір болмайды. Адам дүниелік істер үшін бір мұсылманға ашулануы, араздап қалуы мүмкін. Бұл 3 күннен көпке созылса да кәпір болмайды. Яғни адам күнә істеумен кәпір болмайды.
Араздасқан адамдардың татуласуы керек
Сұрақ: Бір-екі достарым маған ренжіп, сөйлеспей жүр. Не істесем болады?
Жауап: Мұсылмандардың ренжісуі, араздасуы дұрыс емес. Араздасқан адамдарды татуластыру сауап болады. Араздап жүре бермей тез арада татуласудың жолдарын қарастыру керек. Бұзық адаммен жақын араласпау керек, бірақ сәлемдесуді тастамау керек. Яғни сөйлеспеу мен араздасу екі бөлек нәрсе. Зияны тиетін адаммен сөйлесудің қажеті жоқ. Бірақ кездескен кезде сәлем беру керек.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024