Аналарың ембесін

    Әли Самарқанди хазірет сонау Самарқаннан Анкара-Чамлыдереге алғаш келгенінде, ауыл тұғындары сиырларын бағатын падашы іздеуде болатын, алайда ешқандай адам табылмай жүреді. Жергілікті халық хазірет Әли Самарқандиді жақсы танымайтын еді. Адамдардың осы қиыншылығын көрген Әли Самарқанди оларға: “Сиырларыңызды мен бағайын, жалақысын да талап етпеймін” дейді. Ауыл адамдары бұл ұсынысқа қатты қуанады. Ауылдарына жаңадан келіп, барлығына дін туралы иман туралы сұхбаттар жүргізген бұл кісіге олар:

    “Біз сиырларымызбен қоса бұзауларымызды да жайылымға қосқымыз келеді. Егер бұзаулардың аналарын ембестен жайылуын қамтамасыз етсеңіз разы болар едік” дейді.

    Ол да бұл сөздеріне келісімін білдіреді. Ертеңіне сиырлармен бұзауларды бірге өріске алып келген Әли Самарқанди хазірет, сиырларға бұрылып:

    “Ей, сиырлар мен төлдері! Кешке дейін бірге өрістеңдер! Бірақ бұзаулар аналарын ембесін, аналары да төлдерін емізбесін!” дейді.

    Осы сөзден кейін кешке дейін сиырлар бұзауларын емізбейді. Бұзаулары да емуге әрекеттенбейді. Кеш батуын уайымдай күткен тұрғындар сиырлардың емшектері сүтке толып келгенін көргенде аң-таң боп қалады. Мұндайды бұрын соңды естімеген де, көрмеген де еді. Мұның Әли Самарқанди хазіреттің кереметі екенін және оның үлкен әулие кісі екендігін түсінеді.