Халал азық

Харам жейтін адамнан керемет күтілмейді, мұндай нәрсе болмайды, мүмкін де емес. Халал азық көңілді нұрландырады, адам оңай ғибадат ететін болады. Ал харам азық адамды шайтанның ойыншығына айналдырады. Бір күні адамдар хазреті Ибраһим Әдхамге келіп былай дейді:

–   Ұстаз, бір жас жігіт бар, күні-түні ғибадат етеді, “уәжд” халіне кіріп, өзінен кетіп қалады. Әрбір әрекеті керемет, ұшуды да әдетке айналдырған.

Хазреті Ибраһим Әдхам:

–   Мұнда бір мәселе бар,- дейді.

–   Жүріңіз сіз де көріңіз, өзі бір ғажап жігіт!

–   Жарайды барып көрейік.

Барып көргенінде тура айтқандары секілді еді, “Йа Раббым! Иншаллаһ шайтаннан емес шығар” деп ойлайды да жігітке айтады:

–   Балам сен жақсы жігіт екенсің. Кешкісін маған кел бірге тамақтанайық.

Әлгі жігіт кеш батысымен келеді. Хазреті Ибраһим Әдхам дорбасынан бір үзім нан шығарып “ал балам мынаны же!” дейді. Жігіт “бисмилләһ” айтып нанды жегенінде бүкіл өзіндегі халдер жоғалып кетеді, ешнәрсе қалмайды. Таң қалып сұрайды:

–   Ұстаз сен маған не істедің?

–   Мен ешнәрсе істегенім жоқ, тек қана нан бердім.

–   Мендегі кереметтер не болды?

–   Сенің ол керемет деп ойлап жүргендерің шайтаннан келетін. Айналаңның бәрі шайтан басқан еді. Халал азық жегеніңде негізгі жағдайың ортаға шықты.