Жыл сайын Арабстанның әртүрлі аймақтарынан адамдар белгілі бір күндерде Қағбаны зиярат ету үшін Меккеге келетін. Бұл күндерде Меккеде бірқатар жәрмеңкелер ұйымдастырылатын. Пайғамбарымыз келгендерді күтіп алып, оларға Исламды түсіндіріп, Аллаһу та’аланың бір, өзінің хақ пайғамбар екенін және құтылу жолының Исламда екенін айтып түсіндіретін. Бір күні Уәлид бин Муғира мүшриктерді жинап, «Ей, Құрайш қауымы! Тағы да Қағбаны зиярат ету маусымы келді. Мұхаммедтің дауысы әлемге жайылды. Араб тайпалары жанына барып, оның тәтті сөздеріне еріп, дініне кіреді. Бұған бір шара ойластыру керек. Бәріміз әуелі келісіп алайық, ол туралы әрқайсысымыз әр түрлі нәрсе айтып, сөзіміз келіспей, өтірігіміз жария болып жүрмесін» деді. Құрайштықтар: «Ей, Абдишәмстің әкесі! Ішіміздегі көрегеніміз сенсің. Сен не айтайық десең біз соны айтамыз» деді. Уәлид: «Жоқ, сендер айтыңдар. Мен тыңдайын» дегенде олар: «Оны көріпкел дейік» деді. Уәлид бұған қарсы шығып: «Жоқ, ант етемін ол көріпкел емес. Біз көптеген көріпкелдерді көрдік, олар шынды да, өтірікті де еш тартынбастан айта береді. Мұхаммедтің оқыған (айтатын) нәрселері көріпкелдердің ойдан шығарған нәрселеріне ұқсамайды. Сосын, біз осы күнге дейін Мұхаммедтен ешқандай өтірік сөз естіген емеспіз. Егер оны көріпкел дейтін болсақ, бізге ешкім сенбейді» деді. Сосын құрайштықтар: «Жынды, есінен адасқан дейік» деді. Уәлид тағы да қарсы болып: «Жоқ, ант етемін ол жынды да емес, есінен де адасқан емес. Біз есінен адасқан, жынды адамды да, олардың белгілерін де білеміз. Мұхаммедтің жындылар секілді дірілдеп, қояншығы ұстамайды. Оны жынды, есінен адасқан дейтін болсақ бәрі бізді теріске шығарады, өтірігіміз ашылып қалады.» деді. Сосын құрайштықтар: «Ақын дейік...» деді. Уәлид тағы да қарсы болып: «Жоқ, ол ақын да емес. Біз өлеңнің барлық түрін жақсы білеміз. Оның оқығандары өлеңге еш ұқсамайды» деді. «Онда сиқыршы дейік» деді Құрайш қауымы. Уәлид: «Ол сиқыршы емес. Біз сиқыршылар мен олардың сиқырларының талайын көрдік. Оларды біз білеміз. Мұхаммедтің сөздерінде сиқырдың белгісі жоқ. Оның сөздері бүкіл әлемді жаулап алды. Белгісіз біреу де емес. Халықты одан айырып, сөйлесулеріне кедергі бола алмаймыз. Сосын шешендік, әсем, мәнерлі сөйлеуде замандастарынан үстем. Біз ол туралы не айтсақ та халық біздің сөзіміздің өтірік екенін біліп қояды» деді. Құрайштықтар айтатын еш нәрсе таба алмағаннан соң: «Ішіміздегі ең жасы үлкен және көпті көргеніміз сенсің, сен не десең біз соған келісеміз» деді. Уәлид бин Муғира біраз ойланғаннан кейін: «Бәрібір де біз оны сиқыршы дейік, ақылға қонымдысы сол. Өйткені, оның сөздері адамды қауымынан және туыстарынан айырады, бауыр мен бауырдың, дос пен достың арасын суытады» деп, айналасындағыларды көндірді. Құрайштықтар дереу тарап, Меккеге жиналған адамдарға: «Мұхаммед – сиқыршы...» деп халық арасына сөз таратты. Қағбаны зиярат етіп келе бастаған тайпалардың алдынан шығып, оларды пайғамбарымызбен кездесуден сақтандыра бастады.
Мүшриктердің осындай әрекеттері кері әсер етіп, Исламның келгені жайлы хабар бүкіл араб елдеріне жария етіліп, адамдардың ой-саналарында пұттарға деген күдік және сенімсіздік пайда болды.
Аллаһу та’ала Уәлид бин Муғираға ауыр азаптар беретінін білдірген
аяттар түсірді. Мүддәссир сүресінің 11-аятынан бастап «(Ей, Расулым!)
Ол жалғыз басына жаратылған адамның (байлықтан мақрұм болып туылған Уәлид
бин Муғира сияқты кәпірдің) ісін (жазасын) маған тапсыр. (Одан өш
алуға өзім жетемін. Ол имансызды Мен жараттым) және оған көп мал бердім.
(Ешнәрсесі жоқ ол ашкөзді көп ниғметтерге қауыштырдым. Бау-бақшалар, мал-мүліктер
ихсан еттім.) Жанында (өзімен бірге Меккеде өмір сүрген) аузына қарап
тұрған ұлдар бердім. (Барлығы бірге молшылықта өмір сүрді.) Өмірін созып,
атағын өз қауымы арасында танымал еттім. (Меккеде билікке қауышты. Мекке мен
Таиф арасында түрлі-түрлі бау-бақшаларға қол жеткізді. Соның арқасында "Райханәт-ул-араб"
деген атаққа ие болды. Ол өзін қауымына таңдаулы адам етіп танытты. Бүкіл осы
ниғметтерге шүкіршілік етуі керек емес пе еді? Осыларды берген Аллаһу та’аланы
растап, Оған сенуі керек емес пе еді?) Сонда да (ол ашкөз, көрнемек адам)
бергенімізді (малы мен әулетін) тағы да арттыруымызды қалайды,
(қолындағы ниғметтердің қадірін біліп, шүкіршілік жасауды ойлап та көрмейді. Бұл
не деген дүниеқұмарлық, бұл не деген ашкөздік?) Жоқ! (Ол ашкөз,
тойымсыздың бұл тілегі қабылданбайды. Оның малы мен әулеті арттырылмайды.)
Өйткені, ол біздің аяттарымызға (Құран кәрімге) қарсылық білдірді,
теріске шығарды. (Расулымның шыншыл екенін, пайғамбар екенін ожданымен біліп
тұрса да, қырсықтығының кесірінен оған қарсы келуге, сенбеуге бел байлады. Бұл
не деген оңбайтын адасушылық!) Ол мүнкір имансызды «сауд» азабына
душар етемін... (Осы аятта келген сауд азабына қатысты хадис шәрифте былай
делінген: «Сауд – тозақтағы бір тау. Оған кәпір жетпіс жылда ғана шыға алады.
Сосын ол жерден құлайды. Бұл осылайша жалғаса береді.») Сосын ол мүнкір
адам (Расулуллаһтан естіген Құран кәрімге қалай тіл тигізуді) ойлады.
(Өзінше бір) өлшем қойды (айтатын сөз дайындады.) Оған лағнет болсын,
(Құран кәрім туралы) қалайша өз ақылымен таразға салып,
үкім кесті. Оған қайта-қайта
лағнеттер болсын, қалайша өлшем қойды. Сосын (қауымының жүзіне немесе Құран
кәрім туралы не дейтініне) қарады. Сосын (ызаланғандықтан және
Құран кәрім туралы айтатын сөз таппай) қастарын керіп, бетін бүрістірді.
Сосын (Аллаһу та’алаға және Расулына иман келтіруден) бас тартып,
тәкаппарланды. “Бұл (Мұхаммедтің айтқаны) тек сиқыршылардан
үйреніп көрсеткен бір сиқыр ғана. Шынында бұл - Құдайдың емес, адамның
сөзі” деді. (Алайда, ол адам Құран кәрімнің тамаша сөз екенін, адам мен
жындардың сөзіне ұқсамайтынын әуелі өз қауымының арасында мойындаған болатын.
Сосын ол мүнкір адам қауымының көңілін табу үшін сөзін өзгертіп, Құран кәрімге
лайық келмейтін жалалы сөздер айтты. Осылайша өзін илаһи азапқа душар етті.
Аллаһу та’ала:) Мен оны Сәқарға, Жәһаннамға тастаймын. Сәқардың,
жәһаннамның не екені жайында саған не білдірді? Және ол жәһаннам денесінен
ешнәрсе қалдырмайды (құртады), әрі бұрынғы қалпына келтіріп, (сол
азапты) жалғастырады».
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024