Туфәйл бин Амрдың мұсылман болуы

Новая страница 1

Пайғамбарымыз (саллаллаһу алейһи уә сәлләм) Меккеде күндіз-түні адамдарға ашық түрде дағуат жасап, насихат айтып, оларды Ислам дініне шақырып жүрген еді. Меккелік мүшриктер Пайғамбарымыздың бұл әрекеттерін текке шығаруға күш салатын. Оның айтқандарын қабылдап, иман келтіргендерге әр түрлі жалалар жауып, азаптар мен қорлықтар көрсететін еді. Пайғамбарымызбен кездескен, сөйлескен адамды көрсе дереу ол адамның қасына барып, Расулуллаһты тыңдамауы үшін, Оның айтқандарына сенбеуі үшін әр түрлі өтіріктер айтып, айла-амалдар қолданатын. Сырттан Меккеге келгендерді Пайғамбарымызбен кездестірмеу үшін қолдарынан келгеннің бәрін жасайтын.

 

Мұсылмандар қатты қиналып, кәпірлерден азап шеккен бір кезеңінде Туфәйл бин Амр әд-Дәуси Меккеге келген болатын. Оны көрген мүшриктердің көсемдері қасына барып: «Ей, Туфәйл! Сен біздің жерімізге келдің. Арамызда пайда болған Абдулмутталибтың жетімінің таңқаларлық қылықтары бар. Айтқан сөздері сиқыр сияқты. Ұлды әкесінен, ағайынды ағайыннан, күйеуді әйелінен ажыратады. Айтқан пікірлерімен адамдардың арасында дау туғызуда. Оның сөзін тыңдаған бала әкесіне қарамайды. Соған барып бағынады. Ешкім бір-бірін тыңдамай мұсылман болуда. Біздің басымызға келген бұл бөліну бәлесі сені мен қауымыңның басына да келе ме деп қорқамыз. Саған берген ақылымыз болсын, Онымен мүлдем сөйлеспе. Оның сөзін тыңдама да, оған ешнәрсе айтпа да. Айтқандарына құлақ аспа. Өте абай бол. Бұл жерде ұзақ қалмай, дереу еліңе қайт» деді. Бұдан кейінгісін Туфәйл бин Амр (радиаллаһу анһ) былай айтып берген: «Ант етемін, бұл сөзді қайта-қайта айта бергені соншалық Расулулллаһпен сөйлеспеуге, сөзін тыңдамауға бел будым. Тіпті, Қағбаға кірген кезімде сөздерін естіп қоймайын деп құлағыма мақта да тығып алдым. Ертеңіне таңертең Қағбаға бардым. Расулллаһтың сол жерде намаз оқып отырғанын көрдім. Оған жақын барып тұрдым. Хақ та’аланың даналығымен оқыған кейбір сөздері құлағыма шалынды. Естіген сөздерім не деген керемет сөздер еді. Өз-өзіме: «Мен жақсы мен жаманды ажырата алмайтын адам емеспін. Әрі ақынмын. Мұның сөздерін неге тыңдамасқа? Сөздерін дұрыс деп тапсам қабылдаймын, ұнамаса қабылдамаймын» дедім де бір жерге жасырынып, Пайғамбарымыз намазын бітіріп үйіне кеткенше күтіп тұрдым. Сосын Оның артынан жүріп отырдым. Ол үйіне кіргенде мен де артынан кіріп: «Йа, Мұхаммед алейһиссалам! Мен бұл өлкеге келгенімде сенің қауымың маған солай-солай деді. Сенен аулақ болуымды сұрады. Қорқып, сенің сөзіңді естімеу үшін құлағыма мақта тығып алдым. Бірақ, Аллаһу та’ала сенің сөздеріңнің біразын маған естіртті. Олар өте жақсы сөздер екен. Енді сен маған не айтасың? Қабылдауға дайынмын» дедім. Пайғамбарымыз маған Исламды түсіндіріп, Құран кәрімді біраз оқыды. Ант етемін, өмірімде одан артық сөз естіген емеспін. Дереу кәлима айтып, мұсылман болдым.

 

Сол кезде: «Йа, Расулаллаһ! Мен өз тайпамның сөзі өтетін, беделді адамымын. Ешкім менің сөзімді жерге тастамайды. Барып оларды да Ислам дініне шақырайын. Дұға етіңіз, Аллаһу та’ала мен үшін керемет жасасын. Осылайша сол керемет, тайпамды Исламға шақырғанда маған оңайлық, көмек әкелсін». Бұл өтінішіме Расулуллаһ: «Ей, Аллаһым! Ол үшін бір керемет жарат» деп дұға етті.

 

Осыдан соң өз жеріме қайттым. Қараңғы түнде, тайпам тұратын жердегі судың басына қарайтын төбеге шыкканымда маңдайымда бір шырақ сияқты нұр пайда болып жарық бере бастады. Сол кезде дұға етіп: «Ей, Аллаһым! Бұл нұрды маңдайымнан басқа жерге көшір. Дәус тайпасының надандары көріп, «дінінен шыққандықтан Аллаһ оның маңдайына жаза ретінде осыны қойды» деп ойламасын» дедім. Ол нұр дереу қолымдағы қамшының ұшына келіп, шырақ сияқты ілініп тұрды. Тайпамның мекеніне жақындап, төмен түсе бастағанымда сол жердегілер қамшымдағы нұрды бір-біріне көрсете бастаған еді. Солайша үйге бардым. Қасыма ең алдымен әкем келіп, мені көрді. Мені жақсы көретіндіктен мойнымнан құшақтады. Әкем өте қарт адам болатын. Оған: «Әке! Бұрынғы қалпыңда қалатын болсаң мен сенен емеспін, сен де менен емессің» дедім. Бұл сөзіме таң қалған әкем «Мұның себебі не?» деп сұрады. Оған: «Мен енді Мұхаммед алейһиссаламның дініне кіріп, мұсылман болдым» дедім. Әкем маған: «Балам, мен де сенің кірген дініңе кірдім. Сенің дінің менің де дінім болсын» деп, дереу кәлима айтып, мұсылмандықты қабылдады. Содан кейінсын оған Ислам дінінен білетіндерімді үйреттім. Сосын ол жуынып, таза киімдер киді. Бір кезде қасыма әйелім келді. Оған да сол сөздерді айттым. Ол да қабылдап, мұсылман болды.

 

Таң атқаннан кейін Дәус тайпасының арасына барып, Исламды түсіндірдім. Оларды да дінге шақырдым. Бірақ олар дінді қабылдауға қиналды. Тіпті, біраз уақытқа дейін қарсылық білдірді. Күнә болған жаман істерінен бас тартпады. Әр-түрлі қылықтар жасап мені мазақ етті. Өсімқорлық пен құмар ойындарына берілгендіктерінен сөздерімді тыңдамады. Исламға бағынудан қашты. Аллаһ пен Расулына қарсы келді.

 

Біраз уақыттан соң Меккеге барып, қауымым туралы пайғамбарымызға шағымданып: «Йа, Расулаллаһ! Дәус тайпасы Аллаһу та’алаға қарсы келді. Исламға кіруге шақырғанымды қабылдамады. Олар үшін дұға етіңіз» дедім. Барлық адамға мейірімді болған пайғамбарымыз қолын жайып: «Йа, Раббым! Дәус халқына тура жолды көрсете гөр. Оларды Ислам дініне кіргізе гөр» деп дұға етті. Маған: «Қауымыңа қайт. Оларды жылы жүзбен, әсем сөзбен Исламға шақыруды жалғастыр. Олармен жылы қатынас жаса» деді. Дереу еліме қайтып, Дәус халқын Исламға шақырудан шаршамадым».