Дәреттiң әдептерi

Дәреттiң әдептерi жиырма сегiз:

Әдеп - орындалған жағдайда сауап, орындалмаған жағдайда күнә болмаған амалдар. Ал сүннеттi орындаған жағдайда сауап, орындамаған жағдайда тәнзихан мәкрух болады. Әдепті мәндуб және мустахаб деп те атайды. Дәреттiң әдептерi:

1.       Уақыт кiрместен бұрын дәрет алып намазға дайындалу. (Үзірлі болғандар уақыт кірген соң алады)

2.       Іш дәрет алғанда қыблаға оң немесе сол жағымен қарап отыру. Дәрет сындырғанда қыблаға қарай алдымен немесе артымен отыру тахримән мәкрух болады.

3.       Нәжiс тимесе де сумен іш дәрет алу.

4.       Іш дәрет алғаннан кейiн сүлгімен құрғату.

5.       Іш  дәрет алғаннан кейiн әурет жерiн дереу жабу.

6.       Басқа бiреудiң жәрдемiн алмай дәретті өзi алу.

7.       Дәретті қыблаға қарап алу.

8.       Әрбiр мүшенi жуған кезде кәлима-и шаһадат айту.

9.       Дәрет дұғаларын оқу.

10.   Аузына оң қолымен су алу.

11.   Мұрнына оң қолымен су алу.

12.   Мұрнын сол қолымен тазалау.

13.   Ауызды жуғанда тiстерiн мисуакпен тазалау. Мисуак болмаса тiс щеткасымен де тазалауға болады.

14.   Ауызды жуғанда ораза тұтпаған болса тамағын сумен шайқау, дәретте де ғұсылда да сүннет. Ораза тұтқан болса бұлай жасау мәкрух.

15.   Мұрынды жуғанда суды сүйекке дейiн тарту.

16.   Құлақты мәсiһ еткенде бiр саусағын құлақ тесiгіне кіргізу.

17.   Аяқтың саусақтарын тарамдағанда сол қолдың кiшкене бармағымен тарамдау.

18.   Қолды жуған кезде жүзiгi кең болса қозғап жуу. Ал тар болса мiндеттi түрде қозғап жуу парыз.

19.   Су көп болса да ысырап етпей жуу.

20.   Суды май жаққандай аз қолданбау қажет. (Үш рет жуылған мүшеден кемінде екі тамшы су тамуы керек.)

21.   Бiр құманмен дәрет алғаннан кейiн, сол құманның суын толтырып қою.

22.   Дәрет алып болған соң (немесе ортасында) Аллаһуммаж-ални минаттәууабин... дұғасын оқу.

23.   Дәрет алғаннан соң Субха намазын, яғни екi рәкат намаз оқу.

24.   Дәретi болса да кейiнгi намаз үшiн қайта дәрет алу.

25.   Беттi жуғанда көздi былшықтардан тазалау.

26.   Беттi, қолды, аяқты жуғанда парыз болған жерлерден асырып жуу. (Қолды жуарда уысқа су алып білекке қарай ағытып шынтақпен қоса жуу)

27.   Дәрет алып жатқанда қолданылған суды үстіне шашыратпау.

Өз мазһабында мәкрух болмаған бір амал басқа мазһабта парыз болса, мұны орындау мустахаб болады.