Алғашқы шәһид

Хазіреті Аммардың әкесі Ясәр, анасы Сумәййә, бауыры Абдуллаһ бүкіл жанұя болып мұсылмандықты қабылдаған еді. Мүшриктер хазіреті Аммардың анасына, әкесіне және бауырына Аммардың өзіне көрсеткеннен де көп азап көрсететін. Азаптау кезінде оларға күпірлік сөздерді айтқызғылары келетін, бірақ олар: «Терімізді сыпырсаңдар да, етімізді тілім-тілім етіп кессеңдер де сендерді тыңдамаймыз» деп жауап беріп: «Лә илаһә иллаллаһ Мухаммәдән Расулуллаһ» дейтін. Сондай күндердің бірінде Батха деген жерде Ясәрдің жанұясына мүшриктер тарапынан қорлық көрсетіліп жатқанда Расулуллаһ алейһиссалам сол маңнан өтіп бара жатады. Сахабаларының бұл жағдайын көріп, қатты ренжиді. Хазіреті Ясәр: «Йа, Расулаллаһ! Уақытымыз тек осындай азаптармен өте ме?» деп сұрағанда пайғамбарымыз: «Сабыр етіңдер, ей Ясәр жанұясы! Қуаныңдар ей Аммардың жанұясы! Күмәнсіз, сендердің сый алатын орындарың жұмақ» деді.

 

Тағы да бір күні Мекке мүшриктері Аммарды отпен азаптап қинап жатқан еді. Пайғамбарымыз сол жерге барып: «Ей, от! Ибраһимге (алейһиссалам) қандай болсаң, Аммарға да сондай салқын және жағымды бол!» деп бұйырды. Кейіннен Аммардың арқасын ашып көргенде күйіктің іздері бар еді. Бұл із Расулуллаһтың дұғасынан бұрын қалған еді.

 

Ясәр жанұясына жәбір көрсетіліп жатқан күндердің бірінде, мүшриктер құтырып, бұл жанұяның басшысы хазіреті Ясәр мен Абдуллаһ деген бір ұлын садақпен атып қинаймын деп шәһит етті. Әбу Жәһл марқұм Ясәрдің әйелі хазіреті Сумәййәнің мүбәрәк аяқтарын жіппен байлатты. Байланған екі аяғындағы жіптердің ұштарын екі түйеге байлатты да түйелерді екі жаққа айдап, хазіреті Сумәййәні бөлшектеп, шәһит етті. Мейірімсіз, қатыгез, залым Әбу Жәһл мен қасындағы мүшриктердің Ясәрдің жанұясын аяусыз қорлықпен шәһит еткендерін естіген Расулуллаһ пен сахабалар қатты ренжіді. Бұл оқиға сахабалардың бір-біріне одан да жақын болуларына және бекемдесулеріне себеп болды.

 

Сахабалар (радиаллаһу анһум) намаз оқитын кезде ешкім жоқ жерге барып, ғибадаттарын жасырын орындайтын. Сондай күндердің бірінде Саад бин Әбу Уәққас, Саид бин Зәйд, Абдуллаһ бин Мәсуд, Аммар бин Ясәр, Хаббаб бин Әрат (радиаллаһу анһум) Мекке тауларының арасында «Әбу Дуб» деген жерде намаз оқып жатыр еді. Оларды аңдып келген Ахнәс бин Шәрик пен басқа да мүшриктер, олардың қастарына келіп ғибадаттарын мазақ ете бастайды. Бұған шыдай алмаған хазіреті Саад бин Әбу Уәққас пен жолдастары мүшриктерге қарсы ұмтылады. Хазіреті Саад қолына түскен бір түйенің сүйегімен кәпірлердің бірінің басын ұрып жарады. Мұны көрген мүшриктер қорқып қашып кетеді. Осылайша, мұсылмандар алғаш рет кәпір қанын төккен еді.

 

Әбу Зәрр-ил-Ғифаридың мұсылман болуы 

Адамдар біртіндеп тура жолға түсіп, Исламның нұры Меккенің сыртына да таралып, әлемге сәулесін төге бастаған еді.

 

Ал мүшриктер болса Исламның таралуына бөгет болу жолдарын іздестіріп жатты. Бұл хабар Бәни Ғифар тайпасына да жетті. Әбу Зәрр-ил-Ғифари бұл хабарды есіте сала бауыры Унәйсті Меккеге жіберіп, жағдайды анықтап біліп келуді тапсырды. Унәйс Меккеге барып, пайғамбарымыздың сұхбатына қатысты. Таңданып, кері қайтты. Бауыры Әбу Зәрр хазіреттері: «Қандай хабар әкелдің?» деп сұрағанда «Уаллаһи, тек жақсылық пен қайырды әмір ететін және жамандықтардан тыйылдыратын ұлы адамды көрдім» деді. Әбу Зәрр-ил-Ғифари: «Жарайды, адамдар ол туралы не дейді?» деген кезде сол дәуірдің танымал ақыны болған бауыры Унәйс: «Оны ақын, сиқыршы, көріпкел дейді. Бірақ, оның сөздері көріпкелдің, сиқыршының сөзіне ұқсамайды. Сондай-ақ, оның айтқандарын ақындардың әр түрлі өлеңдерімен салыстырдым. Оларға да ұқсамайды. Теңдесі жоқ бұл сөздер ешкімнің сөзімен салыстыруға келмейді. Уаллаһи, ол адам ақиқатты айтады, шындықты айтады. Оған сенбегендер өтірікшілер және адасқандар» деп жауап берді.

 

Әбу Зәрр-ил-Ғифари бауырының бұл айтқандарынан кейін Меккеге баруға және пайғамбарымызды көріп, мұсылман болуға шешім қабылдады. Біраз азық алып, Меккеге қарай жолға шықты. Меккеге барғанда не үшін келгенін ешкімге айтпады. Өйткені, мүшриктер пайғамбарымызға және жаңадан мұсылман болып жатқандарға қастандық жасап, қорлықтарын күннен-күнге арттырып жатқан еді. Әсіресе мұсылман болған, ешкімі жоқ адамдарға қатты азаптар көрсететін. Әбу Зәрр Меккеде ешкімді танымайтын. Сондықтан ешкімнен ештеңе сұрамады. Қағбаның жанында күні бойы Расулуллаһты көруге мүмкіндік іздеп, оның қайда екенін білуге тырысты.

 

Кешке қарай бір көшенің бұрышына барып отырды. Хазіреті Әли үйіне қайтып бара жатып бір бұрышта отырған Әбу Зәррға көзі түсті. Барар жеі жоқ жат елдің адамы болса керек деп, оны үйіне алып барды. Кім екенін сұрамағаны үшін Әбу Зәрр да тіс жарып ештеңе айтпады. Таңертең қайтадан Қағбаға барды. Кешке дейін жүрсе де ойлағанына жете алмай, кешегі отырған жеріне қайта барып отырды. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ) сол күні кешке тағы да сол жерден өтіп бара жатып «Бұл байғұс әлі барар жерін таппапты ғой» деп, тағы да ертіп кетті. Таңертең тағы да Бәйтуллаһқа барып, сол бұрышқа барып отырады. Хазіреті Әли тағы да үйіне шақырды. Бұл жолы қайдан, не үшін келгенін сұрады. Әбу Зәрр: «Егер маған жасырмай шындықты айтатыныңа уәде берсең айтамын» деді. Хазіреті Әли: «Айт, ешкімге айтпаймын» деді. Әбу Зәрр-ил-Ғифари: «Осы жерден бір пайғамбар шықты деп естідім. Сонымен кездесуге, Оған қауышуға келдім» деді. Хазіреті Әли (радиаллаһу анһ): «Сен туралықты таптың, ақылдылық жасадың. Қазір мен сол кісіге бара жатырмын. Менің соңымнан ер, мен кірген үйге сен де кір. Егер жолда саған біреудің зиян келтіретінін сезсем аяқ киімді жөндеп белгі беремін. Сол кезде мені күтпей, менің қасымнан өтіп кет» деді. Әбу Зәрр-ил-Ғифари (радиаллаһу анһ) хазіреті Әлидің артынан жүріп отырды. Ақыры ол пайғамбарымыздың мүбәрәк жүзін көру құрметіне ие болды. «Әссәләму алейкум» деп сәлем берді. Бұл сәлем Исламдағы алғашқы сәлем және Әбу Зәрр-ил-Ғифари алғаш сәлем берген адам болып саналды. Пайғамбарымыз оның сәлеміне: «Аллаһу та’аланың рақымы жаусын» деп жауап берді. Пайғамбарымыз: «Сен кімсің?»деп сұрағанда «Мен Ғифар тайпасынанмын» деді. «Қашаннан бері осындасың?» деп сұрады. «Үш күн, үш түннен бері осындамын» деп жауап берді Ғифари. «Саған кім тамақ берді?» дегенде «Зәмзәмнан басқа ішетін, жейтін ештеңе таппадым. Зәмзәмді ішкен соң қарным ашпады, шөлдемедім» деді. Пайғамбарымыз: «Зәмзәм суы қасиетті. Ашты тойдырады» деді. Содан соң Әбу Зәрр-ил-Ғифари пайғамбарымызға: «Маған Исламды үйретіңіз» деді. Пайғамбарымыз оған кәлима шахадатты оқыды, ол да оны қайталап, алғашқы мұсылмандардың қатарына қосылды.

 

Әбу Зәрр-ил-Ғифари мұсылмандықты қабылдағаннан кейін пайғамбарымызға: «Йа, Расулаллаһ! Сізді хақ пайғамбар етіп жіберген Хақ та’алаға ант етемін, мен иман еткенімді мүшриктердің арасында ашық түрде айтамын» деді. Қағбаның жанына барып: «Ей, Құрайш қауымы! Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мухаммәдән абдуһү уә Расулуһү – Аллаһтан басқа илаһ жоқ. Мұхаммед алейһиссалам Оның құлы және расулы екеніне куәлік етемін» деп айқайлады. Мұны естіген мүшриктер оған қарай ұмтылды. Таспен, таяқпен, сүйектермен ұрып, денесін қанға бояды. Мұны көрген хазіреті Аббас: «Жіберіңдер бұл адамды, өлтіресіңдер. Ол сендердің сауда керуендерің өтетін жолдағы тайпаның адамы. Енді ол жерден қалай өтесіңдер?» деді. Сөйтіп, Әбу Зәрді мүшриктердің қолынан құтқарып алды. Әбу Зәрр (радиаллаһу анһ) мұсылман болғандығына қуанып, шаттанып бір орында тұра алмады. Ертеңіне тағы да Қағбаға барып бар даусымен шаһадат кәлимасын айтты. Мүшриктер оны бұл жолы да соққыға жықты. Ол жерге құлады. Тағы да хазіреті Аббас келіп құтқарып алды.

 

Әбу Зәрр-ил-Ғифари хазреттеріне пайғамбарымыз алейһиссалам еліне қайтып, Исламға дағуат жасауын тапсырды. Пайғамбарымыздың осы тапсырмасымен ол өз жеріне барып, Аллаһу та’аланың бір екендігін, Мұхаммед алейһиссаламның Оның расулы екенін түсіндірді. Айтқандарының ақиқат екенін, олардың табынған пұттарының бос, мағынасыз нәрселер екенін айтты. Өзін тыңдап тұрған топтың ішінен біразы қарсылық білдіре бастады. Осы кезде тайпаның басшысы Хаффаф айқайлағандарды басып: «Тоқтаңдар, тыңдап көрейік, не айтар екен тағы?» деді. Әбу Зәрр былай жалғастырды: «Мен мұсылман болмастан бұрын бір күні Нухәм пұтының қасына барып, алдына сүт қойдым. Бір иттің келіп сүтті ішіп, пұттың үстіне зәрін шашып ластағанын көрдім. Пұттың бұған қарсы келе алмайтынына анық көзім жетті. Иттің өзі қорлап, кемісткен пұтқа табыну сендерге қалайша ұнайды? Бұл ақымақтық емес пе? Міне, сендердің табынған нәрселерің». Барлық адам үнсіз тыңдап тұрды. Іштерінен бірі: «Ал, сенің айтқан пайғамбарың не білдірді? Оның шындықты айтатынын қалай білдің?» дегенде Әбу Зәрр даусын көтеріп: «Ол Аллаһу та’аланың бір екенін, Одан басқа илаһ жоқ екенін, Оның барлық нәрсеніің иесі, жаратушысы екенін білдіруде... Адамдарды Оған иман келтіруге (сенуге) шақырады... Жақсылыққа, жақсы мінезге, көмектесуге шақырады. Қыз балаларды тірідей көмудің, жасаған басқа да жамандықтарыңның, зұлымдықтарыңның жаман нәрселер екенін және мұндай нәрселерден тыйылуды айтады» деді де Исламды ұзағынан түсіндірді. Тайпасының жасап жүрген жаман қылықтарын да айтып өтті. Сосын олардың зиянын, жамандығын түсіндірді. Оны тыңдап тұрғандардың арасынан тайпа басшысы Хаффаф пен өз бауыры Унәйс бастаған көптеген адам мұсылман болды.

 

Қағбада ашық түрде Құран Кәрімнің оқылуы... 

        Сахабалар (радиаллаһу анһум) бір күні оңаша бір жерге жиналып: «Уаллаһи, Расулуллаһтан басқа мына құрайштық мүшриктерге Құран кәрімді ашықтан-ашық оқып, тыңдата алатын адам шықпады. Оларға ашық түрде Құран кәрімді оқып, тыңдататын адам бар ма?» деп өзара әңгімелесіп отырды. Сол жерде Абдуллаһ бин Мәсуд хазіреттері де бар болатын. «Мен тыңдатамын» деді ол. Сахабалардың біразы: «Ей, Абдуллаһ! Саған мүшриктер бір зиянын тигізе ме деп қорқамыз. Біз керек кезінде өзін мүшриктерден қорғай алатын тайпасы мен қауымы бар адамды қалаймыз» дегенде «Сіздер маған рұқсат беріңіздер, барып көрейін. Хақ та’ала мені қорғайды» деп табандылық танытты. Ертеңіне Абдуллаһ бин Мәсуд хазіреттері сәске уақытында Ибраһим мекеніне барды. Мүшриктер сол жерде жиналып отырған болатын. Абдуллаһ бин Мәсуд (радиаллаһу анһ) түрегеп тұрып «бисмилләһ» айтып, «Рахман» сүресін оқи бастады. Мүшриктер бір-біріне: «Үммү Абтың баласы не айтып тұр? Мұхаммедтің әкелген нәрселерін оқып тұрған шығар» деп оған бассалды. Жұдырықтап, ұрып-соғып бет-аузын адам танымастай етті. Бірақ, ол сонда да оқи берді. Жара-жара болып сахабалардың қасына оралды. Сахабалар бұған қатты ренжіді. «Біз сенің осындай жағдайға ұшырауыңнан қорққан едік. Ақыры солай болды» деді олар. Бірақ, Абдуллаһ ибни Мәсуд (радиаллаһу анһ) еш ренжіген жоқ: «Аллаһу та’аланың дұшпандарын мен сол күнгідей әлсіз екенін көрмедім. Қаласаңдар ертең тағы да сонша тыңдата аламын» деді. Сахабалар «Жоқ, саған осы да жетеді. Ол азғын кәпірлерге қаламаған нәрсесін тыңдаттың» деді.