Пайғамбарымыз алейһиссалам осы дағуаттарынан кейін қай жерде жалғыз немесе жиналған адамдарды көрсе, оларға Исламды уағыздады. Шынайы бақыттың және құтылудың – нәпіске еруден, зұлымдықтан, әділетсіздіктен және де бүкіл жаман істерден аулақ болуда, Аллаһу та'алаға иман етуде екенін түсіндірді. Нәпсілерінің қолында ойыншық болғандар, шәһуаттарының құлы болғандар, кедейлер мен әлсіздерді қорлайтындар және бұзақылықты кәсіпке айналдырғандар Расулуллаһтың айтқандарына қатты қарсылық көрсетті. Олар күнделікті әдетке айналдырып істеп жүрген бұл азғын әрекеттеріне тоқтау салынатынын көріп, Мұхаммед алейһиссаламның айтқандарына мүнкір (сенбеу, мойындамау) болды. Оған және иман келтіргендерге жау болды.
Алғашында мүшриктер Расулуллаһты мазақ ететін. Пайғамбарымыздың оларға мән бермегенін көріп ашықтан зорлық-зомбылық жолына өтті. Мұсылмандарды езіп, Исламның нұрын сөндіргілері келді. Олардың бастарында Әбу Жәһл, Утбә, Шәйба, Әбу Ләхәб, Уқбә бин Әбу Муайт, Ас бин Уәил, Әсуәд бин Мутталиб, Әсуәд бин Абди Йағуәс, Уәлид бин Муғира... сияқтылар бар болатын.
Бір күні Утбә, Шәйба және Әбу Жәһл үшеуі Әбу Тәліпке: «Сен біздің көсемімізсің. Біз сені әрқашан сыйлап, құрметтейміз. Ініңнің ұлы жаңа бір дін құрды. Пұттарымызға тіл тигізіп, бізді кәпір деп айыптауда. Онымен сөйлесіп қой, бұл тірліктерін доғарсын. Егер қайтпайтын болса, не істейтінімізді өзіміз білеміз...» деді. Әбу Тәліп оларды тыныштандырып шығарып салды. Бірақ бұл жағдайды ренжітіп алармын деген оймен пайғамбарымызға айтпады. Біраз уақыт өткен соң мүшриктер қайта жиналып Әбу Тәліпке келді де: «Саған бұдан алдын да келіп, жағдайды түсіндірген едік. Сөзімізге құлақ аспадың. Ол әлі де пұттарымызды жамандауын қоймады. Болды, шыдамымыз таусылды. Екеуіңмен де қасық қанымыз қалғанша күресеміз. Меккеден не Ол, не біз кетеміз» деді. Әбу Тәліп оларды райынан қайтарғысы келіп еді, бірақ олар айтқандарынан қайтпады. Әбу Тәліптің пайғамбарымызды ренжіткісі келмегенімен қатар қауымының өзіне дұшпан болуын да қаламады. Сондықтан пайғамбарымызға барып: «Ей, Мұхаммед! Қауымымыз саған қарсы бірігіп, маған сені шағымданып келді. Туыс арасында қастасу жақсы нәрсе емес. Олар Сенің оларды кәпір демеуіңді және адасқандықтарын айтып, жамандамауыңды талап етуде.» деді. Аллаһтың Сүйіктісі: «Ей, көке! Бір нәрсені жақсы біліп алыңыз: Олар менің оң қолыма күнді, сол қолыма айды алып кеп берсе (не істесе де) де, Мен бұл діннен және оны уағыздаудан бас тартпаймын. Я Аллаһу та’ала бұл дінді жер жаһанға жайып, менің міндетім аяқталады, яки бұл жолда жанымды пида етемін» деп, орнынан тұрды. Мүбәрәк көздері жасаурап кеткен еді. Пайғамбарымыздың ренішін көрген Әбу Тәліп айтқанына өкініп қалды да Оны құшақтап: «Ей, інімнің ұлы! Міндетіңді жалғастыр, қалағаныңды істей бер. Мен тірі екенмін, қашанда сені қорғап, қолдаймын» деді.
Әбу Тәліптің пайғамбарымыз Мұхаммед алейһиссаламды қамқорлығына алғанын естіген мүшриктердің басшыларынан он адам, қастарына Умарә бин Уәлидті ертіп Әбу Тәліпке барды. Оған: «Ей, Әбу Тәліп! Мына Умарә Мекке жастарының ең көркемі, ең күштісі, ең жақсы мінездісі екенін білесің. Сонымен қатар ақындығы да бар. Бұл жігітті саған берейік, өз істеріңе пайдалан. Умарәның орнына бізге Мұхаммедті бер, біз Оны өлтірейік. Саған бір адам орнына бір адам береміз, бұдан артық не керек?» деді. Әбу Тәліп бұл сөзге қатты ашуланып: «Сендер маған алдымен өз ұлдарыңды беріңдер, оларды өлтірейін. Сосын інімнің ұлын беремін.» деді. Мүшриктер жағдайдың шиеленіскенін түсініп: «Біздің ұлдарымыз сенің ініңе ұқсап пұттарымызға тіл тигізіп жатқан жоқ қой...» деді. Әбу Тәліп: «Ант етемін, інімнің ұлы сендердің ұлдарыңның барлығынан да артық және үстем. Демек, маған өз ұлдарыңды беріп, асыратасыңдар да, менің жан-жігерімді алып өлтіресіңдер, солай ма?... Түйе екеш түйе де тек өз ботасын қорғайды. Бұл айтып отырғандарың – ақыл мен қисыннан алшақ іс. Болды! Басқа шығып кеттіңдер! Кімде кім жан-жігерім Мұхаммедке “алейһиссалам” дұшпандық етсе, ол менің де дұшпаныма айналады! Ендеше қолдарыңнан келгенін істеңдер!» деді. Әбу Тәліптің бұл сөзін естіген мүшриктер ашу-ызаға булығып орындарынан тұрып кетіп қалды. Әбу Тәліп дереу Хашим ұлдары мен Абдулмутталиб ұлдарын жинады. Оларға жағдайды түсіндіріп, барлығын туыстары сүйікті пайғамбармыз Мұхаммед саллаллаһу алейһи уәсәлләмға көмектесуге көндірді. Расулуллаһқа қол көтергеннің қолы, қастандыққа тырысқанның басы шабылатын болып келісілді. Хашим ұлдары мен Абдулмутталиб ұлдары осы мәселе бойынша мүшриктерге қарсы бірікті. Бұл келісімге тек Әбу Ләхәб қана қосылмады. Әбу Тәліп оларға: «Ей, жігіттер! Ертең барлығың қылыштарыңды алып менің артымнан келесіңдер» деді. Ертеңіне Әбу Тәліп пайғамбарымыздың үйіне барды. Барлығы бірге жиналып, қасиетті Қағба орналасқан Харам Шәриф майданына қарай жүрді. Хашим ұлдарының жігіттері олардың артынан жүрді. Олар Қағбаға барып, мүшриктердің қарсы алдына шықты. Әбу Тәліп мүшриктерге: «Ей Құрайш қауымы! Інімнің ұлын өлтіруге бел байлағандарыңды естідім. Мына артымда тұрған жастардың қолдарына қылыш алып, сабырсыздықпен бұйрығымды күтіп тұрғанын білесіңдер ме? Ант етемін, Мұхаммедті өлтіретін болсаңдар еш қайсысыңды да тірі қалдырмаймын!...» деді де пайғамбарымызды мадақтайтын өлеңдер оқи бастады. Әбу Жәһл бастаған мүшриктер ол жерден тарап кетті.
Құрайштың алдыңғы қатарлы мүшриктері пайғамбарымызды жалғыз кездестіріп қалған жерлерінде түрткілейтін, балағаттайтын, тіпті ұруға да тырысатын еді. Ал сахабаларды бас салып алып кетіп қинап, қорлап, жәбірлеулерін қоймайтын еді. Бір күні Құрайштың абыройлы мүшриктері Қағбаның жанына жиналып отырып пайғамбарымыз жайлы әңгіме қозғады: «Оған шыдағанымыздай басқа ештеңеге шыдаған емес едік. Бізді жындыға шығарып, тәңірлерімізге тіл тигізіп, жамандайды, дінімізді айыптайды. Қауымымызды бір-бірінен бөлсе де сабыр сақтап ештеңе демедік...». Сол кезде пайғамбарымыз Қағбаны зиярат етуге келді. Хажәри әсуәдті сүйіп, Қағбаны айналып тауап ете бастады. Олардың жанынан өтіп бара жатқанында мүшриктер пайғамбарымызға тіл тигізіп, балағаттай бастады. Расулуллаһ мүшриктердің бұл қылығына қатты ренжіді. Бірақ ештеңе деместен тауап етуін жалғастыра берді. Үшінші рет қастарынан өтіп бара жатқанда тоқтап: «Ей, Құрайштықтар! Мені тыңдаңдар! Жаным қолында тұрған Аллаһу та’алаға ант етемін, маған сендердің біреуің қалмай құрдымға кететіндерің білдірілді...» дегенінде отырған мүшриктер не істерін білмей дал болып қалды. Бір ауыз да сөз айта алмады. Тек Әбу Жәһл ғана пайғамбарымыздың қасына барып: «Ей, Әбул Қасым! Сен бізге бөтен адам емессің. Біздің дөрекі қылықтарымызға қарама, ғибадатыңды жалғастыра бер. Сен бізбен бір болатындай надан емессің ғой...» деп жалынып, Расулуллаһтың көңілін аулауға тырысты. Осыдан соң пайғамбарымыз ол жерден кетіп қалды.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024