Өзгелер жайлы жаман ойда болу

Нақты білмей тұрып, кез келген адам жайлы жаман деп ойлау және солай деп шешім қабылдау жаман мінез болып табылады. Бұлай ойлау харам және үлкен күнә болады. Өйткені Құран кәрімде: «Ей иман келтіргендер, су-и зан етуден (біреу туралы жаман ойлаудан) өздеріңді сақтаңдар! Ойлаудың кейбірі күнә болады» деп бұйырылған. Расулуллаһ алейһиссалам бір хадис шәрифінде: «Су-и зан етпеңдер! Су-и зан қате шешім қабылдауға себеп болады. Адамдардың жасырын нәрселерін іздестірмеңдер, кемшіліктерін көрмеңдер, талас-тартыс, күншілдік және дұшпандық етпеңдер, бір-бірлеріңді шағыстырмаңдар, бір-бірлеріңді бауырдай жақсы көріңдер! Мұсылман – мұсылманның бауыры. Оған зұлымдық етпейді, көмек береді. Оны өзінен төмен көрмейді» деп бұйырған. Кез келген бір мұсылманды күнә істеді деп ойлау, «анық сол істеді» немесе «онсыз да ол адамнан бұдан басқа не күтуге болады» деген секілді ойлармен тұжырымдарға келу су-и зан болып, үлкен күнәға жатады. Мұндай күнәлар тек тәубе етумен кешірілмейді. Өйткені мұндай күнәларға құл хақысы да араласады. Сондықтан тәубе етумен қатар жаман ойда болған адаммен халалдасу (кешірім сұрау, разылығын алу) да керек болады. Көңілге кейбір жаман ойлар келген кезде ауызбен айтпайынша немесе сол ой бойынша әрекет етпейінше су-и зан болмайды. Өзгелер туралы жаман ойда болу және оларды жаман деп білу харам болғанындай, адамдардың жаман ойлауына себеп болатын сөздер айту және сондай әрекеттерге бару да дұрыс емес. Бір күні пайғамбарымыз көшеде жұбайымен сөйлесіп тұрып, қасынан өтіп бара жатқан бір адамға:

- Бұл сөйлесіп тұрғаным менің әйелім Сафия, – деді. Әлгі адам болса:

- Йа, Расулаллаһ, сізден де күмәндануға бола ма екен? – дегенінде пайғамбарымыз:

- Қан тамырда қалай айналатын болса, шайтан да адамның ішіне кіріп солай айналып ойына әсер етеді, көңіліне күмән кіргізеді, – деді.

Хазреті Омардың халифалығы кезіндегі күндердің бірінде бір адам бір әйелмен көшеде күмән туғызатындай дәрежеде сөйлесіп тұрады. Мұны көрген хазреті Омар әлгі адамға жақындап, ашулы назармен қарай бастайды. Хазреті Омардың бұлай қарағанынан мән-жайды түсінген әлгі адам:

- Бұл әйел маған бөтен емес, менің әйелім, – дейді. Оған хазреті Омар:

- Ол сенің әйелің болса, неге күмән туғызатындай дәрежеде алаңдап сөйлесіп тұрсыңдар?!, – деп жазғырады.

Ислам ғұламаларының бірі шәкірттеріне дәріс беріп жатып: «Кез келген тақырыпта белгілер мен ишараларға қарап дереу үкім беру, кесіп айту дұрыс емес. Олай істеуден сақтаныңдар, дереу нақты шешім шығармаңдар!» деп мынадай мысал келтірді: «Мәселен үйлеріңе бара жатып, тұмсығына айран жағылған бір иттің үйден шыққанын көрсеңдер және үйге кіргенде айран ыдысы иттің тұмсығы сиятындай ашық тұрса, сонда да өз көздеріңмен көрмегендерің үшін немесе көрген басқа адам болмағаны үшін «Әлгі иттің айранның ыдысына тұмсығын тыққаны күмәнсіз» деп нақты шешім қабылдамаңдар!» деп түсіндірді. Шәкірттерінің бірі ұстазының бұл айтқандарына іштей наразылық білдіріп, көңілінен: «Бұл иттің айранға тұмсығын тыққаны анық болса, неге нақты шешім қабылдауға болмайды?» деген ой өтеді. Ұстазы шәкіртінің бұл ойын біледі, бірақ үндемей қоя салады.

Біраз уақыт өткеннен кейін бұл шәкірт қаланың сыртындағы үйінде орманды бір жерде мал сояды. Мал сойып жатып бұл шәкіртті дәрет қысады. Қажеттілігін кетіру үшін қолындағы пышағын тастамай талдардың арасына барады. Сол уақыттарда қалада бір адам пышақталып, пышақтаған адам қашып кеткен болады. Сол адамды іздеп жүрген тәртіп сақшылары талдың арасында қажеттілігін кетіріп тұрған әлгі шәкіртті, тығылып тұрған адам деп ойлап қасына келеді. Қолындағы пышақ пен үстіндегі қан іздерін көріп, қылмыскер адам осы деген оймен шәкіртті алып кетеді.

Шәкірт бұл қылмысқа ешқандай қатысым жоқ деп қанша айтса да, қолындағы пышақ пен үстіндегі қан күдік тудырып, тергеуге алынуына себеп болады және қазының құзырына шығарылады. Сол уақыттың қазысы (соты) бұл шәкіртке тағылған айыпты және шәкіртті тыңдағаннан кейін: «Өзінде күдік тудырып тұрған бұл адамның талдардың арасында тығылып тұруы, қолында пышақ, үстінің қан болуы оған деген күдікті арттырып тұрса да, оның пышақтағанын көрген куәгер болмағаны үшін бұл адам айыптан босатылады» дейді.

Шәкірт су-и зан етудің жазасынан бірнеше күн қамауда қалу арқылы оңай құтылған болады. Белгілер мен ишараларға қарап шешім қабылдаудың дұрыс болмайтындығын түсініп, ұстазына істеген су-и занына тәубе етеді.

Шәмседдин Сиваси хазрет айтады:

«Аллаһу та'аланың әмірі бойынша ешкімге су-и зан етпеу керек, хүсни зан ету (жақсы ойда болу) керек. Өйткені өзгелерді тексеруге, тергеуге міндеттелген емеспіз».

 

Аллаһу та’алаға хусни зан ету керек

Тек адамдарға ғана емес, Аллаһу та'алаға да су-и зан етуден аулақ болу керек. Мәселен адамның «менің күнәларым кешірілмейді» деп ойлауы Аллаһу та'алаға су-и зан болып табылады. Өйткені Аллаһу та'ала шарттарына сай жасалған тәубені қабыл ететінін және барлық түрлі күнәні кешіретінін білдіруде. Сондықтан Аллаһу та'алаға әр уақытта хүсни зан ету керек, тәубемді қабыл етіп, мені кешіреді деп ойлау және осылай сену керек. Өйткені хадис құдсида: «Құлым мен туралы қандай ойда болса, онымен ойлағанындай мәміледе боламын» делінген. Тәубесінің және дұғасының қабыл болатынына үміт етіп тәубе еткен адамды да Аллаһу та'ала кешіреді. Хадис шәрифте: «Ант етемін, Аллаһу та'ала Өзіне хүсни зан етіп жасалған дұғаны әлбетте қабыл етеді» делінген.

Пайғамбарымыз өлім төсегінде жатқан бір жас жігіттен:

- Өзіңді қалай сезінудесің? – деп сұрағанында жас жігіт:

- Күнәларымнан қорқып жатырмын, Аллаһу та'аланың мейірімінен де үмітімді үзбей жатырмын, – деп жауап береді. Сонда пайғамбарымыз алейһиссалам:

- Осы қорқыныш пен үміт өлім аузында кімде болса, Аллаһу та'ала ол адамға үміт еткенін береді және қорыққанынан сақтайды, – деп бұйырады.

Қазы Яхия бин Әксәм хазрет қайтыс болған еді. Бір адам оны түсінде көріп жағдайын сұрағанында, былай деп жауап береді:

Аллаһу та'ала менен:

- Ей, қарт, бұл жағдайың не? – деп сұрағанында мені үлкен бір үрей қаптап:

- Йа, Раббым, маған дүниеде бұлай білдірмеді, – дедім. Аллаһу та'ала:

- Қалай білдірді? – деді. Мен риуаятшылардың есімдерін атап шығып:

«Мен мұсылман болып шашы мен сақалы ағарған құлыма азап беруге ұяламын» деп бұйырылғанын білдірді, – дедім. Сонда Аллаһу та'ала:

- Сен және риуаятшылар садықсыңдар. Мен де сендерді кешірдім, – деп бұйырды.

Исраил ұлдарынан бір адам адамдарды Аллаһтың мейрімінен үмітсіздендіріп, оларға үнемі қиындық көрсететін еді. Қиямет күні Аллаһу та'ала бұл адамға: «Сен құлдарымды мейрімімнен үмітсіздендірдің. Бүгін сен де рахметімнен (мейрімімнен) мақұрым қалдың» деп айтады делінген.

Адамның өлімі жақындаған сайын Аллаһу та'алаға деген хусни заны көп болуы керек. Яғни мен қанша күнәһар болсам да Аллаһу та'ала мені кешіреді деп үміттенуі керек. Өйткені хадис шәрифте: «Сендерден әрбірің өлім аузында міндетті түрде Аллаһу та'алаға хусни зан етсін» деп бұйырылған. Тағы бір хадис шәрифте: «Аллаһу та'ала: «Мен құлымның ойлағанындаймын. Мені қалай ойласа, солай табады» деді» делінген. Мұсылман адам су-и зан етуші емес, хусни зан етуші болуы керек. Хусни зан – су-и занның терісі, біреу туралы жақсы ойда болу деген сөз. Хусни зан етілу керек болғандардың алғашқысы – Аллаһу та'ала. Хадис шәрифте: «Аллаһу та'алаға хусни зан ету ғибадат болып табылады» делінген.

Аллаһтың мейірімінің, кешірімінің мол екенін білу керек. Күнәларымыз көп болса да Аллаһу та'аланың кешіре алатындығын ойлау хусни зан болып табылады. Құран кәрімде: «Ей, күнәлары көп құлдарым, Аллаһтың мейірімінен үміттеріңді үзбеңдер! Аллаһ күнәлардың барлығын кешіреді. Ол шексіз кешірім мен мейірім иесі» деп бұйырылған.

Қорыта айтқанда, нақты білмей және көзбен көрмей тұрып ешбір адам туралы жаман ойда болмау керек және ол адамды жаман деп білмеу керек, хусни зан ету керек, яғни ол туралы жақсы ойда болу керек. Өзге адам туралы жаман ойлау дұрыс болмағаны секілді, өзгелердің қате және жаман ойлауына себеп болатын іс-әрекеттер істеу және сөздер айту да дұрыс емес. Бұдан да абай болған жөн. Сондай-ақ Аллаһу та'алаға да хусни зан ету керек, яғни «менің күнәларым қанша көп болса да тәубе еткенімде кешіреді» деп ойлау және осылай сену керек.