Пайғамбарымызға алғашқы уаһи келгеннен кейін алғаш иман келтірген хазіреті Хадиша анамыз болды. Ешқандай да сенімсіздік танытпастан Исламды дереу қабылдап, алғашқы мұсылман болу құрметіне ие болды. Расулуллаһ хазіреті Хадишаға Жәбрейіл алейһиссалам үйреткендей етіп дәрет алуды үйретті. Сосын пайғамбарымыз имам болып екеуі екі рәкат намаз оқыды. Хазіреті Хадиша (радиаллаһу анһа) пайғамбарымыздың әр сөзіне, әр бұйрығына толығымен бағынды. Осылайша, Аллаһу та’аланың дәргейінде үлкен дәрежелерге көтерілді. Пайғамбарымыз қайғырса, қарсы шыққандарға ренжісе, оны жұбатып, қайғысына ортақтасатын. Ол былай дейтін: «Йа, Расулаллаһ! Еш ренжімеңіз, қайғырмаңыз. Ақыр соңында дініміз күшейіп, мүшріктер құриды. Қауымыңыз сізге бағынады». Хадиша анамыздың осындай қолдау көрсетуінің сияпаты ретінде бір күні Жәбрейіл періште келіп, «Йа, Расулаллаһ! Хадишаға Аллаһу та’ала сәлем айтып жатыр» дейді. Пайғамбарымыз «Ей, Хадиша! Міне, Жәбрейіл алейһиссалам саған Аллаһу та’аланың сәлемін алып келді» деген. Пайғамбарымыз бір жолы «Аллаһу та’ала Хадишаға жәннатта інжуден бір үй бергені жайлы сүйіншілеуімді бұйырды. Ол жерде ауру, мұң және бас ауруы жоқ» деген.
Хазіреті Хадишадан кейін ересектер арасында алғаш мұсылман болған кісі расулуллаһтың жақын жолдастарының бірі хазіреті Әбу Бәкір еді. Хазіреті Әбу Бәкір жиырма жыл бұрын бір түс көрген болатын: «Аспаннан толған ай түсіп, Қағбаға келген екен, бөлшектеніп, әр бөлігі Меккедегі әр үйдің төбесіне түсіп, сосын бұл айдың бөлшектері қайтадан жиналып, бірігіп көкке көтеріліпті. Ал, Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) үйіне түскен бөлшегі көкке көтерілмей қалады. Мұны көрген Әбу Бәкір дереу үйдің есігін жауып, бұл айдың кетуіне кедергі жасайды».
Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) оянып, таңертең дереу бір яһуди ғалымына барып түсін айтып береді. Ол ғалым «Бұл шатасқан түстердің бірі. Сондықтан оны жоруға болмайды» дейді. Бірақ, бұл түс Әбу Бәкірдің (радиаллаһу анһ) ойынан кетпей, яһудидің жауабына қанағаттанбайды. Бірде саудаға барғанында жолы дінбасы Бахираның өлкесіне түскен болатын. Көрген түсін Бахирадан жорып беруді сұрағанда, Бахира «Сен қайдансың?» деп сұрады. Хазіреті Әбу Бәкір «Құрайыштанмын» дегенде, Бахира «Сол жерден бір пайғамбар шығады және тура жолының нұры Меккенің барлық жеріне таралады. Сен Оның уәзірі, қайтыс болғаннан кейін халифасы боласың» деді. Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) бұл жауапқа қатты таңырқады. Бұл түсі туралы ол расулуллаһтың пайғамбарлығы білдірілгенге дейін ешкімге айтпады. Мұхаммед алейһиссалам пайғамбарлығын жариялаған кезде хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) дереу Пайғамбарымызға жүгіріп барып, «Пайғамбарлардың өздерінің пайғамбар екендіктеріне дәлелдері болдады, сенің дәлелің не?» деп сұрады. Расулуллаһ: «Бұл пайғамбарлығыма дәлел сенің көрген түсің, ол түсті сен яһуди ғалымына жорытуды қаладың. Ол ғалым «Шатасқан түс, жорылмайды» деді. Сосын дінбасы Бахира дұрыс жорып берді» деп, хазіреті Әбу Бәкірге қарап «Ей, Әбу Бәкір! Сені Аллаһқа және Расулына шақырамын» деді. Сол кезде Әбу Бәкір «Куәлік етемін, сен Аллаһу та’аланың расулысың, сенің пайғамбарлығың ақиқат және әлемді жарқыратқан нұр» деп мұсылман болды.
Тағы бір риуаят бойынша хазіреті Әбу Бәкір расулуллаһқа пайғамбарлығы білдірілместен бұрын сауда мақсатында Йеменге барған. Сол сапарында Йемендегі Әзд тайпасынан көп кітап оқыған бір қарт адамға жолығады. Бұл қария Хазіреті Әбу Бәкірге қарап: «Сен Мекке халқынансың ғой шамасы» дейді. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Иә, солай» деп екеуі әңгімені былай жалғастырады:
- Сен құрайыштансың ба?
- Иә.
- Бәни Тәмимненсің бе?
- Иә.
- Тағы бір белгі қалды.
- Ол не?
- Ішіңді аш, көрейін...
- Мақсатыңыз не, айтыңыз.
- Кітаптардан оқыдым, Меккеден бір пайғамбар шығады. Оған екі адам көмектеседі. Бірі жас, екіншісі егде адам. Жасы небір қиындықтарды жеңілдетеді. Көптеген бәле-жалаларды жояды. Ал егде адам болса ақ құба, ашаң тұлғалы, қарнында бір қара меңі бар болады. Мен сол адамды сен деп ойлаймын. Ішіңді аш, көрейін.
Содан соң хазіреті Әбу Бәкір ішін ашады, кіндігінің үстіндегі қара меңді көргенде «Уаллаһи сол адам сенсің» деп, Әбу Бәкірге көп насихаттар айтады. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) жұмысын бітіргеннен кейін қоштасуға жаңағы адамға барады. Пайғамбарымыз туралы өлең оқуын сұрайды. Ол кісі он екі шумақтан тұратын өлең оқиды. Хазіреті Әбу Бәкір оларды жаттап алады.
Хазіреті Әбу Бәкір сапардан Меккеге оралғанда Уқбә ибн Муайт, Шәйба, Әбу Жәһл, Әбул Бухтәри сияқты құрайыштың алдыңғы қатарлы адамдары оның үйіне барады. Әбу Бәкір оларға «Бір жағдай болды ма?» деп сұрайды. Олар «Бұдан асқан масқара болмас, Әбу Тәліптің жетімі пайғамбармын деп жар салуда, сендер және ата-бабаларың бұрыс (қате) дінненсіңдер дейді. Егер сен болмағаныңда оны бұл кезге дейін тірі қалдырмас едік. Сен оның жақын досысың. Бұл істі сен өзің шеш» дейді. Хазіреті Әбу Бәкір оларды жіберіп, расулуллаһтың Хазіреті Хадишаның (радиаллаһу анһа) үйінде екенін сұрастырып білді. Барып есігін қақты. Пайғамбарымыз оны қарсы алғанда «Йа, Мұхаммед! Сен туралы айтылып жүргендер не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Мен Хақ та’аланың пайғамбарымын. Саған және бүкіл адамзат баласына жіберілдім, иман келтір, сонда Аллаһу та’аланың ризалығын аласың және жаныңды тозақтан қорғайсың» деді. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Бұған дәлелің бар ма?» деп сұрады. Расулуллаһ «Ана Йеменде көрген қарт адамың туралы оқиға менің дәлелім» деді. Хазіреті Әбу Бәкір «Мен Йеменде көптеген қарт пен жас адам көрдім» деді. Пайғамбарымыз «Ол қарт саған он екі шумақтық өлеңді аманат етіп, маған жіберді» деп, сол өлеңдерді оқыды. Хазіреті Әбу Бәкір (радиаллаһу анһ) «Мұны саған кім айтты?» деп сұрағанда «Менен бұрынғы пайғамбарларға келген періште айтты» деді. Осыны естігеннен кейін Хазіреті Әбу Бәкір «қолыңды берші» деп, пайғамбарымыздың қолынан ұстап «Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деп мұсылман болды. Өмірінде алғаш рет сезініп тұрған қуаныш сезімімен үйіне мұсылман болып оралды. Бір хадис шәрифте «Біреуге иман туралы айтсам, бетін тыржитып, сенімсіздікпен қарайтын. Бірақ, хазіреті Әбу Бәкір Сыддық (радиаллаһу анһ) иманды қабылдауда еш сенімсіздік танытпастан қабылдады» делінген.
Пайғамбарымыз бір күні хазіреті Хадиша екеуі намаз оқып тұрғанда оларды хазіреті Әли көрді. Ол кезде ол 10-12 жастарда болатын. Намаздан соң «Бұл не?» деп сұрады. Пайғамбарымыз «Бұл Аллаһу та’аланың діні. Сені де осы дінге шақырамын. Аллаһу та’ала бір. Серігі жоқ. Сені бір болған, теңдесі жоқ Аллаһқа иман етуге шақырамын» деді. Хазіреті Әли «Алдымен әкеммен ақылдасайын» дегенінде Расулуллаһ оған «Исламға кірмесең бұл сырды ешкімге айтпа» деді. Хазіреті Әли ертеңіне таңертең пайғамбарымызға барып «Йа, Расулаллаһ! Маған Исламды үйретіңіз!» деп, мұсылман болды. Хазіреті Әли – мұсылман болғандардың үшіншісі.
Зәйд бин Хариса да (радиаллаһу анһ) алғаш иман келтіргендердің бірі. Хазіреті Хадиша, хазіреті Әбу Бәкір және хазіреті Әлиден (радиаллаһу анһум) кейін төртінші, азат болған құлдардың ішінде алғашқы болып мұсылман болды. Онымен бірге әйелі Үммү Әймән да мұсылман болды.
Хазіреті Әбу Бәкір мұсылман болғаннан кейін дереу жақсы көретін жолдастарына барды. Оларды да мұсылмандыққа шақырды. Сахабалардан Осман бин Аффан, Талха бин Убәйдуллаһ, Зубәйр бин Аууам, Абдуррахман бин Ауф, Саад бин Әбу Уаққас сияқты ұлы тұлғалар хазіреті Хадишадан кейін мұсылман болғандар еді. Бұл сегіз кісі Сабиқун-и Ислам, яғни алғашқы мұсылмандар деп аталды.
Хазіреті Осман қалай мұсылман болғанын былай әңгімелейді: «Менің бір көріпкел нағашы әпкем бар болатын. Бір күні соған бардым. Маған «Саған бір әйел нәсіп болады. Бірақ сен одан бұрын ешқандай әйел көрмейсің, ол да сенен бұрын басқа еркек көрмейді. Ол сұлу, тақуа әйел және ұлы пайғамбардың қызы болса керек» дейді. Мен әпкемнің бұл сөзіне таң қалдым. «Әпке, мұндай нәрсе туралы қалада айтылып жатқан жоқ. Бұл туралы ашып айт» дедім. Сонда әпкем «Мұхаммед бин Абдуллаһқа пайғамбарлық келді. Жақында ол халықты дінге шақырады. Қысқа уақыттың ішінде әлем соның дінімен нұрланады және оған қарсы келгендердің басы шабылады» дейді.
Әпкемнің бұл сөздері маған қатты әсер етті. Алаңдай бастадым. Хазіреті Әбу Бәкір екеуміздің арамызда жақын достық қатынас бар болатын. Бір-бірімізден ажырамайтынбыз. Осы мәселені талқылау үшін екі күннен кейін хазіреті Әбу Бәкірге (радиаллаһу анһ) бардым. Әпкемнің айтқандарын айтқанымда ол маған «Йа, Осман! Сен ақылды адамсың. Еш көрмейтін, есітпейтін, ешнәрсеге пайдасы да, зияны да жоқ тастар қалайша тәңір бола алады?» деді. Мен «Дұрыс айтасың, әпкемнің сөзі дұрыс» дедім».
Хазіреті Әбу Бәкір хазіреті Османға (радиаллаһу анһ) Исламды түсіндіргеннен кейін оны пайғамбарымыздың қасына ертіп барды. Расулуллаһ хазіреті Османға былай деді: «Йа, Осман! Хақ та’ала сені жұмаққа қонаққа шақырады. Сен бұл шақыруды қабыл ет. Мен барлық адамдарға хидаят жолын (тура жолды) көрсетуші ретінде жіберілдім». Хазіреті Осман Расулуллаһтың таңғажайып халдерімен жылы жүз және тәтті сөздеріне әсерленіп, шексіз қуанышпен «Әшһәду ан лә илаһә иллаллаһ уә әшһәду әннә Мұхаммәдән абдуһү уә Расулуһү» деп, мұсылман болды.
Расулуллаһ пайғамбарлықтың алғашқы үш жылында адамдарды Исламға жасырын түрде шақырды. Адамдар әсте-әсте, бірте-бірте мұсылман болып жатқан еді. Бұл мерзімде мұсылмандардың саны отызға әрең жеткен еді. Олар да ғибадаттарын үйлерінде тығылып орындайтын, Құран Кәрімнің түскен аяттарын жасырын оқып, жаттайтын.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024