Әлемдердің мырзасы “саллаллаһу алейһи уә сәлләм” отыз жеті жасында ғайыптан «Йа Мұхаммед!» деп өзін шақырған дауыстарды еститін. Отыз сегіз жасқа аяқ басқанда оған бірқатар ғажайып нұрлар көріне бастады. Өзінің жағдайын тек хазіреті Хадишаға ғана айтатын еді. Мұхаммед алейһиссаламға пайғамбарлығы білдірілуге жақын қалғанда сол кездің атақты ақындарының бірі Қус бин Саидә Указ жәрмеңкесінде түйенің үстінде тұрып, көпшілікке арнап оқыған хутбасында Оның келетінін сүйіншілеген болатын. Пайғамбарымыз да бұл хутбаны тыңдағандардың арасында еді. Қус бин Саидә осы мәшһүр хутбасының бір бөлімінде былай деген:
«Ей адамдар! Келіңдер, тыңдаңдар, күтіңдер, ғибрат алыңдар! Әрбір тірі жан өлім табады, өлген жоғалады, жазмыш орындалады!... Құлақ салып, тыңдаңдар! Көкте хабар бар, ал жерде ғибрат алатын нәрселер бар!... Аллаһтың дәргейінде бір дін және Аллаһтың жіберетін бір пайғамбары бар. Ол пайғамбардың келуіне өте аз уақыт қалды. Көлеңкесі сендерге түсіп тұр. Оны тыңдағандар және Оған иман келтіргендер қандай қасиетті жандар. Оған қарсылық көрсеткендер неткен бедбахт адамдар. Өмірлері бос өткен үмметтердің жағдайы құрысын....».
Бұл кезде Арабстанда адамдар діни өлшемдерден алыстап, бай-кедей, күшті-әлсіз, қожайын-құл сияқты сыныптарға бөлінген болатын. Алдыңғылар кейінгілерді езгіге салып, оларды адам қатарында санамайтын. Әлсіздердің малдары талан-таражға түсетін және бұл қарақшылыққа «Қой» дейтін адам табылмайтын. Адамзат Аллаһу та’алаға деген иманнан туындайтын ар-намыс, ұят пен қорқыныштан мақрұм болып, адамгершіліктен барынша алыстаған еді. Әр түрлі адамға жат қылықтар, намысты аяққа таптайтын арсыз істер халықтың көзінше істелініп, құмар, ішкілік, жезөкшелік тұрмыстың мәніне айналған еді. Адам өлтірулер, зинақорлық, зорлық-зомбылық пен қарақшылық кеңінен таралып, қорланған адамдардың шырылдаған дауыстары көкке жеткен еді. Елдер ұятсыздық пен сауатсыздық батпағына батқан, әйелдер мал сияқты алып-сатылып, қыз балалар тірідей жерге көмілетін. Ең жаманы қатал жүректі, қырсық және мейірімнен жұрдай бұл адамдар өз қолдарымен жасаған, пайдасы да, зияны да тимейтін пұттарға табынуды үлкен абырой деп санайтын.
Адам алейһиссаламнан бері әлемде мұндай дәрежеде жабайылық, бұзақылық, ұятсыздық, күпіршілік және төменгілік болмаған еді. Адамдар хайуанға айналғандай, бір-біріне жау болып, қоғам кез-келген сәтте жарылуға дайын қайнаған қазандай еді. Адамдардың бұл пәлекттерден құтылып тыныштыққа, рахаттыққа жетулері үшін осындай қараңғылықта бақыттылық күнінің тууы керек еді. Сол бақыттылық таңы атса күпіршіліктің орнын иман, зұлымдықтың орнын әділет, надандықтың орнын ілім иеленіп, адамдар дүниеде және ахыретте мәңгілік бақытқа қауышар еді.
Сол күндерде сүйікті пайғамбарымызға алдымен шынайы, садық түстер көрсетіле бастады. Хадис шәрифте уаһидың алғаш рет шынайы түс көрінісінде басталғандығы айтылған. Көрген түстері өңінде дәлме-дәл шығып жатты. Бұл жағдай алты ай жалғасын тапты. Уаһидың келер уақыты жақындағанда «Йа, Мұхаммед!» деген дауыстар көбейе бастады. Содан кейін Ол оңаша қалуды қалап, адамдардан алыстап, Хира тауындағы бір үңгірде осы түстері жайлы ойланатын және терең тәфәккурге шоматын болды. Кейде Меккеге түсіп Қағбаны тауап ететін. Сосын үйінде біршама демалып, қасына бір-екі азық алып, қайтадан Хира тауындағы үңгірге шығатын. Ол жерде тәфәккур мен ғибадатқа берілетін. Кейде сол үңгірде бірнеше күн қалып қоятын. Ондай кездерде хазіреті Хадиша тамақ жіберетін немесе өзі алып баратын.
Сайтымыздағы мәліметтер бүкіл адамзаттың пайдалануы үшін дайындалған.
Түп нұсқасын өзгертпеу шартымен рұқсат алмай-ақ, әркім қалағанынша пайдалана алады. www.islamdini.kz ® 2008-2024